Ел ардақтысы

Қоғамдық өмірдің бел ортасында жүріп, белсенді еңбегімен, өнегелі өмірімен, білім –білігімен, ақыл-парасатымен, бүкіл адамгершілік асыл қасиеттерімен ел азаматы ретінде аты халықтың аузында жүретін тұлғасы бөлек азаматтар болады. Солардың арасында шоқтығы биік, білімі терең, кісілік келбеті көп жағдайда адамгершілік қасиеттерінен және халқы үшін жасап жүрген ісінен көрініп жүрген қайраткерлердің бірі — Зейнолла Өтежанұлы Алшымбаев екендігі сөзсіз.

Үстіміздегі 2023 жылы қаңтарда, Парламент Мәжілісінің үшінші және төртінші шақырылымының депутаты- халық қалаулысы болған, ел сыйлаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Өтежанұлы 75 жасқа толып отыр.

      Маңғыстауда туып-өсіп, іскерлік қарым-қабілетімен, азаматтық абыройымен Одақ көлемінде еркін самғап, мұхиттың ар жағына құлаш ұрып, қияндарға қанат сермеген қыран тектес болмысын үлкен-кіші тегіс мойындап болған. Маңғыстаудың қоғамдық-саяси тарихында әкелі-балалы Алшымбаевтар аты көпке белгілі. Тоқсанның тұғырына қонғанша шаршы топта төрден орын алған, жақында ғана облыс көлемінде 100 жылдығы аталып өткен Өтежан Алшымбаев өз дәуірінің белсенді перзенті бола білген белгілі ел абызы,   ал   Зейнолла Алшымбаев қазақ халқының парасатты ұлдарының бірі.

      Ол Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында туған. 1965 жылы Таушықтағы Шахта орта мектебін бітірген соң, еңбек жолын Ақтауда ТЭЦ-тің бақылау-өлшеу жабдықтарының электр-жөндеушісі болып бастады. 1966 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының экономиканы жоспарлау факультетіне оқуға түсіп, 1970 жылы бітіріп, өнеркәсіпті жоспарлау экономисі мамандығын алды.

      1970 — 1973 жылдары «Өзенмұнайгаз» басқармасы жүйесінде цехтың (ЦНИПР) инженер-экономисі, басқарманың жоспарлау-экономика бөлімінде аға инженер-экономист, күрделі құрылыс бөлімінің жобалау-смета бюросының жетекшісі болып еңбек етті.

        1973 — 1980 жылдары Жаңаөзен қалалық жастар ұйымының екінші, бірінші хатшысы болып сайланды. Жалындаған жігерлі жастың алысқа шабар жүйрік екені осы тұста-ақ байқалып қалып еді. Көп ұзамай-ақ Зейнолла Өтежанұлы Маңғыстау облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Онда Зейнолла ағаның жастармен жұмыстағы ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Ол жұмысшы және ауыл жастары мәселелерімен, Өзен, Жетібай кен орындарына, Қазақ газ өңдеу, Ақтаудағы пластикалық массалар зауыттарының құрылыстарына және Бозашы жартыаралындағы, т. б. мұнай кәсіпшіліктерін игеру сияқты облыстың маңызды халық шаруашылығы жұмыстарына жастарды тарту істерімен тікелей айналысты.

      1981- 1987 жылдары Маңғыстау барлау-бұрғылау басқармасы партия комитетінің, Жаңаөзен қалалық партия комитетінің өнеркәсіп және құрылыс жөніндегі екінші, Мұнайлы аудандық партия комитетінің бірінші, Маңғыстау облыстық партия комитетінің өнеркәсіп, құрылыс және көлік мәселелері жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарды. Мұнайлы ауданын басқарған кезінде Қаламқас және Қаражанбас мұнай кен орындарын игеруге басшылық етті. Мұнай кәсіпшіліктері алыс қашықтықта орналасқан қиын жағдайларға қарамастан, үкімет директивасында көрсетілген межеден жоғары — Бозашыдан 5,6 млн. тонна мұнай өндірілуіне қол жеткізді.

1977-1982 жылдары еңбектен қол үзбей, Қазақ политехникалық институтын инженер-мұнайшы мамандығы бойынша, 1983-1987 жылдары Алматы жоғарғы партия мектебін сырттай оқып бітірді.

      1987-1990 жылдары Мәскеуде СОКП Орталық Комитетінің Партиялық Ұйымдастыру және Кадр жұмыстары бөлімінің, Қиыр Шығыс, Ciбip секторында жауапты ұйымдастырушы қызметін атқарды. Ресей Федерациясының Омбы және Байкал сыртындағы Чита облыстарындағы саяси-экономикалық реформалардың іске асырылуына жауапты болды.

Бүкілодақтық XIX-шы партконференциясын, КСРО халықтарының I, II, III, РСФСР халықтарының I-съездерін дайындап, өткізуге қатысты. СОКП-ның XXVIII-съезіне Қазақстаннан делегат болып сайланып, қоғамды демократияландыру бағытындағы съезд қарарына қолдау көpceтті.

      1990 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы басшылығының ұсынысы бойынша Маңғыстау облыстық партия комитетінің экономиканы реформалау, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту, мұнай өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселелеріне басшылық жасайтын екінші хатшысы болып сайланды. Маңғыстау облысындағы еркін экономикалык аймақ кұруға ықпал ету жөніндегі Қордың Президенті болды.

        1991-1992 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметінде басшы кадрларды демократиялық жолмен сайлау, шаруашылықты қайта құру- реформалау жұмыстарымен айналысты.

       1992-1993 жылдары АҚШ-тың Бостон каласындағы Массачусетс университетінде білім алды.

       1993 жылдың тамызынан Техас штатының Хьюстон қаласындағы Англо- Датч Петролеум Интернэшнл компаниясының шетел инвестициялары жөніндегі директоры, 2000 жылдан бастап вице-президенті болып қызмет жасады. Сонымен біp мезгілде, Жаңаөзен қаласында, елімізде алғашқы құрылған американ–қазақстан «Теңге» біріккен кәсіпорнының Директорлар Кеңесінің мүшесі болды, яғни еңбек жолы туған өлкесі Маңғыстаудан еш ажыраған емес.

Кеңес Одағы тараған соң, Қазақстанға инвестиция тартып, имиджiн жақсарту үшiн Алшымбаев қазақ азаматтары арасынан тұңғыш болып шетелдік компанияларда, АҚШ-тың мұнайлы штаты Техаста –Хьюстонда он жылдан астам қызмет етті.

Хьюстон, бейресми түрде әлемнiң мұнай орталығы. Кез-келген мұнай компаниясы осы қалаға келiп презентация жасамаса, оны ешкiм мойындамайды. Хьюстонда «Мұнайшылар клубы» деген бар. Сол клубтың мүшесi болған. Клубқа Қазақстан жайлы түсiнiктемелер, мәлiмет, ақпараттар берген. Әрине, кез-келген компанияны Қазақстанға тiкелей алып келiп, инвестиция тартқызу оның мiндетi емес еді, сонда да араласқан, ықпал еткен компаниялары болды. Кенiштердi игеруге инвестиция тарту жөніндегі Түркияның, Тайванның, Израйльдің, Ресейдің, Румынияның, Англияның, Алжирдің, Грекияның, сондай-ақ «Қазмұнайгаз», «ОПИК», «Халлибуртон», «Петром», «Шелл», «Бейкер Хъюз», «Лукойл», «Шугурланд», «ДЕПЕКИ» т. б. компаниялармен келіссөз жүргізу процесстеріне, мұнай кен орындарын игерудің жобалық құжаттарын жасақтауға және АҚШ-тын «Луизиана» штатындағы «Ронек» кен орнының маркетингілеу жұмыстарына тікелей қатысты. Олардың көпшiлiгi осында әлі күнге қызмет iстеп жатыр.

Зейнолла Өтежанұлының халық сеніміне адалдығының арқасында өңірімізде әлеуметтік-экономикалық маңызға ие бірнеше мәселелер шешімін тапты. 2004 жылдың қазан айында ҚР Парламентіне Маңғыстау облысының № 51 сайлау округінен (оның құрамында қазіргі Мұнайлы ауданының елді мекендері, Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Қарақия ауданы кіреді), 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП-сы тізімімен Мәжіліс депутаты болып екі рет сайланып, халықпен тығыз қарым- қатынаста болды. Осындай қызметтің арқасында Жаңаөзендегі «Рахат» шағын ауданы мен Теңге, Маңғыстау кенттерінде, Атамекен селосында жаңа мектептер, Жетібайда аурухана мен емхана ғимараттары бой көтерді. Облыс орталығы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің бас ғимаратын салу туралы бастама көтеріп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге қол жеткізді. Бұдан да басқа Маңғышлақ стансасында дербес әкімшілігі бар «Маңғыстау тасымалдау бөлімшесін» құру, Астана-Маңғыстау тікелей поезын жүргізу, «Астана-Ақтау» тура бағытына ұшақ ұшқызу, Ақтау халықаралық аэропортының инфрақұрылымдарын күрделі жөндеу және реконструкциясы мен «Өзен-Түрікменстан-Иран» теміржолы және «Қызылсай- Шопан Ата-Оғыланды» автокөлік жолына, «Қошқар -ата» улы көлін рекультивация жасауға, Ақтау қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға мектеп-интернат салдыруға қаржы бөлдіру, және т.с.с. ұсыныстары үкіметке жолданып оңды шешімін тапқан. Осы жұмыстарды ол жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып жасағанын да айта кеткен жөн.

Өз сөзін салмақты айтып, ел-жұрттың игілігіне асатын пайымдарын тартынбай ұсынып, ел мен жер, тіл тағдыры, жұрт пайдасы жолын анық ұстанған азаматтығын, біліктілігін барша Қазақстанға таныта білуі де мақтан тұтарлық қасиет қой.

      Парламенттің 3-ші және 4-ші шақырылымдарының депутаты кезінде аймақтың және еліміздің актуалды мәселелері төңірегінде үкіметке, оның құрылымдары басшыларының атына өз бастамасымен 79, әріптестерімен бірлесіп 100- ден астам депутаттық сауалдар мен ұсыныстарын жолдады.

      Мәжіліс депутаты болып жүрген жылдарда облыстың барлық түпірінен көмек сұраған, ұсыныс-пікір айтқан хаттар толассыз келіп жататын. Олардың бірде-біреуін ескерусіз қалдырмады. Әсіресе, заңсыздыққа жол беріліп, орынсыз жәбір көрген адамдардың есесін түгендеп, заңдылықты қалпына келтіруге аянбай кіріскен кезі аз емес. «Әділеттілік болмаса даму да болмайды, реформа да болмайды. Тіпті ештеңе де болмайды» деп президентіміз Қ.Тоқаев айтқандай, әділдік пен шындық еңбектеген баладан еңкейген кәрімізге дейінгі әр азаматымыздың  негізгі ұранына айналуы керек деп есептейді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- деген бар ғой. Зейнолла Өтежанұлының өз замандастарынан ерекшелігі–ағылшын тілінде еркін сөйлеп, жазады, кітапты тұпнұсқадан оқи береді. Әдебиет, тарих, мәдениет дегенде сол саланың кез-келген майталманымен тең дәрежеде сөйлесе алады. Ұлтжанды, халық өнерінің, тарихының жанкүйері.

Экономика саласын жетік меңгерген Алшымбаев – кәсіби мұнайшы ретінде де танымал. Мамандығы инженер-экономист, инженер-мұнайшы, саясаткер, менеджер. Сегіз қырлы, бір сырлы, заман талабына сай деген маман осындай шығар. Жоғары интелектуал Зейнолла Өтежанұлының энциклопедиялық білім иесі екендігін айтқанда «Білімді мыңды жығар»,- деген бабалар сөзі еске оралады.

2019-2022 жылдар аралығында «Мұнай-газ кешені ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас директоры қызметін атқарды, қазір осы бірлестікті басқару кеңесінің мүшесі, әрі кеңесшісі. Мұнай-газ өнеркәсібінің даму жолындағы ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі мақсатында, еліміздің тоғыз аймағында бірлестіктің филиалдары құрылды.  Бұл қоғам қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі, ардагерлердің кәсіби және өмірлік тәжірибесін белсенді атқаруға септігін тигізіп отыр. Соның нәтижесінде «Kazenergy» қауымдастығының «Жаңа кәсіптердің атласын» әзірлеу жөніндегі іс-шараларына белсенді араласқан бірлестік ардагерлері мұнай-газ кешенінің шикізат базасының жай-күйін зерттеп, Қазақстанның 200 кен орнын қамтитын мұнай-газ саласының ағымдағы жай-күйі туралы талдамалық есеп жасап ұсынды. Кен орындарын игеруді қарқындатудың проблемалары мен жаңа жолдарын көрсетіп берді. ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы №936 шешімін орындау мақсатында Бірлестік, Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамымен бірлесе отырып, NCOC, КПО және ТШО сияқты компаниялар кіретін «Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» қауымдастығын құру жөніндегі жұмыстарды аяқтады. Бұл шара ірі жобалардағы қазақстандық қамтуды айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жанынан Сарапшылар кеңесін құру туралы бірлестік бастамасын да ұлттық компания басшылығы қолдады. Бұл саладағы алғашқы ауқымды іс «Өзен» кен орнындағы қалыптасқан жағдайға талдау жасауға арналды. Осы мақсатта, тәжірибелі ардагерлерден құралған, өз саласының үздік мамандары кен орнында болып қайтты. Іс сапар қортындысымен «Өзен» кен орны басшы мамандарының қатысуымен, екі жақты тиімді, келелі кеңес өткізіліп, ардагер мұнайшылардың ұсыныстары қабылданды. Мұнай-газ кешені ардагерлер институтын қалыптастырып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу мақсатында бірлестік өз міндеттерін одан әрі жоғары дәрежеде атқара беретініне еш күмән жоқ.

      Көргені мен білгенін кейінгі толқын жастардың өмір сабағына жалғастыру ниетінде «Аманат арқалаған жылдар» атты екі томдық жинағы жарық көрді. Қос кітабында халық қалаулысы болып жүріп өзі атқарған іс-әрекеттері, мерзімді баспасөз бетінде жарияланған өзекті мақала, сұхбаттары, өнегелі өмірімен үлгі болған замандастары туралы естеліктері топтастырылған.

«Туған топырағымыздан түлеп ұшқан абзал азаматтың бірі – сөз жоқ, Зейнолла Алшымбаев.    Ол қандай лауазымды қызметтерді  атқармасын өз жұртының аманаты, сенімін абыроймен ақтай білді»,- деп батыл түрде айта аламыз…

      Еліміздің қоғамдық және саяси өміріне, экономикасы мен мәдениетін  дамытудағы белсенді еңбегі ескеріліп, Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет», «Парасат», КСРО-ның «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және бірнеше мерекелік медаль, төсбелгілермен марапаттаоған. Маңғыстау облысының, Жаңаөзен қаласының, Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы.

      З.Алшымбаев зайыбы Сара Сәрсенқызымен бірге ұл-қызынан жеті немере-жиен сүйіп отырған бақытты отбасы. Ұлы Дәуірбек пен қызы Жұпархан Хьюстон университетін бітірген, Қашаған кен орнын игеріп жатқан өндіріс орындарында еңбек етеді.

      Зейнолла Өтежанұлы балалары мен немерелерінің, бауырларының өмірдегі арман-мақсаттарына, асыл мұраттарына жету жолына бағыт-бағдар беріп отырған, өз әулетінің қамқоршысы ғана емес, қоғам дамуына, өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген  өнегелі абзал азамат. Ол Парламент қабырғасында атқарған белсенді қызметімен, республика жұртшылығына да танымал болды. Ел байлығының дұрыс игерілуіне, халықтың кәдесіне жаратылуына, бүкіл адамгершілік асыл қасиеттерімен қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сондықтан бүгінде ел ағасы атанып отыр. Ел қамын ойлайтын, адамдық болмысы ерекше, тұла бойы ізгіліктен жаралған елдің ардақтысы.

 

Пернегүл ҚАРЖАУБАЕВА,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Маңғыстау облыстық архивының қызметкері

«Маңғыстау» газеті, 29 қаңтар, 2023 ж.