Ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Ақтау қаласында заманымыздың заңғар жазушысы, мемлекет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ә.Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайджаннан келген және отандық ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция жұмысы Ә.Кекілбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым ету рәсімімен басталды.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов, алдымен Президент Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. “ Қазақ даласының әр тасы-қағбам, әр бұтасы-сәждем” деп, Отанын шексіз сүйген абыз Әбіштің есімін ел жадында сақтау- баршамыздың ортақ парызымыз, -делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Пленарлық жиналыстан кейін, конференция жұмысы Ә.Кекілбаевтың өмірі, қоғамдық қызметі мен шығармашылығын қамтыған төрт секциялық отырыстарында жалғасты. Кезекті секция отырысына “МГКА” РҚБ мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері З.Алшымбаев пен И.Елекеев қатысып сөз сөйледі. З.Алшымбаев “ Ә.Кекілбаев-руханиятымыздың алып бәйтерегі” деген тақырыпта жасаған баяндамасында “ Әдебиетіміздің інжу-маржанындай Әбіш Кекілбаевтың шығармалары тарихымызды таразылауға, халқымыздың әр кезең, әр дәуірінің шежіресін өз ұлтымызға ғана емес, әлемге танытқан, руханиятымызға қосылған сүбелі дүниелер екенін атап өтті. И.Елекеев өз сөзінде Ә.Кекілбаевтың Қазақстан Парламентаризмін қалыптастырудағы қажырлы қызметін, тәуелсіздігімізді тұғырлы қылу жолындағы ұлтқа үлгі болар, өнегелі еңбегін тілге тиек етті.

Әбіш аға шығармалары адамды нысапқа, адал еңбекке, әділеттілік пен адамгершілікке, имандылық пен бірлікке, достық пен қайырымдылыққа шақырып келді, әлі де шақыра береді. Сонымен қатар мерейтойға арналған “Әбіш әлемі” халықаралық театр фестивалы өтті.

“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ