Уәдеге мәрт, іске жомарт

Мұнай-газ саласының көрнекті тұлғасы Қайыргелді Мақсұтұлы Қабылдин туралы сыр

Тіршілікте байқайтынымыз – адам қандай асулардан асып, биік белес­терге шықса да, мәртебелі билікке, ықпалды дәулетке қол жеткізсе де, қаншама жыл өтсе де әкесінің қанымен, анасының сүтімен берілетін тума қасиеттері аса өзгеріске түсе қоймайды. «Асыл адам айнымас» деген осы. Тектілік – адастырмас темірқазық. Қазақстан мұнай-газ саласының қарымды қайраткері Қайыргелді Мақсұтұлы Қабылдиннің тұла бойына біткен тума қасиеттері естігенді қызықтырады, көргенді қайран қалдырады.

Әдетте адам мамандық таңдай­тын бала шағында көбінесе өзі туып-өскен жерінде кең тараған, көзі көріп үйренген салаға, кәсіпке бейімделіп жатады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары кеңес зама­нында Сібірден Қазақстанға, оның ішінде – Шымкентке тартылған мұнай құбырының Павлодар жері арқылы өтуі, Павлодар мұнай өңдеу зауытының салынуы сол кезеңде талай жастың көңілін бұл өңір үшін тың салаға аударған. Осылай мұнайшылық кәсіп табиғи тұрғыдан дами қоймаған Ертіс өңірінің тумасы Қайыргелдіні осы салаға алып келді. Түрікменстанда әскер қатарында болды, Ресейде, Түменде жоғары білім алды. Ол қатардағы мұнайшы инженерден ірі өндіріс тұлғасына айналған сындарлы жолдан өтті. Бұл оның өмірлік өз жолын іздеген мақсаткерлігін шыңдады, тың істерге, тосын шешімдерге бара алатын алғыр қабілетіне серпін берді. Ал бұл үшін тек ынта, оқу-тоқу, терең білім ғана емес, өршіл мінез де керек екені заңдылық.

Қайыргелді Мақсұтұлымен қыз­мет жолымыз ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында басшы, ал мен оның салалас компаниясында жетекші маман болып жүргенде тоғысты. 2011 жылы қазан айында Қ.Қабылдин «ҚазТрансОйл» акционерлік қоға­мының бас директоры қызме­тіне тағайындалды. Сол кезде мен осы компанияға аппарат басшысы қыз­метіне шақырылдым. Біздің басшы мен қосшының әріптестігі ғана емес, ағалы-інілік сыйластыққа ұласқан қарым-қатынасымыз сол кезде бас­талды.

Қайрекеңнің үлкенге ізетті, кі­ші­ге қамқоршыл, бауырмал, жомарт мінезі, мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, көмегін іркіп қалмайтын абзал адами қасиеттері үнемі сезіліп тұратын. Басшылық сұсы талапшылдығы еді. Басшылықтағы қызметкерлерді соны сүрлеуге сала­тын, сол үшін өзі де үнемі ізденіс үстінде жүретін, ұстанымы кімге де болса үлгі, өнеге-тін. Ол өткізген әрбір өндірістік жи­налысқа мәселелерді терең зерттеп, олардың байыбына барып, үлкен дайындықпен келетіні басқа бас­шыларды жинақы жүруге ұм­тылдыратын, басқалардың үстірт­тігін, шалағайлығын ұнатпайтын.

Адам ойының ұшқырлығын оның әзіл-қалжыңдарының сұрпатынан-ақ аңғаруға болады ғой. Қайрекеңнің істің ретіне қарай ара-тұра қосып қоятын әзіл-қалжыңдары өте астарлы, мағыналы келіп, қалжырағанды қайраттандыратын, тұнжырағанды сілкіндіретін, сонысымен де әр кез орынды шығар еді. Тек атқарып жүрген саласының сұңғыла білгірі ғана емес, тарихи оқиғаларды жан-жақты дәйекті пайымдай отырып, көптің көкейіндегісін мәнді айта білетін зиялылығы, терең ойлары оны кез келген ортаға сіңімді, келе-келе құрметті азаматқа айналдырып жіберетін. Кітап оқуға қол тимей кеткен шақтарда аудио-кітаптарға құлақ қоятын.

Қайрекеңнің әкесі Мақсұт – соғыс ардагері, елге оралған соң жергілікті құқық қорғау органда­рында қызметте болып, зейнетке шыққан. Қайыргелдінің түр-әлпеті анасына тартқан екен. Әр­дайым Жеңіс мейрамы күні Қайыргелді ата-анасының, қайын ата-енесінің басына барып, дұға бағыштаудан, олардың көзін көрген адамдардың, ағайын-туыстардың басын қосып, ас беруден жаңылған емес. Осындайда балалық шақ еске түседі, қызықты әңгімелер айтылады. Отбасында өрбіген он бала бірін-бірі жетектеп өскен. Бауырмалдық, қамқоршылдық қасиет осылай қалыптасқан. Бүгін де бәрінің жебеушісі – Қайыргелді ағалары. Ата-бабаларын қастерлеп өскен азамат, бабасы Бәсентиін Малайсары батырға арнап елінде ескерткіш тұрғызуға да атсалысқан. Бұл оқиғаны үлкен дүбірлі шараға айналдырды, кейінгі ұрпаққа ата-баба рухына тағзым етуді өнеге етті.

Қайыргелді Мақсұтұлының ин­женерлік таланты, іскерлік қабі­леті, басқарушылық өресі баға­ланып, кең айдынға шығуы еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарынан бас­талды. Тиісінше Қайыргелді де туған Отанына білімі мен қабілетін аяған жоқ. Бұл тек Қ.Қабылдиннің ғана емес, әсіресе, экономиканың, өндірістің, ғылымның стратегиялық салаларында еңбек еткен ұлттық ма­ман­­дарымыздың талайының басында бар жайт.

Қазақстан мұнай-газ кен орындары қорының молдығымен де әлемдегі бай мемлекеттер қата­рында. Тиісінше шетелдік инвесторлар КСРО-дан бөлініп шыққан әрі табиғи байлық қорының түрі аса мол жаңа мемлекетке назар аударды. Әлемдік алып мұнай корпорациялары Батыс Қазақстанда Қарашығанақ, Теңіз, басқа да мұнай-газ кен орындарын барлау және игеру ісіне белсене кірісті. Бұл тиісінше энергетика саласына стратегиялық ойлауға қабілеті мықты ұлттық мамандарды қажет етті. Осы тұста 1993 жылы Қайыргелді Мақсұтұлы Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлігінде қызмет атқарады. Бұл Қайрекеңнің тепсе темір үзер жігерлі кезеңі және қызметте алғашқы көтерілуі. Бірақ осы қызметтің өзіне көтерілуі оңай болған жоқ еді.

Мұның алдында мынадай бір оқиға өткен. 1992 жылы Қазақстан, Ресей, Оман әмірлігі үшеуі бірігіп, мұнайды құбырмен тасымалдауға, шетелдерге шығаруға арналған Каспий құбыр консорциумын құру жобасы басталды. Жоба идеясы тамаша. Бірақ мұнай айдайтын құбырды қай бағытта тарту керек? Осыны шешу әрі тарт та бері тарт, оңай болмады, қызу талқыға түсті. Әр елдің мамандарының пікірлері әрқалай.

Осы мәселені талқылауға қатыс­қан Қайыргелді Мақсұтұлы құбыр­­ды Қазақстаннан Ресей аумағы арқылы Қара теңіз кемежайына тартудың дұрыстығын алға тартады, қысқа әрі тиімді жол. Ол кезде Қазақстан Мұнай және газ өнеркәсібі министрі марқұм Нұрлан Балғымбаев еді. Мәселені талқылаған жиналыстардың бірінде бұл идеяға қарсы әрі басқа бағытты қолай көріп жүрген Нұрлан Өтепұлы ашуға басады: «Кім мына жобаны ойлап тапқан, ұсынып жүрген? Қабылдин, ол кім?».

Қайыргелдіні орнынан тұр­ғызады. «Сен кімсің?» деп сұрай бас­тайды. Павлодарлық екенін естіген­де мұның әдетте көбінесе батыс өңірліктерді құрайтын мұнайшылар арасында жүргеніне таңырқай әрі таңдана сөйлеп, тіпті білікті маман екеніне күдіктеніп, жиналыстан шығарып жібереді.

Сол жиналысқа қатысқан талай жан енді Қайыргелдіні қызметтен кетіреді деген ойда қалған да болар-ау. Тіпті министрдің көзіне түсіп қалмауға, біршама уақыт іссапарға кетіп қалуға кеңес те береді. Алайда бірер аптадан соң таңертең оны министр шақырады.

Қайыргелді Қабылдин министрден өзі ұсынып жүрген Каспий құбыр консорциумы жобасын жүзеге асыру шаруасына белсене қатысуға тапсырма алып шығады. Қазақстан мен Ресейдің достастығы, тату көршілігі тұрғысынан келгенде бұл үнемді әрі тиімді жоба еді. Екі ел президенттері де солай уағдаласады. Ал біраз маман құбырды басқа елдің жері арқылы тарту түптеп келгенде Қазақстанды экономикалық кіріптарлыққа ұшыратуы мүмкін деген де болжам айтқан еді.

Сол күннен бастап министр мен Қайыргелді Мақсұтұлы екеуінің арасында кәсіби түсіністік орнайды, келе-келе жақсы қарым-қатынаста болып кетеді, қызметтерге көтеріледі. Министрдің маман пікірін мойындауы, кішіпейілдігі оның азаматтығы еді. Кейін Қазақстан Премьер-министрі болған Нұрлан Балғымбаев теңіздер мен мұхиттарға шығатын тікелей жолы жоқ Қазақстан үшін мұнайды шетелге сатуға шығарудың сол тұста осы стратегиялық жолын ойлап тапқан Қайыргелді Қабылдин деп талай жерде үнемі айтып жүрді. Ал Нұрлан Балғымбаевтың осы кішіпейілдік азаматтық қасиеті Қайыргелдінің өзі де адам тағдырына әсер ете алатын үлкен лауазымдарға көтерілгенде үнемі есінде ұстаған өмірлік бір кредосына айналып кетті.

Қайрекеңнің елжанды азаматтық қасиетінің бір сыры сірә, оның көпбалалы өзара бауырмал отбасында, үлгілі ата-ана тәрбиесінде өскендігінен де деп сеніммен айта аламыз. Ол «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының бас директоры болып тағайындалғанда экономикалық әлеуеті мол таза өндірістік компания әлеумет жайына да айрықша мән беруді маңызды міндет қатарына қойды. Бұған өзім куә болған бірнеше жайтты мысалға келтірейін.

 Кезінде Зауытбек Тұрысбеков Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметінде болғанда қазақтар мол қоныстанған Астрахан өңіріне де мән береді, осында атақоныстарында тұрып жатқан қандастарымызбен кезде­седі, бұл өңірден қазақ тарихында ізі бар қандай қайраткерлер шыққанына, тарихи орындарға ден қояды. Құрманғазының кесенесін, мұражайын көреді. Күй атасынан басқа тұлғалар елене қоймағанын аңғарады. Қандастарымызбен етене әңгіме үстінде Бөкей ханның өзінің және Жәңгір ханның анасының бейіттерін анықтайды. Кеңес заманында қараусыз қалған бейіттер күтімсіздіктен әбден тозған екен, қоршаулары бүлінген. Елдестірмек елшіден, зияткер Зәкең Астрахан губернаторына жолығып, сол жерде мәңгі дамылдап жатқан қазақтың тарихи тұлғалары басына кесене тұрғызу мәселесін көтереді, бұл ізгілікті іске қолдау жасауға уәдесін алады.

Осы орайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында басшылық қызметте отырған, көңіл сарайы кең азамат Қайыргелді Қабылдинге де хабарласады, тарихи орынды жаңғыртуға, зираттар басын көтеруге қаржылай көмектесуді өтінеді. Қазақстанның Атырау өңірінде Құрманғазы ауданы арқылы өтетін екі ел шекарасынан қол созым ғана жерде (шекараны белгілеуде шамалы ғана жер алмасса өз елімізге қарауы да мүмкін еді-ау), Ресейге қарап кеткен жерде Бөкей хан күмбезі мен Жәңгір ханның анасына Маңғыстау гранит тастарынан тұрғызылған еңселі кесенелер осылай бой көтереді.

Қазақтың әйгілі үш биінің бірі – өзбек жерінде Ташкенттің қақ ортасында тұрған Төле бидің күмбезін жаңғырту жұмыстарына да қаржылай қолқабыс көрсетуден Қайрекең тартынып қалмады. Бұл іске де мұрындық болған тағы да сол кезде Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков екенін атап айту ләзім. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген осы.

Бір күні Қайрекең маған таң­­­­ертең телефон соғып, «бүгін Қара­ғандыға баруым керек екенін біле­сіз, реті келмей тұр, менің ор­ны­ма барып келсеңіз» деді. Тік­ұшақ­пен Атасуға бардық, онда жаңа салынған балабақша сән-сал­танатпен ашылды, ішінде бәрі бар, бұған «ҚазТрансОйл» АҚ де­меу­шілік жасаған. Ата-аналар риза, әсіресе, балалар шаттығында шек жоқ. Қияндағы далада заманауи балабақша неге керек демей, жоғары деңгейде ғимарат салуға қолынан келіп тұрғанда қамқорлығын аямаған Қайрекең сырттай талайдың алғысына бөлен­ді. Кейін осы үлгімен талай өңірде заманауи әлеуметтік нысандар салынды. Сол сапарда Жаңаарқа жерінде мәңгілік дамыл тапқан халқымыздың іргелі зиялы азаматы Ақселеу Сейдімбектің басына барып зиярат етудің де сәті түсті.

Қайыргелді Мақсұтұлының тағы бір қасиеті – тиімділігіне сенімді ең күрделі деген жобаларды қолға алуға тайсақтамайды, бейне мұзды мұхитты тіліп жүзетін мұзжарғыш кемелер іспетті. 2011 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздегі ұлттық компаниялардың ішінде алғашқы болып өз акцияларының он пайызын халыққа сатуға шығаратын болды, бұл шара халықтық ІРО деп аталды. Аймақтарды араладық, ха­лыққа акционер болудың не еке­нін, қандай пайда көретіндіктерін түсіндірдік. Бір күні бәрімізді жинап, әр бастаманың өз ұраны болуы керек деген ой айтты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөздің мағынасы ұранға лайық па деп сұрады. Бәріміз құп көрдік. Кемел басшы мол ырыс деген осы.

Тағы бір күні «біз осы бастама­мызға бата алуымыз керек, қалай қа­райсың?» деп менен пікір сұ­рады. «Жөн» дедім. Сонымен Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев аталды, Қайрекең өзі Фариза анамызды да қосты. Осылайша, ұлан-ғайыр істің алдында үлкендердің батасын алдық. Елдің абыройлы азаматтары сеніп отырған бұл жобаға халық қалай сенбесін?! Басшының кемелдігі мен дәстүрге, үлкендерге деген құрметі осылай тағы бір рет өнеге болды.

Елімізде «Бір ел – бір кітап» де­ген игілікті шара жүрді. Бұл – жы­лына бір қаламгердің танымал шығармасын насихаттауға, кітап оқуға тартуға арналған халық­ара­лық акция. «ҚазТрансОйл» АҚ осы шараны қолдап, мұны өз жұ­мыс­керлері арасында қазақ тілін оқып-үйрену жұмысымен орайластырды. 2013 жылы Атырауда қазақтың көрнекті қаламгерлері – анам Фариза Оңғарсынованың және келесі жылы Шымкентте Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арналған «Жаса, қазақ тілі!» деген атаумен конкурстар өткізілді. Сол кезде өндірістік компанияның ақын-жазушылар шығармаларын насихаттауға не қатысы бар деген де пікірлер айтылмай қалған жоқ. Ал осы шаралардың бәрінің басы-қасында былайда өндірістік мәселелері аз емес бас директор Қайыргелді Қабылдиннің бас болып жүруі өңірлердегі кейбір бас­шы­ларға үлгі болды. Сол шаралар­ды ашу сөзін сөйлеп, өндіріс пен руханияттың ажырамас бірлігі, мем­лекеттік мәртебелі ана тілімізді қол­дауға арналған шаралардың мән-ма­ңызы туралы толғамды ой айтқан да Қайрекең болды.

Басшы болу – тек үлкен жоба­ларға, экономикалық көрсет­кіш­терге ден қою, бас қатыру емес, компанияның ішіндегі ұсақ мәсе­ле­лерге де мән беріп, оларды тиі­сінше шеше алуы. Қайыргелді Мақсұтұлы «ҚазТрансОйл» АҚ-та қыз­меткерлердің қамын қарайлап, көбін баспаналы қылды.

Бір күні аппарат басшысы ретінде менен «бізде жұмыс істейтін ха­лық­тың басында қазір ең бірінші кезектегі мәселе не?» деп сұрады. «Баспана» дедім. Аймақтардағы жұмыскерлер де баспанаға зәру еке­нін жеткіздім. Жұмыскерлерге үй жағдайын жақсартуға арналған арнайы бағдарлама жасауды, қажет­тілікті анықтап, ол үшін керек­ті қаражатты қарастыру амалдарын ұсындым. Банктен компания атынан төмен пайызбен несие алған әркім өз таңдауымен жер алып, үй сала ма, әлде дайын пәтер сатып ала ма, өздері шешсе деген пікірімді айттым. Қайрекең бұл ойды құп көрді. Үйі болмаған азаматтың күйі бола ма?! Сөйтіп, өңірлердегі жұмыскерлерге үй жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік жа­салған еді.

Жазда жұмыскерлердің бала­ларының демалысын ұйымдас­тыруды қолға алдық. Бұдан басқа балаларды жаңа оқу жылына да­йындау, керек-жарақтарын әперуді де компания атынан жасадық. Бірін­ші сыныпқа барғанда компа­ниядан тәп-тәуір сый-сыяпат ал­ғандары талай баланың, олардың ата-ана­ла­ры­ның есінде қалған болар-ау.

Қайыргелді Мақсұтұлының бір ерекшелігі, ешқашан өзін өзге­лерден жоғары ұстаған емес және мақтағанды да жақтыра қоймайды. Өзінің айналасындағы адамдарға, кім болсын, мейлі ірі лауазымды, мейлі көмекшісі, не көлік жүргізушісі болсын, бәріне бірдей көзқарас, бірдей қарым-қатынас ұстанады. «Өтірік, өсек, мақтаншақ» деген қауіпті аурумен ауырмау бүгінде сирек кездесетін қасиеттердің бірі екені хақ. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген мақал да бекер айтылмаған. Алайда Қайыргелді Мақсұтұлының тығыз аралас-құралас таныстары көп, әрқайсысы өзінше бір төбе. Қайрекең бір-бірімен дауласып жүргендерді бір дастарқан басына жинап, өзара сөйлестіре, бітістіре алатын. Осы қабілетінің арқасында небір күрделі жобалар бойынша келіссөздердің де бітімгершілікпен аяқталуына септесетін.

Ол әр адамның жолына кедергі болмауға тырысады. Бұл – көшбас­шы­ларға тән қасиет. Ренжуі мүмкін, адам ғой, бірақ ішкі дүниесін сыртқа шығармайды. Ешқашан біреуді жамандап, сыртынан өсек айтпайды. Дос-жарандарына әр кез адал.

 «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Ер мінезді ел ағасы, уәдеге мәрт, іске жомарт Қай­ре­кең­­нің осындай мерей жасында шыр­айын шығара айту орынды деп ойлаймын. Осы Қайрекеңнен үйрендім, көрдім, алдым дей алатын кем дегенде бес қасиетін айта алар едім. Біріншісі – еңбекқорлығы, екін­шісі – адамды тыңдай білуі, үшіншісі – мырзалығы, төртінші – көпшілдігі, бесіншісі – кеңдігі. Әлбетте, бұл тізімге басқа да қасиет­терін тізбектеуге болады. Өйткені Қайыргелді Қабылдин сегіз қырлы, бір сырлы, тұғыры биік, елі елеуге лайық, Абай атамыз айтқандай, ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі азамат.

 

Алмас ОҢҒАРСЫНОВ