Ақиық азамат аға

    (Эссе)

Бірде Ақкиізтоғайда қатарым, құрдасым Сәттіғұл Жаңбырбаевтың үйінде қонақта отырғанбыз. Ду-ду, гу-гу әңгіме мезі қылды ма, жаным жабырқап, көңілім құлазып сала берді. Мазам кеткендігін сезіндім.

-Әй, Сәтеш, жүрші, далаға шығайықшы,-дедім.

-Жарайды,- деген ол көптен бөлініп, сыртқа қарай беттей берді. Екеуміз Ақкиізтоғай ауылының іргесіндегі Жемді жағалап біраз қыдырыстап жүрдік.

Ауыл, азаматтар, ағалар, аталар, аналар жайында әдемі әңгіме өрбіттік. Енді бір сәт осы Ақкиізтоғайдың өсіп өркендеуіне негіз салған алғашқы 9 шаруашылықпен бірігіп совхозға айналған шаруашылықтың алғашқы директоры қазақстан ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер Ізбасов Шафих Ізбасұлы туралы сұрауды жөн көрдім.

-Сәттіғұл, сен осы Шафих ағаңнан қайыр, қамқорлық көрдің бе,- дедім не дер екен деп.

-Шәкең Шәкең болған кісі ғой заманында. Қайыр, қамқорлық көре алмадық деп айта алмаймыз. Мен құсаған, Тұрлан құсаған, Байқошқар құсаған жетімдерге қамқорлық жасап, қайырын көрсете білді. Техникум бітіріп келгесін үшеумізді үш фермаға мал маманы етіп жұмысқа қабылдады. Байырғы, тәжірибелі мамандарға: мына жастарды жақсылыққа жетелеңдер, жүйелі жұмыс жасауға жеткізіңдер, білмегенін үйретіңдер,- деп мұқияттап тапсырды. Шәкеңнің тапсырмасы тиянақты орындалып, аз мезгілде-ақ ортан қолдай маман болып шықтық. Жалпы Шәкең жастардың білімді болғанын, оқығанын жақсы көретін еді. Жастар оқыса, білімді болса еліміздің болашағы бекем болады деп отыратын-ды.

-Оның рас, Сәтеш, Шәкеңдер жастарды шаруашылық есебінен оқытуды да алғаш қолға алған аға ғой. Бір әңгіме айтайын, 1963 жылы ақпанда тоғыз колхоздың ізінен «Коммунизм таңы» атты совхоз құрылды. Біз соның малшыларымыз.Алдында ғана, осы Шәкең Аманкелді колхозының басқарма төрағасы, жер қуаң, жаңбыр жаумады, шөп шықпады, малды қырып аламыз-ау деген қауіппен он табын сиырды Қызылқоға ауданының «Комсомол» совхозынан жер сұрап (директоры Дабыс Қабесов, Шәкеңмен қатар әрі майдангерлер) көшірді де жіберді. Ақкөл деген көлдің жағасын жағалай жайладық. Қыс қатты болды, қар қалың түсті. Соған қарамастан мал басын аман сақтап, қаһарлы қыстан шығынсыз шығардық.Сондағы Шәкеңнің болашағын ойлай білетін көрегендігін айтам-ау. Сол Тайсойғанда тура бір жылымызды өткізіп,1962 жылдың қазан айында Жылыойымызға оралғанбыз. Күзде Айранкөл аймағына орналастық. Шаруашылық жағалап жүріп, ауылға келді Шәкең. Малымыздың қоңдылығын, қора-қопсының жинақылығын көріп риза болған Шәкең үйде қонақ болып, ағам Жәңгірхан бар, басқа да жолдастар бар арқайын кең отырып, әдемі де әсем әңгімелерді қаузағанын айтсаңшы. Мен жиырмадан жаңа асқан жас жігітпін, қолға су құйып қызмет істеген болып жүрміз.Үлкендердің әңгімесіне араласпаймыз.

-Сен бала оқуың керек – деді Шәкең ауылдан аттанарда, — жан есен болса жаз шыға кел, ақылдасамыз…

Көктем туа жайлауға көштік. Жаз жайлауымыз Желтау-Шолабай бұлағы.     -Ағаң оқуға жіберем деді ғой, барып хабарлас,-деді Жәңгірхан ағам. Сонау Желтаудан Ақкиізтоғайға келдім.Совхоз директоры Шәкеңе кіріп шықтым.

-Біздің ауданның ауылшаруашылығы Қызылқоға ауданына өткізіліп жатыр енді біздің ауданның орталығы Миялы,-деді Шәкең әңгіме барысында,- сол Миялыға барып бір-екі ай курста оқисың, сосын Ақтөбенің дәрігерлік институтының комиссиясы Гурьевке (бүгінгі Атырау)келеді,соған сынақ тапсырасың…Дәрігер боласың… Біздің ауылға дәрігер керек.

-Жарайды,-деп мен Шафих ағамен қош айтыстым. Екі үш күннен соң Миялыдағы бір мектепте курс мұғалімдерінің лекциясын тыңдауға кірістім. Курсты тәмамдап, Гурьевке бет алдым. Ақтөбеден келген емтихан қабылдау комиссиясына құжаттарымды өткізіп, сынақтарын тапсыруға кірістім.Сынақтардың бәрін жақсы тапсырып келе жатқам. Амал не соңғы сабақ Ағылшын тілінен сүріндім. Басым салбырап ауылға оралдым.

-Маған дәрігерлік бұйырмады, ағасы, үмітіңізді ақтай алмадым,-дедім кабинетіне кіріп.

-Ештеңе етпес, бірақ сен қалайда оқуың керек,-деді Шәкең,-оқымаса болмайды бауырым.

-Дәрігерлік бұйырмаса да журналистік оқуды оқыдың ғой,-деді Сәттіғұл,-мен үйге барайын, қонақтар күтіп қалған шығар.

-Иә,дәрігерлік бұйырмаса да журналистік оқу бұйырды ғой,

дұрыс айтасың,Сәтеш.Үйге қайтайын дейсіңбе, мақұл, мен далада жүре тұрайын, Шәкең туралы ойларым бар еді. Соны жинақтайын,-дедім.

-Жақсы, деген Сәттіғұл үйге тартты да, мен Жем жағасында қала бердім. Ойыма қалың ерін, нар тұлғалы қара торы келбетті кісінің бейне пошымы оралды. Көз алдыма тақиясын киіп отырып, келістіріп әңгіме айтар кездегі қырандай қомданып алатын қалпы келді.Ол кісінің есімі мен еңбегі кезінде бір ғана Жылыой жұртшылығына емес құбыласында маңғаз Маңғыстауға, арқада Атырауға, қала берді күллі республика халқына мәшһүр болды.

Халқы қадірлеп, елі сыйлады. Өйткені Шәкең ақылман аға, дарабоз ақсақал атана білген жайсаң да жайдары мінезді, әзілі әзір тұрар, қалжыңы қалтасында жүрер, жүзі иманды, үлкенді сыйлап, кішіні қамқорлай білетін, ақылы асқан, өмірі дастан жан десе болар. Мен өзім «Ағалар асыл жандар» атты алты томнан тұратын кітабымның  II-IV-VI томында және «Артықбайдан тараған» кітаптарымда Шәкең туралы «Өмірі өнеге», «Туған жердің тұлғалы ұлы», «Бір өзіңнен туған жер алған деммен» атты көлемді эссе, толғаныс, очерк  жазып жариялаппын.Соның бәрінде Шәкеңнің ел үшін, туған халқы үшін атқарған алуан істері сараланыпты. Ел болғасын ауыл, аудан болғасын бір ақылгөй бағыт бағдар беріп, жол сілтеп отыратын ақылды азаматтың, ақылман ақсақалдың керек екені белгілі. Шәкең сондай сенімге ие болған биікке жеткен абыз ақсақал атана білген, абыройлы, ар-ожданы таза да тұнық, мейірімді де мерейлі азамат атана білді.Шафих ағаның атының өзінде үлкен де үлгілі мән бар. Балалары тұрыңқырамаған қайран ата-ана үлкен ұлдарының есімін Итбай қойыпты ырымдап. Алла тағала оны да көп көріп өзіне қайтарып алыпты-ау. Содан кейін баланың атын татар кемпірге қойдырыпты. Татар кемпір балаға Шафих деп ат қойыпты.Шафих деген араб сөзі екен, қорғаушы қолдаушы дегенді білдірсе керек. Рас Шәкең талауға түскен талайлы тағдыр иесі қаншама азаматты қорғады десеңші. Немесе қаншама азаматтың, маманның жақсы істерін қолдамады десеңші. Талай жас мамандарды қолдап өсірді. 1923 жылдың жазында Мерген өзекте дүниеге келген Шәкең балалық шағы жайлы былай деп еске алатын-ды: Қаратон мен Қараарна кен орындарының аралығындағы Мерген өзек бойында дүниеге келдім. Сондағы бастауыш мектептің І-ІІ кластарында оқып, ілкі ұстазым Төленов Ықыластан білім алдым. Жарықтық аса бір байсалды, жай кісі болатын. Кейін Қарақұм бойындағы Жарты шеке мектебінде оқып жалғастырдым. Ондағы ұстазым Көркембаев Төребай деген кісі болды. Ол бір төре сынды азамат, білікті де білімді жігіт еді. Иә, жасы он беске тақағанда Шәкең кеңестік дәуірдің қызметіне кірісіп те кетеді. Өзі мектепте оқып жүрсе де ересектер сауатын ашуға үлес қосады. Ал он алты жасқа жете бере аудандық деңгейлі мекемеде жұмыс жасауға белсене кіріседі, есепші болады. Кейін жылға толмай-ақ, ол Чапаев атындағы колхозға есепшілікке жіберіледі.Колхоз басқармасы Таумұрынов Құлбала жас жігітті құшақ жая қарсы алады.Білгенін үйретеді, білмегенін үйренеді. Жасы он сегізге жете бергенде Шафих Ізбасов көптеген қатарларымен бірге 1941 жылдың 22 маусымында басталған Ұлы Отан соғысына аттанады. Артында жастары егде тартқан қарттары, әлі де кәмелетке толмаған бауырлары жылап-сықтап қала береді. Арада екі жыл өткенде оң қолынан екі мәрте қатты жарақат алған Шәкең елге оралады. Алапат айқастардан, сұсты соғыстан аман қалған Шәкең «ендігі өмірім олжа өмірім» деп отыратын. Елге оралған Шәкең жарақатына қарамастан бейбіт еңбекке белсене араласып жүре береді. 1944жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында «Жаңа жол» колхозына есепшілікке жіберіледі. Шәкеңнің қарым қабылетін, жұмыскерлігін аудан басшылары бірден байқай біледі.Әлбетте, колхозға есепші боп келген Шәкең осында өмірлік бақытын кездестіремін деп ойлаған жоқ-ты бірақ. Осы күндерде осы ауылда туып өсіп, осы ауылда кіші есепші болып істейтін Ақбал сынды жас аруға көзі түсіп, көңілі ауады. Он алтыдан он жетіге бет алған Ақбал да аса көрікті, үлбіреген жүзі мен мөлдіреген көзі кім-кімді де тарта алатын, жаны таза көңілі пәк, жүрегі нұрлы ауыл аруы болатын. Кездескен жанарлар бірін-бірі қия алмады. Қуаныш сезіміне бөленген көңілдерде келісуден басқа лаж қалмайды. Шәкең өмірден өткенше (2000 жылы 77 жасында өмірден озды) ел қамқоры, жер қамқоры бола білді. Басшылық жұмыстардың талайының тізгінін ұстады. Примор, Сағыз МТС-терінде директор, колхоз бастамаларының төрағалары, «Теңдік» «Коммунизм таңы» совхоздарында директор, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық Кеңес төрағасының бірінші орынбасары және басқа лауазымды жұмыстардың тізгінін қақты.Қай жұмыста да Шәкең шаруа жайын білетін ұйымдастыру қабылетін, қайтпас қайсарлығын, ерік-жігерін, адамгершілігі мен азаматтығын, айқын аңғартып отыратын. Ол еңбек ете жүріп, мектепте оқып, орта білім туралы аттестатты, Қазақ ауылшаруашылығы институтында оқып дипломды иеленді. Ғалым-агроном мамандығын алып шықты. Шафих Ізбасұлы соғыстағы ерлігі мен еңбектегі жетістігі үшін «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері» атағын алып, І дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен және ондаған жауынгерлік, кейін бейбіт еңбектегі жетістіктері үшін медальдармен марапатталған асқан абыройлы азамат. Шәкең қашанда ауылдың, әулеттің, әр шаңырақтың, өзі еңбек еткен ұжымның бірлік берекесін тілеп, жақсы болуын, өзара тілектес ниеттес болуды қалап отыратын аға еді. Өзі сол бағытта сүкімді әңгімелерді адал жанымен айта білетін.

-Шәке,-дегем бір кездесіп әңгімелескенімізде,-колхоз басқармаларынан кімдерді үлгілі еңбек етті дер едіңіз?

— Адам ата мен Хауа ана шайтанның азғыруымен жұмақтан қуылып, жерге орналасқан соң-ақ жерді еміп еңбек етуге мәжбүр болған-ды. Жасыратыны жоқ, қай басқармада да өз деңгейлерінде еңбек ете білді. Десекте шаруашылықты шалқытып, ілгері бастыра білген Ботай Нұрмағанбетов, Шымекен Сәрсембаев, Тауман Елеуов, Молдажан Жамбозов, Рахметолла Қараманов, Нұрша Аязбаев, Әбділда Оразбаев, Назар Ершуов, Айтбай Бөлтеков, Сәрсенғали Аманшиев, Сатыбалдиев Тағым тағы басқаларын айтар едім.

-Ал енді ел басқарған, партия- кеңес тізгінін ұстағандардан халыққа жаққан деп кімдерді айтар едіңіз?

-Әріге бармай-ақ қояйын, соғыс кезінде ауданды басқарған Шәкір Ғазизов, Е.Көптілеуов, Ж.Тасқарин, соғыстан кейін басқарған Ө.Балғымбаев, Қ.Оспанов, Р.Өтесінов, С.Мұқашев, М.Сағымбаев, Перова, М.Назымов, М.Сабырова сынды сындарлы азаматтар жайлы айтсамда болады.

-Шәке, осы сіз аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы болып тұрғанда, талапқа сай малшы үйі мен мал қорасын салдырып, ел-жұртты бір қуантып едіңіз..?

-Иә, талай жыл жертөледе қамалған  малшылардың обалы да бар еді. Стандартпен салынған үйлерге ие болған малшылардың қуанышында шек болмады. Оның үстіне әр қыстаққа электр желісі жүргізілді. Бұл малшы өмірінің одан әрі жақсаруына жол ашты. Сосын әр шаруашылықта жоңышқа өсіруді қолға алуды жедел жолға қойдық. Сондай-ақ тары өсіруді де, өркендетуді аудан басшыларының алдына қойып тиянақтадық. Скважина қазып жайылымды суландыру, жайылысты кеңейту шараларында алып, жүйелі жұмыс атқарылды.

-Ал енді, Шәке, жұмыс болғасын қиындығы мен кедергісі болмай қалмайды.

Ол жөнінде не айтар едіңіз?

-Кейде ел, партия басқарған азаматтардың ісіне риза болмай ренжитінің бар. Мәселен Хрущев «көкеміз» аудандарды салаға бөліп құрамын деп, Жылыой ауданының ауылшаруашылығы саласын сонау 300 шақырым жердегі Қызылқоғаға қосты. Жарты сағаттық жиналыс үшін Жылыойдан Қызылқоғаға сабылатын азаматтар шеккен азап, көрген қиындық қаншама дерсің. Ал бұл сәттерде де менің өзімде аз азап, қиындық көргенім жоқ.

Немесе 1963 жылы жазда жарты айдай нөсерлеп жаңбыр жауды.Жем арнасынан асты. Ел қиналды. Сай-сала, ой шұңқыр суға толды. Малды ауылдың ойпаңдағысы суға кетті. Қырдағысын су ағызды. Ағаш үй, дүние мүлік су бетінде қалқып жүрді. Көп мал шығынға ұшырады. Ығып жаураған малшылар қаншама? Үйде жата алмадым. Мазам кетті. Жиі-жиі жайлауға мамандарды жіберіп алып тұрдым. Бірақ олардың хабарына көңілім көншімеді. Өзім де ел жайын  көзбен көрейін деп шығып тұрдым. Сондай сапардың бірінде автокөлігіміз ләкіріп тасып жатқан Жем ортасында суға батып, көп кідіріске ұшырадық.Сол салқын судан салқын тиген болу керек, қалпақтай ұшып қатты ауырдым. Иә, Шәкең кезінде қатты сырқаттанды. Бірақ жігерлі азамат, майдан өрінен де өте білген ер майдангер жанын жасытпай, дереу емделіп, еңбектен қол үзбеді. Жас есейген сайын көңілге әртүрлі ой келеді. Өмірден өткен ағалардың ақылы мен айтқанын аңсайсың.

Сырласқан сәттерді еске аласың. Сол бір шуақты сәттерді, ағалар айтқан әдемі әдемі әңгімелер мен әзілдер көңіліңе оралып, жаныңды қуанышты күйге бөлейді. Тау тұлғаларын көз алдыңа келтіресің.

       Шіркін, біздің Ақкиізтоғай! Қаншама азаматтарды ауылдан адалдық пен азаматтыққа баулып, алыс қияларға қанат қақтырды десеңші. Олардың бірі барып Алатауға қонақтаса, енді бір қатары Астана мен Атыраудан тұғыр тапты. Ал алысқа самғай алмаған ағалардың бір қатары ұлағатты ұрпақ өсіріп, елі мен жерін қамқорлап, ардақты аталары мен аналарын аялап, аудан басқарып, ауылға басшылық жасай білді. Соның бірі Шәкең.

-Шәке, сіз шаруашылық саласын басқарып жүргенде осы «Коммунизм таңы» совхозы ізіндегі шаруашылықтан қанша Социалистік Еңбек Ері шықты, айта аласызба?

-Айтайын. Соғыстан кейін 1948 жылы 4(төрт) адам Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Олар Н.Арқабаев, Т.Дешенов, Ж.Мергенбаева, С.Шәкірова.

Осының ішінде Татан Дешенов қана «Қазақстан» совхозынан. Қалғаны «Коммунизм таңы» совхозы құрамындағы колхоздардан. Ал 1970-80 жылдары аралығында осы «Коммунизм таңы» совхозынан шопандар Ә.Дүйсенбеков, К.Асабаев Социалистік Еңбек Ері атанса, жылқышы Аманжол Кенжеғариев «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері атанды.Сонда осынау биік атаққа ие болған 7(жеті) адамның 6(алтауы) «Коммунизм таңы» совхозынан дер едім.Жасыратыны жоқ оларға бұндай атаққа ие болуына аз да болса көмегіміз, қамқорлығымыз тиді дер едім.

-Шәке, енді өзіңізбен бір туған бауырларыңыз бен өзіңізден туған балаларыңызды түгендеп көрсек,- дедім.

-Көрелік,-деді Шәкең. –Менің атымды қойған бақсы татар кемпір: Кейін тағы ұлды боласың, оның атын Шәуәли дерсіңдер депті әкем Ізбас пен анам Үнзияға.

Шәуәлиден кейін Алтыншаш, Қапия, Нәрегей бауырларым өмірге келді. Ал өз бауырым мен жан-жарым Ақбал екеумізден дүниеге келген Сайлау, Мақсым, Құралай, Алма, Нұржамал, Нұрболат есімді ұрпақтарым бар.

-Енді бір сауал, Шәке,өнебойы ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп келесіз, ал балаңыз Мақсым мұнайшы. Неліктен?

-Айтайын. Мен Мерген Өзек жағасында дүниеге келгенімде арқамда болашақ Қаратон, құбыламда Қараарна кенорны іздерінен мұнай исі бұрқырап жатты.

Содан мұнайға деген пейілім ауа беретін-ді. Өзімнің мұнайшы болуыма жағдай келіспеді. Колхоздастыру дәуірі мұнайдан бұрын қолға алынды.

Сосын соғыс басталды. Сосын бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіру,артта қалған ауылшаруашылығын жетелеу жұмысымен жүрдік.Бірақ қайтсем де баламды мұнайшылыққа оқытуым керек деген ой болды көңілімде. Сол ниетпен Мақсым Каз ПТИ-ді оқып бітірді. Өйткені ел болашағы мұнайда деп түсіндім.  Иә Мақсым Шафихұлы Ізбасов 1976 жылы оқу бітіріп келіп, Құлсары мұнай өндіру цехында еңбек етуге орналасқан операторлық жұмыстың бүге-шігесін байырғы мұнайшылар Ұ.Әбдірахманов, Ш.Қонабаев, Б.Шонаев, Қ.Аманқұлов, Н.Оспанова, М.Боранбаева  сынды аға-апалары үйретеді. Үйренуге бейім жас болса, қашанда ұстазынан озары ақиқат.Мақсым сол ұстаздарының ақыл кеңесін ала жүріп, ұлағат өнегесін үйрене жүріп мұнай басқармасы партия комитетінің хатшысы, басқарма бастығы, «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің басшысы, аудан әкіміне дейінгі жолдан өтті. Ол теңін тауып, Тамара есімді қызбен жан жарастырып, көңіл қуантып отау тікті, ұрпақ өсірді. Сөйтіп ол әкесі Шафихты, анасы Ақбалды қуанта білді. Бүгінде Мақсымның да ұрпақтары мұнай саласында мәртебелі жұмыс істеп, ата арманын орындап, әке тілегіне сай қызмет қылуда. Бірде Шәкең зейнетке қалғасын амандаса бардым да, Шәке азамат атану оңай ма? Ол үшін қандай қасиеттер керек дегенім бар.

-Айтайын. Азамат-көреген, сезімтал, сергек, қарапайым, қайырымды, мейірімді, ізгілікті игілікті істердің ұйытқысы, тарыққанда дем берер, жабыққанда әл берер жан болса…

-Азаматтың басты мұратын қалай түсінуге болады?

-Ел үшін адал еңбек етсе, адамдарды алаламаса, дараланбаса ұлық болған сайын кішік болса, дана болса… Жақсылықпен елдес, жамандыққа берілмес, еңбекқор болса ерінбес… Міне бұны жалпы адамзаттың да, азаматтардың да басты мұраты деуге әбден болады деп есептер ем.

-Ал, енді Шәке, өзіңізді қандай азамат деңгейінде болдым дер едіңіз?

-Е, оны енді…Елімнен, ел азаматтарынан сұрағын.

-Ақсақалдықтың ең жақсы қасиеті не деп білесіз?

-Бірлік бар жерде тірлік бар деген, алдымен ұрпақты ұлағаттылыққа, туған жерді сүюге адамдарға, ата-анаға, отбасына қамқор болуға тәрбиелеу тұтқасын берік ұстап отыру керек. Тәрбиені отбасынан бастап жүргізу керек. Өйткені отан отбасынан басталады. Шәкең 2000 жылы өмірден озды. Жетпіс жеті жаста болатын. Әлі де жүре тұрса қайтеді деп ойладық. Бірақ қашанда адамның ойлағаны емес, Алланың бұйыртқаны болады ғой. Азамат ағаның алтын сүйегі Дүйсеке Хазірет қорымында Жер-Ана қойнына берілді.Іргеде сылдырап Жем өзені ағып жатыр. Шәкең сол Жем өзенінің арынды ағысының сарынын тыңдап жер бесікте тербеліп жатыр. Шәкең көптің адамы бола білді. Ол туралы замандастары да, қатарластары мен жеделдестері де жылы сөздерін аямай айта біледі. Ол шаршағанда тірек болатындай, сырласқанда серік  болатындай, кеңескенде жөн сілтей білетіндей парасатты, пайымды, арда азамат депті облатком төрағасы Сағидолла Құбашев Жылыойға бірінші хатшы болып бара жатқан Саламат Мұқашевке Шәкең туралы. Келгесін Шәкеңнің өнегелі өмір дерегімен таныстым, көп ұзамай өзі келіп, күнделікті жұмыс жағдайымен, қысқаша аудан тарихымен таныстырды… деп жазады қоғам және мемлекет қайраткері Саламат Мұқашев өзінің «ақылшы азамат» деген естелігінде. Ал жерлес інісі Жылыой ауданында бірінші хатшы болған Мұсабай Сағынбаев «Шәкең өлгенмен оның қалдырған ізі өлмейді» деп жазды.

                       «Адам ылғи ізденістен талмайды

                       Сол іздену жақындатар шалғайды.

                       Ұмтылыстың, ізденістің шегі жоқ,

                       Адам оны ұрпағына жалғайды»

деп ақын жырлағандай, оның өнегелі өмір жолын ұрпақтары жалғастырады,-деп сағынышпен еске алып түйіндепті Мұсекең өз естелігін. Ол сағынуға тұрарлық ақпейіл азамат, жайсаң да жайдары жан, асыл да аяулы аға, ардақты да абыройлы ақсақал.

     Иә Шәкең туралы тұщымды дүниелер әлі де жазылуы мүмкін.Ал Әз ағаның жүз жылдығына орай осы эссемді мына бір өлең өрімімен түйіндеуді жөн көрдім.

 

            Көк жорға таймасын деп тағаларым,

            Қымбатсың бәрің маған ағаларым.

            Дүйсеке қауымында жатырсың-ау,

            Бастаған Шәкеңдейін даналарым.

 

                Талайлар өтеді екен бұл өмірден,

                Жорға едің асыл Шәке су төгілген.

                Қадір тұтып жүретін барша жұртың,

                Мәңгі орнадың, кетпессің сен көңілден.

 

          Амал не бұл өмірге сыймай кеттің,

          Арманыңа жетпедің, бәлки жеттің.

          Кішіні қамқорладың ертеңім деп,

          Үлкенді үлгі тұтып, сыйлай кеттің.

 

                 Сағыныш уын ішіп қаталадым,

        Болашаққа елімді апарар кім.

                 Аңсаған нар шалдарын, ел сыйлаған,

                 Аман-сау жүріңдерші апаларым.

 

           Биік ұстар қырандар ақиықты,

           Достық үшін керекпе жан қиыпты.

           Жер мерейін өсірген еңбегімен,

           Елі қалай ұмытар Шафихты.

 

                   Жақсыға жақтас болып тұрар елім,

                   Өміріңді өрге өрлетер мұрагерің.

                   Әз-аға! Туған жерің ақ бесік боп,

                   Жұмақта әңгіме дүкен құра бергін.

 

             Бір ғасыр сен өмірге келгелі де,

             Жасыңнан жақсыларға ермедің бе.

             Үлгі етіп даналардың ақыл-ойын,

             Жайсаң ең, тірлікте сан сермедің де.

 

                   Еңбегі үлгі болған тәмам елге,

                   Бәйгеден қосқан аты дара келген.

                   Тектіден текті туған Шәкеңдер-ай,

                   Болашаққа бақ жолын сала келген.

 

             Қайран-ай, қасиетті қара шалым,

             Өткізіп ең өмірді тамаша ғып.

             Ақылшысы ең ел, жұрттың, азаматтың,

             Қамқоршысы ең қашанда қарашаның.

 

                  Жайлы болғай, о, Шәке жатқан жерің,

                  Кең Жылыойдың айбары, мақтаны едің.

                  Сіздей шалды айбынды іздейді елің,

                  Рухыңмен жебей жат ақтаңгерім.

 

Иә, мен аға туралы эссемді осылай аяқтасам да, ой құшағында отырмын. Туғанына бір ғасыр болған Шәкеңнің мерекесін аудан жұртшылығы, билік иелері еске алар ма екен? Шалының есімі ауызға алынбаса жоғын жоқтайтын бұрынғыдай жан-жары Ақбал апа да жоқ тірлікте. Ол да 2021 жылы өмірден озып, Дүйсеке Хазірет қауымында қара шалының қасына барып жатып алды.

Шіркін, Ақбал апам намысшыл еді ғой… Шәкең десе барын салатын. Қатарларына, жеделдес інілеріне базыналығын айтып, шерін тарқататын. Бірақ Мақсымдай мұрагері бар, бір шарасын алар деп тоқтаттым көңілімді. Орнымнан тұрдым да Құлсары қаласы ықшам ауданы бірінің көшесі бойында бой көтерген Шәкеңнің бюст ескерткішіне бет алдым. Сырласқым келді. Бұл да бір менің ақиық азамат ағаға деген құрметімнің белгісі еді.

 

Қонаш Қалдыоразұлы

Жазушы, ҚР жазушылар,

журналистер одағы мүшесі,

  Қазақстанның құрметті журналисті,

Жылыой ауданының құрметті азаматы

Құлсары қаласы