МӘСКЕУ. КРЕМЛЬ. 1980 жыл…

немесе даңқты «Теңіз» кеніші қалай туды?!

 

1980 жыл. 8 тамыз. Мәскеу. «Ресей» қонақ үйі.

– Ореке, а, Ореке Косыгин болуға дайынсыз ба?

– Дайынмын, Бөке дайынмын…

Мәскеуге осыншама жыл келіп-кетіп жүргенмен Бөлекбай Сағынғалиев дәл мынадай, ертеңгідей аса құзырлы қабылдауда бұрын болып көрген емес. Ертең  Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің Төрағасы А. Н. Косыгин Одақтың болашағы бар деген 7 мұнай кәсіпшілігінің бастықтары мен Мұнай мен Геология министрліктерінің белді мамандарын қабылдайды. Солардың ішінде Қазақстаннан таңдау «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиевке түсіпті. Ел ішінде «Күлмесхан» атағымен танымал, экономика мәселесінде аса білгір басшынының алдында қазақ мұнайшысы қандай көкейтесті мәселені алға тартады? Мұндай мүмкіндіктердің қайталана бермейтіні ақиқат. Сондықтан да Атыраудан ұшқанда Бөлекбай қасына жан серігі, озық білімді геолог Орынғазы Есқазиевті ерте шыққан.

Міне, үлкен оқиға алдындағы кезекті жаттығу қайта басталды.

Орекең – «Косыгин», қарсы алдында отырған Бөкең – Бөлекбай Сағынғалиевтің өзі.                

– Ал, бастадық!..

Онсыз да қызба, мазасыз Бөкең оң қолынан шешіп үстелдің үстіне қойған сағатына бір қарап, «Косыгинге» бір қарап белгіленген уақытта бар ойын жеткізіп үлгеруге тырысып-ақ жатыр. Кейде бір минут асық кетеді, кейде бір минут жетпей қалады…

– Ал, қайтадан бастадық!..

«Кетті… бір минут, екі минут… үш минут… төрт минут, бес минут!»

Мәре – бес минут! Осы уақыт ішінде барлық ой-орманыңды айтып үлгеруге тиістісің.

Бөлекбай Сағынғалиевте мін жоқ, сарт-сұрт, сөзі нақты, тақылдап-ақ тұр. Айтар ойы да, келтірген дерегі де нанымды, кісі қызығарлықтай-ақ. Онысы «Есқазиев-Косыгинге» ұнап тұр. Бірақ, Министрлер Кеңесінің алдындағы мынадай есеп  Бөлекбай Сағынғалиевтің өзіне, әйтеуір, ұнамай мазасы кетіп тұр. Бірауқытта Бөкең:

– Ореке, жүрші, далаға шығып, қонақ үйді бір айналып жүріп, миымызды тынықтырып оралайық, – деді.

Бұлар далаға шықты.

Жаңа ғана жаңбыр сіркіреп өткен екен. Ауа тап-таза, қоңыр салқын леп бар. Бұлардың бойы шынымен де кәдімгідей сергіп қалды. Жарты сағаттай арлы-берлі серуендей кезіп, ауыздары да тынбай қонақ үйді айналып жүрген мұнайшылар «жаттығу алаңына» қайта оралды.

Бөкең мәнерлі қоңыр даусына салып, анық, ашық дауыспен баяндамасын соңғы рет пысықтап айтып шыққан да «Косыгиннің» де көзіне ұйқы тығылып, шаршап отырған.

Министрлер Кеңесінің Төрағасы Теңіздің зор болашағы туралы, оның үкіметті де, халықты да жерге қаратпайтын қадір-қасиеті туралы жан-жақты толықтай мағлұмат алуы тиіс. Онымен қоса мұнайлы аймақтағы халықтың тұрмыс жайы, өмір-тіршілігінен де хабардар ету Бөлекбайдың мойнында. Облыс мұнайшылары табиғаттың қатал аймағында тұрып жатқандықтан да лайықты коэффициент мөлшерінде жеңілдіктер алуы тиіс.

Түн ортасы ауып қалған екен.

Бас директор мен бас геолог ертеңгі күннің жауапкершілігін түсініп, ендігі жерде дамыл тауыпе тынығуды жөн деп тапты.

Ал, енді, ұйқы келсейші! Бөкең ары аунақшиды, бері аунақшиды… «Тағы не ұмыттым, а, тағы не айтылмай қалды?..»

Әлгінде ғана сынақ үстінде манаурап отырған Орекеңнің де ұйқысы келсейші! Өстіп жатып олар көздерінің қалай ілініп кеткендерін де білмей қалды.

…– Ойбай, тұр-р!

«Мәс-саған!» Сағат тілі – таңғы 8.00-ді ұрыпты… Енді жарты сағаттан соң Мұнай министрлігінің алдынан арнайы көлік Кремльге қарай бет алады. Апыл-ғұпыл асығыс жуынып-шайынған азаматтар министрлікке қарай ілінген таксимен құстай ұшты.

Бұлар жеткенде арнайы автобусқа қабылдауға қатысатын кісілер жапа-тармағай жайғасып жатыр екен. Бөкеңді қолтығынан демеп, автобусқа отырғызған Орынғазы Есқазиев іске сәттілік тілеп, сол жерде өзі қалып қойды. Бөкеңнің алғырлығын сенетін геолог, абырой болғанда дәл уақытында автобусқа үлгергеніне қатты қанағаттанып, қонақ үйге қайтты. «Арнайы көліктен қалып қалса, Кремльге кіру түгілі қабырғасынан сыналап қараудың өзі мұң болып қалар еді ғой, ойбай!»

Мәслихат дәл уақытында басталды.

Сыбырлап қана иегінің астынан сөйлейтін кіл сырбаз қасқа бастар, ішке Косыгин кіріп келгенде орындарына тұрды. Оқтау жұтқандай денесін тіп-тік ұстаған Министрлер Кеңесінің Төрағасы жәймен жүріп келе жатып «Сәлематсіздер ме, жолдастар!..» деп барша қауымға басыңқы дауыспен сәлем берді.

Көмекшілердің бірі ол отырғанда алдына ақ парақ әкеліп қойды. Сірә, күн тәртібі шығар деп түйді Бөлекбай.

Косыгин әңгімеге бірден екі министрді тартты.

КСРО Геология министрі А. Е. Козловский әдеттегі пысықтығына басып, екі сөзге келмей, қажетті жерінде бас изеп, аң-таң қалып, ақыр-аяғында үстіне су жұқтырмай, атқарылып жатқан істің ауқымынан Төрағаны толықтай хабардар етіп шықты. Мұнай өнеркәсібі министрі А. Н. Мальцев қара аспанды төндіріп, жергілікті жерде жоспар орындалудың мандымай жатқанын айтып, етегін жасқа толтырып, бір «жылап» алды. Ғажабы, Косыгин үнсіз бас изеумен болды. Екі министрдің де мынадай мінез-құлқы Бөлекбайға тым тосын әрі ерсі көрінді. «Бұл өзі болашақта сабақ болатын іс екен» деп іштей түйіп те қойды. Өткендегі бір министрліктегі кезекті жиын барысында Сағынғалиев Мальцевпен сөзге де келіп қалған. Мәселенің бәрі министрдің көп жайтты ұшқары ойлауына тірелген. Өндірістің басында, тікелей бұрғы салып жүрген мамандардың өндірістік болжамдары соңырақ тағайындалған осы министрге «түсініксіздеу» екен. Оның себебін Бөлекбай да өзінше топшылаған. Мальцев оқымысты, теориялық білімге тым көп сүйенетін секілді. Оның үстіне аздаған паң мінезі бар, тіпті, өркөкіректіктен де құралақан емес сияқты. Ал, Теңіздің тынысы теориялық пайымдау мерзімінен, ғылыми болжамдардан әлдеқашан өтіп кеткен. Қазір бұл жерде тек білек сыбанып іске араласу қажет. Бұрғыны 5000 метрге (!) дейін бойлата салып, мұнайын ағызу керек. Министрдің осы жайтты шын мағынасында ұғына алмағанына іші ашыған сонда Бөлекбайдың. Мәймөңкеге шыдай алмай ішкі ойын айтып та салған. Міне, бүгін байқап тұр… министр тіпті бұл жаққа көз қырын да салғысы жоқ. Тіпті орайы келсе Ел басшыларының алдында «қазақ жолдастарды» тұқыртып алмақ ниеті бар сияқты. 

Кенет Косыгин алдындағы торлама кестеге көз жүгірте отырып қарлығыңқы даусымен:

–Министр жолдастар, сіздер маған мынаны айтыңыздаршы: Құрама Штаттарда бұрғылау үрдісі Кеңес Одағымен салыстырғанда 5, тіпті 6 есе шапшаң. Ал бізде бұл іс неге мандымайды?

Мальцев орнына тұрып, мыңғырлап әлдене деп ақтала бастады. Мұнысы қазақтар айтқандай «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері. Табиғатынан қызба Бөлекбай тыпыршып әрең отыр. «Әттең, субординация!» Байқауынша, Мальцев жолдас мынадай министр басымен Доссордың даласындағы мұнайшылардың күнделікті қарапайым технологиялық іс-қаракетінен де хабарсыз-ау.

Козловский бұл жолы да жүзіктің көзінен аман есен сынаптый сырғып өтіп кетті.

Міне, кезек Бөлекбай Сағынғалиевке де жетті!

Ембіге елдің назары ауып тұрған шақ емес пе?! Косыгин алдын-ала «Батыс Қазақстандағы мұнай өндірудің жай-күйі» туралы жергілікті жолдастардың өз аузынан естуге бүгін аса құлықты болып отырғанын ескертті. КСРО-ның Премьер-Министрі кенет, түсін жылытып мойнын соза «Қайдасыздар?» дегендей  ишара жасады.

Бөлекбай тіпті де толқыған жоқ. Өзінің сөзінің дәл мына екі министр берген жаңа әлгіндегі түсініктемелерден әлдеқайда нақты да айғақты, әрі қызықты шығатынына сенімді еді. Іштей «Я, Пірім қолдай гөр!» деп орнынан тұрды.

Теңіз кенішінің болашағынан қысқаша һәм тұжырымды мәлімет берген Қазақ мұнайшысы түптің-түбінде елдің экономикасына осы аймақ орасан күш беретінін алға тартты. Дәл қазір Министрлік Орал мен Жемнің арасындағы мұнайлы өңірден қаражатын аяп қалуы күнәһәрлікпен пара-пар. Өйткені, оның ертеңгі қайтарымы он есе, он есеге жуық екенін дәл бүгін ескермесек ертең кеш болады! «Темірді қызған кезінде соқ деген» Ұлы көсем сөзін ұмытпайық!

Қазақ мұнайшысының әңгімені экономикалық талдаулардан бастағаны Алексей Николаевичке ұнап қалғанын зәулім залда отырған барша қауым бірден байқады. Одақта және социалистік шетелде «білгір экономист» атағы бар Косыгин манадан бері алғаш рет өзінің тәні мен сезіміне аса жақын тақырыптың қозғалғанына аса риза кейіппен Сағынғалиевке бір-екі жауынгер сұрақ қойды. Елдің, алыс бекеттердегі мұнайшылардың хал-ақуалын сол жерден келген азаматттың аузынан естіп, білгісі келіпті Премьер-Министрдің. Тап-тұйнақтай Бөлекбай ол туралы да ақаусыз баянат жасады.  

Косыгин Сағынғалиевтің айтқан әңгімесінің негізінде алдымен КСРО секілді АҚШ-ты өкшесіне ілестіріп келетін алып елдің экономикалық ақуалына тоқталды. Одан соң министрлердің «құлағына алтын сырға» тақты. Осынау зәулім сарайда өтіп жатқан салмақты әңгіменің үзіліске дейінгі бөлігі Бөлекбайдың баяндамасынан басталып, Ел басшысы Брежневке телефон шалумен аяқталды. Бас Хатшы Леонид Ильич Брежнев Кавказда демалып жатыр екен.

Бөлме іші-тым тырыс бола қалды.

Амандық-саулықтан соң Косыгин бірден «қазақ жолдастардың» есебіне қанағаттанғанын айтып салды. Бөлекбай бәрін де көрген түстей қабылдап, толқып отыр. «Патша не дер екен?» Косыгиннің аз сөйлеп, көп изегеніне қарағанда, екі аралықта түсіністік әңгіме жүріп жатқан болды. Косыгин бастығына елімізде тұңғыш рет таза сынақ жасалатын Теңіз кенішінің ғаламат болашағы, қазір алдында отырған «қазақ жолдастардың» ілкімді іс-қадамы туралы  қайталай-қайталай айтып жатты, өз баснынң қанағат алғандығанан шығар…

Үзілісте Бөлекбайды алдымен әзірбайжандық мұнайшы әріптестер қуана келіп, оны бүгінгі жеңісімен құттықтап қолын қысты…

*   *   *

Ертесіне «қазақ жолдастарды» Косыгиннің орынбасары Дымшиц қабылдап, Қазақстан мұнайшыларының материалдық-техникалық жағдайына байланысты жеке дара жиналыс өткізді. Арнайы құзырлы да мәртебелі шешім қабылданды. Жоғарыдан нұсқау солай берілген. Қуаныштысы сол күннен бастап Кремльдегі құрылған жұмыс тобы тиісті мемлекеттік құжат жасауға отырды. Көп кешікпей, яғни 1981 жылдың 4 маусымында СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі «Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстары күшейту және мұнай газ өндірісін өркендету жөніндегі» №522 Қаулысы шықты. Қазақ мұнайшысы үшін қадір-қасиеті зор ол Қаулы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. Барлығы 35 бөлімнен тұратын атақты Қаулының бір парасы былай болып келеді:

  1. Халық шаруашылығын өркендету мақсатында Батыс Қазақстанда 1981 – 1985 жылдары барланып, анықталған мұнай және газ өндіруді өркендету міндеттері алға қойылды.
  2. КСРО Геология министрлігін, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі және КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігін 1981–1985 жылдары Батыс Қазақстанда барланып, анықталған 700 миллион тонна мұнай, 130 миллиард текше метр газ қорын игеру үшін 2 миллион метр көлемінде тереңдік қазып барлау міндеттелді.
  3. КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігіне және «Ембі мұнай» бірлестігіне 1982 жылы Теңіз кенішінің өндірістік қорын есептеу жүктелді.
  4. КСРО Геология министрлігін, Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 1982 жылы Жаңа жол, Қарашығанақ өндірістік қорын есептеу жүктелді.
  5. КСРО Министрлер Кеңесіне Және Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне өздерінің қарауындағы басқа министрліктер мен ведомстволардың осы Батыс Қазақстандағы, әсіресе, Теңіз, Жаңа жол, Қарашығанақ кеніштерін игеруге көмектесулері міндеттелді.

Бөлекбай Сағынғалиев осы Қаулының негізінде Одақтық танымал ғылыми-зерттеу институттарының Теңізге ерекше бет бұруын тездетті. Ойпаттағы бұрғылау қондырғыларының санын 20-ға жеткізген Сағынғалиев олардың шоғырланып жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бір сөзбен айтқанда, «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиевтің Мәскеу барған сол бір сапары атақты кенішті (Бүгінгі «Теңізшевройл» – авт.) барлау мен өндірісті толыққанды бағалау  мерзімін 5–10 жылға қысқартты! Теңіз кенішінің игерілуін жылдамдатты. Бас директордың  Кремльдегі «5 минуттық айқын жеңісі» өндірістің барлық саласында жырға қосылғандай леппен айтылып жүрді.

…Cол жылы Бөлекбай Сағынғалиев СОКП Орталық Комитетінің ХХҮІ съезіне делегат болып қатысты.

Талғат СҮЙІНБАЙ

(«Бөлекбай Сағынғалиев» кітабынан – Қазақ мұнайының ардақтылары өмірбаян сериясынан, 2006 жыл.)