Еске алу шарасы ұйымдастырылды

Қыркүйек айының 22 жұлдызында Астанада тұратын Маңғыстаулық жастар заманымыздың заңғар жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай еске алу шарасын ұйымдастырып өткізді. Шараға қатынасушылар қала сыртындағы Ұлттык Пантеонға келіп, ұлы тұлғаның қабіріне гүл шоқтарын қойып, үнсіз бас иіп, рухына тағзым жасады.

Одан әрі Республикалық бас мешіттің “Тasnim” мейрамханысында кең дастархан жайылып еске алу кеші жалғасты. Оған кемеңгер жазушының ыстық алақанының жылуын сезінген, шығармаларын сүйіп оқитын, үзеңгілес болған іні-қарындастары мен зиялы қауым өкілдері, туған топырағы Маңғыстаудан келген делегация өкілдері мен ағаның туыстары қатысты.

Кеште алғашқы сөз алған мемлекет қайраткері Қ.Көшербаев Әбіш ағаның шығармашылығы — мол мұра, таусылмас қазына дей келе, оның жастайынан замандастарын қайран қалдырған, кенен ойшыл, дана көсем, дара шешен және т.б. қырларына тоқталды. Сондықтан Әбіш Кекілбайұлын тағдырдың сыйы, тәңірдің қазаққа деген бір ықыласы деп қабылдау керек деді. Келесі сөз кезегі берілген мемлекет және қоғам қайраткерлері Ұ.Қарабалин, З. Алшымбаев, әдебиет саласының ірі білгірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері С. Абдірахманов, Мәжіліс депутаты Е.Жаңбыршин, қоғам қайраткерлері Б.Тұрғараев, И.Елекеев, Г.Сейтмағамбетова және т.б. қазақ руханиятының жарқыраған жұлдызы, ұлы замандастары Әбіш ағамен кездескен сәттерінен қызықты естеліктерімен бөлісті. Оның артына қалдырған мол мұрасын келелі зерттеп, болашақ ұрпаққа жеткізу, әлемдік әдебиеттегі орнын алуға қызметтену — ойы озық жас буынның еншісінде екені айтылды. “Артына өлмейтұғын сөз қалдырған” Әбіш Кекілбайұлы екі қайталанбайтын тұлға. Оның қалдырған мол мұрасы, асыл сөздері, ойшыл бейнесі халқының жадында мәңгі ұмытылмайды.

“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ