Алматыдағы ҚазҰУ-да оқып жүргенде Ақтау мен Атыраудың балаларының аузынан «біз қойдың басын да газга үйтіп аламыз» дегенді естіп аузымыз ашылатын.
Ол кезде біздің ауыл құбырмен келетін газды көрмеген. «Біздің ауыл» деп отырғаным – Семей өңірі. Газ баллонға тамақ істегені болмаса, шығыстағы ел әлі де көгілдір отынға жылынып көрген жоқ, алты ай қыс көмір жағып келеді. Сөйте тұра, газ қоры жөнінен ТМД-да – 4, әлемде16-орындағы елміз.
Газ баллон демекші, Алматы қаласының өзіне газ 1958 жылы келіпті. Сол жылы Башқұртстаннан сұйытылған газ баллондары тиелген алғашқы вагон Қаз КСР астанасына жеткізіліп, қалалық газ шаруашылығы («Горгаз») құрылады. 1961 жылы 25 мамырда Шымкент қаласы маңындағы Күйік совхозында алғашқы газ алауы жағылды. Бұл Қазақстанның оңтүстігіне алғашқы өнеркәсіптік мақсаттағы көгілдір отынның келу оқиғасы болатын. 1965-1966 жылдары Жамбыл облысын газбен жабдықтау жұмысы басталды. 1971 жылы Алматыдағы ЖЭО-1-ге газ берілді. Кеңестік кезеңдегі оңтүстік өңірді газдандыру ісінің тарихы осындай.
Десе де, газ беру, тасымалдау және газ құбырларын пайдалануға рұқсатты тікелей Одақ шешіп отырды. «Орталықтың шешімінсіз, келісімінсіз ештеңе жасалмайтын. Кейіннен тәуелсіздігімізді жариялап, өз байлығымызды өзіміз басқаруға мүмкіндік туды. Дегенмен алғашқы жылдары өте ауқымды кедергілерге тап келдік», – деп еске алады Мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев.
Сөз жоқ, ел егемендігінің 32 жылы ішінде газ саласы Қазақстанның экономикалық дамуында аса маңызды рөлді атқарды. Былтырғы қорытынды есепке қарасақ, республикадағы ЖІӨ 103 трлн теңге деңгейінде бағаланса, соның 30%-ы өнеркәсіпке тиесілі болған. Ал тау-кен өндіру секторының 78%-дан астамын шикі мұнай мен табиғи газ өндірісі құрады. Өткен жылғы өндірілген газдың көлемі 53,2 млрд текше метрге жетті. Оның ішінде тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метрді құрап, 19,3 млрд текше метрі ішкі нарыққа, 4,6 млрд текше метрі экспортқа жөнелтілген. Елді газдандыру деңгейі 59%-ды көрсетті. Үкіметтің биылғы жоспары бойынша, осы үлес 60%-ға дейін жеткізіліп, нәтижесінде газға қол жеткізген халық саны 11,4 млн-ға жетуі тиіс.
Дегенмен мұндай жетістікке жету оңай болған жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңінде өнеркәсіптің барлық түрінің басындағы қиыншылықты газ саласы да өткерді. Қолданыстағы газ шаруашылығы тұтынушыларды үздіксіз газбен қамтамасыз ете алмады. Оған бір жағынан тұрғындардың төлем қабілетінің төмендігі де себеп болған еді. «Мен сол 1991-1992 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болдым, халық шаруашылығы мен экономикасына жауапты болғандықтан, ол кезеңдегі кедергілерді көзбен көрдім. Өз алдымызға дербестік алған соң экономикамызға шетелден қаржы, инвестор тарту қажеттілігі туындады», – дейді Зейнолла Алшымбаев.
90-ЖЫЛДАР: ГАЗ БОЛМАДЫ, ЖАҒДАЙ МӘЗ БОЛМАДЫ
Газ тапшылығы, әсіресе көгілдір отын түріне ертерек ауысқан оңтүстік аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қатты әсер етті. 90-жылдары газдың жоқтығы, электр энергиясы қат кезде Шымкенттегі көпқабатты үйлердің тұрғындары аулаға от жағып, тамақ пісіріп жатқанын теледидардан көріп, баспасөзден оқығанымыз есте. 1995-1998 жылдары Жамбыл облысында әкім болған Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов таяуда жарық көрген «Айырылу, табысу және арылу туралы толғам» атты мемуарында осы жағдайды: «Ол кезде облыс орталығы әлі Жамбыл деп аталады. Қалада өлі тыныштық. Жым-жырт. Тым-тырыс. Не электр жарығы жоқ, не газ жоқ. Бүкіл сала тоқтап тұр. 4 айдан бері облыстағы қызметкерлер жалақы, зейнеткерлер зейнетақы алмаған», – деп суреттепті. А.Тшанов аталған кітабында 1995 жылы Жамбылға Өзбекстаннан газ, Қырғызстаннан электр энергиясы әкелінген кезде халқы көп Шымкент қаласы әлі жарықсыз, жылусыз отырғанын жазыпты.
Мемлекеттің алдында тәуелсіздікті тұғырлы ету міндетімен бірге ұлттық энергетикалық дербестігімізді қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту ісі тұрды. «Ең бірінші қиындық қаржы мәселесі еді, бюджетте ақша жоқ болатын. Соған қарамастан, жұмысты жүргізе бердік. Мысалы, Өзен кенішінің жанынан «Теңге» деген кәсіпорын құрылды. Кәсіпорын Қазақ газ өңдеу зауытына газ жеткізіп тұрды. Оның жылдық қуаты 1,5 млрд текше метр болатын. Сол кездің өзінде оның бір бөлігі (этан) Ақтаудағы пластмасса зауытына жіберілетін. Алайда ол зауыт 90-жылдардағы қиындықтар салдарынан жұмысы тоқтап қалды», – дейді З.Алшымбаев.
Маңғыстау өңірінде Жаңаөзен, Жетібай қалалары мен облыс орталығы Ақтау қаласы газ өндірісінің көзі болғандықтан газдандыру ісі кеңестік кезеңде қолға алынған болатын. Тәуелсіздік алысымен, аймақта ауылдық жерлерге жеткізуге мүмкіндік туды. «Алғашқы кезеңдерде ілеспе газды өңдеп, пайдалану жағы мүмкін болмады. Жетібайда, Өзенде ілеспе газдар алауы ауаға жанып тұратын. Кейіннен оның барлығы халықтың игілігіне жаратылды. Мәселен, 2011 жылы Маңғыстаудың газдандыру көрсеткіші 76% болса, қазір – 99,8%. Облыс аумағындағы 4 300 шақырымдық газ құбырлары табиғи газды әр ауылға жеткізіп тұр», – дейді мұнай-газ саласының ардагері. Ресми дерекке жүгінсек, Маңғыстау облысы былтыр 2,6 млрд текше метр газ жағыпты. Бұл республика бойынша ішкі нарық сұранысының 19%-на тең. Отынның осынша көлемі облыстағы елді мекендерді жылытудан бөлек, ірі өнеркәсіп нысандарын, сондай-ақ өңірдегі негізгі энергетикалық кәсіпорын – жылу мен электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз еткен.
1997 жылғы жекешелендіру кезеңінде Қазақстанның газ саласын басқару бельгиялық «Трактебель» компаниясына берілген болатын. Алайда тұтас ресурстарды иеленген инвестор үмітті ақтамады. Шетелдік компания үш жыл ішінде өзіне жүктелген міндетті орындамай, келісім сәтсіз аяқталды.
2000 жылы ақпан айында Үкіметтің арнайы қаулысымен «ҚазТрансГаз» компаниясы (2021 жылдың желтоқсанынан QazaqGaz деп аталады) құрылып, саладағы құрылымдарды басқару құқығына ие болды. Осыдан кейін жағдай оңала бастаған. Зейнолла Алшымбаевтың айтуынша, тәуелсіз республикаға газ тасымалдау жұмысын жүйелеп, кемшіліктерді түзету қажет еді. «Ұлттық компанияның құрылуы жылдық өткізу мүмкіндігі 190 млрд текше метрге дейін ұзындығы 14 мың шақырым болатын құбырларды пайдалануға беруді қамтамасыз етті. Кәсіпорын елді газдандыруға қызмет көрсетіп отырған мекеме ретінде тиімділігін көрсетті», – дейді ол.
ӨНДІРІС ПЕН СҰРАНЫС ҚАТАР ӨСІП КЕЛЕДІ
Осы жылдар аралағында Қазақстанның табиғи газ өндіру көрсеткіші де еселеп артты. Мысалы, 1991 жылы еліміз 7,9 млрд текше метр газ өндірген болса, бұл көрсеткіш 2015 жылы – 45,3 млрд текше метрге, 2022 жылы – 53,2 млрд текше метрге жеткен. Энергетика министрлігі биылғы жылдың басында 55 млрд текше метр ілеспе мұнай газын өндіру жоспарланып отырғанын жеткізген, соңғы көрсеткіштер әлі жарияланбады.
Көгілдір отын өндірісімен қатар, республикада оған деген сұраныс та жыл сайын көбеюде. Егер ішкі тұтыну көрсеткішін салыстырар болсақ, 1991 жылы республика бойынша 7,5 млрд текше метр отын жұмсалса, 2020 жылы ішкі нарықтағы сұраныс 17 млрд текше метрге жетті, екі еседен аса өскен.
QazaqGaz компаниясы 2003 жылдан бастап Түркіменстан мен Өзбекстаннан көгілдір отынның үлкен көлемін Ресейге тасымалдауды қолға алып, транзиттік кірістер жанданды. Осының арқасында елді мекендерді, қалаларды газдандыру ісі жүрді. 2009 жылы Қазақстан–Қытай магистралды газ құбырының алғашқы тармағы қолданысқа берілді. Бұл құбыр Алматыны табиғи газбен жабдықтауға мүмкіндік ашты. 2015 жылы газ құбырының үшінші желісі пайдалануға беріліп, ірі халықаралық жоба: Түрікменстан–Өзбекстан – Қазақстан – Қытай трансшекаралық газ құбыры өз қуатында жұмыс істеді. Сол жылы ұзындығы 1 454 шақырым Бейнеу–Бозой–Шымкент магистралды құбырының құрылысы да аяқталды. Бұл еліміздің ішкі сұранысын өтейтін аса маңызды газ желісі еді. Ұлттық игілікке айналған осынау жобаның табиғи отынды өткізу мүмкіндігі жылына 15 млрд текше метрге тең.
Ендігі мақсат газды жинақтау үшін газ қоймаларын салу қажет еді. Көп ұзамай Бозойда, Жамбыл облысында сығымдайтын комперссорлық стансалар, газ айдау агрегаттары орнатылды. «Бұрын кеңестік кезеңде ондай құрылымдар жасалмаған болатын. 2016 жылы «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық стансасы салынды. Аталған станса стратегиялық маңызға ие. Ең алдымен, бұл отандық газды Қытайға экспорттауға жол ашып, тасымал мүмкіндігін кеңейтті. Екіншіден, Алматы агломерациясын үзіліссіз газбен жабдықтауға қол жеткізді», – дейді З.Алшымбаев. Осылайша, 2017 жылдан бастап қазақстандық газ ҚХР-ға сатыла бастады.
КЕТКЕН КЕМШІЛІКТЕР ТҮЗЕТІЛУГЕ ТИІС
Десе де, мамандар тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде мұнай-газ өндіру ісінде бірқатар кемшіліктер де болғанын айтады. «Кеңестік кезеңде мұнай-газ саласында өндіріс орындарына қордың өсіміне қатысты талап болатын. Мен сол кезде Маңғышлақ барлау, бұрғылау саласында қызмет еттім. Сонда жыл сайын біз қордың өсімін есептеп, орталыққа жіберіп отырдық. Яғни, қанша кен орны барланып, бұрғыланды, қанша қор қалды дегенге жауап бердік», – дейді мұнай-газ ардагері Зейнолла Өтежанұлы. Бұл жұмыс алдағы жұмыс көлемін алдын ала анықтауға және кен орындарын игеріп қана қоймай, жаңа кен орындарын барлауға, іздеуге мүмкіндік берген. «Кейін біз осы жұмысты жоғалтып алдық. Тәуелсіздік кезеңінде кеткен кемшілік көп болды. Геология министрлігін таратып жібердік. Кен орындарына иелік етуде де тамыр-таныстық, құда-жекжатқа беру әрекеттері орын алды. Бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан әр компания өз білгенінше кен өндіріп, жаңа кен орындарын іздеуге қаражат шығындаған жоқ. Қазір осы кемшіліктерді түзету туралы әңгіме қайта қозғала бастады. Бұл – қуантардық іс. Көмірсутегі ресурстары базасын нығайту басты бағыт болуы тиіс. Себебі Қазақстанда әлі толық зерттелмеген кен орындары жетерлік», – дейді ол.
Айта кетейік, бұл мәселені екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қадап айтып, Үкіметке нақты міндет жүктеген болатын. 2021 жылы 17 маусымда газ саласын дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізген Президент газ саласын дамытудың және басқарудың қазіргі моделі жаңғыртуды қажет ететінін атап көрсетті. «Тәуелсіздік жылдары көмірсутегі шикізатының негізгі көздері мұнай кен орындарына тиесілі болды. Газ кен орындарын барлап, игеруде, соның ішінде Каспий активтері бойынша іс жүзінде алға жылжу жоқ. Сондықтан газдың ресурстық базасын геологиялық барлау жұмыстары арқылы кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры үшін саланы дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс», – деді Қ.Тоқаев.
Осы тапсырмадан кейін Үкімет газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспарын қабылдады. Оған сәйкес, газ саласы 2030 жылға қарай ЖІӨ-ге екі есе үлес қосады деп күтіліп отыр. 2030 жылға қарай қазіргі қолданыстағы кен орындарынан өндірілетін тауарлық газ көлемі 29,6 млрд текше метрге жетсе, жаңадан ашылатын кен орындарынан 12,6 млрд текше метр қосымша тауарлы газ көлемі өндіріледі деген жоспар бар.
Үкімет геологиялық барлау жүргізу арқылы тиімділігі бар көздер деп Ақтоты, Орталық, Қайран, Лебяжий, Ракушечное, С.Нұржанов, Оңтүстік Ұрықтау, Қаламқас, Хвалынское және Имашевское кен орындарын тізімге алып отыр. Олардың геологиялық қоры 950 млрд текше метр деп бағаланған. Бұдан бөлек, ірі мұнай-газ кеніштеріндегі газ қоры үлесі ірі үш кен орнына тиесілі. Олар: Қашаған (1 353 млрд текше метр), Қарашығанақ (741 млрд текше метр) және Теңіз (510 млрд текше метр).
Ендігі негізгі міндет – еліміздің солтүстігі мен шығыс аймақтарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету ісі. Үкімет былтыр Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырынан Астанаға газ жеткізетін Сарыарқа құбыры құрылысының ІІ, ІІІ кезеңін жүргіземіз деп техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеген-ді. Алайда оңтүстік аймақтарда газға сұраныс бірден артып, былтырғы жылу маусымында Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбыры 106% жүктемемен жұмыс істеді. Осыған орай Президент Үкімет пен тиісті мекемелерге Сарыарқа магистралды газ құбыры мен Ресейден газ тасымалдау жүйесінің қайсысы тиімді екенін саралауды тапсырған. Қазір қос жоба қатар пысықталып жатыр.
Ең бастысы, Қазақстанның өзінде ресурс жеткілікті. Энергетика министрлігі ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда бекітілген өндірілетін қорлар 3,8 трлн текше метрді құрайды. Оның ішінде ілеспе газ – 2,2 трлн текше метр, бос газ – 1,6 трлн текше метр. Бұл көрсеткіш осы салада ауқымды жобаларды жүзеге асырып, қазіргі кезеңдегі газ-химия кешенін дамытуға мүмкіндік береді. Аталған саланың алғашқы қарлығашы да жүзеге аса бастады. Соның бірі – Атыраудағы KPI зауыты. Қазақстандағы тұңғыш газ-химия кешені Теңіз кен орнында өндірілетін газды (пропан) өңдеп, полимерлеу арқылы түйіршіктелген полипропилен өнімін алады. Зауыттың жылдық қуаты – 500 мың тонна, бұл әлем бойынша полипропилен өндірісінің 1%-на тең. Атыраудағы газ-химия кешеніндегі екінші ауқымды жоба – полиэтилен өндірісі. Бірегей зауыттың құрылысы келесі жылы басталып, 2028 жылы толық аяқталады деп күтілуде. Energy monitor қоғамдық қорының жетекшісі Нұрлан Жұмағұлов бұд өндіріс болашақта әлемдегі ең ірі 10 зауыттың қатарынан орын алады деп бағалайды.
«Жоба өте қомақты қаражатты қажет еткендіктен Ресей мен Қытайдың екі алпауыт компаниясы инвестор ретінде қатысып отыр. Мұндағы басты мәселе – ең алдымен Теңіз кенішінде газ бөлу қондырғысын салуымыз қажет. Оған шамамен 2 млрд доллардай қаржы керек. Ол инфрақұрылым мәселесі болғандықтан, оны салуға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жауапты. Осы инфрақұрылымды дайындаған кезде барып, аталған екі елдің компаниясы инвестициясын сала бастайды. Үлкен, күрделі жоба деп тұрғанымның себебі сол», – дейді сарапшы. Полиэтилен өндіретін зауыт арнайы экономикалық аймақта Теңіз кен орнына жақын маңдағы Қарабатанда салынатын болады. Себебі кешен үшін ресурстық база – Теңіз мұнай-газ кеніші. «Жалпы, Теңіз кенішінен шығатын газдың құрамында этанның мөлшері 14-16% көлемінде. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Жоғарыда айтқан газ бөлетін қондырғы мен құбырды тарту инфрақұрылым мәселесі болғандықтан, оған отандық компаниялар жауапты», – дейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.
Сарапшылар Қазақстанда полипропилен мен полиэтиленге сұраныс 2030 жылға қарай екі есеге жуық өсіп, жылына 400 мың тоннаға жететінін болжайды. Әрине, әдемі болжам. Бірақ «үйдегі ойды базардағы сауда бұзатын» заманда жоспарға бола ерте қуана алмаспыз. Үкімет қамданып жатқанын айтады. Нәтижесін уақыт көрсетер.
Бауыржан БАЗАР