Ардагерлер ой ойлап, ой толғайды,
Тілеулес боп мұнайға, пікірлерін жолдайды,
«Қарттарын қазынам» деп, санағандар,
Биіктен көрінеді, кем болмайды!
Иә, бір шумақ өлеңге бәрі сыйып тұрғандай, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев керемет бір кездесу ұйымдастырды, ол ардагер мұнайшылар үшін де, кейінгі толқын мұнайшылар үшін де ерекше әсерлі болды.
Біздің қазақта «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» — деген «қанатты» сөз бар, олай десек мұнай саласында артына өшпес із қалдырған «Қарты бардың қазынасы бар» — демекші ардагер мұнайшылардың кейінгі буын мұнайшылармен, ел экономикасының жетекші саласын басқарып отырған «Қазмұнайгаз» басшылығымен өткен жылды аяқтап, келген жылдың басында кездесуі ерекше орны бар кездесу деп айтқым келеді. Бұл сонымен қатар «Халық үніне құлақ асушы мемлекет» — саясатын ұстанып отырған мемлекет басшысының жұмысына қолдау білдіріп, іске асыру шарасы деуге де болады.
Келіп жеткен күнтізбелік жаңа жыл барлығымызды жаңа жақсылығымен қуантсын демекпін. Биылғы 2024 жыл ел мұнайшылары үшін Қарашүнгілден бастау алған Қазақ мұнайының 125 жылдығымен, Өзен мұнайының 60 жылдығымен және де Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі жобалардың, үлкен мұнай кен орындарының ашылуына 45 жыл толуымен ерекшеленеді.
«Мұнай-газ кешені ардагерлері»-нің Республикалық Қоғамдық бірлестігі басшысы Анатолы Орынғалиұлы өз сөзінде, қоғамдық бірлестік құрылғаннан бері ардагер мұнайшылармен бірге бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізіп, белсенді жұмыс атқарғанын айтты. Осы қоғамдық бірлестіктің ең ірі құрамдас бөлігі Атырау филиалы саны жағынан ең үлкені өз жұмысын ардагер мұнайшылармен тығыз байланыста жүргізіп, облыстың қоғамдық өмірінде белсенділігімен көзге түсіп келеді.
«Ембімұнайгаз» Қазақ мұнайының қара шаңырағы, еліміздің мұнай-газ саласында 100-жылдық тарихы бар ең алғашқы отандық кәсіпорын. Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ, бүгінгі Маңғыстау облысындағы Жетібай, Өзен мұнай кен орындары, тіпті атышулы Теңізде Ембінің шекпенінен шыққаны, АМӨЗ бен Батыс Қазақстан магистралді мұнай құбырлары басқармасыда «КазТрансОйл»-дың негізін қалайтын кезінде Ембі мұнайы үшін құрылғаны тарихтан белгілі.
Атыраулық мұнайшы ардагерлер өздері кезінде еңбек еткен, болмаса мекемелері казіргі тілмен айтқанда сервистік қызмет көрсеткен еңбеккерлер байырғы мекеме «Ембімұнайгаз»-дың шын жанашыры, тілеулесі.
Бүгінгі таңда мұнайшы ардагерлерді:
1.«Қазмұнайгаз» тарапынан «Ембімұнайгаз» территориясындағы бұрынғы әскери полигон Тайсойғанда жаңа мұнай кенорындарын табу бағытында геофизиқалық іздестіру жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесімен барлау-бұрғылау жұмыстары биыл басталғалы отырғандығы қуантады.
Алынатын өнімді мұнай қорын көбейту арқылы өсіру мұнайшылар үшін қай уақытта да ең өзекті мәселе болып есептелінеді. Ал, «Ембімұнайгаз» үшін бұл мәселенің орны тіптен ерекше, себебі бүгінгі таңда Ембіде алынатын қордың қалғаны 85 млн тонна мұнай және оның жартысынан астамы қою, тұтқырлығы жоғары, сонымен қатар, өткізгіштігі (проницаемость) төмен мұнайлы қабаттар. Сондықтан, «Қазмұнайгаз»-да, Ембіліктер де іздестіру-барлау жұмыстарына көбірек көңіл бөлгені дұрыс.
2. Сонымен қатар мұнайшы ардагерлерді Батыс Прорва мұнай кен орнының таза газ горизонтын пайдалану арқылы еліміздің газ ресурсын көбейту мақсатында зерделеу жұмыстары газ жобасы (газовый проект) бойынша жүргізіліп жатқаны қуантады.
Бұл жерде бұған қосымша Орталық-Шығыс Прорвада, С.Нұржанов атындағы мұнай кен орнындағы ілеспе газы жоғары ұңғымалардың өнімін шектемей, оларды оптимальды режимде жасатып, газ ресурстарын көбейтсе деген де ой бар. Әрине, түпкі шешім «Газ жобасының» техникалық-экономикалық негіздемесінің нәтижесіне байланысты алынатыны бәрімізге түсінікті.
3.«Ембімұнайгаз» өткен 2023 жылы өзінің өндірістік жоспарлы көрсеткішін орындағанмен, өнім өткізу арқылы табатын қаржылық табысын орындай алмады. Оған басты себеп, сыртқы нарыққа, яғни экспортқа шығаратын өнімнің бұрынғы жылдармен салыстырғанда көлемінің азаюы, ішкі нарыққа шығаратын өнім көлемінің көбейгендігі. Сонымен қатар, өткізілген өнімінің нақты бағасының жоспарланған бағадан төмен болуы Акционерлік қоғам экономикасына түптеп келгенде теріс әсер тигізуі болды.
Соның нәтижесінде «Ембімұнайгаз» жыл қортындысында өнім өткізуден жоспарланған қаржыдан 69 млрд теңгеге кем қаржы тапты, ал экспортқа шығарған мұнай барлық өткізген мұнайдың 38% -ын құрайды, ішкі нарыққа 62%-ы жөнелтілді де, баға жөнінен, экспортқа өткізген мұнайдың бағасы ішкі нарыққа өткізген мұнайдың бағасынан 3 есе артық болды.
Біз, мұнайшы ардагерлер «Ембі» сияқты байырғы кәсіпорнының өнімін экспортқа көбірек жөнелту арқылы, экономикасына қолдау көрсеткен дұрыс деп есептейміз.
4.«Ембімұнайгаз» сияқты қала құрушы (градообразующий) Атырау облысының ірі кәсіпорны бүгінгі таңда қажет болғанда жергілікті жердегі халыққа «Спонсорлық» — Демеушілік көмек көрсете алмай келеді. Бұндай мәселемен шыққандарға біз шеше алмаймыз, «Самұрық-Қазына»-шешеді деп жауап береді. Ал, бұндай жауап «Ембімұнайгаз» сияқты ірі мекеменің жергілікті жердегі халықтың алдында абыройына нұқсан келтіреді деп есептейміз. Бұл мәселенің алдағы уақытта оң шешімі табылғаны дұрыс!
5.Кезінде «Ембімұнайгаз»Теңіз кен орын ашып, 1991 жылдан өнім бере бастап, 1993 жылы Қазақстан-Американ бірлескен кәсіпорын болып құрылғаны бәрімізге белгілі. Қазақстандық кәсіпорын ретінде үлкен көлемде салық төлейді, бюджетке қомақты үлес қосып отыр. Теңіз кеніші пайданалудан бері күні бүгінге шейін 560 млн.тонн мұнай өндірді, енді 2033 жылы келісім-шарт біткенге шейін зауыттың 3-ші буыны іске қосылып жылына 40 млн.тонна мұнай өндіргенде 900 млн.тоннадай мұнай өндіреді. «Теңіз»-дегі үлесіміз басында 50 % пайыздан асты, қазір 20%, алынатын қоры 1200 млн.тонна, келісім-шарт біткеннен кейін бізге қалатына 300 млн.тонн мұнай шамасында. Келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін мұнайын қалай өндіреміз, біз оған дайынбыз ба? Пайдадан түсетін үлесіміз қандай болмақ?
Қазақстан өз территориясындағы жерасты байлығының да, жер үсті байлығының да «толық» қожасы өзі болуға тиіс деп ойлаймыз.
6.«Каспий» теңізі деңгейі бүгінгі күні 20-25 км-ге кейін шегініп кетті, шегініп судан босап қалған территорияда кезінде сейсмобарлау (2Д) нәтижесімен перспективалы алаңдар байқалған, ондай алаңдарға шығып мұнай қорын көбейтуге жұмыстану керек деп есептейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына өз жолдауында жаңа мұнай кенорындарын табуды, осыған байланысты геологиялық барлау жұмыстарын кеңірек жүргізуді, күшейтуді тапсырған болатын.
7. Сонымен қатар, Атырау облысы және Атырау қаласы бойынша бәрімізге белгілі проблемалық экологиялық мәселелерге тоқталып отырғаным жоқ, бұл бағытта жоспарлы кешенді жұмыстарды тезірек орындауымыз қажет деп ойлаймын.
Жалпы алғанда ардагер мұнайшылардың «Қазмұнайгаз» басшысымен кездесуі келелі кеңес, жақсы пікір алысу күні болғаны анық.
Ізбасов Максим Шафихұлы — Республикалық «Мұнай-газ кешені ардагерлері» Қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалы бойынша директоры, Атырау облысының Құрметті Азаматы, «Ембімұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.