Өнегелі өмірі ел есінде

Адам еңбегімен қадірлі, артында қалдырған өнегелі ісімен өміршең, кісіге көрсеткен жақсылығымен жасампаз. Белгілі мұнайшы–энергетик, қазақ мұнайының ардагері Нұрлыхан Бекбосынов туралы айтқанда, оның өмір жолын, осылай қарапайым тілмен сипаттауымызға болады. Оның өткен өмір жолдарының алғашқы сатыларының күрделі де, қиын- қыстау жағдайда өткенін еститінбіз. Отан соғысының құрбаны болған әкесінен бес жасында жетім қалып, Гурьев облысының, Еспол ауданындағы жетім балалар үйінде балалық, жасөспірім шағы өтіпті. Өз әулетінің қамқорлығын сезінбеген, туған жерінен алыстап кеткен, сөйтіп ержеткен Нұрлыхан ағамыз ортасынан ойы озып, қатарынан қалпы озып жылдар өте халқының сүйікті перзенті атанды.   

 Нұрекеңді мен  70-ші жылдардың басында «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнына алғаш қызметке келген кезімнен бастап білемін. Көп жылдар бойы Жаңаөзен қаласында, облыс басшылығында, өндіріс саласында басшылық қызметте үзеңгілес, істес болдық. Оның атқарған алуан істері елге аян, дегенмен кейбіріне тоқталып кетейік.

          Ол кезең қаланың іргетасы қаланып, қабырғасы бекіп, «Өзен» кен орнында мұнай өнімінің қарыштап өсіп, халық санының да жыл санап көбейгенімен – соған  сәйкес тұрғындар талабынан туындайтын әлеуметтік шаралардың қарқынды іске асырылуымен есімізде қалды. . .

Нұрлыхан Өтеуұлының Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары кейіннен елімізде «тоқырау кезеңі» деп тарихқа енген қиын жылдар еді. Дақпыртқа әуестік, даңққа құмарлық о баста Өзен кен орнының  мүмкіндігін тыс асыра бағалап жібергенін білеміз. Табиғатта өлшеусіз ештеңе жоқ. Жоғарыдан негізсіз берілген жоспарды орындау мүмкін емес. Жағдайдың солай екендігін айтқанға жоғарғы жақтағылар құлақ аспайтын. Бұған дейін өмірдің сан тарау күрделі жолдарынан өтіп ысылған, білімі мен білігі жеткілікті маман болып қалыптасқан Нұрекеңе сол уақытта нағыз қайрат, төзім, жігер көрсетуге тура келді. Ақыры биліктің көзін ақиқатқа жеткізді.

Өндірісті жаңаша басқару батыл қолға алынды. Өзен — күрделі кен орны. Мұнайы қою. Көп сатылы қабатта жатыр. Оны басқа жерлердегідей жер қабатының өз қысымы арқылы, болмаса сораппен ала беруге болмайды. Мұнайды алу үшін қысым арқылы сыртқа айдау қажет. Яғни сырттан әсер көп керек, соған сәйкес басқа да жұмыстары көп. Мысалы, су айдап, ұңғылардың құбырларын ерітіндімен шайып отырмаса болмайды. Ал бұлардың бәрі үшін арнаулы құрылғылар салу керек. Ал олардың әрқайсысы бір-бір алып нысан. Үлкен зауыт  деуге болады. Мұның бәрі қосымша шығын. Және көп жұмысы ғылымның, техниканың соңғы жетістіктеріне негізделген. Өзен кен орны игерілуінің ғылыми жетістіктер негізінде сүйеніп, қарыштап, Нұрлыхан Өтеуұлының ұйымдастырушылық қырының жарқырай көрінген кездері осы жылдар еді. Құрамында парафин қоспалары көп мұнайды өндірудің бір ізге түскен технологиясы солай Өзенде дүниеге келген болатын.

Н. Бекбосыновтың бірінші хатшы ретіндегі басты қызметі мұнай-газ өнеркәсібін жолға қоюмен бірге, әлеуметтік мәселелерді шешу болды. Баяғы соғыс кезіндегі «мұнайшылар, мұнай бер» ұраны ол уақытта әлі күшінде болды, ал өнім қаншама мол алынбасын мұнайшы қауымының әлеуметтік мәселелері шешусіз қала беретін. Барлық қажеттің бәрі, ең аяғы  ауыз суға дейін сырттан тасып әкелінетін Жаңаөзен қаласының проблемалары жетіп артылатын еді. Тіпті халықтың 70 шақырым жердегі  теңіз жағасына барып демалатын мүмкіндігі де болмады. Себебі біреу, баратын жол жоқ.  Қала мекемелерінің күшімен алдымен жол салып, кейін Кендірлі шығанағынан демалыс аймағы салынды. Кендірлі шығанағында  әлемдік озық жетістіктерге сай курорттық қалашық салынбақ жоспары бар екені баспасөзде айтылып жүр, яғни болашақта үлкен туристік демалыс аймағына айналмақ. Айтпағымыз–осы бір игілікті істің бастауында  да Нұрлыхан аға қолтаңбасының жатқандығы

Н. Бекбосынов «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің бас директоры қызметін де жемісті атқарды. Одақтың сол кездегі үрдісінде мұндай алып бірлестік түгілі, жылына 10 миллион тонна мұнайды бірде беріп, бірде бермейтін басқа республикаларда жергілікті ұлт өкілін бірінші басшы қою  сирек. Бұл, сөз жоқ, Мәскеудегі одақтық министрліктің, сол кездегі облыс басшылығының, Н. Бекбосыновтың кәсіби шеберлігін мойындауы, оның іскерлігіне ден қойып бағалауы еді.

Сол кезеңде атқарылған маңызды істердің тағы бірі «Құмкөл» кен орнының игерілуі. Қызылорда облысынан «Құмкөл» кен орны ашылып, игерілуіне дайындалып жатқан кезде, бір күні Н.Бекбосыновты Алматыға  Министрлер Кеңесіне шақырды. Шақыртылған шаруа «Құмкөл» кен орнына қатысты екен. Одақтық мұнай саласының басшылығы «Құмкөлді» татар мұнайшыларының көмегімен ауысым арқылы игермек. Сібірде сыналған әдіс. Сөйтіп, министрлік елді мекен салуға құлықсыз ойда болды. Ескі кен орындарындағы кадрларды пайдаланбақ, олар артығымен жетіп артылады. Қажет маманды солардың ішінен конкурстық негізде таңдап алуға болады деп шешкен. Ал  Қазақстан басшылығының ойы басқаша, «Құмкөлді» бұлай игерумен келіскісі жоқ.

Қазақстан Министрлер Кеңесінде «Құмкөлді» маңғыстаулық мұнайшылар көмегімен игеру мүмкіншіліктері талқыланды. Нұрекеңнен осы мәселе бойынша  кеңес сұрады. Бас директор ойлануға уәде берді. Дәл сол жерде шешімді жауап айта алмауы, бар билік Мәскеуде. Солардан асып кете алмайды, әйтсе де, ел мүддесі үшін бұл ұсыныспен іштей келісіп, тіпті сол үшін басшылыққа риза болып ортақ мүдде үшін іс-қимыл жоспарын қамдауға кірісіп те кетті. Бұл мәселе көп ұзамай КСРО мұнай министрі алдында қаралды. Одақтық министр біржолата келісіліп, шешіліп қойылған мәселені қайта  талқыға салуға қарсы болған. Баяғы Сталин заманынан қалған қағида бойынша мұнда қабылданған шешім төменгілер тарапынан қайта талқыланбайтын. Дегенмен, Н.Бекбосыновтың орынды пікірлерімен келісуіне тура келді. Соңғы уәж, «Құмкөлді» игеру Маңғыстаудың мұнай өндіру қарқынына кері әсер етіп жүрмеуі тиіс.

          Ресейден ауысымдық әдіспен мұнайшылар апарып игеру оңайға түспейтіндігін, «Құмкөлді» игерудің Маңғыстаудың өндірісіне кері әсер етпейтіндігін, қайта өнім көлемі ұлғаятындығын айтып, министрді сендірген Нұрлыхан Өтеуұлы іске кірісіп кетті. Кадр жағдайы Маңғыстауда шешілген, ұлттық кадрларымыз жетілген кезең болатын. Солардың көмегімен енді Қызылордада мұнайшылар дайындау басталды. Одақтық министрмен тіл табысқан бас директордың шаруасы оңға басып, «Құмкөлге» қатысты қаржы мәселесі де тездетіліп шешілді. Нұрекеңнің «Құмкөл» мәселесіндегі ұстанымы былай болды, – онда Маңғыстаудан тек маман мұнайшылар ғана барады. Құрылысшы, тракторшы, т. б. мамандар жергілікті жердің өзінен болады. Сөйтіп, жергілікті жердің жастары жұмыспен қамтылды. Сол жылы Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтына Қызылордадан 10 жас жігіт жіберілді. Жаңаөзендегі мұнай техникумына да ондаған жастар келді. Бәрінің оқу қаражаты «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінен болды.

Талай жаңа кен орындарын игеріп қатарға қосқан маңғыстаулық мұнайшыларға «Құмкөлді» игеру қиынға түскен жоқ. Мұндағы жұмыс басына өндірісте шыңдалып, мұнайшылық мектептен өткен қызылордалық азамат Мұрат Саламатов жіберілді. Нұрекең өзі таңдап, үлкен сенім артып жіберген. Мұрат Ғазизұлы ол сенімге селкеу түсірмей белсенді қызмет етті. «Құмкөл» тез арада аяғынан тұрып кетті. Қазір ол Қазақстанның қазыналы кенді өндірісі, белгілі мұнайлы ошағы.

Бас директор Н.Бекбосыновтың бұл жылдардағы Маңғыстауда жасаған тағы бір үлкен өзгерісі– краснодарлық мұнайшылар ауысым арқылы келіп игеріп жатқан Қаражанбас кен орнын біржола бірлестік қарамағына алып, Бозашы түбегіндегі кен орындарына ауыл жастарын жаппай тартқаны еді. Және ол жастарды тегіс әртүрлі курстарда оқытып, мамандық әперді.

КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануы Нұрекең өміріндегі елеулі оқиғаның бірі болды. Осыған дейін Маңғыстауда жарты құдай болып тұрған уран өндіретін кешеннің бас директорымен қатар түсіп, басым көпшілік дауыспен өтіп, халық үлкен сенім көрсетті. Бұл Нұрлыхан Бекбосыновтың еліне қылған қызметін халқының бағалағаны еді.

Кейін Одақ  тарағасын, Н.Бекбосынов ҚР Энергетика және отын министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Тікелей міндеті — жас мемлекетіміздің мұнай байлығын игеруді өз арнасымен болашаққа алып бару. Бұл қызметтегі жылдар бедерлі де айшықты. Ең бастысы, Н.Бекбосынов қазақтың көмірсутекті қазынасына ие бола аларлық үлкен ұлттық мамандар шоғырын тәрбиелеп, қалыптастырды. Олардың арасында қазіргі белгілі мұнайшылар бар.

Нұрекеңнің соңғы жылдардағы қызметі тағы да қазақ мұнайымен байланысты. Қаражанбас кен орнын игеретін шетелдік компания президентінің техника, технология жөніндегі кеңесшісі. Ең бастысы, компаниядағы ұлттық мемлекеттік мүдденің басты жоқтаушысы. Ол кісінің жігері арқасында әбден тұралап біткен кен орны бас аяғы үш жыл ішінде қатарға қайта қосылып, өнім көлемі бұрынғыдан үш есеге артты. Компаниядағы жергілікті жұмысшылар саны көбейді. Әлеуметтік теңсіздіктерге жол берілген жоқ. Шетелдік компания басшыларының елді танып-білуі жақсарып, құрметі артты. Ол көзқарас Ақтау қаласында, бірқатар елді мекендерде халық игілігі үшін компания қаражатына салынған әлеуметтік, мәдени құрылыстар, ғимараттар ретінде көрініс берді.

Нұрлыхан аға барлық басшылық қызметтерінде еңбексүйгіштік, табиғи қарапайымдылық, айналасындағыларды құрметтеу, адалдық, тәртіптілік, жоғары кәсіби шеберлік қасиеттерімен ерекшеленді, елдің мүддесін бәрінен биік қойды. Еңбегі зая болған жоқ, кезінде негізінен мал жайғаған халықтан тұтастай мұнайшылар ұрпағын тәрбиелеп шығаруға үлес қосты. Елдің дастарханының, ырыс-несібесінің көбеюі үшін аянбады. Нұрлыхан аға Отанға, Елге, Туған жерге адал қызмет етті десек қателеспейтініміз анық

Әр кезеңдерде Нұрекең қызметтес замандастары, бүгінде ортамызда жоқ Х.Өзбекқалиев, Р.Өтесінов,  В.Тимонин, А.Дергачев, Т.Сарбуфин, Н.Марабаев, В.Костянов, Ю.Корчагин, Ж.Айтенов, А.Азербаев, Б.Бозжігітов, С.Сайдазимов, М.Саламатов, Қ.Байкенов және тағы да басқа азаматтармен бірге халқымыздың мүддесіне барынша аянбай қызмет етті.

Өткен жылы, Ақтау қаласындағы энергетикалық колледжге, еліміздің мұнай–газ саласын дамытуға зор үлес қосқан, саланың ірі ұйымдастырушысы, белгілі мемлекет қайраткері, Н.Бекбосыновтың есімі берілді.

Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 8–ші жұлдызында, колледждің елу жылдық мерейтойы аясында, атақты мұнайшы–энергетик Нұрлыхан Өтеуұлына арналып музей бөлмесі мен ескерткіш бъюсті ашылу құрметі тұспа–тұс келіп отыр. Осындайда, «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзі еске түседі. Бұл шаралардың қатар өтуі, еліне қызмет етудің ұрпаққа үлгі болар өнегесін көрсеткен  азаматын ардақтай білетін, әріден келе жатқан, ата–баба дәстүрін жалғастырудың шынайы көрінісі. Отан соғысының құрбаны болған кешегі солдат тұяғы, мұнайшы–энергетик, ардагер ағаға ел құрметі зор, ал аға тұлғасы қандай құрметке де лайық.

Зейнолла Алшымбаев‑ мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы