МАЙТАЛМАН МҰНАЙШЫҒА-80 ЖЫЛ

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 27-ші жұлдызында, Атырау қаласында, “ЕмбіМұнайГаз” АҚ-да белгілі мұнай саласының ірі ұйымдастырушысы М.Батырбаевтың 80 жасқа толуына орай салтанатты шара өтті. М.Батырбаев Қазақ ССР ғылым, білім, техника саласындағы (1984) және И.Губкин атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, акалемик, Атырау облысының, Атырау, Жаңаөзен қалалары мен Жылыой, Қызылқоға, Махамбет аудандарының құрметті азаматы атанған, жұртшылық құрметіне бөленген абыройы асқақ тұлға.

  

Салтанатты шараға “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ-ның басшылығы, Бас компанияның еншілес мекемелерінің басшылығы, ембілік ардагерлер қатысты. Мерейтойлық шараға шақырылған қонақтар, оның ішінде мұнай саласының ардагерлері Махамбет Демешұлымен бірге еңбек еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті.

Мерейтой иесінің атына “ЕмбіМұнайГаз” АҚ басшылығы атынан да жылы лебіздер айтылып, қазақы дәстүрмен иығына оқалы шапан жауып құрмет көрсетілді.

“ЕмбіМұнайГаз” АҚ-ның Бас директорының м.а. Қ.Қасымғалиев өз сөзінде: “Сіз Ембі өндірісін ел экономикасындағы ең күрделі өтпелі кезеңдердің бірінде басқардыңыз. Кәсіби шеберлік, уақтылы қабылданған дұрыс шешімдердің нәтижесінде қиындыққа төтеп бере алдыңыз. Мамандығыңызды шебер меңгере білген біліктілігіңізбен әрітестеріңіздің және бүгінгі мұнайшылардың зор құрметіне ие бола білдіңіз”- деп атап өтті.

Мерейтой иесін құттықтауға Елордадан арнайы келген “ Мұнай-газ кешені ардагерлері” РҚБ-нің Бас директоры А.Тегісбаев, ардагерлер қауымы атынан құттықтау хатын тапсырып, ҚР Энергетика министрлігінің “Еңбек ардагері” медалын тақты. Ол өз сөзінде мерейтой иесінің “зейнеткерлік шағында да Республикалық “Мұнайгаз кешені ардагерлері” бірлестігіндегі абыройлы қызметін, әріптестерінің құрметіне бөленіп, болашақта да ел игілігіне қосар үлесінің зор екеніне кәміл сенетінін” жеткізді.

Айтулы ардагер мұнайшының жарты ғасырдан астам өнегелі өмір жолы, терең білімі, кәсіби шеберлігі, бағындырған биік белестері, кейінгі ұрпақ үшін үлкен өмір мектебі екені даусыз. Оның, еліміздің мұнайгаз өнеркәсібі саласын дамытудағы қажырлы еңбегі , ҚР -ның “Парасат”, “Құрмет”, КСРО-ның “Құрмет белгісі” ордендерімен, бірнеше медальдар және салалық төсбелгілермен аталып өткен. Өз кезегінде сөз алған Махамбет Демешұлы “ЕмбіМұнайГаз” АҚ ұжымына, жиналған ардагерлер қауымы мен жұртшылық өкілдеріне және кешті ұйымдастырған азаматтарға шын ықыласты көңілмен ризашылығын білдіріп рахмет айтты.

Жылы естеліктермен сағынышқа толы жиын барысында, мерейтой иесінің еңбек жолына арналған фильм көрсетіліп, кеш соңы әдемі ән мен көкейге құйылар күй тыңдауға ұласты.

“МНГК” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ