Құндылықтың құны қандай?

 Адам бар жерде құндылық та бірге жүретіні белгілі. Дегенмен оған көзқарас та әртүрлі. Әркімнің өз құндылығы бар.

 

Абай Құнанбайұлы қара сөздерінің бірінде: «Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойландым» деп өзіне сауал тастайтыны бар. Шынында да, қазір нені қадірлеп, құндылық деп танып жүрміз? Сіз үшін басты құндылық не? Осы сауалды түрлі сала өкіліне сауал жолдап көрген едік.

«Құндылық дегеніміз – тәрбие», – деп жауап берді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова. Мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшым­­­­баев­тың пайымынша, ғылым мен білім – бас­ты құндылық. Мұғалім Сәуле Есма­­­­ғанбетова – ар-ұятты, зейнеткер Гүлнұр Аблахатова адамгершілікті құндылық санайды. Ал заңгер Қанат Қожабеков адам өмірі мен бостандығынан артық құн­дылық жоқ деп кесіп айтты.

Хакім Абай жоғарыдағы өз сауалына қатысты өзінің бай-мырзалардан, би-болыстардан жерігенін айта келіп, өзі былай жауап береді: «Енді, әлбетте, момындығынан: «ырыс баққан дау бақ­­­­пас» деген мақалмен болам деп, берге­­­­німен жаға алмай, жарымын беріп, жа­­­­­­рымын тыныштықпен баға алмай, өзі залым, қуларға жеміт болып жүрген мо­­­мын шаруаны аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды, сонан басқаны таба алмадым» (22-қара сөзінен).

ХІ ғасырдағы түркі әлеміндегі белгілі ойшыл Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» еңбегінде «Уайым жоқ – сөзің тегін кетпесе, өкініш жоқ – күнің босқа өтпе­­­­се» деген ұстанымды алға тартыпты. 

Мәжілісмен Жұлдыз Сүлейме­­­­нова­­ның ойынша, барлық құндылық тәрбиеден бастау алады. «Тәрбие – білім процесінен ешқашан бөлінбеуі керек. Тәрбие процесі – сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта, мектепте, отба­­­­­сында түрлі құндылыққа негізделе оты­­­­рып жүзеге асырылатын тұтас про­­­­­цесс. Сондықтан оған құндылық деп қарасақ, ұтылмаймыз», – дейді депутат. 

Алматыдағы №117 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Есмағанбетова «Мен үшін негізі құнды­лық – адамның ар-ұяты, тазалығы. Адамдарды сол қасиетімен бағалаймын, адам бойындағы жан тазалығын бірінші орынға қоямын. Ар-ұяты жоғары адам­­­­­нан жамандық тумайды» десе, зейнеткер Гүлнұр Аблахатова өз жауа­­­бында: «Құн­­­­ды­­­­­лық деген – адамгершілік. Адамгер­­­­­шілік – адам бойындағы асыл қасиет­­­тер­­­­дің бірі. Ол адам мен адамның қа­­­­­­­рым-қа­­­­­т­ынас жасауынан, жай-күйін түсінуден, қиыншылықта көмек беру, қолдау көрсетуінен көрінеді», – деп жазыпты. Білім мен ғылымды жоғары қоятынын айтқан мемлекет және қоғам қай­­­­­­­раткері Зейнолла Алшымбаев: «Өт­­­­­кен өмірімнен түйгенімнен айтар бол­­­сам, әркім өз өмірін бағдарлай білуі ке­­­­рек. Алтын уақытыңды босқа өткізіп ал­­­май, жас кезіңнен білім мен ғылымнан нәр іздеу керек. Ұлы Абай «Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деп текке айтқан жоқ. Адамның жақсы өмірге, мол игілікке жетудегі бірден-бір жолы – білім мен ғылымда. Екіншіден, қандай жағдайда да сабырлы болу. Нәресте жалған дүние­­нің есігін ашқаннан шынайы өмірге қадамы басталады. Сол жолда адам баласы не көрмейді? Сол сынақтарда төзімді болу керек. Өмір сынағына төз­гендерге бақ та, дәулет те береді», – деп түйіндепті. 

Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ до­­­­­центі, заңгер Қанат Қожабек әр адам үшін, мемлекет пен қоғам үшін ең басты құн­­­дылық – адамның өмірі және құқығы мен бостандығы болуы тиіс дейді. «Біз адамның құқығын құндылық ретінде қарауымыз керек. Ол туралы Констит­­­уцияда да нақты жазылған. Бірақ көп жағ­д­айда ол екінші орынға қалып қойып жататыны жасырын емес. Адам өмірі бір рет қана беріледі және ол қайталанбайды. Басқа құндылықтың барлығы адам өмірі мен құқығы және бостандықтарынан туындайды. Осыны ұмытпайық», – дейді ол. 

Құндылық туралы көзқарас адамның ғана емес, тұтас мемлекеттің болаша­­­­­­ғынан хабар береді. Таяуда Қазақ­­станның стратегиялық зерттеулер ин­ституты (ҚСЗИ) ұйымдастырған са­­­­­рап­­­тамалық алаңға жиналған елі­­­міз­дің жетекші тал­дау орталықтары қа­­­зақ­­­­­стандықтардың қазіргі құндылық бағдарлары туралы өз зерттеулерінің нәтижесін ұсынды. Кез­­десуге Қол­­данбалы этносаяси зерттеулер ин­­ститутының, қазақстандық қоғамдық даму институтының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының, Фило­­­софия, саясаттану және дінтану инсти­­­тутының, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­­ми-практикалық орталығының, сон­­­­­­­­­­­­­­­дай-ақ «Ұлттық ұстаз онлайн акаде­­­миясы» ор­талығының өкілдері қатысты.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовтың сөзінше, соңғы онжылдықтарда Қазақ­­­станның ЖІӨ тұрақты өсім көрсеткен­діктен, базалық құндылықтар да өзгеріп жатыр. «Мемлекеттің экономикалық прогресі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді, сондықтан қазақ­стандық қоғамның мәдени және базалық құндылықтарының өзгеруі сөзсіз», – деді ол. ҚСЗИ-дің әлеуметтік сауалнама нәтижесіне тоқтала отырып, Е.Тұқымов халықтың үш тобының сипаттамасына жан-жақты тоқталды. «Бірінші топ – дәстүрлі, материалистік құндылықтарды ұстанушылар. Екіншісі – постма­­­териалистік құндылықтарды ұстану­­­шы­­­­лар. Үшінші, ең үлкен топ – аралас құндылықтарды ұстанушылар», – деп атап өтті ҚСЗИ директоры.

Институт мамандары өз зерттеуінде құндылықтардың алты негізгі трендін ұсынып отыр. Оған сүйенсек, сауал­­­­нама­­ға қатысқан респонденттердің 98%-ы отбасы құндылығын жоғары қоятынын айтса, екінші құндылық – достық. Яғни, 91%-ы достықты ту ететінін айтқан. Рес­понденттердің 89%-ы бос уақытты пайдалануды құндылық деп санайды. «Бұл – заманауи трендтің бірі» деп тү­сіндіреді институт қызметкерлері. Өз жұмысын құндылық ретінде көретін­­­­дер – рейтингте төртінші (88%) орында. Респонденттердің 76%-дан астамы дінді құндылық деп таныса, 61%-дан астамы саясатты атаған.

Жиында Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Елена Бурова қазіргі қазақ­стандық қоғамның діни және зайыр­­­лы құндылықтарының арақатынасының әлеуметтанулық өлшемдеріне тоқталды. «Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, 90-жыл­­­­­­дардан бастап қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық қоғамды дінге айналдыру үдерісі діни қайта өрлеу ке­зеңін бастан өткерді. Бұл кезде дін институт ретінде қайта жанданып, діни құндылықтарға қайта оралды. Қазір діни дәстүрлер мен діни тәжірибелер зайырлы институттармен, дәстүрлермен және тәжірибелермен бәсекелесе бастады. Өз өмірлерін діни құндылықтармен байла­ныстырып қазақстандықтардың 19%-ы құруда», – деді Е.Бурова.

Сондай-ақ кейінгі жылдары мектеп оқушыларының өмірлік көзқарасында да ерекшелік байқалып отыр. «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының жетекшісі Гүлмира Қорғанбаева қазіргі жасөс­пірімдер өзіндік менін алға шығарғанды ұнатады. «Оларды зумерлер мен альфа­лар буыны деп атайды. Олар бірінші кезекте «мен өз мінезім бар жеке адам­мын» дегенді айтады. Екінші құнды­лығы – еркіндік. Ол уақытты, мұғалімді таңдауларынан көрінеді, бұл қазір білім беру жүйесінде өте айқын байқалуда. Ал Z ұрпақ пен Aльфа ұрпақтары үшін міндетті құндылық – шығармашылық, инновация, мағынасы бар жаңа нәрсе жасау», – дейді ол.

Байқап отырғанымыздай, түрлі буын өкілдері арасында да құндылықтарға көзқарас өзгерген. Мамандар оған урба­низация, әлеуметтік-экономикалық жағ­дай, демографиялық және ұрпақ алмасу өзгерістері секілді факторлар әсер етіп жатқанын айтады. Демек, ру­хани құндылықтар заман ағымымен байып, жаңарып отырады. Бұл үдерісті ізгілікті қоғам құрудағы ілгері жылжудың көрінісі деп қабылдау қажет шығар. 

Бауыржан БАЗАР

 

Источник: https://aikyn.kz/262205/k-u-ndylyk-tyn—k-u-ny-k-anday