Ақжол ашқан аға

Өзім ән айтпаймын. Бірақ, ғасырлардан қол бұлғар халық әндерінің түбі терең мағынасына бойлай аламын. Ондағы айтылатын әр ой, ерекше әсер қадыратыны және рас.

«Жақсыменен өткізген жарты сағат,

Жаманның өтіп кеткен ғұмырындай».

Осы бір әнді тыңдаған сайын жаны жайсаң, жомарт болмысты, адал ниетті асыл азаматтар ойыма оралады. Солардың бірегейі Закаш Камалиденов. Осынау айтулы азаматты көзі қарақты оқырманға жете таныстырудың керегі де жоқ. Халқымыздың тарихынан хабары бар кез келген мәдениетті адам бұл кісіні біледі. Закаш Камалиденовтің болмысы туралы ойлай бастасам, жүрегіміз алып-ұшып жаңа ғана отау көтеруге бет бұрған кезіміз, Мәскеу төріндегі өткен үйлену тойымыздағы шат-шадыман кезеңдер ойыма еріксіз оралады.

Марқұм қайын атам Шахан Далбайұлы Азбенов те кезінде елдің гүлденуіне бір кісідей еңбек етіп еді. Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Ленинград қаласын қорғауға қатысқан ер жүрек азамат туған елге Жапон соғысына да қатысып, 1946 жылдың соңына таман оралған. Қазақ мұнайының бастауы Доссорда түтін түтетіп, отбасын көтерген. Кейіннен Жоғары партия мектебін бітіріп, бүгінгі Ақтау қаласының ең бірінші әкімшілік құрылымы – «Гурьев – 20» деп аталатын кенттік Кеңестің төрағасы болып қызмет атқарған. 1964-1968 жылдары қайын атам Закаш Камалиденұлымен қызметтес болып, ол қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, бұл қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, бірден қалыптасқан екеуара сыйластық, кейін үлкен достыққа ұласқан.

Мұнайлы аймақта дүние есігін ашқан әр баланың арманы – мұнайшы болу. Себебі, көзін ашып, есі кіргеннен бері көргені алыстан қол бұлғап өзіне шақыратын мұнай качалкалары мен сол жерде уақытпен санаспай жұмыс жасап жүрген алдыңғы толқын ағалар еді. Кей кездері «Осы Атырау мен Маңғыстаудың халқы тек қана мұнайшы болады екен», — деген әңгіме соңғы жылдары ауық-ауық төбе көрсететін. Ата-бабасы қалаған мамандықты игермегенде, олар басқа қандай жолды таңдауы керек. Адамды алға қойған арманы үшін кінәлауға болмайды. Сонымен, мұнайшы болсам деген арман бізді Одақтың астанасы Мәскеуге қарай алып-ұшты. Ол жерде атақты Губкин атындағы мұнай институты бар. Мұнайшы болсам деген көкөрім жастардың басы қосылатын киелі альма-матердің табалдырығын бізде жасқана, бірақ үлкен бір үмітпен аттап едік. Алғашқы күндерден-ақ курстасым Гүлшара екеуміздің ой-көзқарасымыз үндесіп, ортақ тіл табыса бастадық. Мәскеудегі басталған достық қарым-қатынасымыз уақыт өте кіршіксіз махаббатқа ұласты. Екінші курста үйлену тойымызды өткіземіз деп шештік. Тойымызды екеумізді таныстырып, табыстырған Мәскеуде өткізетін боп уағдаластық. Тойдың қонақтарының біразы дерлік курстастарымыз. Екі жақтан Мәскеуге артынып-тартынып, жиырма шақты қонақ елден келетін болды. Қайын атам сол жылдары Мәскеуде Жоғары партия мектебінде оқып жатқан Закаш Камалиденовті де тойдың құрметті қонағы бол деп шақырған екен. Тек қонақ бол деп емес, осы тойға асаба бол деп те қолқа салған көрінеді. Сонымен, межелі күні тойымызды барлық сән-салтанатымен атап өттік.  Закаш аға қоңыр даусымен тойдың асабалығын әдемі атқарды. Ауылдан келген жанашыр жандардың барлығы алдағы өмірімізге тек сәттілік тіеп, ақ тілектерін ақтарды. Кейбіреулері студент кезімізден үйленіп жатқанымызға алаңдаушылық білдіріп, кездесер қиындықта мойымай бірге болыңдар деген шын риясыз тілектерін жеткізді. Әлі есімде, келесі күні, яғни 1970 жылдың 10 маусымы Закаш ағаның туған күні екен. Сол күні ол 34 жасқа толып жатты. Қазір ойласам, қылшылдап тұрған кезі екен-ау. Содан біздің тойға ауылдан келген қонақтарды арнайы мейрамханаға шақырып, Закаш ағаның туған күнін барлық жөн-жоралғысымен атап өткенбіз. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық», — демекші, үйлену тойымыздың асабасы болған Закаш ағаға деген ізгілікті құрметім сол сәттен бастап қалыптасып еді. Жұбайым Гүлшара екеуміз Закеңді ерекше мақтаныш сезімімен «бізге ақжол ашқан аға» дейміз.

Үйлену тойы өтті дүркіреп. Ертесіне сабаққа бардым. Қысқаша «сопромат» деген пәннің атауын көпшілік біледі. «Сопротивление материалов» пәнінен бізге Лапидус деген профессор дәріс берген. Өте білімді, студенттерге қатал талап қоятын адам болатын. Студенттердің арасында «сопроматты тапсырдың – үйленуіңе болады», — деген әзіл де болатын. Яғни, сопромат пәні студенттің алдағы тағдырын айқындайды деген сөз. Билет алып, профессор Лапидустың алдына келіп, ондағы  сауалдарға толықтай жауап қайтардым. Ол кісі маған қарап отырып: «қанша уақыт даярландың», — деп сұрады. Мен кеше ғана үйленіп, тойымды жасағанымды айттым. Ол кісі де риясыз жымиып, қалған студенттерге қарап: «міне сабаққа осылай даярлану қажет», — деп менің мәртебемді көтеріп еді.

Адам баласын алға жетелейтін үлкен күштің аты – сенім. Өзгенің өзіңе көрсектен сенімін ақтаймын деп талпына білсең, онда сеннен көп үміт күтуге болады. Той өткенімен, Мәскеу секілді ірі мегаполисте күн көру де оңай емес еді. Ешкімнен кем болмайық деген оймен аула сыпырушы да болдым. Таңғы алтыдан сегізге дейін екі сағаттың ішінде өзіңе берілген аумақты түгелдей сыпырып, тазалап үлгеруің керек. Қыста қарды тазалап, өз аумағымды айнадай етіп қоямын. Жаз айларында жүк тасушы болып, ірі азық-түлік дүкендерінде еңбек еттім. Айлығым 84 сом. Жас отбасыға әжептәуір қаражат. Қазір ойласам, өзгелердің ақ тілегі мен сенімін ақтау үшін тырбанып еңбек етіппін. Сол күш қана бізді ел қатарына қосқан екен ғой.

Ендігі әңгіме ауанын  осы әңгіменің кейіпкері Закаш аға туралы өрбітейін. Міне менің қолымда «Арыс» баспасынан 2010 жылы шыққан Закаш Камалиденовтің «Өмір жолдары» атты естелік кітабы. Бұл естелікті мен әлденеше рет оқып шықтым. Қазақ КСР-нің соңғы ширек ғасыр тарихында басшылықтың жоғарғы эшалонында болған белгілі мемлекет қайраткері Закаш Камалиденовтің осынау еңбегі шынайылығымен құнды деп санаймын. Автор осы еңбегінде өзінің балалық шағы туралы, өскен ортасы, әкесі Камалиден Лепесұлы туралы тебіреніп әңгіме қозғайды. Закаш ағаның о бастағы мамандығы мұнайшы болатын. Ол да Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтының түлегі. Еңбек жолын қарапайым мұнайшылықтан бастаған. Сол елуінші жылдардың ортасындағы мұнайшылықтың ауыр мехнаты туралы, кейінгі партия-кеңес органындағы еңбек жолы жайлы кеңінен мағлұмат аласың. Соңғы жылдары мемуарлық бағыттағы көптеегн еңбектерді оқып жүрміз. Көпшілігі өздерінің алған наградасын, қай басшымен табақтас болып, қызмет жолындағы жетістігін қаузап айта береді. Закаш ағаның кітабы сол жылдардағы еліміздің әр саласындағы қордаланған проблемаларды да алдыңа жайып салады. Мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық   Комитетінің идеология мәселелері жөніндегі хатшысы болған кезінде педагог мамандардың тапшылығын айта келе, «ауылдық жерлерден балаларды педагогикалық жоғарғы оқу орындарында оқытып, тәрбиелеп елге жіберіп отыру керек. «Халық мұғалімі» атағын қайтадан қалпына келтіру керек», — деген пікірін алға тартады. Әңгіме бұл жерде омырауға тағатын белгіде емес, әңгіме – ұстаздың ел алдындағы беделін көтеру қажет деген пікірге саяды. Ел ішінде ұстаздың беделі көтерілсе ғана, жастарға сапалы білім беріледі. Немесе 1980 жылы 26 тамызда Қазақ Советтік Республикасына 60 жыл толды. Осынау мерейтойды ұйымдастырудың басы-қасында тағы да Закаш аға жүрді. Ұлы Отан соғысы туралы театрландырылған эпизодты тамашалап отырған КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежнев соғыс зардабы туралы көріністерді көргенде көзіне жас алған. Міне, осы бір жан тебірентер көріністі Закаш аға байқап қалған. Басқа біреу болса, республикаға тапсырылған награда мен көрген концертін, аста-төк дастарханды ғана айтар еді. Иә, мызғымастай көрінген Кеңестер Одағының келмеске кеткеніне де ондаған жылдар өтті. Закең сол кезеңде атқарылған көптеген игі істермен қатар орын алған кешірілместей кемшіліктерді де өз еңбегінде батыл, ашық баяндаған. 1986  жылы республика басшылығын ауыстырардағы Одақ орталығының озбырлығы «Желтоқсан оқиғасы – Горбачевтің үлкен қателігі» деген тарауда кеңінен айтылған.

Жер бетінде төрт құбыласы түгел адам жоқ. Қазақ мұндайды «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, бауыры бүтін сұңқар жоқ», — деп кестелейді. Закаш ағаның да ел білетін үлкен трагедиясы – жалғыз тұяғы Артурдан айырылуы болатын. Қырық жасында қапияда көз жұмған Артурдың келешегі де кемел еді. Мәскеудің халықаралық қатынастар институтының түлегі болатын. Көптеген елшіліктерде жауапты қызмет атқарды. Бауырын езіп жіберердей болған қаза туралы «О моем сыне Артуре» атты ағамыздың естелігін тебіреніп, көзіңе жас алып отырып оқисың. Арманына жете алмай кеткен Артур Закашұлының иманы саламат болсын дегіміз келеді.

Үлкен мәдениеттің, биік парасаттың, темірдей тәртіптің адамы атанған Закаш ағаның жоғары билікте қаншама жыл жүрсе де, жан баласына қиянат жасамай 52 жасында Горбачев пен Колбиннің халықтың қамын терең ойламай жүргізіп отырған саясатына наразылық ретінде саяси аренадан кетуі нағыз ерлік десе де болады. Оның өмір жолы – тазалықтың, ел мен жерге қалтқысыз қызмет етудің үлгісі.

Өмір болғасын жерде өкініштің қатар жүретіні де ақиқат. Өткен мамыр айының басында Закаш ағаның жүрегі мәңгілікке тоқтады. Ағаның кіндік қаны тамған Атырау және көп жылдар қызмет атқарған Маңғыстау облыстарынан делегациялар, басқа аймақтардан дос-жолдастары келіп, барлық сән-салтанатымен ақтық сапарға аттандырды. «Офицерлер үйінде» өткен қаралы митингіде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, республикалық «Генералдар Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Рүстем Қайдаровтар сөз сөйлеп, Закаш ағаның ел мен жерге қалтқысыз қызмет атқарғанын, оның нағыз патриот екенін айтты. Кеңсайда жан-жары Зера жеңгеміздің қасына жерленді.

Туған, кіндік қаны тамған жер кім-кімге де ерекше ыстық. 2016 жылдың маусымында Закаш Камалиденұлы Алматыда 80 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Соған қарамастан Атырау облысының басшылығы ағамызды еліне шақырып, жерлестерімен қауыштырып, үлкен сый-құрмет көрсеткен болатын. Осы сапардан Закең төбесі көкке жетіп, ерекше қанаттанып оралған. Ол дүниеден өткенде жерлестері, Алланың ризашылығында болғырлар, «танымал тұлғаны елге әкеліп жерлесек қайтеді», — деген ой білдірген. Бірақ оның ағайын-тумасы өмірінің көбі өткен, бүгінде бала-шағасы тұрып жатырған Алматыда жан-жары Зера Решадқызының қасына жер қойнауына бергенді дұрыс санады. Ағамыздың өз қалауы да солай болған көрінеді.

Өмір жолымда, яғни отау көтергенімізде ақ батасы мен ақ тілегін арнаған Закаш Камалиденов ағамыздың иманы саламат болып, нұрлы дидары пейіштің төрінде шалқысын демекпін.

Мейрам Ахметжанов,

ардагер-мұнайшы,

Мәскеу қаласы.