Конференциядан кейінгі ой…
…
Біз қандай едік, қазір қандаймыз…
«Маңғыстаудың мұнай-газ болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық геологиялық конференцияның жұмысына қатысқан әр елден, өз еліміздің әр өңірінен келген кілең ығай мен сығай, мүйіздері қарағайдай ғалымдарға, геологтарға, жас та болса едәуір жетістіктерге жеткен азаматтарға қарап отырып өзіміздің геология ғылымына қосқан үлестерімізді, жеткен жетістіктерімізді ойладым. Солардың арасында өзіммен бірге оқыған, қазіргі кезде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен біраз азаматтар да жүр, атақтарынан ат үркетіндей ғалымдардан еш төмен емес. Соларға қарап та мәз болдым.
Ияяя, біздер де жаман болған жоқпыз. Ғалымдар қағаз кеміріп, көз майын тауысып ғылыммен айналысса, біздер соларға қажетті материалдарды тауып беретіндей, жер қыртысын зерттей алатындай терең параметрлік (бір ғалым сөйлеген сөзінде қазіргі кезде геология ғылымы үшін параметрлік ұңғылардан алатын мәліметтердің тапшылығын да айтты), әртүрлі басқа да ұңғылар қаздық. Тау жыныстарын зерттеу үшін керндер алдық, әртүрлі ГИС (геофизическое исследование скважин – электрометриялық каротаждар, қабаттарды сынау жұмыстарын жүргіздік). Демек біздер де, геолог-барлаушылар да, геология ғылымының ажырамас бір бөлшегіміз, осы ғылымның дамуына біздің де сіңірген еңбегіміз елеулі екен, құр босқа жүрмеген екенбіз.
Елдің байлығын арттыруға, экономикамыздың қарыштап дамуына ұшқанда қарға жоқ иен далада табиғи қиыншылақтармен күресе жүріп үлес қостық. Біздер де, өндірісте жүргендер, оңай шағылатын жаңғақ емес екенбіз.
Сөзім дәлелді болуы үшін ғана өзімізді сәл таныстырып (бұрын қандай едік, қазір қандаймыз) кетейін:
Маңғыстау мұнайын алғаш ашқанҰлы Октябрь Революциясының 60 жылдығы атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді, үш Лениндік сыйлықтың лауреаты, екі Социалистік Еңбек Ері, екі СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, екі Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері, көптеген геолог-барлаушыларының есімдері «Қазақстан Мұнай Энциклопедиясына» енген, 100-ден астам барлау алаңдарында бұрғылау жүргізіп, оның 50-ден астамынан мұнай-газ көздерін тауып, бүгінгі Маңғыстауды еліміздің басты мұнай-газды өлкесіне айналдырған біздің «МНГР» тресі ұжымын кезінде бұрынғы Кеңестер Одағы түгел білді. Біз – аты мақтанышпен аталатын «Маңғыстау мұнайгаз барлау» (МНГР) тресінде қызмет жасаған ардагер геолог-барлаушылармыз. «МНГР» тресі Форт-Шевченко қаласында1957 жылы 8 сәуірде құрылды. Статистика бойынша қазіргі Маңғыстау түбегіндегі мұнай-газ кенорындарының 97% біздің мекеме ашқан. КЭ «МНГР» мекемесі 1990 жылдары, еліміз нарықтық экономикаға өтерде, әбден кемеліне келіп, техника-технологиясы дамып, өте терең, 5250 метр тереңдікке бұрғы бойлатып, Елемес, Айыршағыл, Сазтөбе, Толқын… сияқты алаңдарға шыққан едік. Тұзасты қабаттарына қазудың қыр-сырын, технологиясын жақсы меңгеріп, күрделі конструкциялы ұңғыларды еш қиындықсыз қазып жүрдік. Меншікті салмағы 2,26 г/см3 болатын ИБР (нефтеэмульсионный, известково-битумный раствор) ертіндісімен жұмыс жасап, аса үлкен қабаттық қысым (АВПД – аномально-высокое пластовое давление, 600-700 атм) жағдайында қазып та, улы күкірт сутегі (сероводород) газымен қалай жұмыс жасау керектігін де меңгеріп, кез-келген геологиялық күрделі тапсырыстарды орындауға әлеуеті жететіндей біраз тәжірибе жинақтаған едік. Маңғыстау түбегіндегі ең терең 5000 метрлік алғашқы ұңғыны 1979 жылы қазып шыққан да КЭ «МНГР» барлаушылары еді. Нарық келді, геологиялық барлауды ойламақ түгіл күнкөрістің өзі қиынға соғып, барлығы да жөніне қалды. Нарық заманына да бейімделіп біразға дейін қатардан қалмай еңбек еттік. Ұстазымыз Х.Ж.Өзбекғалиевтың мектебінен шыңдалып өткен қаншама білікті мамандарымыз елімізге келген шетелдік ірі мұнай компанияларына шақырту алды, отандық компанияларда да жоғары лауазымды қызметтер атқарып, өндіріс ұйымдастырушылары, білікті маман ретінде танылды. Біздің мекеменің білікті кадрлары қашанда мұнайлы елімізде үлкен сұранысқа ие, рейтінгі жоғары болды. Конференцияда сөз болған Солтүстік Үстірттегі ұңғылардың барлығына жуығын біздер қазғанбыз (Арыстановская, Қарақұдық, Еліғажы-Уәлі, Шағырлы-Шөмішті, Ащытайпақ, Тышқанды, Қырын, Шаршықұдық… деген алаңдардағы көптеген ұңғылар).
Қазіргі кезде біздің мекеме жоқ, бірақ оның ардагерлері бармыз. Өзіміз ұйымдастырған, еш жерде ресми тіркелмеген, «Маңғыстау геолог-барлаушылары» деген ұйымымыз бар. Ұйымның құрамында 70-ке жуық ардагер геолог-барлаушылар бармыз. Қолымыздан келгенінше өзіміздің мекемемізді насихаттап, елдің есінен шығып кетпеуіне жұмыстанып жүрміз. Соның бірі, өзіміздің төл мерекеміз болып есептелетін «Геолог күні» мерекесін жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырып келеміз. Былайғы халық ру-ру болып көрісіп, Амалды атап өтіп жатса, біздер – геолог-барлаушылар «Геолог күні» мерекесінде КӨРІСЕМІЗ, бір біріміздің амандығымызға қуанамыз. Біздер ГЕОЛОГ-БАРЛАУШЫЛАР деген РУДАНБЫЗ, бұл рудың да, басқа рулар сияқты, әртүрлі бөлімдері бар (геологтар, бұрғышылар, вышкомонтажниктер, транспортниктер, механиктер, топографтар, байланысшылар…дегендей). Мерекеде геолог-барлаушылардың ұстазы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Хәлел Жағыпарұлы Өзбекғалиевке Маңғыстау политехникалық колледжінің алдына орнатылған ескерткіш жанына жиналып, шағын митинг өткіземіз, гүл шоқтарын қоямыз, содан соң қаланың орталығындағы «Геолог-барлаушылар аллеясына» барып, ол жердегі мемориалды тақтаның алдына да гүл қоямыз, сенбілікке шығып тазалық жасаймыз, сырлаймыз, әктейміз. Өз қалтамыздан шығарған қаржыға аллеяға ағаш, гүлзарларға гүл отырғызамыз. Сенбілікке геолог-барлаушы ардагерлер отбасымен, балаларымен, немерелерімен бірге келеді, өмірден өткен геолог-барлаушылардың жұбайлары, бала-немерелері де қатысады. Содан соң НАУРЫЗ КӨЖЕ ішуге барамыз. Біздің бейресми ұйым жастарға осылай үлгі, өнеге көрсетіп, дәстүр жалғастығын қалыптастырып, бойларына патриоттық сезім сіңіріп келеді. Ұйым өмірге келгеннен бері азды-көпті игілікті істер жасалып жатыр. Мекемеміздің, оның ардагерлерінің аттары ұмытылмасын, елдің жадында жаңғырып тұрсын деген мақсатпен аудандық, облыстық, республикалық газеттерге, әлеуметтік желілерге, әртүрлі сайттарға естелік әңгімелер де жариялап тұрамыз. Одан бөлек осы ұйым мүшелері ардагерлеріміз жазған «Мұнайбарлаушы жазбаларынан» (екі кітап, Сатыбалды Нұрлыбекұлы), «Өмірдің өзі новелла» (Райхан Қоқыбаева), «Непридуманные истории и другие рассказы ветерана геологоразведчика» (Евгений Васильевич Герасименко), «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР» (Бисенбай Бисенғалиев), «Асыл Азаматым» (Жаңыл Ордағалиқызы) деген «МНГР» тресінің тарихына, оның ардагерлеріне арналған кітаптар да жарық көрді. Өзіміздің төл ауданымыз болып есептелетін Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» атты бірер жылдықта жарық көрген энциклопедиясына «МНГР» тресінің тарихын, оның құрамында болған бүкіл КСРО-ға танымал бөлімшелерін, ардагерлерін енгізуге белсене жұмыстандық. Құрық кентінде ашылған «Геолог-барлаушылар мұражайына» қолымызда бар жәдігерлерді, ардагерлеріміз жайындағы мәліметтерді жинақтап, мұражай қорын толықтыруға көмектестік. Бұл мұражай қазіргі таңда жаңа ғимаратқа көшіп, іріленіп Қарақия ауданының тарихи-өлкетану мұражайы атағын алды, сол мұражайдың ішінде ірі бөлімдердің бірі – осы «Геолог-барлаушылар» бөлімі. Ақтау қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы мұнайшыларға арналған бөлімде де «Геолог-барлаушылар» экспозициясын жасақтауға қолымызда бар жәдігерлермен, ақпараттармен көмектестік. Былтырғы жылы күнтізбеге енген «Бұрғышылар күні» мерекесін тек өзіміздің мекеме емес, бүкіл Маңғыстау бұрғылау мамандарының басын қосып өткізуге мұрындық болдық.
Оның бер жағында, мекемеміз жабылып қалғаннан бері ұмытыла бастаған, еңбегі сіңген ардагерлерімізді «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағына ұсынып, бір тобына осынау атақты алып та бердік.
Қазіргі кезде МГҚҚ (Мұнайшы Геологтардың Қазақстандық Қоғамы), МГҚА («Мұнай-газ кешенінің Ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі) сияқты қоғамдық ұйымдармен, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология Комитетінің «Батысжерқойнауы» Өңіраралық Департаментінің Маңғыстау өңірлік инспекциясымен, Қарақия ауданы әкімдігімен және аудандық «Қарақия» газетімен тығыз байланыстамыз.
Аға буын аманаттап кеткен «МНГР» тресінің рухын құлатпай, елдің жадынан шығармай, оның тарихына құрметпен қарауды қолымыздан келгенше осылайша атқарып келеміз.
Біздің осындай ұйымшылдығымызға, бір үйдің балаларындай татулығымызға қызыға қарайтындар баршылық. Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Барымен базар. Мекемеміз жоқ екен деп тоз-тоз болып ыдырап кеткен жоқпыз. БАРМЫЗ. Осының өзі қуантады. Әркім әліне қарай шабады.
Артымызға осындай із қалдырып жатырмыз. Ертеңгі күні бізді келер ұрпақ осындай істерімізге қарап еске алып жатса деген ой ғой.
Осындай ойлар келді конференциядан соң.
…
Ардагер геолог-барлаушы
Бисенбай БИСЕНҒАЛИЕВ.