АУЫЗ АШАР БЕРІЛДІ

Сәуір айының 12 жұлдызында “КазЭнерджи” қауымдастығы атынан бір топ ардагерлерге ауызашар берілді. Оған еліміздің мұнайгаз саласын дамытуға зор үлес қосқан Ғылым мен техника саласынан Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Батырбаев, Қазақстанның Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы Ұ.Қарабалин, Мемлекет және қоғам қайраткерлері З.Алшымбаев, Л.Қыйынов, “МГКА” РҚБ Бас директоры А.Тегісбаев, “КМГ” ҰК Президентінің кеңесшісі Ж.Құлекеев және т.б. ардагер мұнайшылар қатысты.

Ардагерлер бас қосқан жиында бірінші сөз алған “МГКА” РҚБ Кеңесінің төрағасы Ұ.Қарабалин, еліміздің мұнайгаз саласындағы қол жеткізген жетістіктерімізбен, алдағы атқарылатын істерді атап өтіп, жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. “МГКА” РҚБ Кеңесінің мүшесі З.Алшымбаев, халқымыздың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақыратынын, соның бірі исламның бес шартының бірі ораза күндері ауызашар ұйымдастырып отырған азаматтарға рахмет айтып, ардагерлер қауымы “КазЭнерджи” басшылары тарапынан әркез қамқоршылық сезінетініне тоқталды. 2019 жылы алғашқы спонсорлық көмек көрсетуге атсалысқан, бүгін де бірлестік кеңсесін жеңілдетілген бағамен (пандемия кезінде тегін) қол жеткізуге көмегін беріп жүрген Ж.Сарсеновке ардагерлер атынан алғыс білдірді. Сала ардагерлері М.Батырбаев, Т.Наушиев өз сөздерінде мұнайгаз өндірісін дамыту проблемалары мен кездесетін түйткілдер төңірегінде өз пікірлерімен бөлісті. Жиын аясында мұнайгаз саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен, бірлестік құрылтайшыларының бірі, сала ардагері А.Балжановқа мемлекет наградасы тапсырылды.

Марапаттау рәсімінде, бірлестіктің Бас директоры А.Тегісбаев, Асқар Құмарұлының мұнайгаз кешенін дамытудағы ерен еңбегі ұмыт қалмағанын, оның “Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл” мерекелік медалымен марапатталғанын, белгілі себептермен “кеш те болса еш” дегендей тапсырудың сәті қасиетті айдың ораза күндеріне сәйкес келгенін айтып, жоғары награданы тапсыруды Қазақстанның Еңбек Ері Ұ.Қарабалинге ұсынды. Өз кезегінде А.Балжанов бірлестік басшылығына шын ықыласты көңілмен ризашылығын білдірді.

 

 

“КазЭнерджи” басшылығы (Т.Құлыбаев, Ұ.Қарабалин, К.Ибрашев) ұйымдастырған ауызашар рәсімі, халқымыздың мағынасы терең, көпқырлы төл мәдениетінің, ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрді , әдет-ғұрыпты қадірлеуден бастау алатынын көрсетті. Жиын ұзақ жылдар бірге қызмет еткен ардагер азаматтардың емен-жарқын пікір алысу, көңілді, жайдары жағдайда өтті.

“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ