(Әке өмірін оймен шолғанда…)
М.Ш Ізбасовтың, әкесі Шафих Ізбасұлының туғанына 100 жыл толуына орай еске алу шарасында сөйлеген сөзі.
Бүгін киелі де, қасиетті «Кең Жылой» төрінде тағылымдық тәлімдік мәні зор, мағынасы мен өзіндік мәні мол «Ер есімі, ел есінде»-атты үлкен шара өтіп жатыр.
Осы шараны ұйымдастырып жатырған Жылой ауданы әкімдігіне, оның мәдениет бөлімі мен «Атамұра» музейі ұжымына алғысымды білдіремін.
Осы маңызды үлкен шараға уақыт тауып қатысып отырған облыс басшылығына және барша қатысушыларға үлкен ризашылық білдіріп, рахметімді айтамын.
Шын мәнінде Кең Жылой киелі де, қасиетті себебі бұнда «Пірдің соңы Бекет» атанған Бекет ата туды, қазақ мұнайының алғашқы мұнай бұрқағы осында «Қаршүңгілде» 1899 жылы 7 қарашада №7 скважинадан 40 метр тереңдіктен тәулігіне 20 тонна өніммен атқылады. Бүгінде Жылой ауданы Республика мұнайының 35% беріп отыр. Қазақстандағы екінші «Алтын адам», бұдан 25 ғасыр бұрын өмір сүрген Сарматтар көсемі осы жерден табылды.
Атырау облысының территориясы 12 млн.га болса, соның төрттен бірі , яғни 3 млн. га. Жылой ауданына тиесілі, тек жері ғана емес халқының да пейілі Кең даладай, ол сонысымен Кең Жылой атанған!.
Бұл Жылойдан кімдер шықпады??
Елін жаудан қорғаған батыр да шықты, елін даудан қорғаған шешенде шықты, халқының сөзін сөйлеген ақын да шықты, халқының қамын жеген, халқына жүрегімен жақында шықты.
Кең Жылой өз тарихында біраз азаматтарды тәрбиелеп шығарды, өсірді, көтерді. Олардың ішінде мемлекетті, облысты, салалық министрлікті басқарғандар, елмен етене араласып, сан салалы шаруашылығын дөңгелетіп басқарған, әрқайсысы бір тұлға, бір-бір тарих ел азаматтары қаншама десеңізші?!
Соның ішінде бірі де бірегейі менің әкем-Шафих Ізбасұлы десем артық айтқандық болмас дер едім.
Әкем туралы бүгінгі шарада видиофильмде де, өз сөздеріңіздеде жақсы айтып өттіңіздер, ол үшін көп рахмет!
Біздің қазақта «Елім дейтін ері болмаса, ерім дейтін ел қайдан шығады»-деген қанатты сөз бар, бүгін міне маған осы қанатты сөз іске асып жатқандай көрініп отыр.
Бүгін еске алу күні ғой, сондықтан әкем туралы өз ойымды және ол туралы көрген білгенімді айта кетсем деген ойдамын.
Әкем марқұм домбра тартатын, оған қосып, бір шумақ өлең айтып отыратын.
Кең Жылой біздің елдің тиянағы,
Даусыңды ести алмадым қиядағы,
Даусыңды ести қалсам қиядағы
Талпынам балапандай ұядағы,-деп домбырасын қағып қағып жіберетін.
Бұл Кең Жылойдың атақты жыршысы Тайшаұлы Бақтыбай жыраудың жыры болатын.
Жалпы менің әкем тағдыры оңай болған жоқ, 16 жасында шешесі қайтып, қартайған әкесі мен өзінен кейінгі бауырларының өмірі, яғни қиыншылық пен ауырпалық жүгі әке мойнына түсті және оны мойымай көтере білді. Еңбекке ерте араласты, 19 жасында соғысқа аттанды, соғыстан аман келді, қайтадан еңбек майданына кірісті.
Мен, 7 жастан бастап әке әңгімесін тыңдап өстім, үйге келген қонақтарға қызмет етіп, олардың да әңгімесін тыңдадым, бұл менің өмір жолымда, есею шағымда, азамат болып қалыптасуыма оң әсерін тигізді деп есептеймін, ол үшін әке рухы алдында басымды иемін.
Әкемнен балалық, жастық шағы туралы сұрайтынмын.
О, баста менің алған білімім Қарақұмның ішіндегі Жарты шекенің 7 класы дейтін. 8;9;10 класты кешкі мектепте бітіргенін, сонымен жүріп үлкен кісілерді оқытып, сауаттандыруға қатысқанын айтатын, мектепте оқып жүргенде комсомол белсендісі болып, аудандық комсомол конференциясына делегат ретінде сол кездегі аудан орталығы Қосшағылға Жартышекеден 30 шақырым аса жаяу жүріп келіп, қатыстым дейтін. Аудандық комсомол комитеті жаяулап жүріп келгенімді ескеріп, мақтап 1 кило ма әлде 2 килома тақта шәй берді деп айтып отыратын, оған анасының балам ержетті, адам болды деп қатты қуанатын айтатын.
Әкемнен соғыс туралы сұрайтынмын.
Украина, Белорусия майдандарында соғысқанын айтатын, өзін «өлді» деп ауылға қарақағаз келгені, өлгендердің тізімінде Белорусияның Орша қаласында жазулы тұрғанын, соғыстан кейінгі өмірін «Олжа өмір» деп айтып отыратын. Қандай ерлік көрсетті , қанша жау әскерін жойды, ол жөнінде әкеміз жұмған аузын ашпаған адам. Кейін , әкеміз өмірден өткеннен кейін 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ресейдің «Подвиг народа» сайтынан қандай ерлік көрсеткенін, жау миноментінің нүктесін және бірнеше солдатын жойғандығы туралы бір-ақ білдік.
Ондада баласы Нұрболатқа кластас досы арқылы, оның «подвиг народа» сайтынан алып, салып жібергенінің арқасында білдік. Жақында интернеттен қарағанмын, Орша қаласы Белорусия мемлекетінің Орша ауданының орталығы екен, 103 мыңнан аса халқы бар екен.
Әкеміздің еңбек жолы туралы
Әкеміз барлық саналы ғұмырын, салихалы еңбек жолын қазағымыздың Ата кәсібі ауыл шаруашылығына арнаған адам . Ол туралы көп айтылды да, жазылды да. Ол нағыз ауыл шаруашылығы саласының ірі ұйымдастырушысы, яғни орысша айтқанда «крупный организатор сельскохозяйственного производства» болатын. Оны кезінде үкімет пен партияда, замандастары да жоғары бағалады, әрі қарай оны өрбітіп айтуымның қажеті жоқ деп есептеймін.
Мен тек кейбір штрихтарға тоқталсам деген ойдамын.
Әкеміз өмірде барға аспаған, жоққа саспаған адам болатын, атақ-дәреже қумады, өте тәуекелшіл еді, орысша «рискованный человек» -деп айтып жатады ғой.. Дұрыстығы мен әділдігі орнымен келіп тұрса жоғары тұрған қандай басшыдан да қаймықпайтын, айтатынын тура айтатын. Елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері Н.Д Оңдасыновпен С.Құбашевпен, С.Мұқашевпен еңбек майданында қоян-қолтық бірге жасады. Мемлекет қайраткері Алматылық Қ.Ұлтарақовпен қатты сыйласқан дос болса, Е.Тасқынбаевпен, М.Сағымбаевпен, Р.Т Шырдабаевпен Ж.Кейкинмен, М.Сабировамен ағалы-інілі, қарындасты болып, бір-бірімен терең сыйластықта болды.
Бір екі мысал айта кетсем:
1. Гурьев облыстық партия комитетінің сол кездегі 1- ші хатшысы Н.Д Оңдасынов 3 айдың ішінде Шафих Ізбасов туралы 2 рет шешім қабылдайды, бұл негізі сирек кездесетін жағдай. Бірі «Теңдік» совхозының директорлығынан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, Вайнеровичтің ұсынысымен әділетсіз босатылуы, облыстық партия комитеті бюросы «жұмыстан босату туралы» шешім қабылдауы, дегенмен әділеттілік әділетсіздікті жеңеді, облыс басшысы Н.Д Оңдасынов әкемізге Сіз туралы облыстық партия комитетіні бюросы қате шешім қабылдапты, Сіз совхозды қабылдап алған кездегі көрсеткішпен, совхозды тапсырған кездегі көрсеткішті салыстырғанда жоғарғы деңгейде үлкен айырмашылығы бар екен деп, қате шешімді мойындаған, қандай әділеттілік десеңізші!!!
Сөйтіп 3 айдан кейін әкемізді «Амангелді» колхозына , орталығы «Ақкиізтоғай» председатель етіп тағайындайды., сонда әкеміз «обком 3 ай сайын шешімін өзгерте береме»- деп облыс басшысына сұрақ қойған екен.
2)Әкеміз совхоз директорлығына бекуге сол кездегі астана
Алматыға барады. Совхоз директорының лауазымы Орталық Комитеттің номенклатурасы, бірақ оған шейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі қабылдайды. Министрдің фамилиясы Коломинец болса керек.
Министр кабинетінің ек жаққа ашылатын есігінің біреуі ашық тұрған, одан әкеміз денесінің ірілігінен өте алмай қалып, екінші есікті ашуға мәжбүр болыпты. Министр әкемізге совхоз директоры болмай жатып, совхоздың малын жеп қойғансыңба?-деп дүрсе қоя берсе, әкеміз оған Қазақстанның малы бағы білсе сағанда, мағанда жетеді депті, министр жауапты үнсіз қабылдапты. Жалпы әкеміз совхоз директры лауазымына байланысты өте жоғары пікір айтатын. Свхозды дұрыс басқара алған директор мемлекетті де басқара алады дейтін. Мысалға, «Передовик» колхозының председателінен облисполком председателі болған С.Құбашевты Белоруссия президенті А.Лукашенконы айтатын. Сонымен қатар, қолында қаламсабы мен блокноты жоқ, шаруашылық есепті дұрыс білмейтін басшы, ештеңеге жарамайды дейтін.
Билік пен дәреже қумайтындығына бір мысал.
Мемлекет және қоғам қайраткері С.Мұқашев ағамыз Жылой ауданын 9 жыл басқарып облыстың бірінші басшылығына ауысқанда өз орнына әкемізге ұсыныс жасайды, бірақ әкеміз келісім бермейді, денсаулығына байланысты болар, әрине облыс басшысы өзі ұсынып тұрғанда аудан басшысына жұмыста қолдау білдіретіні сөзсіз ғой. Дегенмен, ұсынылған жоғарғы лауазымнан бас тарту, өмірде сирек кездесетін шешім-ау, деп ойға қаламын. Жалпы, Совет үкіметі тұсында ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінді деп ойлаймын. Аудандық деңгейдегі жұмыстың көбі ауыл шаруашылығының көрсеткіштерімен бағаланатын. Ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіші жоғары аудандар Одақтың, яғни ЦК КПСС-тың, Совмин-нің, ВЦСПС-тың, ЦК ВЛКСМ-ның, Республика деңгейінде де сондай ауыспалы Қызыл Ту белгіленетін, аудан бесжылдықта 5 рет ауыспалы Қызыл Ту алса, орден алғанмен бірдей бағаланатын. Мамыр айының аяғында аудан бойынша « Кімнің қозысы көп екен» деген көрсеткіш шығатын. Жылой ауданы сол кездегі Ембі ауданы, әрбір 100 аналық қаракүл қойынан 131 қозы алып, рекордтық көрсеткішке жеткені әлі күнге есімізде, бұл әкеміздің аудан ауыл шаруашылығын басқарып жүрген кезеңі болатын.
Ал, әкеміздің құрдасы, әрі досы Т.Мәмбетов басқаратын «Коммунизм таңы» совхозы әрбір 100 аналық каракүл қойынан 151-ден қозы алған еді.
Ал, әкеміз алғаш «Коммунизм таңы» совхозын құрып, шаруашылығын жүргізген кезде совхозда 180 мыңға жуық қой саны болғаныны айтып отыратын, кейін бұл совхоздан 2 совхоз бөлінгенін «Қарақұм», «Қосшағыл» тарихтан білеміз.
Мусабай Сағымбаев ағамыз ауданды басқарған жылдары «Қара майың (мұнай) тұра тұрсын, қара қойың жүре тұрсын» принципімен жұмыс жасап, мұнайшылар партия билігімен ауылшаруашылығының маусымдық жұмыстарының бәріне көмектесті. Сүйтіп, ауыл шаруашылығы бірінші кезекке тұрды.
Кей кезде , әкеммен сөйлескенде сонау Қаратонның аржағындағы «теңіз кенішінің қасындағы Қара-Арнаның мына Шоқпартоғайға қандай қатынасы бар? Неге Қара –арна округі болып аталады? -деп сұрайтынмын. Сонда былай деп түсіндіретін: Совет Үкіметі тұсында елді (қазақтарды) отырықшыландыру басталды. Мал жағдайымен жүретін ағайынның жаз жайылауы Жем бойы, қыс қыстауы Қара арна жері, теңіз жағасы, отырықшыландыру туралы жарлық жаз мезгілінде шықса керек, содан Шоқпартоғай маңын Қара -Арналықтар жайлап отырғандықтан «Қар-Арна» округі болып аталса керек, деп тарихтан мағлұмат беретін.
Тағы бірде, неге осы Жылойдың қыздары сұлу деп, халық әндерінде көп айтылады мысалы:
Торайғыр тоқпақ жылды тоғайда бар,
Сұлу қыз қыпша белді, көзі қара ноғайда бар,
Көрінген қыздың бәрі сұлу емес,
Іздесең сұлу қызды Жылойға бар -десе,
Орынбор тұзбөбенің тұзын көрсең,
Жылойдың таң қаларсың қызын көрсең,
Атыңнан түссең қайты, міне алмайсың,
Еркемнің судан қайтқан ізін көрсең деп тағы айтылады ғой десем,
Әкем:
Ақбалым, Ақбалжаным , Ақбалым-ай,
Ақбалды талай жерде мақтадым -ай,
Аралап, 5 облысты кетсем дағы
Ай, Ақбал сенен артық таппадым-ай деп , жауап қайтарады. Бұны мен сенің анаңды сұлу, ақылды жалпы Жылойдың қыздарының бәрі сұлу, ақылды деп түсінетінмін. Әкеміз анамызбен жақсы өмір сүрді.
Әкеміздің жүріс-тұрысына, елменен етене араласуына, кең пейіл мен дархан даладай көңіліне орай Елі оны еркелетті, халқы өзіне серке етті, еліне Шәке атанды, әкесіндей қамқорлық жасаған көпке Әке атанды. Еліміздің біртуар тұлға азаматтары да әкемізді жоғары бағалады.
Бір екі күн бірге болған сапарында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ниязбеков «Өзің бір нағыз нарқазақ екенсің» десе, Саламат аға Мұқашев «Ақылшы азамат»-деп бағалады. Мемлекет және Қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев әкемізді өзіне ұстаз тұтты. Белгілі ғалым, Батыс өңірінің әдебиетін терең зерттеуші Қабиболла Сыдиықұлы ағамыз өзінің ғылыми жұмысын әкемізге тарту еткенде «Кең Жылойдың Иманқарасы-Шәкеңе»- деп жазды. Әке туралы жазған мақаласына «Ел перзенті» деп-айдар тақты.
Келесі жылы Қабиболла ағамыздың туғанына 90 жыл толады екен.
Әкеміздің Алматылық досы Қазтай Ұлтарақовтың әкеміз туралы айтқан пікірі қандай десеңізші!
Өмір бойы ұстаз болып, ел баласын оқытып,
Ей жігіттер бала оқыту қиын-ақ,
Талабыңа қандай бала бұйырад
Біреу жүрсе бір тетігін баға алмай,
Отырғаның 40 баланы жиып –ап, деп жырлаған Жәкең Жанаш Нұрмаханов, Кең Жылойдың абыз ақсақалы айтатын. Ауданнан шет жерге облыс орталығына , т.б жерлерге шықсаң кездескен адам Жылойданмын десең, «әлгі нәндерің, дәу қараларың, нарқазақтарың қалай аман ба?» -деп сұрайды, бұл Шафихты білмейтін адам кемде-кем деп отыратын.
Сол, Жәкең: «Ізбастың Шафиығы атанды, кең Жылойдың ақиығы»-, деп айтатыны әлі күнге дейін есімізге түседі.
Біздің үймен 30 жылдан аса көрші болған «Кең Жылойдың Иманқарасы»-атты кітаптың авторы
Менің атым Ұлықпан,
Тереңдерден сыр ұққан,
Мен Жылойдың баласы,
Нәрін алған тұнықтан-деп жырлаған Ұлықпан аға Сисекенов, өзінің бірнеше өлеңдерін әкемізге арнаған, әкемізді «Кең Жылойдың қайыспас қара емені –деп атады.
Ұрпақтары атынан рахмет айтамыз
Ерекше алғысты Ізбас атамыздың әкесі «Артықбайдан тараған, Ел қамына жараған» атты кітаптың авторы, әкеміз туралы бірнеше мақала, эссе, өлеңдер жазған, әкеміздің туғанына 100 жыл толуына орай, жазылған «Ақиық аға» атты көлемді, ерекше әсерлі эссе жазған Қонаш аға Қалдыоразовқа айтамыз.
Әкеміздің әріптес шәкірті, әр мерейтойына әкемізге ризашылықпен мақаласын арнап жазып, жүрген Мендібай аға Хайруллинге үлкен ризашылық білдіреміз.
Ақ бұлттар, қара бұлттар , ала бұлттар,
Байқасаң аспанда да алалық бар,
Біреуде қартта болса шалалық бар,
Біреуде жас та болса даналық бар-деп, кезінде бір шумақ өлеңмен елді елең еткізген Аманқос аға Ершуов «Шәкең мен әкем» -атты мақаласында
Бабамның көзін көрген,
Әкемнің өзін көрген,
Тұратын тұла бойы,
Тұлғалы сезімдерден
Мұз шайнап от асаған
Ризамын, ШӘКЕ САҒАН
Жондарда жортатұғын
Жолбарыс жотасы аман,-деп жырлайды.
Аманқос аға сол мақаласында былай деп жазады:
«Бірде ЦК-дан келген өкілмен бірге Шәкең Қарақұм өңірін аралапты. Қарақұмда не көп- «алда томпақ көп» құмырсқаның мұндай илеуін көрмеген өкіл:
-Бұл кімдердің моласы-депті
-Адай батырлардың зираты ғой, жерін қорғаған.
-Осының бәрі ме?
-Бәріде, түп түгелімен,
-Адай не деген батыр халық –деп жазыпты, өкіл қойын дәптеріне әрі саны жағынан да көп.
Шәкең батылда, тапқыр адам. 1962 жылы ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Ауман Байдолов малды ауылды аралап жүріп, арғы беттен Аккиізтоғай бетке екі «Газ-69 машинасымен өтеді. Су терең, әрі ұйма. Басқарманың машинасы шым батып кетеді. Қазып алсада машина жарамсыз, пайдаға аспайтыны анық.
-Қап ұят болды-ау,-депті Ауман
-Өте жақсы болды, -депті Шәкең
-Қалайша,-депті таңданған Ауман.
-Сенің машинаң батып кетсе , мен саған жаңасын алып бере алмас едім…
Ауманда тексіз кісі емес, 2-3 күн ішінде облыстық ауылшаруашылық басқармасы есебінен су жңа «Газ-69» машинасын жеткізіп беріпті. Бір ауыз сөзде –мың кісінің құны жатыр, деген осы-ау.
-Шәкең ағамыз еді-ау! Оны туған елі ойға алғаны орындалып, айтқаны іске асып жататын абыз ақсақал деп ардақтады..
Ағамыздың бетке ұстасақ –беделі, арқаға ұстасақ-панасы қандай еді?!
Сиынайын құдайға сиынғасын
Қиылайын осылай қиылғасын
Тоқсан жасап тоғыз сөз қалдырмаған,
Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын-дегендей,
Ағамыздан тоғыз сөз емес , тоқсан нарға жүк болардай үлгі-өнеге, қадір қасиет қалды деп-жазды.
Аманқос ағамыздан да тоқсан нарға жүк болатын үлгі өнеге, қадір қасиет, өлеңдер мен шығармашылық туындылар қалды, биыл ағамыздың туғанына 80 жыл болады екен.
Жаның жаннатта болсын ақын аға, рухыңмен желеп-жебегекйсіз, біз Сізге ризамыз дегіміз келеді.
Біздің қазақта «Жақсының аты қалады, ғалымның хаты қалады» -деген қанатты сөз бар. Ер есімі, ел есінде-демекші әкеміз өмірден өткеннен кейін елі мен халықының алдындағы абыройлы және ерен еңбегі ескеріліп, атын мәңгі есте қалдыру мақсатында бірнеше елді мекендерде көше аттары берілді. Айта кету керек, мен әкеме көше атын беру жөнінде ешкімнің алдына барған емеспін. Құлсары қаласының алғашқы әкімі Еркін Қуанышұлы Сатанғұлов ағамыз өз бастамасымен Құлсары қаласының бір көшесін әкеміздің атына беруге ықпал етті.
Әкеміздің өзі 5 колхоздың басын біріктіріп, облыстағы ірі екі совхоздың бірі, «Коммунизм таңы» совхозының орталығы «Ақкиізтоғай» ауылындағы «Ақкииізтоғай» ауылындағы бас көшеге «Аккиізтоғай» ауылдық округі және оның халқының ұсынысы мен шешіміне сәйкес әкеміздің аты берілді.
Бұндай игі істен өзі бес жылдай аянбай тер төккен, осы жылдары ішінде 1953-1958 жылдары адам нанғысыз МТС-тың материалдық -техникалық базасын және тұрғын үйлер салғандығын Сағыз ауылы ның дамуына жаңа рең берген ерекше еңбегін ескеріп, ел азаматы Дауылбаев Рахымғали ағамыздың ұсынысымен Сағыз ауылының Орталық көшесіне әкеміздің аты берілді, біз тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.
Осындай игілікті істерге мұрындық болған, аты аталған және аты аталмай жатырған азаматтарға , айыпқа бұйырмаңыздар сол елді мекендер халқына ұрпақтары атынан шексіз рахмет айтамыз.
Біздің қазақта «Өткенсіз бүгін болмайды, бүгінсіз ертең болмайды» «Бүгінгі күн өткен күннің баласы, келер күннің атасы» -деген нақыл сөздер бар.
«Өткен күн тарих»-деп айтып жатамыз, бірақ кейде сол тарихты ескере бермейтіндігіміз де бар. Сондықтан, бүгінгі өтіп жатқан «Ер есімі, ел есінде» -атты тағылымы мол игілікті шараны өткенге көз жүгірту, оймен шолу және ел өміріндегі өткен заманның басты кейіпкерінің бірі Соғыс және Еңбек ардагері туғанына 100 жыл толуын атап өтіп отырған әкемізге беріліп жатқан лайықты баға деп қабылдаймыз.
Тағы да, баршаңызға ұрпақтар атынан рахмет айтып, алғысымызды білдіреміз.