ҚҰТТЫҚТАУ ЖОЛДАНДЫ ( Ш.Ізбасұлының 100 жылдығына орай)

 Құрметті Шафих Ізбасұлы ұрпақтарына!

«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Саналы ғұмырын туған өлкесінің ауыл шаруашылығын өркендетуге, халқының әл-ауқатын арттыруға арнаған, қасиетті Атырау өңірінің ары мен арысы атанған марқұм Шафих Ізбасұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Шафих Ізбасұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері, КССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері атағын алған, II дәрежелі «Отан соғысы», III дәрежелі «Жауынгерлік Даңқ», «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған, Жылой ауданы мен Кұлсары ауылының құрметті азаматы.
Ағамыз 18 жасында Ұлы Отан соғысына қатысып, қатты жарақат алып, 1943 жылы елге оралған соң, қызу еңбекке араласып кетті, туған жерінде басшылық жұмыстардың талайының тізгінін ұстады. Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы Приморье МТС-інде директор, бірнеше колхозда басқарма төрағасы, «Теңдік», «Коммунизм таңы» совхоздарында директор, Жылой аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық Кеңес төрағасының бірінші орынбасары және тағыда басқа лауазымды жұмыстарды абыроймен атқарып өлшеусіз еңбек сіңірді.
Гурьев облыстық, Жылой аудандық кеңестеріне депутат, партия комитеттеріне мүшелікке сайланып – ел қалаулысы болып қызмет етті.
Шафих Ізбасұлы ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі — ел мен жердің қамқоры бола білді. Айналасына шарапатын тигізіп, шуағын шашқан абзал атаның өмір жолы мен рухани бай-мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалғанын уақыт дәлелдеді және ешқашан ұмытылмайды.
Халқының қалаулысы болған Шафих Ізбасұлының ерен еңбегін жалғастырушы балалары мен немерелері бүгінде еліміздің мұнай газ саласында абыройлы еңбек етуде.
«Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан, артында ұмытылмас із қалдырған ардақты ағамызды еске ала отырып, әулетін жалғастырушы ұрпактарына ұзақта бақытты ғұмыр тілейміз.

А. Тегісбаев
27.05.2023 ж.