ҮЛКЕННЕН ҰЛАҒАТ (+фотолары бар)
ҚАЗАҚ МІНЕЗДІ ҚАЖЫМҰРАТ
Қазақтың қастерлі ар-намысы қашанда қанында қайнап тұратын Қажекең секілді ағаларымыз қазірде арамызда жоқ та емес, көп те емес. Біздің кейіпкеріміздің ең басты ерекшелігі — адамдар үшін өмір сүру өнерін меңгерген кәсіби маман болуында. «Мен – қазақпын!» деп кеудесін ұрып тұрып айтуға толық құқы бар адам. Бірақ, ол «мен» деп кеуде соғатын құр ұраншыл қызыл сөздің адамы емес. Нағыз намысты қазақ баласы қандай болуы керек екенін өмір бойы адал ісімен де, қайрат-күшімен де, қайтпас қайсар мінезімен де дәлелдеп келе жатқан мықты азамат. «Құрмет» орденінің (2021), «Ақтау қаласының Құрметті азаматы» атағының (2020) иегері.
Ардагер ақсақал деп ауыз толтырып айтатын, құрмет жасауға, өмірлік өнегесін жас өскін ұрпаққа ұлағаттауға лайық абыройлы ақсақалымыз жайлы үзік сырларды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Қазақ қызын қорлыққа бере алмаймын!»
Бұл оқиға Қажымұрат ағамыз Грозныйдан институт бітіріп келіп, Өзенде өндірістік тәжірибе жолын бастаған 1973 жылы болған. «Өзенмұнайдың» жерасты жұмыстары цехында 5-разрядты жұмысшы-оператор болып жүрген кезі. Қосымша бокс секциясын жүргізеді. Сол кезде цехтағы төрт жүздей өзге ұлт өкілдері арасында бар болғаны бес қазақ болды десе сенесіз бе?! Бірақ, шындығы сол еді. Тек бұл мекеме емес, Өзен мұнай кәсіпшілігіне қарасты жұмыс орындарында түгелге дерлік қаптап жүрген қаптаулықтар. Қала тұрғындарының нобайы да солар.
Бір күні Қажымұрат екі қазақ жолдасымен би кешіне барады. Сол жерде «билемеймін» деп бас тартқан қазақ қызын қолынан сүйреп шығармармақшы болған еңгезердей қаптаулықтың қылығына Қажымұрат қарап тұра алмады. Дереу барып араша түсті де, әлгі жігітті сөйлесуге сыртқа шақырды. Жеке барды. Өз күшіне және үйірлестеріне сенген кавказдық күркіреп тұр. Көп сөзге бармай көз ілеспес жылдамдықпен шықшыттан перді. Нокаут! Қаптаулығың қазіргіше айтқанда «ұйықтап қалды». Артынан белгілі болғандай оның жағы сынып, ауруханаға түсіпті… Қажекеңнің көзсіз батырлығы ғой, әйтпесе, қаптаған қаптаулықтардың бірі қапталдан келіп пышақ сұғып алса немесе бөгде затпен жанды жерінен соқса, күйі не болар еді?.. Қазақтың намысы ойқастап от болып шыққанда кім кімді де оңдырмайтынын Қажымұрат сонда бір көрсеткен!
«Қазақтың жерінде қазақтың қызын қазақ жігітінің көзінше жасаған бұралқының қорлығы мен зорлығын көріп үндемей қалсам, онда менің ұлттық намысым мен арымның құны қара бақыр тиын емес пе?! Басқаны ойлап бас қатырған жоқпын. Астамсығанды алдыма жықпай қоймаймын деп қайнап тұрған кезім ғой», — деп еске алады сол оқиғаны бүгінде жетпістің төртеуін артқа тастаған Қажекең.
Колбинге қарсы шыққан қазақ
1987 жылы Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің маусым пленумы өтеді. Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін бірінші хатшылыққа келген Колбин деген шырақ сол жиында Қазақстандағы ұлтшылдық туралы айтып, бүкіл қазақ халқын Кеңес одағына өкіртіп жамандайды. Қысқасы, ішкіш бірінші хатшы сол бағытта сөйлеп, қазақтарды төпеп сынның астына алады…
Қажымұрат ағамыз Колбиннің сол сөйлеген сөздеріне қарсы шығып, өз пікірін ашық айтқан аздың бірі. Жоғарыда айтылған пленумнан бір ай өткеннен соң жергілікті жерлердегі партиялық ұйымдарда бірінші хатшының сөйлеген сөзі мен пленум қорытындыларын талқылаулар өтті. «Қаражанбасмұнай»-дағы партиялық жиналыста Қажымұраттың сөз сөйлеуіне басшылары әдейі мүмкіндік бермей, оны өндіріс учаскесіне іссапарға жіберетін болды. Сол арада қапылыста жарты сағатта жазбаша баяндамасын жазып, астына «коммунист Хайрушев» деп қолын қойып, жиналысқа қатысатын қызметтесі Бекболат Ізтұрғановтың қолына «осыны оқып бересің» деп тапсырады. Обалы не керек, Бекең оқып беріпті. Оқығанда, Колбиннің сөзіне қарсы шығатын тұсына келгенде даусы дірілдеп, тұттығып, маңдайынан мұздай тер шығады. Тыңдап отырғандарың да шаштары тікірейіп, шошып кеткен сияқты. Себебі, сол сөзінде Хайрушев, Колбин ұсынған қостілділікті қолдайтынын айта келе, сол екі тілде сөйлеуді қатардағы жұмысшы, шебер, прорабтан бастап, Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысына дейін білетіндей дәрежеде қолдануды талап ету керек, дейді ғой.
Партия жиналысы өткеннен кейін бір аптадан соң Бекболаттан партжиналыста оқылған сөзінің мәтінін сұраса, ол бере алмайтынын, үстінен тексеру жүргізіліп жатқанын айтады… Содан арада 22 жыл өткен соң, 2009 жылы Қажекең Бекеңнен баяғы хатқа «Коммунист Хайрушевтің осы сөздерін 1987 жылдың шілде айында өткен партия жиналысында оқыдым» деп жаздырып, қол қойғызып алды. Есептеп қарасақ, «Қаражанбасмұнайда» инженер болып істейтін Қажымұрат Хайрушев сол кезде 37-38 жаста екен. Оның да қызметте өскісі келді, бірақ, қазақ халқына жабылған жалаға көнбей саналы түрде Колбинге қарсы шықты! Қайтпас қайсар мінез ғой бұл!
«Парасаттың» жиынында сөз сөйлеген
— 6 шағынаудандағы «Арман» клубында «Парасат» қозғалысының үлкен жиналысы өтті. Сахнаның төрінде Сайын Шапағатовтың бір өзі отырды, — деп өткен күндерін ойға оралтты Қажекең. — Зал адамға лық толды. Түгел дерлік қазақтар. Арасында бірен-саран орыстар да көрінді. Олардың арасында КГБ қызметкерлері отырғаны сірә белгілі.
Сырттай естуім ғана болмаса, сол сәтке дейін Сайынды танымаймын, кездеспеген, тілдеспеген адамым. Азаматтар кезекпен сахнаға шығып сөз сөйлеп жатыр. Бір кезде сөз сұрап мен де қол көтердім. Қырағы көз Сәкең: «Қажымұрат, сөйле», — деді. Атымды атап айтқанына кәдімгідей ішім жылып кетті. «Сәке, — дедім, — мында отырған қазақтардың бәрі қазақша біледі деп айта алмаймын. Сондықтан, рұқсат етсеңіз мен орысша сөйлейін», — дедім. Келісті.
Сонда мен не айттым? «Мен 17 жылдан бері осы Маңғыстауда, Шевченко қаласында тұрамын. Әуел баста үш жылдық өндірістік жұмысты өтеу үшін келгенмін. Мен сияқты басқа облыстардан, басқа республикалардан келген қазақтар да, қазақ еместер де баршылық. Мен сияқты солардың басым көпшілігі ешкімнің үгіттеуінсіз осында тұрақтап қалды. «Бұл аймаққа күштеп келтірілген бір адам бар. Ол – Тарас Шевченко. Басқалары өз еркімен келген» деп жолдастарыма үнемі айтып жүремін. Сол себептен де біздер Адай еліне, Маңғыстау жеріне алғыс айтып, басымызды июіміз керек. Өйткені, осы қасиетті топырақтың бізді жылы қабылдағаны соншалық, ешкімнің бұл жерден кері кеткісі келмейді. Өйткені, олардың жақсы жұмысы, тәуір жалақысы, жайлы пәтері бар. Сонда да «Ой, Адайлар ғой» деп кемсітпе сөз айтатын қазақтар да табылады. Ал басқа ұлт өкілдері тіпті Адайсың ба, басқасың ба, мейлі, қазақтарды менсінбейтінін, төмен санайтынын біліп жүрміз. Ал мен Адай халқына, әруақты әулие бабалардың қасиетті топырағына көптің алдында тұрып шын ықыласыммен алғыс айтамын», — деп ағымнан жарылдым.
Грозныйдан келген хат немесе
бес жыл ешкімнен жеңілмеген боксшы
Былтыр Маңғыстау облысы әкімінің атына Шешен Республикасы Конституциялық сотының төрағасы В.Насухановтан хат келген. Онда лауазымды тұлға облыс әкімі Н.Ноғаев пен азамат Қ.Хайрушевті Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтапты. Содан соң Қажекеңнің атына Грозный мемлекеттік мұнай техникалық университетінің ректоры М.Минцаевтың атынан алғыс хат келді. Хатта Қажымұрат Сейілханұлы Хайрушевтің Шешен Республикасындағы спорттың бокс түрін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ризашылығын білдіріп, жылы сөздерін арнапты.
Қажымұрат Хайрушев Гроныйдың академик Миллионщиков атындағы Грозный мұнай институтында бес жыл оқыды. Оқудан бөлек бірінші курстан бокс секциясына қатысып, сол оқу орнының ғана емес, қала бойынша студендеттер арасында бірнеше жыл қатарынан чемпион болды. Өзінің айтуына сенсек, бес жылда рингте бірде-бір рет жеңіліп көрмеген. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, бұл екінің бірінің қолынан келмейтін жетістік! Ал бокспен айналысуына әйгілі мұнайшы, бір жылдары Қазақстанның үкіметін басқарған мемлекет қайраткері марқұм Нұрлан Балғымбаевтың өзі себеп болғаны бар.
— Мен 1967 жылы институтқа түстім. Оқу басталғаннан 20 күннен кейін студенттерді түгел жүзім теруге ауылшаруашылық жұмыстарына алып кетті. Марқұм Нұрлан Грозный мұнай институтында екі жыл оқып, кейін Алматыға ауысты. Қазақтың сондай ақылды, қайратты, намысты жігітімен сол ауылшаруашылық жұмысында жүріп таныстым. Институтқа барғаннан кейін Нұрлан мені бокс секциясына апарып қосты. Содан бастап бокспен айналысып, бес жыл бойы студенттер арасында қалалық, аймақтық жарыстарда да бір рет жеңілместен кеттім, — деп жалынды жастық шағын еске алды.
Өмірдерекке көз салсақ…
Қажымұрат Сейлханұлы Хайрушев 26.12.1949 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген.
1967 жылы Индер поселкесіндегі орта мектепті бітіріп, сол жылы Грозный қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді мұнай институтына оқуға түседі. Аталған жоғары техникалық оқу орнын 1972 жылы «Мұнай-газ кен орындарын игеру технологиясы және кешенді механикаландыру» мамандығы бойынша бітірген тау-кен инженері.
Еңбек жолын 17.08.1972 жылы «Мангышлакмұнай ӨБ-нің «Өзенмұнай» ұңғымаларды жерасты жөндеу цехында 5-разрядты оператор болып бастаған.
15.10.1973 жылы «Мангышлакмұнай ӨБ «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына ауыстырылып, 10.01.1984 жылға дейін инженер-технолог, №1 мұнай және газ өндіру цехы басшысының орынбасары, цех бастығы болып қызмет істеді.
1984 — 1987 жылдары «Мангышлакнефтепромхим» аумақтық-өндірістік басқармасы кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1991 жылға дейін «Каражанбастермнефть» МГӨБ эксплуатация бөлімінде инженер, кейін ҚазКСР мемкентехқадағалау Батыс Қазақстан округінің басқармасының Маңғыстау облысы бойынша тау-кен техинспекциясы бастығы лауазымына тағайындалды. 01.01.1997 жылдан бастап «Мемкентехқадағалау» мекемесі таратылуына байланысты бұрынғы инспекция бастығы Маңғыстау ТЖ жөніндегі басқарманың құрамына кіріп, басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарды.
29.04.1999 жылдан бастап Маңғыстау облыстық ТЖ басқармасының бастығы. Ол 14 жыл (1991 – 2005) Мемкентехқадағалау өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы бастығы, 1999 – 2008 жылдары Маңғыстау облыстық ТЖ, ТЖД басқармасының басшысы болып қызмет істеген.
2008 – 2011 жж. Маңғыстау облысы әкімдігінде жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, 2013 – 2018 жж. «Каспийинжиниринг» ЖШС-де рұқсаттар және келісім бойынша менеджер болып істеді.
«Менің әкем қай елдің азаматы?»
— 2005 жылы Бельгияның Опглаббеек қаласының мэрі (әкімі) ҰОС-ғы Жеңістің 60 жылдығына байланысты әкеме алғыс хатымен бірге азғантай сыйлығын жіберіпті, — деп еске алады Қажымұрат аға. — 2010 жылы 90 жасында әкем қайтыс болғаннан кейін, әкемнің басына келіп Бельгия Корольдігінің біздің еліміздегі Елшісі Алекси де Кромбрюгхе де Пикендаль гүл шоғын қойып, тағзым еткеніне куә болдым. Европа елі лауазымды өкілінің қиырда жерленген қазақстандық жауынгердің басына келуі бүгінге дейін 78 жылда бірінші рет болған жағдай шығар.
Әкем қайтыс болғалы 13, Бельгияның Елшісі әкемнің басына келгелі 4 жылдай өтті. Бүгінге дейін, яғни әкем қайтыс болғалы оның басына бірде-бір Еліміздің өкілі: не Атырау облысының әкімі, не болмаса Индер ауданының әкімі, тіпті сол Индер мекенінің әкімі – біреуі де барған жоқ! Барын бағаламау, құрметтісін қадірлемеу деген осы ғой. Ал сол Сейлхан Габдуллин ҰОС-на қатысқан, Европа елі сыйлаған өзіміздің бір ҚАЗАҒЫМЫЗ еді ғой.
Әкем талайлардың түбіне жеткен «Цварберг» концлагерінен қашып шығып, жолдасы Мадияр Байжанов екеуі Бельгияның, Францияның партизандары қатарында болған, елді жаудан азат ету үшін жан аямай күрескен адам. Досы Мадияр (французша Мишель) соғыстан соң Парижде қалып, 2001 жылы 88 жасында қайтыс болып, сол Парижде жерленген. Ал менің әкем 2010 жылы 90 жасында дүниеден өтті. Ең өкініштісі, ол өмірінің ақырына дейін – 65 жыл бойы бұрынғы КГБ, кейінгі комитетшілердің және басқа да күштік құрылымдардың үнемі бақылауында жүріп, азаматтық ар-намысын таптайтын қилы қорлауларына сабырмен төзіп келді. Анығы сол, әкем бұл жалғаннан «Отан үшін!» деген антына ғұмыр бойы адал, ары таза күйінде өтті. Елге сүйіспеншілік айту – дұрыс, ал елге деген сүйіспеншілікпен өмір сүрген адамды кұрметтеу — ТӘРБИЕ.
Әкесі туралы өзінің көзі тірісінде жарық көрген «Қилы тағдыр» атты кітапта қазақ сарбазының бастан кешкен небір қиямет күндерінің боямасыз болмысы баяндалған. «Әке алдындағы борышымды өтеудің бір амалы сол кітабын шығаруым болды» деп өз көңілін жұбатады бұл күндері өзі ақсақал жасына жеткен Қажымұрат ағамыз.
Ақтауды апаттан аман сақтаған адам
1991 жылы КСРО тарқаған соң, Ақтау қаласындағы Химкомплекс (АТЗ, ХГМЗ, СКЗ) және «АКПО» АҚ (пластмасса зауыты) банкротқа ұшырады. Барлық жерде берекесіздік байқала бастаған қиын кезең.
— 1999 жылы «АКПО» АҚ-на қарасты пластмасса зауытында жинақталған өндіріске қажетсіз, пайдалану мерзімі өткен химикаттардың (қышқылды қосындылар) көп қорынан құтылу үлкен проблемаға айналды. Өзімізде оларды утилизация жасайтын мүмкіндік жоқ, Ресейге сатудың тағы сәті түспеді. Орыс мамандары химикаттардың пайдалану мерзімі өткендігін және сақтау кезінде өз-өзінен қызып жарылу қаупі күшті екенін алға тартып, алудан бас тартты, — деп еске алды ауыр кезеңді кейіпкеріміз. — Содан Маңғыстау облысы әкімдігі Қазақстан үкіметінен арнайы комиссия құрып, апатты жағдайдың ауқымын, жарылыс күшін анықтау туралы сұрайды. Үкімет жағдайды «төтенше» деп бағалап, 23.08.1999 жылы Қазақстан Үкіметінің басшысы Н.Балғынбаевтың «АКПО» АҚ-дағы төтенше сипаттағы проблемаларды шешу бойынша жұмысшы тобын құру жөніндегі арнайы өкімі шықты. Шынайы жағдайды зерттеген жұмыс тобы өз қорытындысында, бұл жағдайды төтенше деп бағалады. Екіншіден, егер, қышқылды қосындылардан жарылыс туындаса, онда оның күші тротил эквивалентімен 74,5 тоннаға теңелетінін растады. Апат аумағына атом энергокомбинаты мен БН-350 атом реакторы қондырғысы да кіретіндіктен осы маңдағы 150 мыңға дейін адам (сол кездегі Ақтау қаласының түгел тұрғындарының саны) зардап шегуі мүмкін деген шешім шығарды… Әйтеуір, Ресейдің «Анкорит» компаниясымен келісіп, тасымал шығындарын төлеп, қауіпті химикаттарды сегіз айдың ішінде бөліп-бөліп жөнелттік. Оған дейін төтеншеліктер пластмасса зауытындағылармен бірлікте химикаттар қоймасын күзетумен қоса салқындату үшін үзбей су себу жұмыстарын жалғастырып тұрды. Осылай, алапат апаттың алдын алып, бір адамды шығындамай, бір ғимарат та құламай, өндіріс орындары бір секундқа да тоқтамай, адамдар бейбіт өмірін жалғастыра берді. Бір өкініштісі, осы апатты жағдайға байланысты Үкімет тапсырмасын орындауға тиісті Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктен бір адам да келген жоқ, хат-хабар да болған жоқ. Барлық тәуекел мен жауапкершілікті Қажымұрат Хайрушевтің мойнына іліп тастады.
Сондай-ақ ХГМЗ кәсіпорнында жинақталған өте улы және жарылғыш фторлы сутегіні (НF) сақтау проблемасын шешуде де мойнына жеке жауапкершілік алып, қайраткерлік көрсетті. Сол мәселеге қатысты облыс деңгейінде бірнеше жиын өткенмен, нақты іс ілгері баспады.
Апаттың күтпейтіні сірә белгілі, арада айлар емес біраз жыл өтіп кетті, фторлы сутегі құйылған ыдыстар ісініп, қақпақтарының аузы көбіктеніп, ысылдап дыбысы біліне бастады. Қауіпті химикаттар сақталатын қоймалардың ішіне су сеуіп, салқындату шаралары үзбей жүргізіліп тұрды…
Ақыры, Қажекең облыс әкімінің орынбасары ТЖ жөніндегі облыстық комиссия төрағасы контр-адмирал Р.Комратовқа хатпен барып, бұдан артық созбаққа салуға болмайтынын және «Каскор»-дың Жобаны жасақтауға қаржы бөлмейтінін айтып, мемлекеттік тиісті органдармен (экология, ҰҚК, прокуратура, СЭС) келісілген және өзі қол қойған Жоспарын алдына қойды. Фторлы сутегіні зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге бақылау жүргізуді өз мойнына алатынын, жоспарды бекіттіріп, тез арада утилизация жұмыстарына кірісетінін айтты. Адамдардың өмірі үшін аса қауіпті жұмыстарды атқаруға бастан-аяқ өзі жүріп қатысып, барлық жауапкершілікті өз мойнына алуын ерлік демей не дерсің!?.
ОБСЕ мінберінде 17 минут сөз сөйлеген
Айтпақшы, Қажымұрат Хайрушев кезінде Австрия астанасы Вена қаласында 2013 жылдың 3-5 шілдесінде өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қарасты Еуразиядағы Орхус орталықтары жетекшілері мен үйлестірушілерінің кезекті кездесуінде экология мәселесі бойынша сөз сөйлеп, қауымдастық өкілдерінің өзіне назарын аудартқан адам. Жалпы бұл басқосуд ұйымның жиын өткізудегі ережесі бойынша сөз сөйлеу үшін әр елдің өкіліне 10 минут беріледі. Одан асып кетсе, микрафон өшіріледі. Бірақ, біздің Қажекең көсіліп 17 минут сөйледі. Айтқанда, әңгіме тақырыбын еліміздегі табиғатты қорғау және экология мәселесін шешу бойынша Орхус орталықтарының рөлі жөнінде баяндады. Бұл баяндама осы отырыстағы ең үздік саналды. Бұл сапарға Қажекеңді министрліктің өзі жіберіп, баяндама жасауын өтінді. Қажекең баяндамасында проблемалық мәселелерді қозғайтынын ескертіп, өз талабын қойды. Шешендігі мен өткірлігі, мәймөңкесіз тура айтқанының әсері шығар, жиналғандар түгел ден қоя тыңдады сөзін.
Махамбетпен майдандас Мәстек батырдың ұрпағы
«Жеті баулы Беріш ұрпақтарының шежіресі» кітабында Беріштің Жайық тақтасынан, оның «Орыс-Жайық» бөлімінен шыққан Ахметұлы Мәстек батыр туралы деректер берілген. Біздің кейіпкеріміз сол белгілі батырдың тікелей ұрпағы. Мәстек батырдың кезінде Исатай, Махамбет көтерілісіне бастан аяқ қатысып, талай ерлік көрсеткен қандыкөйлек сарбаздардың бірі екендігі мұрағат құжаттарымен расталған шындық. Исатай қаза болып, басқа қысымшылық түскен кезде де, ол бір топ жолдастарымен бірге Махамбеттің қасында болған. Бұл жөнінде Баймағамбет сұлтанның губернаторға жазған бірнеше хаты мемлекеттік мұрағат қорынан табылып жарияланған.
Қажекеңнің өз отбасы туралы айтқанда, осындай қайсар мінезді қазақтың өмірлік жары болған жұбайы Гүлшара Нұрғалиеваның еңбегін елеусіз қалдыра алмаспыз. Қажекеңнің өзімен Грозный мұнай институнда бірге оқыған қызды таңдауы тегін болмады. Ерінің қас-қабағына қарап, отбасының ұйытқысы бола білді. Құдайға шүкір, бұл күндері екеуі құтты қарашаңырағында кенже ұлы Ерлан мен келіні Әселден көрген төрт немересін қызықтап отырған жайы бар. Қыздары Гүлдариға мен Гүлнара тұрмыста, балалы-шағалы, Атырау, Астанада ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Күйеубалдары Сағын Мусаханұлы мен Бекболат Құралұлы да білімді, абыройлы ел азаматтары қатарында тер төгіп жүр.
Сөз соңы немесе облыс басшыларына бір құлаққағыс
Кәсіби мамандығынан қалған әдет қой, қазірге дейін төтенше жағдай туғызатын келеңсіздікті көзі не құлағы шалса, жауапты мекемеге жеткізіп, қауіп-қатердің алдын алу үшін тынымсыз шапқылап жүреді. Бір қызығы, жүрегі сезе ме, әйтеуір айтқан қаупі айнымай келгеніне де мысал жеткілікті. 2007 жылы сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевқа кіріп, жекеменшік және көппәтерлі үйлерге берілетін табиғи газдың адам сезетіндей иісін шығару үшін қажет одоранттық қондырғылар орнату жайында мәселені көлденең қояды. Сол мәселені кейін де қаншама жыл жалықпай айтып, жазып келді. Азаматтың алаңдауының себебін, 2005 – 2022 жылдар аралығында сол одоранттық құрылғылардың жоқтығынан өлкемізде газдан уланып 80 кісі қайтыс болғаны көрсетті. Егер, қауіпсіздік үшін жасалатын тиісті талап қатаң сақталып, иіс шығаратын газ қосындысы «көгілдір отынға» қосылған болса, соншама адамның өмірі үзілмес еді. Маманның бұл талабы он бес жыл бойы созбаққа салынып, былтыр ғана оң шешім қабылданды… Сосынғы бір жағдай, Ақтау қаласының 15 шағынауданы, 49 үйдің жанында құрылыс жүргізіп жатқан «Астана-Лашын» құрылыс компаниясының құрылыс алаңындағы кранға қатысты болды. Өз көзімен көрген соң Қажекең кранның дұрыс жерде тұрмағанын айтып, жұмысты тоқтатуды ескертіп, компания басшылығына бұл ескертуін жазбаша да жөнелткен. Бірақ, қағаз жүзінде «бізде бәрі дұрыс» деген жауап алды. Алайда, арада он күн өткенде Қажекең қауіптенгендей сол үлкен кран құлап, 4 адам астында қалып қайтыс болады…
Жас үлкейді деп қол қусырып қарап отыра алмайтын Қажымұрат ағамыз қай іске де белсене кірісіп, оны тиянақтап тындырғанды тәуір көреді. Өзі күтсе де өзгені өзін күттіріп қоюға жол бермейтін тәртіпке өте берік кісі. Мына заманның құдіретті құралына айналған әлеуметтік желі арқылы да бастан кешкендері мен елеулі оқиғаларды өзгелерге сабақ ретінде бар шындығымен жариялап келеді. Қазақ үшін, жас ұрпақ үшін пайдалы шара болса қалмай барады, отаншылдық, патриотизм туралы кейінгі буын өкілдеріне ақыл-кеңесін айтып, өмірлік өнегесін, түйген түсінігін үлгі етіп жүреді.
Білесіз бе, халыққа жасаған осыншама жақсылығы үшін «Маңғыстаудың мақтанышы» деуге лайық нағыз батыр замандасымыз 1982 жылы жұмыс орнынан берілген Ақтаудағы пәтерінде 8 адам болып тұрып жатыр. Қала, облыс әкімдері тарапынан үздік өнер, спорт саласы қызметкерлеріне сыйға беріліп жүрген жаңа пәтер кілті қазақ мінезді Қажымұрат Хайрушевтей ардагер ақсақалға беріліп жатса, шын мәнінде халықтың алғысының белгісі болар еді-ау!..
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.