Мектеп оқушыларымен кездесу өтті

“Мұнайгаз кешені ардагерлері” РҚБ-і Кеңесінің мүшесі, Мемлекет және қоғам қайраткері З.Алшымбаев үстіміздегі жылдың,қаңтар айының 19-шы жұлдызында Астана қаласындағы “Нұрорда” мектеп-лицейінде оқушылармен “Еңбектің рахаты. Еріншектік жаман әдет” тақырыбына сабақ өткізуге шақырылды.

 

Ол өз сөзінде қазақ ертегілеріндегі еңбек етіп, тер төкпей оңай олжа іздейтін, еріншек, жалқау кейіпкерлерді мысалға ала отырып, балаларға түсінікті тілмен алға қойған мақсатқа жетудің кілті еңбекте, барлық істі ақылмен істеу керектігін түсіндірді.

Жас кезден бойкүйездік пен еріншектікке салынбай, алдарына жоғары мақсат қойып, өнер, білім, ғылымды меңгеру маңыздылығын, -ол үшін күнделікті оқуларына мұқият болу қажеттілігіне тоқталды.

Сонымен бірге, оқушыларға қазақ ақындарының осы тақырыпқа арналған тәрбиелік мәні бар бірнеше шумақтарын оқып, мән-мағынасын түсіндірді. Қазақ фольклорындағы “Еріншектің етегі толмас, жалқаудың жан рахаты болмас” дегендей байлық та, дәулет те, жайлы-жақсы тұрмысқа жету жолы біліммен, еңбекпен келеді деді. Сондықтан, оқушыларға осы кезден талапты, ынталы, жігерлі болуларына тілегін білдірді.

Зейнолла Өтежанұлы сөзінің соңында:
Талаптыға жасымас жігер керек,
Келер деп жалтақ болма кімнен көмек.
Ешкімнен де келмейді, мұны анық біл,
Сол үшін, білім керек, оқу керек… деп ақын жолдарында айтылғандай, оқушыларға болашақтары жарқын болуларына, жақсы білім алып, алдарына қойған мақсаттарына сай, өз күштеріне сенетін маман иелері болып, қоғамнан өз орындарын табуларына сенім білдірді.

Ұжым атынан Майраш Ескерменқызы Жұрымбаева, оқу сағатын ұйымдастырып, білімді ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін З.Алшымбаевқа “Нұрорда” мектеп-лицей директорының Алғыс хатын тапсырды. Жас ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуы жолына арналған осындай игілікті істер жалғасын таба береді.

“МНГК” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ