МАҢҒЫСТАУДЫҢ МҰНАЙ-ГАЗ БОЛАШАҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Маңғыстаудың мұнай-газ болашағы»
Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық
конференция

Құрметті оқырмандарым, 25-27 сәуір аралығында Ақтау қаласында, «Риксос» демалыс кешенінде (Rixos Water World) «Мұнайшы геологтардың Қазақстандық Қоғамы» ұйымдастырған «Маңғыстаудың мұнай-газ болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференция өтті.
Конференциядан бір күн бұрын, 24 сәуірде Ақтау қаласының ортасындағы «Геолог-барлаушылар аллеясында» сенбілік өтті. Сенбілікке конференцияға еліміздің көптеген өңірлерінен, қалаларынан келген қонақтармен қатар Маңғыстаулық ардагер мұнайшылар, геологтар, геолог-барлаушылар, Ш.Есенов атындағы Университеттің геолог мамандығына оқып білім алып жатырған 1,2,3 курс студенттері қатысты. Сенбілік елімізде геология ғылымының іргетасын қалаған ғұлама ғалым-геолог атамыз Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып «Қ.И.Сәтбаев атамыздың 125 жылдығына Аллеяға 125 шыбық отырғызамыз» деген девизбен өтті. Сенбілік «Мұнайшы Геологтар Қазақстандық Қоғамы» президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балтабек Мұқанұлы Қуандықовтың кіріспе сөзімен ашылған шағын митингтен басталып, өңірімізге белгілі ардагер мұнайшы Сағын Қырымқұлов, «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің Маңғыстау өңірлік инспекциясы басшысы Алмагүл Келбет, студенттерді бастап келген Ш.Есенов атындағы Университеттің геология кафедрасының аға оқытушысы Сәлима Черкешовалардың құттықтау сөздерімен жалғасып, содан соң шыбықтар отырғызуға кірістік.
25 сәуір күні, конференцияға әр елден, әр өңірден келген қонақтар далалық экскурсияға «Бозжыра шатқалына» саяхаттап қайтты. Маңғыстаудың кереметтей табиғатын көріп қонақтардың барлығы да (шетелдіктер де, еліміздің өзге өңірлерінен келгендер де) ауыздарын ашып, көздерін жұмумен болды.
26 сәуір күні Халықаралық ғылыми конференция басталды. Конференцияны салтанатты түрде ашқан Мұнайшы Геологтар Қазақстандық Қоғамы президенті, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Б.М.Қуандықов пленарлық отырысты жүргізіп отырды. Маңғыстау облысы әкімі Н.А.Ноғаев, ҚР Энергетика вице-министрі Хасенов Асхат Ғалымұлы, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма Төрағасы Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы, ҚР ӨҚМ Геология комитетінің төрағасы Ақбаров Ерлан Есенәліұлы, «QazagGaz Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Жаркешов Санжар Серікбайұлы, «KAZENERGY» Қауымдастығының Төраға орынбасары, Техникалық ғылым докторы Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы, Әзірбайжан мұнайшы-геологтар қоғамы Басқару комитетінің Төрағасы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының және Еуропа ғылым академиясының толық мүшесі Нариманов Акиф Али оглу, Академик, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық институттың директоры Жолтаев Герой Жолтайұлы, «НИПИнефтегаз» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы, Техникалық ғылымдар докторы Олег Сергеевич Герштанский сияқты белгілі тұлғалар құттықтау сөз сөйледі. Құттықтау сөздерден соң пленарлық отырыс шетелдік (Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай), отандық геологтардың баяндамаларымен жалғасты.
Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференцияға Германиядан, Даниядан, Қытайдан, Ресейден, Әзірбайжаннан, Өзбекстаннан, өз елімізден белгілі геолог ғалымдар қатысты.
Түстен кейін конференция жұмысы әртүрлі тақырыптағы 4 секциялық отырыстарда жалғасты. Мен түстен кейінгі МГҚҚ Алматы қаласы филиалының директоры Қуантаев Нысанбай Есеркепұлы, НПЦ ЖШС директоры Сақауов Бекзат Қоныс-Терекұлы басқарған секцияға бастан-аяқ қатыстым, тыңдадым. Модераторлардың жұмыс жүргізуі ұнады, секцияда сөз алған спикерлер де өз материалдарын кереметтей талдап түсіндірді, залдағы отырған қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар берді. Герой Жолтайұлы ағамыз да секция жұмысын қорытындылай келе спикерлердің әрбірінің алға тартқан материалдарына бағасын берді. Көптен бері бұндай қызу талқыланған жиында болмап едім. Риза болдым. Әсіресе жастардың жиынға белсенді араласқаны мені қуантты. Ешкім де бей-жәй, қалғып-мүлгіп, уақыт өткізіп отырмады. Артымыздан ізімізді басып осындай жастардың өсіп келе жатқаны мені қатты қуантты. ЖАСТАРЫМЫЗ КЕРЕМЕТ!
Сақауов Бекзат модератор болған секциядағы сөз алған спикерлердің барлығы да Солтүстік Үстірттегі қазылған скважиналарға талдау жасады. Ойпырмай, керемет болды. Барлық аталған скважиналардың қалай қазылғанын мен жақсы білемін, соңғы кездері ауызға алынбай кеткен Қырын, Тышқанды деген алаңдардағы скважиналар да сөз болды. Мен осы секцияда сөз болған барлық скважиналардың қазылуына өз үлесімді қосқанмын, бұрғышы көмекшісі, бұрғышы, бұрғылау шебері, инженер-технолог… ретінде. Әсіресе, Қарақұдық-20 деген скважина менің алғаш бұрғылау шебері болып барып, өмірімде алғаш аяқтап кеткен скважинам еді. Көзіме оттай басылды. Сол жерде, секция жұмысын аяқтай келе, делебем қозып, орнымнан тұрып, елдің алдына шығып: «Бұл аталған скважиналардың қазылуына менің қатысым бар, кейбіреулерін өзім бұрғышы болып, тормозда тұрып өзім де қаздым…» дегім келіп кетті. Әттең, әттең, тіл жоқ…
Жалпы алғанда, конференция өте табысты өтті деп ойлаймын. Қатысушылардың барлығы да жұмысқа белсенді араласты.
Секциялар өз жұмысын аяқтағаннан соң конференцияға қатысқан барлық делегаттарға Балтабек Мұқанұлы конференцияның қортындысын жариялап, барлығына белсенділіктері үшін алғыс айтты. Конференцияда көтерілген тың идеялар, ойлар бір жерге жинақталып, қорытылып Ұлттық компанияға, министрліктерге жететініне, конференцияда жасалған баяндамалардың барлығы жинақталып кітап болып шығатынына сендірді.
25 сәуірдің кешінде конференцияның сәтті аяқталуына орай үлкен дастархан жайылып, делегаттарға ҚОНАҚАСЫ берілді. Қонақасы дастарханын Б.М.Қуандықов ашып, қонақтарға ризашылығын білдірді. Облыс әкімі Н.А.Ноғаев та сөз алып, конференцияның табысты аяқталуымен құттықтады. Балтабек Мұқанұлы отырыс барысында кейбір өте тартымды баяндама жасаған адамдарға «Алғыс хаттар», сыйлықтар табыстады. Сөз алған шетелдік, отандық қонақтар Балтабек Мұқанұлына осындай үлкен іс-шараны мүлтіксіз ұйымдастырғаны үшін АЛҒЫСТАРЫН жеткізді.

Конференция барысында көптен көрмеген, бірге оқыған азаматтармен кездестім, кейбір аттарын сырттай еститін азаматтармен таныстым. Жалпы алғанда, СЕНБІЛІКТЕН бастап, барлығы да есте қаларлықтай, тыңғылықты ұйымдастырылып өткізілген іс-шара болды.

27 сәуірде конференция қонақтары «Геологиялық дала экскурсиясына» шығып Шетпе аймағындағы мезозой-кайнозой кесіндісін тамашалады. Бұл экскурсия барысында да шетелдіктер мен еліміздің әр өңірінен келген қонақтар киелі Маңғыстаудың ашық аспан астындағы табиғи мұражай екендігіне тағы да таң қалумен болды.

Конференцияға қатысқан бір топ ардагер геолог-барлаушылар атынан өз лебізімді де жеткізуімді жөн көрдім:

Құрметті Балтабек Мұқанұлы!
Құрметті конференция қонақтары!

Сіздерді «Маңғыстаудың мұнай-газ болашағы» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференцияның өз жұмысын сәтті, табысты аяқтауымен құттықтаймыз!
«Мұнайшы-геологтардың Қазақстандық Қоғамының» президенті Балтабек Мұқанұлы осы Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференцияға қатысуға бұрынғы КЭ «МНГР» ардагер геолог-барлаушыларына да шақыру жіберген екен. Қатынастық, біздің өңір үшін, бүкіл еліміз үшін жасалып жатқан игілікті істер мен ғылыми ізденістердің жағдайымен таныстық. Конференцияның тақырыбы Маңғыстау үшін бүгінгі таңда ең өзекті екені сөзсіз.
Балтабек Мұқанұлы «Мұнайшы-геологтардың Қазақстандық Қоғамының» президенті ретінде біздің өңірге, әсіресе «МНГР» тресі геолог-барлаушыларына көп көңіл бөледі, назарынан тыс қалдырмайды. Басқа өңірлерге де көңіл бөлетін болар, Атырау, Түркістан облыстарында өткізіп жүрген іс-шаралардан хабардармыз. Бірақ ол өзінің кәсіби төл мерекесі «Геолог күнінде» Маңғыстаулықтармен жиірек кездесетініне біз куәміз. Құрықтағы «Геолог-барлаушылар» мұражайын салтанатты түрде ашып, сол жердегі сенбілікке қатысып, ауласына ағаш отырғызып, аудан орталығында қарт ардагерлермен бірге болғанын жақсы білеміз. Ақтаудың орталығынан «Геолог-барлаушылар аллеясын» ашуға біраз тер төгіп, ұйымдастыру шаруаларымен де тығыз айналысып, ақырында «ковид індеті» аяқталысымен кәсіби мерекемізге сый қылып салтанатты ашылуында да ортамызда жүрді. Былтырғы «Геолог күні» мерекесін де кең көлемде тойлап өтіп, тәуелсіздік алған 30 жылдан бергі құрлықта ашылған Тепке алаңындағы ірі мұнай кенорнына Х.Ж.Өзбекғалиев атын беріп, оны мұнайшы геологтар қауымына, облыс тұрғындарына ресми түрде жариялап, одан кейін геолог-барлаушыларға арналған екі кітаптың тұсаукесерін де өткізіп еді. Б.М.Қуандықов өзі басқарып отырған МГҚҚ-ның демеушілігімен Маңғыстау геолог-барлаушыларына арналған «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР» деген кітапты да жарыққа шығарған. Енді міне, Маңғыстау түбегіндегі мұнай-газ қорының болашағына алаңдаушылық танытып, оны қалай арттыру мәселесіне арналған Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференцияны да осы өлкеде өткізіп отыр. Бұларға дейін де бірнеше жылдар бойы Маңғыстауда, Ақтауда Балтабек Мұқанұлы ұйымдастырған талай салтанатты жиындарға қатысқанбыз. Бұның сыры, Балтабек Мұқанұлының о баста еңбек жолын геологиялық барлаудан бастап, біздермен бірге еңбек еткенінде жатса керек.
Маңғыстау өлкесінің мұнайшы геологтарына, оның ішінде геолог-барлаушыларға деген осындай қамқорлығы үшін «Мұнайшы-геологтардың Қазақстандық Қоғамының» президенті Балтабек Мұқанұлына ризашылығымызды білдіреміз, ғылыми геологиялық ізденістеріне сәттілік, жеміс тілейміз.
Біздің бастамаларымызға үнемі қолдау білдіріп, қай уақытта да біздермен бірге болуға тырысатын «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің Маңғыстау өңірлік инспекциясы басшысы Алмагүл Келбетке де алғыс айтамыз.
Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе болып табылатын, осы ғылыми конференция жұмысына арқау болған «Маңғыстаудың мұнай-газ болашағы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференцияға қатысушыларға ойға алған мақсаттарыңыз оңынан оралып, мұнда талқыланған мәселелер киелі Маңғыстау өңірінің екінші тынысы ашылуына септігі тиіп, түбекті гүлдендіре түсетін ірі мұнай-газ кенорындары ашыла бергей!
Ғылыми геологиялық ізденістеріңізге сәттілік серік болғай!

Ардагер геолог-барлаушы
Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әс-Сағыз)
«Құрмет» орденінің,
«Жер қойнауын барлаудың үздігі»,
«Қарақия ауданының Құрметті азаматы»
төсбелгілерінің иегері.
«МЕН – Геолог-барлаушымын»,
«Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР»
кітаптарының авторы.