Аман Төлеевпен кездескен сәттер

Әлеуметтік желілерде, өткен жылғы қараша айының 20 –шы жұлдызында Ресейдің  Кемерово облысын жиырма жыл губернаторы болып басқарған, жерлесіміз Аман Төлеевтің 80 жасқа қараған шағында дүниеден озғаны туралы қабар тарап  жатты. Қазіргі губернатор С.Цивилев «А. Төлеев бар өмірін  Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған ерекше тұлға , осы  өңірдің тұтас бір дәуірі  оның қызметімен байланысты болды. Қиын–қыстау кезеңде өңірді басқарып, дағдарыстан шығара білді» деп жазса Ресей Президенті В.Путин өзінің көңіл білдірген хатында, Аман Молдағазыұлының мемлекет қайраткері ретінде атқарған істеріне жоғарғы баға бере отырып, оның нағыз «халықтың губернаторы» ретінде кузбастықтардың шын сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленгенін атап өткенін білеміз.

            Мен А.Төлеевпен  сексенінші жылдардың аяғында кездесіп  танысқан болатынмын. 1987–ші жылдың желтоқсан–1990 жылдың шілде айы  аралығында Москвада, СОКП Орталық комитетінің  Ұйымдастыру– Партиялық және Кадр жұмыстары бөлімінің, Қиыр шығыс, Сібір секторында жауапты ұйымдастырушы лауазымында  қызмет жасап жүрген кезім еді. Негізінен Омбы, Байкал сыртындағы Чита облыстарының кураторы болдым. Алайда жұмыстың бабы, жүктелген жауапты міндеттердің ретімен сол аймақтардағы түрлі мәселелерге толықтай араластық, күрделі жағдайларда байыпты шешім іздедік, әр айдың бір–екі аптасын сол жақтарда өткізіп жүретінбіз. СССР халықтарының I, II, III съездері, атышулы партияның 19–шы конференциясы, РСФСР халықтарының I съезі өтті. Ұйымдастыру комиссиясының құрамында болғандықтан да мұндай қоғамдық-саяси шараларға бастан-аяқ атсалыстық. Әрине, біз істеген бөлімдегі қызметкерлердің барлығы бірдей ол жиындарды дайындау, өткізу жұмысшы топтарына мүше бола алған жоқ. Бір атап айтарлығы, ол кезең, М.Горбачев билігіндегі саясат пен экономиканы реформалау, қоғамдық сананы жаңғырту, елдегі қайта құрулар мен демократияның кең көлемдегі қарқын алып жатқан жылдары болатын. Осы ретте СОКП-ның XXVIII-съезіне Қазақстаннан делегат болып сайланғанымды, қоғамды демократияландыру бағытындағы съезд қарарларына қолдау көpceткенімді айта кеткенім жөн. Бұл жәйларға тоқталып отырған себебім, бүгінде тарихқа айналған, сонау Кеңес кезеңіндегі, әсіресе тәуелсіздік қарсаңындағы елдегі қоғамдық–саяси оқиғалардың көз алдымызда өткенін, соның қайнаған ортасында болғанымызды еске салу. Міне, осындай кезеңде, Орталық комитетте қызмет жасап жүргеніме жыл өткен, жаңа ортаға біршама үйреніскен кезімде, 1988 жылы,  халқымыздың арда ұлы Аман ағамен алғаш кездесіп, танысқан болатынмын.

Біздің Бөлімде бірге істейтін, кабинеті менікімен қатарлас, әріптесім Попадейкин Р.А. телефон соғып, өзіне кіріп шығуымды сұрады және саған «сюрпризім бар» деп қызықтырып қойды. Ростислав Анатольевич бұрын Кемерово обкомының хатшысы болған, осы облыстың кураторы болатын. Столының үстінде күрең қызыл түсті папкаға көзім түскесін өз облысына байланысты кадр мәселесі туралы әңгіме болатынын топшыладым. Айтқандай–ақ сәлден кейін кабинетке бойына көркі сай, қою бұйра қара шашты, жігіт ағасы шамасындағы келісті азамат кіріп келді. Мен қазақ екеніне еш күмәнім болмай, ауыз толтырып «ассалаумағалейкум» деп сәлемдестім. Ростиславқа бұл азаматпен таныстырғанына рахмет айттым. Сібір облыстарының әйгілі  көмірлі аймағынан Орталық комитетке, ұлты қазақ азаматының кадр мәселесімен шақырылуы, шындығында да сирек кездесетін жәй ғой. Мүмкін бұрын соңды болмаған да болар. Бұл, Аман Молдағазыұлының (құжаттарында Аман Гумерович) Кемерово облыстық партия комитетінің транспорт бөлімінің меңгерушілігіне бекуге келгені екен.  Ол кезде, А.Төлеев Кемерово темір жолының бастығы болатын. Жеке құжаттарына көз жүгірткенімде Новосібір теміржол инженерлері институтын бітіріп, еңбек жолын 1964 жылы қарапайым теміржолшы болып бастап, Сібірдегі ең үлкен Кемерово темір жол басқармасының бастығы дәрежесіне дейінгі жолдан өткенін, туған жері Красноводск екенін көріп, ата мекені Маңғыстау емес пе екен деген де  ой келген. Жаңа қызметке бекуге келгендер, әдетте Москвада 2–3 күн кідіріп,  өздерінің болашақ қызметіне қатысы бар бөлімдерде, ең соңы сол саланы басқаратын Орталық комитеттің хатшысында болып ресми кездесулерден өтетін. Соның арасында бір келесі кездесуді біразырақ күтіп қалғанын көріп, кабинетіме шақырып, шай алдырып, қысқа әңгімелесудің сәті түсті. Бірақ қысқа уақыттың көп бөлігі кездесулерден алған әсері төңірегінде болды, сонда да мен құжатында көрсетілген туған жері Красноводскіге байланысты сұрағыма ашып ештеңе айтқан жоқ.

Екінші рет, Аман Молдағазыұлымен 1990 жылы кездестім. Ол да Кеңес Одағының тағдырына үлкен өзгерістер әкеліп жатқан кезең болатын. КССРО-ны құрайтын барлық республикалардың Жоғарғы Кеңестерінің съездері өтіп, онда егемендік, тәуелсіздік тақырыптары көтеріліп жатты. Тіпті, Балтық жағалауындағы республикалар, өздерінің егемендігі туралы Декларацияларын жариялап үлгерді. Осындай суверендікке қол жеткізу үрдісі Ресей Федерациясында да қарқынды жүрді. Совет одағының коммунистік партиясының негізін құрайтын Ресей комунистерінің,  В.Полозков басқарған бір тобы РСФСР КП Орталық ұйымын құру шараларын жүргізді. 1990 жылдың наурыз айының 4–де  РСФСР жергілікті кеңестерінің халық депутаттарының сайлауымен қатар, РСФСР халықтарының 1–ші съезіне депутаттар сайлауы өтті.  Бұл, шын мәнінде баламалы ұсынылған кандидаттар қатысқан демократиялық сайлау болды. Ресейдің барлық өлке–аймақтарынан 8254  адам қатысып 1026 адам съезге депутат болып сайланып, солардың арасында А.Төлеевте өз қарсыластарын жеңіп депутат мандатына ие болды. Аз уақыттың ішінде өзінің сайлауалды бағдарламасымен, ол кузбастық жерлестерінің қолдауына ие болып, Кемерово облыстық халық депутаттары Кеңесінің Төрағалығына да сайланып үлгерді. Ол кезде бұл лауазымды облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары қоса атқаратын. Осыдан –ақ А.Төлеевтің, Ресейдің отын базасы болып есептелетін Кемерово жұртшылығының сеніміне ие болып, ел алдындағы беделінің өсіп келе жатқанын көруге болады. Ілгерідегі жылдар оның дәлелі болды.    

Жоғарыда айтылғандай, Аман Молдағазыұлымен екінші рет кездесуім РСФСР халықтарының 1-ші съезі кезінде болды. Съезд 1990 жылдың, мамыр айының 16–22–сі аралығында, Москвада, Үлкен Кремль сарайында өтті. Жекелеген жиындары Екатерина залында да өткені есімде. Съезде А.Төлеев алғашқылардың бірі болып, керемет сөйледі. Ол кезде съезд жиыны бүкіл елге телевидение арқылы тарайтын. Сөйтіп Аман Төлеев бүкіл елге, әсіресе қазақтарға кең танымал болды, артынан Одақтық деңгейдегі саясаткерге айналғанын білеміз. Сөзін аяқтап, съезд мінберінен түсіп келе жатқанда, алдынан шығып құшақтап, сөйлеген сөзі әсерлі, жақсы шығуымен құттықтағанмын.

Қолтығынан ұстап, үлкен залдың бір жақ терезесі алдына келіп, өзімнің алдағы бір–екі айда Қазақстанға қайтатын жоспарым бар екенін айттым. Г.Колбиннің кезінде таратылған Маңғыстау облысының қайта құрылғалы жатқанын, соған байланысты ұйымдастыру комитетіне ұсынғанын, елге қайтатын жоспарым бар екенін… Сонымен бірге, оған, тағыда  –сенің туған жерің Красноводск болуына қарағанда, арғы ата– бабаларың Маңғыстаудан болуы мүмкін, 30-шы жылдары Адай көтерілісі кезінде елдің біраз бөлігі қуғын–сүргінге ұшырады, сөйтіп Түркменстанда мекен еткен болар, есіңде жүрсін дедім. Ол ештеңе айтқан жоқ, басын изеді, өзі әлі съезде сөйлеген сөзінің әсерінде тұрғанын (жарыста шауып келген аттың алқымы басылмай тұрғанындай) байқадым… Осылай қоштасқанбыз.

Көп ұзамай Маңғыстау облысы қайта шаңырақ көтерді. Республика басшылығының шақыруымен ұйымдастыру пленумына қатысып, облыстық партия комитетінің экономиканы реформалау, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту, мұнай өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселелеріне басшылық жасайтын екінші хатшысы болып сайландым. Елде екі жыл облыс басшылығы құрамындағы  қызметтен кейін, жаңа заман күн тәртібіне қойған– нарыққа көшу, менеджмент, маркетинг, ағылшын тілі және т.б. мәселелерді тереңірек меңгеру мақсатында, бір топ азаматтармен бірге  АҚШ –тың Бостон қаласындағы, Массачусетс университетіне оқуға жолдама алдық. Одан әрі елге инвестиция тарту мәселелерімен Техас штатының Хъюстон қаласында орналасқан Англо–Датч компаниясында біраз жылдар қызмет жасау қажеттілігі туындағаны белгілі…

Бұл, Егемендіктің есігі айқара ашылған,  Кеңес одағы ыдырап, одақтың құрамындағы республикалар өз егемендігін жариялап жатқан кезең болатын. Осы тұста 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Сөйтіп, ата-бабаларымыз аманат еткен, армандаған елдігімізді ғасырлар тоғысында қалпына келтірдік. Америкада жүргенде, тағдыр тәлкегіне ұшырап, әлемнің шар тарабында тарыдай бытырап жүрген қазақтардың бірінші Құрылтайы Алматыда өтетінін естідік.  Аман ағамыздың, елде өткен алғашқы қазақтардың Құрылтайына келгенін, Әбіш ағаның үйінде қонақта болғанын естіп, арда азаматтың «өз үйірін» тапқанына қуанғанбыз. Одан кейін оның елмен байланысы еш үзілген жоқ…

Сөз соңында айта кету керек, А.Төлеевтің Ресей қоғамында, саяси өмірінде жарқырай көрініп, өзі басқарған Кузбасс жұртшылығының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленуіне, біріншіден, сол елдегі өткен ғасырдың соңғы онбес жылдығында М. Горбачевтың пәрменімен басталып, Б.Ельциннің кезеңінде жалғасын тапқан демократиялық, ашықтық үрдістердің жалғасын табуы, оған қоса оның халық мүддесі үшін аянбай қызмет жасайтын табиғи туа біткен қасиеттері (таза–адалдық, өжет–қайсарлығы т.б.) екені сөзсіз.

Өзге елде өз ұлтының айбынын асқақтатып, қазақ атын, тек ТМД елдеріне ғана емес, бүкіл түркі әлеміне танытқан ағамызға жаны жаннатта  болсын, бүкіл өмірін халқына қызмет етуге арнаған оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген тілек айтамыз.

 

З.Алшымбаев–Мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, «Маңғыстау» газеті, 20.02.2024 ж.