ЕҢБЕК ДАҢҚЫ:
Ол онсыз да алтын адам
Белгілі мұнайшы, кәсіби бұрғышы, құрметті геолог-барлаушы әрі қарымды қаламгер Бисенбай Бисенгалиев ағамыз «Қазақстанның Алтын кітабына» жеке кітап болып шықты, құтты болсын!
Құрметті кітап лайықты иесіне кеше, өзінің кәсіби мерекесі қарсаңында салтанатты түрде табысталды. Ағамыз өзі де Алтын адам ғой, қажырлы еңбек, қайсар болмысымен ерекшеленіп, қашан да адамгершілік қасиетімен биік тұратын жан. Ол кісі жайында жазылған жақсы естелік көп. «Әлемнің табысты адамдары» деген сайтта:
«Есімі «Ел ардақтылары – Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген Бисенбай Бисенғалиұлы ел мүддесін көздеп, туған жердің туын тік ұстаған азамат қана емес, отбасында арқа сүйер азамат, адал жар, ақыл айтар ақсақал бола білді.
Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен «Құрмет» ордені, «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл, 50 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерінің иесі және Қарақия ауданының Құрметті азаматы.
Шаңырағының ішін шаттыққа бөлеп, берекесін кіргізген жайсаң жан. Ол – «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР» атты бірнеше кітаптары жарық көрген қаламгер. Сонымен қатар ол аса қабілетті ұйымдастырушы және дарынды тұлға» деп жазылған.
Расында, біздің ағай Алтын адам ғой, әулетімен аман болсын.
Мерекеңізбен!