Біртуар азамат еді

Қазақ мұнайында ел ардақ тұтқан айтулы азаматтар баршылық. Әсіресе, Сафи Өтебаев, Халел Өзбекқалиев, Бөлекбай Сағынғалиев, Рахмет Өтесінов, Нәсіпқали Марабев, Кеңес Жоламанов сынды тұлғалар мұнай өндірісі саласына айрықша еңбек етті. Осы бір ат төбеліндей ардақты топқа мен Нұрлыхан Бекбосынов ағамызды да қосар едім. Нұрекең туралы өткен шақпен сөйлеу қандай ауыр десеңші. Бірақ, Жаратқанның қай ісіне жаратушының әмірі жүрген… Нұлыхан Бекбосыновпен киелі Маңғыстауда жүргенде танысып едік. Ол жылдар Кеңес одағының салтанат құрып тұрған кезең еді. Коммунистік партия дүйім елді ашса алақанында, жұмса жұдырығнда ұстап тұрды. Барлық жерде партиялық леп есіп тұратын. Ұрандатқан жиындардың соңы ду қол шапалақтауға ұласып, айрықша бір көңіл күйде жүргеніміз де жасырын емес еді-ау. Қырыққа да толмаған кезіміз. Алдыңғы ағалардың сенімінен шығайықшы деп, шапқылап жүріп жұмыс жасаймыз. Сондай бір кездер де, дәлірек айтқанда 1987 жылдың мамыр айында Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Меңдеш Салиховтың ұсынысымен «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігі партия ұйымының хатшысы болып сайландым. Бірлестіктің бас директоры Н.Бекбосынов. Нұрекеңді бұрыннан білеміз. Жаңаөзенде еңбек еткен кезінен іскерлігімен, әділдігімен, тамаша ұйымдастырушылық қасиетімен облыс көлемінде емес, республика бойынша үлкен абырой мен беделге бөленді. Былайша айтқанда, атағы атан түйеге жүк боларлық. Енді міне, осындай ел сыйлаған атпал азаматпен, көрегенді басшымен бірге жұмыс жасайтын болдық.  Бұл үлкен мәртебе.  

Ол кездері облыс көлемі бойынша Каспиймаңы тау-кен комбинатының атағы дүркіреп тұрды. Комбинаттың бас директоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атақтардың иесі Юрий Владимирович Кузнецовтың ықпалы облыс басшысының ықпалынан еш кем емес еді. Комбинат Мәскеуге тікелей бағынады. Керек-жарақтың барлығы сол жақтан жіберіледі. Содан да болар, қалалық деңгейдегі жиналыстарда әлгі мекеменің лауазымды иелері өздерін асқақ, тәкаппар ұстайды. Біздерге танауын пысқыра қарайды. Бас хатшы М.С.Горбачевтің «қайта құру» дәуірінің лебін сезініп жатқан мезгіл еді ол. Партияның бұрыңғы ықпалының әлсірей бастағаны да осы кезең болатын. Қайта құрудың басты талабы – жариялылық. Бұдан келіп сөз бостандығы деген шықты. Әйтеуір, жиналыстарда мінбеге көтерілгендердің барлығы шетінен жұлқынып, қызбаланып сөйлейді. Демократия дегеніміз осындай болатын шығар деп қоямыз. Сөйтіп жүргенде, тарихта тұңғыш рет демократиялық бағыттағы сайлау өтетін болып, алашапқын басталды да кетті. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына жер-жерде кандидаттарды ұсыну шаралары өтіп жатты. Маңғыстауға бөлінген жалғыз орын үшін бақ сынайтындардың аттары атала бастады. Каспиймаңы тау-кен комбинатының бас директоры Ю.В.Кузнецовтың кандидатурасының тіркелуі заңды еді. Оған кім лайықты қарсылас бола алады. Облыс тұрғындарының басын қатырған басты мәселе осы еді. «Ю.Кузнецовпен депутаттық мандат үшін таласа алса, ол тек Н.Бекбосыновтың ғана қолынан келеді», — деген әңгімелерді құлағымыз шала бастады. Нұрекең алғашында кандидат етіп, қатардағы жұмысшыны ұсынайық деген ұстанымда болды. Қатардағы жұмысшының Ю.Кузнецовпен тайталаса алмайтынын айтып, Нұрекеңе кандидатураңызды ұсынуға қарсылық білдірмеңіз дегенді айтып, бетін бері қаратқандай болдық. Содан Нұрекеңнің кандидатурасы жалпы жиналыста талқыланып, ұсыну туралы шешім қабылданды. Сайлауға дайындық шараларына қызу кірісіп кеттік. Ол кезде Ақтау қаласында қазақтардың саны әрі кеткенде 25 пайыз ғана болатын. Бұл дегенің алдағы дауыс беру науқанында шешуші фактор болатындығы белгілі. Жариялылық, қайта құрумен бірге ұлттық рухқа да қанат біткендей болатын. Облыс, қала халқы шеттен келіп, лауазымды орынтаққа қонжия кеткен Ю.Кузнецовты емес, бәленбай жыл Маңғыстау халқымен бірге бар қиыншылық пен қуанышты бірге көтерісіп келе жатқан Нұрлыхан Бекбосыновтың кандидатурасын қолдады. Осылайша басым дауыспен Н.Бекбосынов КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.  Нұрекеңнің жеңісі – елдік рухтың жеңісі болып санамызда жатталып қалып еді. Нұрекең сынды атан жілік азаматтың қандай кедергіні де бұзып-жарып шығатынына халық іштей сенген болатын. Ол сенім мен үміт ақталды. Депутаттық үшін таластағы Нұрекеңнің жеңісі Маңғыстаулықтардың жадында жеңіске жетудің символындай қатталғандығы да өтірік емес. Осынау демократиялық бағыттағы өткен алғашқы сайлауда Н.Бекбосыновтың тілеулестері өте көп болды. Солардың уақытпен санаспай қызмет етіп, атсалысуының арқасында келген Жеңіс еді ол. Қысқасы, осы Жеңіс біздің рухымызды шыңдап кетті. 

Нұрекеңнің ерекшелігінің бірі – қарамағындағыларға дұрыс бағдар беріп, арандап қалу әрекеттерінің алдын алып отыратындығында болатын. Оған әйгілі 1989 жылдың маусымы кезінде Жаңаөзен оқиғасынан соң көзім жетті. 1989 жылы 17 маусымда Пятигорскіден кезекті еңбек демалысынан келдім. Кеше ғана іргедегі Жаңаөзен халқы дүр етіп көтерілген. Оның салқыны Шевченко қаласына да жетіп отыр. Бір топ ашулы жастар қалалық партия комитеті ғимаратының алдына жиналған. Ашулы халықтың у-шуы басылар емес. Дереу қалалық партия комитетіне келдім. Бірінші хатшы Н.Баевтың қызметтік бөлмесі штабқа айналып шыға келген. Ол кісі маған «жиналғандардың арасында сіздің мекеменің де жұмысшылары бар екен. Солармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, райынан қайтар», — дейді. Ашуға булыққан халық «біздің алдымызға Н.Баев шықсын», — деп дікеңдейді. Ашулы топты сабырға шақырдың не, шақырмадың не, бәрібір өздерінің дегенін болғанын қалап, қасарысады. Осындай сын сағатта Нұрекең үлкен көрегенділік танытты. «Жиналғандарға ешқандай саяси талап қоюшы болмасын деп ескертіңдер. Тек әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын ашық айтып, соны оң шешуді талап етсін деген ұсынысыңды айт», — деп маған кеңес берді. Иә, ол жылдары Шевченко қаласында газ, су барлығы бар. Ал, 10-15 шақырым жердегі елді мекендердің пештерінен қою түтін бұрқырап жататын. Осындай әлеуметтік әділетсіздікке халықтың ашулануы да бір жағынан заңды болатын. Сонымен не керек, қалалық партия комитетінің конференц-залында жиналғандар Н.Баевты қордаланған сауал мен орынды талаптарының астына алды. Кейіннен Республика Үкіметінің «Маңғышлақ облысының Жаңаөзен қаласы және басқа да елді мекендеріндегі  тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын оңалту туралы» Қаулысы жарияланған еді. Міне, көрдіңіз бе, Нұрекең қиын жағдайдан халықты осылайша сақтандырып қана қоймай, шешімі табылмай жүрген көптеген мәселелердің оң шешілуіне түрткі болды. Мұндай сұңғылалыққа екінің бірі ие емес.

Жасыратын ештеңесі жоқ, Нұрлыхан Бекбосынов   «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің бас директоры лауазымын атқарған кезінде өзіміздің қара көздер Шевченко қаласынан жайлы пәтерге көптеп қол жеткізе бастады. Ол кездері жайлы пәтер, жылы төсек Мәскеудің бүйрегі бұрғандарға ғана берілетін. Бірнеше жыл Нұрекеңнің қасында жүргенімде аңғарғаным, қарамағындағы халықтың жағдайына көбірек бас қатырады. Өзімнің қарным тоқ, қалғандарыңда шаруам шамалы деген тоңмойын принцип оған мүлдем жат еді. Әлі есімде, сол 1989 жылдың қысында бірінші хатшы Г.В.Колбин Шевченкоға келді. Әуежайдан бірден біздің ұжымға ат басын тіреді. Осы басқосуда да Нұрекең халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән бере сөйледі. Кейін ойласам, асқар таудай әкесі 1943 жылы Ұлы Отан соғысының қызып тұрған шағында майдан даласында ерлікпен көз жұмған екен. Содан Нұрекең тағдырдың жазуымен бірнеше жыл балалар үйінде тәрбиеленген. Жастайынан қиыншылықты көріп өскен ол, өзгенің де қиналмауына, таршылық көрмеуіне баса мән беретін. Нұрекең қашанда іс тетігін білікті маман шешетінін білді. Сол себепті, қолындағы билігін пайдаланып, ұлттық кадрларда жасақтауға айрықша мән берді. Бүгіндері мұнай саласында жауапты қызмет атқаратын азаматтардың көбі өздерін Н.Бекбосыновтың шәкірттері екенін мақтан тұтады. Ол талай азаматтың тұсауын кесіп, үлкен өмір жолына адаспай түсуіне бағыт-бағдар сілтеп еді.

1990-шы жылдардың аяғында қайта құрудың екпіні төрімізге оза бастады. Әр мекеме дабыра жиналыс жасап, өз басшыларын сайлайтын болды. Партияның бұрыңғы ықпалы күн өткен сайын әлсіреп бара жатқаны сезілетін. Бұрыңғы партиялық принциптермен ешкім санасқысы келмеді.  Сонымен, 1990 жылдың мамырында бірлестіктің партия ұйымын жауып тындық. Ұжымдағы коммунистер тікелей қалалық партия комитетінің есебіне алынды. Партия ұйымын жабу туралы мәселе қозғалғанда Нұрекең «Қарағым-ау, не айтып отырсың. Ұйымды жабу деген не сұмдық», — деп шыр-пыр болатын. Мен болсам, мынандай қиыншылық кезде құр саяси даурықпадан гөрі, табыс табуға баса мән беру керектігін алға тартатынмын. Тоқсаныншы жылдардың аяғына таман мызғымастай көрінген Кеңес одағының әлеуметтік жағдайы әлсірей бастады. Дүкен сөрелері қаңырап бос қалды. Халық тұтынатын көптеген тауарлар көзден бұл-бұл ұшты. «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігі де ол жылдары қиыншылыққа тап келді. Жұмысшылар жалақыларын уақытылы ала алмады. Бартерлік әдіс деген пайда болды. Еңбек ақының орнына тауар берілетін. Осындай қиын жағдайдың өзінде үлкен ұжым Нұрлыхан Бекбосыновтың іскерлігі мен беделіне сенді. Ешкім бас көтеріп, бұлқынған жоқ. Бәрінің ақыры күтіп, шыдамдылық танытты. Қиын жағдайға қарамастан өндіріс көрсеткіші еш төмендеген жоқ. Осындай аумалы-төкпелі кезеңге қарамастан Нұрекеңнің Маңғыстаудан мұнай өңдеу зауытының құрылысын салу туралы тамаша идеясы болды. Бүкіл құжаттарын даярлап, қажетті қаражатты да тапты. Бірақ, өкінішке орай бұл идея жүзеге аспады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы уақытша қиыншылықтың кезінде балапан басына, тұрымтай тұсына кетті ғой. Егер де Нұрекеңнің мұнай өңдеу зауытын ашу туралы идеясы жүзеге асқанда өңірдегі көптеген проблема оңынан шешіліп, жұмыссыздың деңгейі төмендеп, халықтың әл ауқаты жақсара түсетін еді. Сондай сең соқты кезде өмір бойы партияның әділ саясатына сеніп өскен Нұрекең «Ел не болып бара жатыр? Мына Горбачев дегенің дорақ екен ғой», — деп қапаланатын. Бұл тектен тек қапалану емес, туған халқымның ертеңгі күні не болмақ деген зілдей салмағы бар уайым болатын. Соңғы жылдары қоғамда КСРО-ның бірінші және соңғы Президенті М.С.Горбачев туралы қарама-қайшы пікірлер айтыла бастады. Мәселен, өзіндік көзқарасын тарихи деректер мен нақты өмір шындығы арқылы дәлелдеуге құмар Мәскеулік белгілі тарихшы, публицист А.Фурсов М.С.Горбачевты «Әлемдегі ең ірі элиталық қаржылық корпорациялардың ықпалында кетіп, КСРО-ны тарату туралы солардың тапсырмасын мүлтіксіз орындап шыққан, жүздеген миллион қарапайым адамның мүддесін аяқ асты еткен сатқын», — деген пікірін бүкпесіз айта бастады.  Осындай кезде Нұрлыхан ағамыздың баяғы тоқсаныншы жылдардың басында М.С.Горбачевты «мынауың дорақ екен ғой», — деп қапаланатыны ойыма оралады. …Иә, Нұрлыхан ағамыз қандай лауазымды атқарып, қандай биікке көтерілмесін, ең бірінші халықтың жай-күйін тереңінен ойлайтын. Соны оңынан шешкенше тыным таппайтын. Сөйткен асыл азаматтың да арамыздан бақилыққа аттанғанына бір жыл болып қалыпты. Зымыраған уақыт-ай… Суық хабарды естіген бойда Астанадан Ақтауға ұштық. Сол күні Ақтау әуежайының қабағы ашылмай-ақ қойды. Қалың тұман. Атырау арқылы Астанаға қайта келдік. Махамбет Батырбаев, Зейнолла Алшымбаев, Ұзақбай Қарабалин, Қайыргелды Қабылдин, Амангелды Максимов, Құралбек Келжанов, Анатолий Тегісбаев сынды азаматтардың басын қосып, Астананың бір мейрамханасына дастархан жайдырып, ағаның рухына арнап Құран оқытып, иманының саламат болуын тіледік.

 Ағамыздың адал жары Ақырыс жеңгемізге, бауырымыз Нұрсұлтанға, қарындастарым Света, Ғалия, Әлияға сабырлы болып, болған іске бекем болыңдар дегім келеді. Нұрлыхан Бекбосынов сынды біртуар азаматтың жатқан жері жұмақ болғай дейміз.

 

Мейрам Ахметжанов