КӘСІБИ МЕРЕКЕМІЗ

Биылғы «Геолог күні» мерекесі 7 сәуірге келді. Ораза кезі. Елдегі жағдай да күрделіленіп, көптеген өңірлерді топан су басып… дегендей кәсіби мерекемізді кең көлемде тойлауға болмады. Бірақ қанша дегенмен саналы ғұмырымызды арнаған, елдің игілігі үшін маңдай терімізді төгіп еңбек еткен геологиялық барлау саласының кәсіби мерекесін атап өтпеске болмады. Оның да өзіндік себептері бар, қатарымыз жыл санап сиреп барады, жастарымыз да ұлғайып, өкінішке орай былтырғы мерекеде болған біраз азаматтарымыз биылғы мерекеге жетпей де қалды. Қазақ айтатын «Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар» дегендей, жағдайымыз жарайтындар сегіз жылдан бері жалғасып келе жатырған жылдағы дәстүрімізді бұзбай (дұрысында бұл мерекені біздің ұжым өте ерте заманнан бері тойлап келеді) осы жолы да кездесуімізді жоспарладық. Өзіміздің ватсаптағы «Маңғыстау геолог-барлаушылары» атты ұжымдастар (КЭ «МНГР») топтық чатымызда барлық ұйымдастыру шараларын пысықтап пісіріп алдық. Негізінде біздер «Геолог күні» мерекесін Ақтау қаласының орталығынан ашылған «Геолог-барлаушылар аллеясында» сенбілік өткізуден бастап, содан соң Ұстазымыз Х.Ж.Өзбекғалиевтің бюстіне гүл шоғын қоюмен жалғастыратын едік. Бұл жолы ол тәртіпке сәл өзгеріс енгізіп, сенбілікті күн жылынғасын, кейінірек өткізбекші болып шештік. Әуелі Ұстазымыздың бюстінің алдына жиналып, шағын митинг өткізіп, гүл шоқтарын қойып, содан соң аллеямызға келіп, ол жерде де мемориалдық тақтада жазылған ашқан кенорындарымыз, ардагер ағаларымыз жөнінде бірталай естелік әңгімелерге жол беріп, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, суретке түсіп барып шай дастарханы жайылған «У дяди Гадима» деген жаңадан ашылған мейрамханаға жол тарттық. Ұстазымыз Х.Ж.Өзбекғалиевтың бюстінің алдындағы шағын митингті ашқан, жалпы осы кездесуге басынан аяғына дейін басшылық жасаған, жүргізген «Мұнай-газ кешені ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша филиалының менеджері, ұжымдасымыз Енисей Нұрманов болды. Өкінішке орай, осы қоғамның директоры, ардагер геолог-барлаушы, ұжымдасымыз, қоғам қайраткері Қайролла Ережепов ағамыз қалада болмауына байланысты қатыса алмағанымен жүрекжарды құттықтауын жолдады. «Мұнайшы-геологтардың Қазақстандық қоғамының» Маңғыстау өңірі бойынша филиалының директоры ұжымдасымыз Ізберген Көбекбаев, «Геология және жер қойнауын пайдалану» жөніндегі Маңғыстау өңірлік инспекциясының басшысы Алмагүл Келбет митингке, қолға алған іс-шараларға белсене қатысты, құттықтау сөз сөйледі. Алмагүл Келбеттің айтуынша, өңірлік инспекцияның жүргізіп отырған статистикасына сай Маңғыстау өңірінде ашылған мұнай-газ кенорындарының 97% «МНГР» тресінің үлесіне тиесілі екен.
Жаңадан ашылған «У дяди Гадима» деген мейрамханада жақсы отырыс болды. Мейрамхана жақсы екен, тамақтары да дәмді, қызмет көрсетуі де ойдағыдай болды. Кіріп, шығуы ыңғайлы, пандусы стандартқа сай. Шайдың неше түрі болды. Тәшкеншәй, көк шәй, түйе сүті қосылған, тары салған қара шәй… Енисей ініміздің үйіндегі келін аға-апаларына шынашағын шошайтып шәй құйып беріп, үлкендердің «қарағым, шәйің тәтті екен, үлкендерге шәй құйып беріп алғыс ала бер» дегендей бата, осындайда қазақтардың ырымдап шәй табаққа салатын аздаған сый-сияпатын да алды. Жиналған ардагерлер Енисей таңдаған осы мейрамхананың өзіміздің дәрежемізге, қоғамда алатын «МАҢҒЫСТАУ МҰНАЙЫН АЛҒАШ АШУШЫЛАР» деген атымызға сай екенін атап өтіп, ризашылықтарын білдірісті.
Шәй үстінде көптеген естелік әңгімелер айтылды, бұған дейін естімеген әңгімелер де ағытылды. Бұл күнге жете алмай кеткен көптеген аға-апаларымызды, олардан қалған жақсы әңгімелерді, жұмыс жасау тәсілдерін еске алдық. Жақсы, есте қаларлықтай отырыс болды. Үлкендер ақ батасын беріп, қатарымыз сиремей, осылайша кәсіби мерекемізді ұйымшылдықпен атап өтіп тұруымызды тіледі.
«Геолог күні» мерекесін алдыңғы буын ағаларымыз кеңінен тойлап, біз оларды көзіміз көріп, олармен бірге тойлап, бізге олар аманаттап тапсырып кеткендей қабылдап, өзіміздің төл мерекеміз деп есептейміз, былтыры күнтізбеге қосылған «Бұрғышылар күні» мерекесін кеңінен тойлау әлі дәстүрге айнала қойған жоқ.

PS. «Геолог-барлаушылар аллеясы» қалалық әкімдікке тапсырылған еді. Күтімі жоқ, азып кеткендей көрінді бізге.
Ал Х.Ж.Өзбекғалиевтың бюстіне де күтім керек, Ұстазымыздың атындағы, соның алдында тұрған Маңғыстау политехникалық колледжі ең болмағанда «Геолог күні» мерекесіне орай тазалап, жуып қоюына болмас па еді деген ой келді.

Ардагер геолог-барлаушы
Бисенбай Бисенғалиев.
Ақтау. 
09.04.2024 ж.