ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА АШЫЛДЫ

Үстіміздегі жылдың 25 -ші жұлдызында Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауытының әкімшілік ғимаратына ескерткіш тақта ашу рәсімі өтті. Ескерткіш тақта 1971-1994 жылдар аралығында зауыттың іргетасын қалауға атсалысқан, зауыттың жабдықтау жұмыстарына басшылық жасап, инженерден зауыт директорының орынбасары қызметіне дейін еңбек жолынан өткен, Уфа мұнай институтының түлегі С.Нұрағановты есте қалдыру мақсатында қойылды. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі А.Қосуақов, ардагерлер қауымының өкілдері А.Өтесінов, Ө.Сағындықов, С.Нұров өз сөздерінде Қаз ГӨЗ- дің Маңғыстау территориялық-өндірістік комплексінде ерекше орын алатынын атап өтті. Зауыт тарихына көз жіберсек, ол 1971 жылы өткен СОКП-ның 24- ші сьезінде “Өзен” кен орнынан алынатын “жолай-мұнай” (попутный) газын тиімді пайдалану мақсатында сьездің нұсқауымен басталып, 1973 жылы N1- ші компрессорлық цех, газды қайта өңдеу цехының 1-ші блогы және қосалқы обьектілерімен бірге, жылына 0,5 млрд.метр куб. қуаттылығымен ҚазГӨЗ бірінші рет пайдалануға берілгені белгілі. Сол кезден, зауыт газды төменгі температуралық конденсациялық әдіспен өңдеп, сұйытылған көміртекті

 шикізаттар шығара бастады. Кейін басқа да тұрмыста, өндірісте қолданылатын көптеген өнімдер шығарып, Ақтаудағы пластикалық зауытқа этан жеткізіп тұрғанын да еске алған жөн. Қазақстандағы алғашқы газ өңдеу зауытына СССР дің жүзден астам кәсіпорындарынан жабдықтар жеткізіліп, оннан астам жобалау институттарымен техникалық құжаттар дайындау жұмыстары жүріп жатты.

Осындай қызметті ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарына зауыттың алғашқы директоры Григорьев И.В., кейінгі басшылар Ширшов Л.Н., Саурин А.П., Фомин Г.П және басқа мамандармен бірге С.Нұрағанов белсенді еңбек етті. Бұл ескерткіш тақта, зауыттың алғашқы күндерінен, кейінгі жобалық қуатына шыққанға дейінгі кезеңді қамтыған кезге дейін, ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен, түбектің төл тумасы, арда азамат С.Нұрағановтың есімі қала жұртшылығы мен зауыт еңбеккерлерінің есінде мәңгі сақталатынын көрсетті. Осы игілікті істің нәтижелі аяқталуына атсалысқан “ Мұнайгаз кешені ардагерлері” республикалық қоғамдық бірлестігіне, С.Нұрағановтың отбасы мүшелері алғыс сезімдерін білдірді.

“МГКА” РҚБ АППАРАТЫ