ТАРТЫМДЫ КЕЗДЕСУ

Қараша айының 12- ші жұлдызында ардагер геолог-ғалым, Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, “Құрмет” және “Парасат” ордендерінің иегері, Жер қойнауының құрметті барлаушысы Орал Ақшолақовпен кездесу өтті. Кездесуге ардагер ағамен әр жылдарда қызметтес болған іні-замандастары қатысты. Жиынды ашқан “КAZENERGY” ассоциациясының атқарушы директоры К.Ибрашев, Алматыдан арнайы келген қонаққа қатынасушыларды таныстырып, сөз кезегін Мемлекет және қоғам қайраткері, ардагер-мұнайшы Р.Шырдабаевқа ұсынды. Равиль Тәжіқараұлы, бүгінгі мұнайгаз саласы ардагерлерінің бірегей ұстаз ағасына айналған Орал Ақшолақовтың өнегелі өмір жолына кеңінен тоқталды. Оның 1958 жылы Батыс Қазақстан геологиялық басқармасында және Гурьев аймақтық мұнай және газ барлау экспедициясында геолог- коллектор болып , кейін КазГЗГ БИ -ның директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары және т.б. геология-геофизика экспедицияларына басшылық жасағанына тоқталды.

1982 жылдан ҚР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің мұнай-газ жөніндегі басқармасының бастығы, одан кейін де бірнеше жауапкершілігі шектеулі консалтинг компанияларының директоры болып абыройлы қызмет еткенін, әріптестерінің құрметіне бөленгенін, жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталғанын атап өтті. Кездесуге қатысқан мұнайгаз саласының ардагерлері Ұ.Қарабалин, М.Батырбаев, Т.Наушиев, З.Алшымбаев, Л.Қыйынов, Ғ.Кешубаев, А.Тегісбаев өз сөздерінде Орал Ақшолақұлымен іс барысында өткен қызғылықты естеліктерін айтып, саланың қадірменді ақсақалына ғибратты өмір жолының бай тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, әулетіне амандық пен бақ-береке, өзіне ұзақ ғұмыр тілектерін жеткізді. Жиын соңында “Мұнайгаз кешені ардагерлері” РҚБ Кеңесінің төрағасы Ұ.Қарабалин ардагер-мұнайшылар Р.Шырдабаев пен Ғ.Кешубаевқа “ Ембімұнайгаз кәсіпорнына-100 жыл” мерекелік медальдарын тапсырды.

“МГКА” РҚБ АППАРАТЫ