“Мұнайгаз кешені ардагерлері” РҚБ Кеңесінің мүшесі З.Алшымбаев, үстіміздегі жылдың, Ақпан айының 27-ші жұлдызында, “ Нұрорда” мектеп лицейінің оқушуларына “Әділдік-Адалдық” құндылықтары тақырыбында тәрбиелік сағат өткізуге шақырылды.
Ол, өз сөзін ұлы Абайдың “
Ғылым таппай мақтанба” өлеңіндегі адам үшін алшақ болатын бес қасиет ( өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) пен бес асыл қасиет( талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) ұғымдарын оқушылар түсінетіндей мысалдармен түсіндіріп берді.
Адалдық пен әділдік адам мінезіндегі бағалы қасиеттер екендігін, оның отбасы және мектепте алатын тәрбиеге де тікелей қатыстылығына тоқталды. Өтірік айтпау, ешкімді алдамау, шыншыл болу, күнделікті оқу тапсырмаларына жауапкершілікпен қарау, уақытты дұрыс пайдаланып білімділікке тырысу және т.б. құндылықтарды бойға сіңірудің қажеттілігін түсіндірді.
М.Шаханов пен Ө.Алшымбайұлының жас ұрпаққа арнаған өсиет өлеңдерінен үзінділер оқып, оның мән-мағнасын түсіндірді. Біз қазір өз қоғамымызда әділдік құндылықтарын орнатуға тырысып жатқанымызды қарапайым мысалдармен айтып берді. Оқушыларға осы кезден талапты, ынталы, жігерлі болуларына, әділдік-адалдық құндылықтарын бойларына сіңіріп ер жетулеріне, сөйтіп қоғамнан өз орындарын табуларына тілегін білдірді.
Тәрбиелік сағат соңында, оқушылар, көптеген сұрақтарын беріп, үлкен өмір жолынан өткен ардагер аталарынан жауап- түсініктемелер алды. Мектеп басшылығы атынан Гүлмира Әсемханқызы оқу сағатын ұйымдастырып, қызықты, әрі пайдалы сынып сағатын өткізіп, өскелең ұрпаққа деген қамқорлығы үшін З.Өтежанұлына “Алғыс хат” тапсырды.
Еліміздің он аймағында құрылымдары бар, үлкен қоғамдық беделге ие, Бірлестік ардагерлері ілгеріде де өздерінің мол кәсіби- өмірлік тәжірибелерімен кейінгі жас ұрпақпен бөлісе беретініне сенім білдіреміз. Ол Бірлестіктің жылдық жоспарымен де айқындалған.
“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ