Қолына қалам ұстаған жан болсын, алқалы жиында сөз алған ақсақал, шәкірт алдында дәріс берген ұстаз, ұрпағының алдында баталы пікір білдірер әулет иесі болсын өз ойының оңды, пікірінің нақты, сөзінің ұтқыр, ұнамды, берген тағылымының танымды болғанын қалайтыны рас. Аузынан шыққан әр сөзі ғибратқа толы, бар саналы ғұмырын танымы мен тәлімін көпшілікке арнаудан аянбаған Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Өтежан Алшымбайұлы да баталы дана- Абыз ақсақал құрметіне ие болды.
Қоғам қайраткері, өлкетанушы,мәдениет-өнер жанашыры, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Өтежан Алшымбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай қалалық ардагерлер үйінде жиын өтті. Абыз ақсақалды еске алуға арналған іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ж.Аймағанбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Күмісбаев, қалалық мәслихат хатшысы Т.Мусаев, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы А.Айдаров, С.Есжанова, М.Өтебаев, Өтежан ағаның туыс-бауырлары, ұл-қыздары қатысты.
Қара қанат болғаннан бастап-ақ еңбекке араласып, елдің көркеюіне үлес қоса ширығып, ел басқару ісіне ден қойып,сан алуан лауазымды абыройлы атқарып, қызмет бағытында өлкенің тарихы мен танымын зерттеп, ерекшелігін зерделеп, келешек ұрпақ үшін әр тасы мен бұтасының сырын пайымдауға бағыт берген тұлға! Сөз алған замандас інісі Асылбек Сүйеуханұлы аға өмірдерегінен сыр шертті:
Алшымбаев Өтежан 1922 жылы Жыңғылды ауылында дүниеге келген. Жастайынан әке мен шешеден айырылып, жетім қалады. Атасы Өтежанды ағасы Ақмырзамен бірге 1932 жылы Форт-Шевченко қаласындағы жетім балалар үйіне тапсырады. 1939 жылға дейін сол қаладағы «Көк школ» атанған Киров орта мектебінде оқып, үздіктер қатарында болады. Өтежан ағаның еңбекке араласуы 1939 жылдан басталады. Балалар үйінің тәрбиешісі болып қызмет атқарады. Соңынан Таушықтағы орта мектепте аға пионер жетекшісі жұмысы жалғастырады.
Өтежан аға «Есейдім бірге еліммен» атты кітабында былай дейді:
-1941 жылы қазан айында бірінші рет әскери комиссариаттың шақыру қағазын алдым. Армия қатарына алынатын жастарды қарап жатқан комиссия менің көзімнің көру кемістігіне байланысты әскерге жарамсыз деп тапты. 1921-1922 жылдары замандастарымның көбі әскер қатарына жүріп кетті. Бұдан кейінгі жаппай шақыру 1942 жылғы қаңтарда өтті. Армия қатарына 2000- нан астам адамның аттанғанын көзбен көріп, шығарып салдық. Таушықтағы салынып жатқан шахталардың бірқатары жабыла бастады. 1942
жылғы наурыз айында маған тағы да шақыру қағазы келді. Бұл жолы сараптаушы комиссия мені №2246 жұмысшы командасына алу туралы шешім қабылдады.
Құрамында 500 адамы бар жұмысшы батальоны Алматыға жол тартты. 250 адамды Алматыда құрылысы жаңа басталғалы жатқан вагон жөндеу зауытына қалдырып, қалған 250 адамды Түрксіб теміржолының Талдықорған аумағындағы теміржол құрылыстарына жөнелтеді. Өтежан аға мұнда келген соң Тентек стансасынан Текеліге тартылған теміржол құрылысында және Айнабұлақтағы көктемгі су тасқыны бұзған теміржол көпірін қайта қалпына келтіру жұмысына кірісіп кетеді. Бұл өңірдегі құрылыс жұмыстарының аяқталуы барысында, 1943 жылдың наурызында Алматыдағы вагон жөндеу зауыты құрылысына көшіріледі. 1944 жылдың қаңтар айында бес-алты жігітті Өтежан ағамен бірге Ташкенттегі жол және құрылыс мамандарын дайындайтын техникалық мектепке жібереді. 1944 жылдың тамыз айында ол осы мектепті бітіріп, «Азаматтық және өнеркәсіп құрылыстарының шебері» деген мамандық куәлігін алады. Осы мамандық бойынша Түркістан-Сібір теміржолының Ортаазиялық Бас құрылыс басқармасының жолдамасымен Қырғызстандағы жаңа салынып жатқан Быстровка – Рыбачье теміржол құрылысында жұмысын бастайды. Соғыс жылдарындағы жұмысшы батальондар құрамында құрамында еңбек еткендердің тұрмыс-тіршілігі соғыс майданындағы әскери тәртіптен жеңіл бола қойған жоқ. Дегенмен қиыншылыққы төзе отырып, әскери борышын өтеуде Өтежан Алшынбайұлы табандылығымен көзге түсті. Ол 1945 жылы елге оралды. Елге келген соң Өтежан ағаның екінші бағыттағы өмір жолы басталды. Ол әуелі Маңғыстау көмір тресінде істеп, кейін аудандық кеңесі атқару комитеті жоспарлау комиссиясы төрағасы қызметіне ауысады. 1946 жылы КОКП қатарына қабылданып, 1947 жылы Қазақстан КП орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебіне оқуға жіберіледі. Бұл мектепті 1949 жылы үздік дипломмен бітіріп шығып, Шевченко аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Маңғыстау аудандық партия комитетінде үгіт-насихат, партия ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі , аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Атырау облысы Мақат аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1973-1983 жылдары Өзен аудандық, кейін қалалық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады.
Жаңаөзен қалалық ардагерлер ұйымы 1984 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс жасаса, Өтежан Алшынбаев та сол жылдан бастап өмірінің соңына дейін, яғни 2013 жылға дейін осы ұйымның төрағалық қызметін абыроймен атқарды.
Өтежан ақсақал өмірден өтсе де келбетін ерекше құрметпен көпшілікке үлгі ете аламыз. Өйткені, бойындағы адамгершілік пен ананың ақ сүтімен дарыған еңбекқорлық азаматты биіктерге көтере білді. Қарт Каспийдің толқыны мен айдынынан рухани нәр алған, Айрақты мен Шерқаланың өрлігін жадында жаттап өскен, Маңғыстаудың әр тасын киелі санайтын арда жүректердің жалғасы! Біз білетін жерде ардақты да аяулы тұлға, адамшылығымен қоса, өнегені өріп, тәлім сөзді төгіп, жұртшылыққа жеткізе білетін асыл, кез-келген істі оңынан оралтар, жақсы істердің ұйытқысы бола білді! Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Ж. Аймағанбетов бұл іс шараның жалғасы қыркүйек айында кең көлемде атап өтілетінін жеткізсе, С.Есжанова, М.Өтебаев, Т.Мусаевтар Өтежан ағаның өнегесіне тоқталды.
Сайын Назарбекұлы Өтежан аға туралы былай депті:
-Ол тек қана әкім емес – халқының ақылшысы да, ел өнерінің қамқоршысы да бола білген кісі. Шешен де, ойлы сөйлейтін Өтежан аға басқа өнерлерден де құр болмайтын. Мен білгенде Өтекең алдымен ақын болатын. Жергілікті жыр сүлейі Сәттіғұл Жанғабылов өлеңдерін әуелі осы кісі оқып, пікірін біледі екен деп еститінбіз. Өтекең ақындық қаламын жасы тоқсанға келген қазіргі шағында да қолынан түсірген жоқ. Ол тек ақын емес, өнер зерттеушісі, сарапшы да.»
Әке тәрбиесі мен тәлімінен нәр алған ұлы Өнербек Өтежанұлы да жұртшылыққа алғысын білдіріп, ардагерлер арасында спорттық жарыстарға бастамашы болатындығын айтты.
Өмірден алған өнегесінің түп төркінін бабалар жүрген жолдан іздеп, өз бойындағы ұждан тазалығын ұл –қызына дарытқан тәлімгер бейнесі — Өтежан ағаның өмірінің арқауы.
«Ұждан — рухани-адамгершілік тәрбиенің негізі. Адамның тұлға боп қалыптасуына ата-анасы, айналасы, замандасы қылған ісі тәлім береді. Шынайы адам өзіне ғұмырлық даналық жинаған адам. «Не ексең,соны орасың» деген де өмір тәжірибесінің жемісі. Әр адамның ұжданы таза болса, ол адамгершіліктің биік шыңына жете алады»-, деген Шәкәрім тағылымы Өтежан Алшымбаев ағаның да азаматтығының биіктігін, шыққан межесінің жоғарылығын айғақтайды. Өзіне ғұмырлық даналық жинай білген шынайы адам деп тануға тұрарлық азамат.
Мінезі- ірі, қылығы- сара, құлығы -таза, ойы- өткір, көңілі -жүйрік, пікірі-саф халық қадірлісі Өтекеңді артында қалған жұрты 100 жасқа шығар белесінде еске алып жатса, «өткендерін ескерген, естіліктің белгісі» демеске бола ма? Алды жарық, иманы серік болғай!
Г.Бөлекбаева, «Жаңаөзен» газеті» , 1.07.2022 ж.