ПАРЛАМЕНТТЕ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

ҚР Парламенті Мәжілісінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шәріп Омаровтың 75 жылдығына орай конференция өтті. Бұл шара қайраткердің Астана қаласында тұрған үйіне мемориалдық тақта орнату рәсімімен басталды.

Ескерткіш тақта ашу рәсімінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы А. Қаналимов, қала қоғамдық кеңесінің мүшелері И.Елекеев, Т.Қуанышев, “Дос-Мұқасан” ансамбілінің ұйымдастырушыларының бірі, профессор Ұ.Сыздықов және Шакеңнің жары, Қазақстанның халық әртісі Г.Мырзабекова сөз сөйледі.

Одан әрі іс-шара ҚР Парламенті Мәжілісі ғимаратында да жалғасты. Белгілі қайраткер Ш.Омаровтың, мемлекетіміздің өркендеуіне, төл өнеріміздің дамуына, Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуына, және дипломатия саласындағы еңбектері қамтылған тақырыпта конференция өтті. Жиынға Ш.Омаровтың жары, Қазақстанның халық әртісі Г.Мырзабекова, Мәжілістің 1-5 -ші шақырылымдарының депутаттары (құрамында “МНГК” РҚБ мүшелері Алшымбаев З, Ережепов Қ, И.Елекеев ), “Дос-Мұқасан” вокалды-аспаптық ансамбілінің мүшелері және т.б. қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференцияны кіріспе сөзбен ашқан ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е.Қошанов, — Ш.Омаровтың еліміздің түрлі саласын дамытуға қосқан еңбектеріне тоқталды. Ол, өз сөзінде “ табиғат Шакеңнің бойына барлық қасиетті дарытқан десе де болады”, дей келе , оның әйгілі “Дос-Мұқасан” тобымен өнердің ең биік шыңын бағындырғанын, мемлекеттік қызметте, саясатта беделді, белсенді тұлға болғанын, қазақ дипломатиясының дамуына да үлес қосып білікті елші болғанын атап өтті. Осы жиында, сондай-ақ Ш.Омаров туралы әріптестерінің естелігінен құрастырылған “Шынайы ғұмыр кешкен азамат” атты жинақтың да “ тұсау кесер” рәсімі өткізілді. Басқосуды, кезінде Ш.Омаров басқарған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды. Айта кетелік, Ш.Омаров ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымдарының депутаты, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарған (СОКП ОК- ің жауапты ұйымдастырушысы да болған), техника және саясат ғылымдарының кандидаты, “Дос-Мұқасан” музыкалық ансамбілінің және ТМД елдерінің ардагер-футбол қозғалысын ұйымдастырушылардің бірі болды. 59 жасында дүниден өткен Ш.Омаров, өмірінің соңғы кезеңінде Қазақстанның Чехия республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып еңбек еткен болатын.
“МНГК” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ