Қазақта «қарты бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтпаса керек. Өйткені кез келген сала ардагерлерінің маңдай тері мен ұзақ жылдар бойы жасаған қызмет өтілі кейінгі жастардың іс-әрекетіне бағыт беріп қана қоймай, өмірлік тәжірибесі арқылы мемлекетке де тигізетін пайдасы орасан зор дер едік. Міне, осы тұрғыда құрылғанына жыл жарым болған «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмысын ерекше бағалар едік.
Қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті – сала ардагерлеріне қолдау көрсету, мұнай және газ кешенінің жас буынын дайындауға көмектесу, жас қызметкерлерге тәжірибе беру мақсатында кездесулер ұйымдастыру, саланың инновациялық ғылыми зерттеулерді дамытуға және ілгерілетуге көмектесу. Мұндағы әр міндеттен бірлестік мүшелерінің мемлекетіміздің болашағына бей-жай қарамай, зейнет жасында болса да оның тұрақты әрі табысты дамуына қолғабыс тигізуге ұмтылатынын байқаймыз. Оған ресурс та жеткілікті. Ол ардагерлердің жылдар бойғы жинаған абыройлы қызметінің нәтижесі мен дағды-машықтары. Саланың қыр-сырына жастардың тісі батпаған кезде, көп жағдайда ардагерлердің тәжірибесінің үлкен көмегі тиіп жатады. Осылайша бірлестік жас буын мен тәжірибесі мол ардагерлердің арасында сауатты диалог жүргізіп, байланыс орната алып отыр.
Бірлестік жүргізген тиянақты жұмыстардың нәтижесінде Атырау қаласында Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерекесіне орай еліміздің басшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты іс-шараларға бір топ ардагерлеріміздің қатысуына мүмкіндік жасалды. Шара барысында ардагерлеріміз үкіметтің наградаларымен марапатталып, ал 220 ардагерге мерейтойлық медаль табысталды. Сонымен қатар сала ардагерлері Атырау қаласында ашылған «Нұрлан Балғымбаев атындағы коммуникацияны дамыту орталығының» ашылу салтанатына қатыса алды.
БҰҰ болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай әлем халқы көлемінде зейнет жасына келгендер саны 1,4 млрд болмақ екен. Бұл көптеген елдердің әлеуметтік саясатына үлкен күш болары анық. Өйткені қазіргі таңда көптеген елдің экономикалық бағыты мен ресурсы көп жағдайға жастарға ыңғай беретіні шындық. Дегенмен тәжірибесінің молдығымен ересек азаматтардың (ардагерлердің) да жастармен бірге қоғамға тигізетін пайдасын ескерсек, болашақта ересектер әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін мұндай қоғамдық бірлестіктің маңызы жоғары екенін сеземіз. Оның үстіне мемлекетке өзін маман ретінде пайдалы екенін білетін, ал мемлекет тарапынан қамқорлық сезінетін ардагерлер озық экономиканың негізін құрай алады.
Ардагер мұнайшылардың қоғамға қажет екенін сезіндіруге бағытталған жұмыстар легі бұл ғана емес. Бірлестік ұжым атынан мұнайшыларды мерейтойымен құттықтау дәстүрін жолға қойып отыр. Мәселен, белгілі қоғам қайраткерлері, әрі сала ардагерлері Р.Шырдабаев, К.Байкенов, Б.Елеманов, М.Құрбанбаев В.Денякин, және басқаларға арнайы құттықтау хат жолдау арқылы еліміздің марқасқа азаматтарының орны ерекше екенін білдіріп, үлкендерге ілтипат жасалды.
Бірлестік атқарып жатқан сан қырлы жұмыстар қатарында осы іске атсалысуымызды мақтан ететін, тікелей ұйымдастыруға мұрындық болған бір жаңалық бар. Бұл Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығына жіберілген ұсыныс еді. Ұсынысымызда Орал қаласының көшелерінің біріне геология-минералогия ғылымдарының докторы С. Камаловтың есімін беру туралы айтқан едік. Ал Батыс Қазақстан облыстық тарих-өлкетану музейі «Сәулелі із қалдырған ғибратты ғұмыр» атты көрнекті ғалымның 85 жылдық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырды.
Бүгінде бірлестікке мүше болғысы келетін ардагерлер қатары артуда. Олардың ішінде 17 ғылым докторы мен кандидаты, 30 дан астам ірі мұнай компанияларында басшылық қызмет атқарған, басқа да мұнайгаз саласын дамытуға үлкен үлес қосқан азаматтар бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл бізге қоғам қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі, ардагерлердің кәсіби және өмірлік тәжірибесін жастарға беру мақсатындағы жұмыстарымызды белсенді атқаруға септігін тигізіп отыр. Осылайша біз, ғылыми әрі тәжірибелік әлеуетімізді ескере отырып, тиісті министрліктер мен бөлімдерге, олардың ғылыми-техникалық комиссияларына, қоғамдық кеңес мүшелері қатарына ардагерлерімізді тарту туралы ұсыныс жолдап келдік. Нәтижесінде Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңесінде ардагерлеріміздің еліміздегі мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі қаралып жатқан мәселелерден хабардар болып, оған байланысты өз ұсыныстарын беруге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі геология комитеті, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері де өз салалары бойынша ардагерлеріміздің белсенді атсалысуына оң қабақ танытып отыр.
Еліміздегі мұнай-газ бағытында білім беретін жоғары оқу орындарының Қамқоршылық кеңестері мен Директорлар кеңестерінің жұмысына атсалысуға «МГКА» РҚБ қызметкерлері мен мүшелерінің қатысуына байланысты жұмыстар жүргізілуде. Бұл жас маман даярлауда ардагерлер көрсеткісі келетін қамқорлықтың бір парасы ғана.
Бірлестіктің алдағы жұмыстарға да жоспары көп. Мәселен, С.Өтебаев атындағы Атырау университетімен біріге отырып, консервацияда жатқан мұнай кен орындарының бірін игеруге қатысып, студенттерді сала мамандықтарының қыр-сырына ардагерлерімізді қатыстыра отырып үйрету жұмысы тұр. Сонымен қатар аталмыш университетпен «Қазақстан Республикасының мұнай-газ секторындағы асқынулар мен проблемалар атласын» әзірлеуде бірлестіктің қатысуы пысықталуда.
«Kazenergy» қауымдастығының «Жаңа кәсіптердің атласын» әзірлеу жөніндегі іс-шараларына белсенді араласқан бірлестік мүшелері үлкен жұмыстар атқарды. Атап айтқанда бірлестік қызметкері Ғ. Кешубаевтың жетекшілігімен ардагерлеріміз Қ.Қабылдин, Г. Амантұрлин, Е.Огай, А. Тегісбаев және басқалар шикізат базасының жай-күйіне талдау жасап, Қазақстанның 200 кен орнын қамтитын мұнай-газ саласының ағымдағы күйіне талдамалық есеп жасады, кен орындарын игеруді қарқындату проблемалары мен оны шешудің жаңа жолдарын көрсетіп берді. Сонымен қатар, шетелдік оқу орындары мен отандық жоғары оқу орындарындағы мұнай кадрларын даярлаудың салыстырмалы талдауын ұсынды. Осылайша, ардагерлердің ғылыми әлеуетін оң бағытта жұмсау қоғамға да үлкен пайдасын тигізіп отыр.
«МГКА» РҚБ қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамымен бірлесе отырып, НКОК, КПО және ТШО сияқты компаниялар кіретін «Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» қауымдастығын құру жұмыстары бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл орталық еліміздегі ірі жобаларда қазақстандық қамтуды айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді деп үміттенуде.
Бірлестік өкілдері «Kazenergy» қауымдастығы ұйымдастырған техникалық жоғары оқу орындарының студенттері арасында болған конкурстардың қазылар алқасы құрамына белсенді түрде қатысты. Өткен жылы бұл конкурстар тау-кен өндіру және өңдеу салаларына, электр энергетикасында тиімділікті арттыру, баламалы энергия көздерін әзірлеу, цифрлық технологияларды енгізу сияқты кең тақырыптар тізбегін қамтыды.
Бірлестік құрылтайшыларының бірі М.Таренов пен атқарушы директор И.Бирманов бірлестік мүшесі К.Қабылдин басқаратын «Student Energy Challenge» қазылар алқасының құрамына шақырылды. Бұл зияткерлік білім беру бағдарламасы «Шелл Қазақстан Б. В» компаниясымен серіктес бола отырып, қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды. Конкурстың жүлде қоры 18 мың евровалютасын құрады. Бұл бірлестік белсене қатысқанын мақтана айта алатын жобалардың бірі болғаны анық,
Бірлестік мүшелерінің қатысуымен өткізілетін шаралардың басқа сипаты да бар. Ол — шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнату. Парламент Мәжілісінің депутаты әрі «МГКА» РҚБ мүшесі А. Мұрадов құрылғанына жүз жыл толған «Грозный мұнай институтының» мерейтойлық жиналысына қатысып, бірлестік атынан құттықтады. Институттың алты ардагер ғалымына «Қазақстан мұнайына 120 жыл» медалін табыс етті. Сондай-ақ И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің 90 жылдық мерейтойына байланысты бұл оқу орнының еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібі үшін кадрлар даярлауға елеулі үлес қосқан кейбір қызметкерлерін марапаттауға қажетті құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, ұйымдастырды. Нәтижесінде Энергетика министрлігі осы университеттің үздік 8 оқытушы профессорын «Мұнай-газ кешенінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.
Ардагерлерімізді IT технологияларына, заманауи өмір салтына бейімдеуге байланысты бірсыпыра жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда «АЛСТРОН» компаниясының мамандарының қолдауымен жаңа гаджеттер мүмкіндіктерін игеру, қашықтан тауар сатып алу, коммуналдық төлем жасау сияқты машықтары үйретілді.
Бұл жұмыстардың барлығы бірлестіктің сайтында (www.vngk.kz ) үнемі жарияланып отырады. Ардгерлеріміздің сол арқылы бірлестік атқарып жатқан шаралар бойынша ақпарат алуға, өз пікір-идеяларымен бөлісіп отыруға мүмкіндік алып отыр. Ұйымның Алматы, Шымкент ж»не еліміздің алты облысында құрылған филиалдарында өткен ұтымды іс-шаралар да сайт бетінде орын алады.
Ұжымның қысқа уақыт ішінде атқарған көлемді жұмыстарының бірсыпырасы осындай. Мұның арғы жағында бірлестік мүшелерінің атқарып жатқан қыруар еңбегі тұр. Ардагерлер мен жастар арасында көпір болып, сабақтастық жібін үзбеуге ұмтылу сауапты іс. Оған қоса ардагерлеріміздің бос уақытын пайдалы өткізуге септесу, сол арқылы қоғамдық өмірге белсенді араластыру үлкен күшті қажет етеді. Мұнай-газ кешені ардагерлер инстиутын қалыптастырып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу мақсатында бірлестік өз міндеттерін одан әрі жоғары дәрежеде атқара бермек. Бұл белсенділігіміз еліміздегі басқа сала ардагерлеріне де жақсы үлгі болады деген ойдамыз.
Зейнолла Алшымбаев,
«Мұнайгаз кешені ардагерлері»
Республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас директоры
“Мұнайлы мекен” газеті, №3, наурыз 2021 ж.