“ЕСЕЙДІМ БІРГЕ ЕЛІММЕН” КЕШІ ӨТТІ

 …Ойласам озат туған қатарынан,
Өтежан, нарқың қымбат алтын-дағы.
Тұлпарсың топтан озып тозаңы ұшқан
Осы күн Маңғыстаудың халқындағы…
Сәттіғұл Жанғабылұлы
«…Маңғыстауға ат басын тіреген С.Мұқанов, Ш.Жиенқұлова, К.Бәйсеітова тағы да басқа көптеген қазақтың маңдай алды ақын-жазушыларын, өнер тарландарын қарсы алу, бірге жүріп өлкені таныстыру, жердің, елдің тарихынан сыр шерту, мәртебелі мейманмен өз деңгейінде сөйлесу, көңілінен шыға білу – осындай келелі істердің басы-қасында қашан да Өтежан жүретін. Сенім үдесінен шыға білетін.» Бұл сөз – бүгін, қарашаның 3-інде Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық кітапханамызда өткен – көп жылдар бойы түбектің әлеуметтік, экономикалық дамуына үлес қосқан қоғам қайраткері, Жаңаөзен қаласының, Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы» Өтежан Алшымбаевтың 100 жылдығына орай «Есейдім бірге еліммен» атты еске алу кешінде айтылған әңгіменің бір үзігі ғана.
Іс-шараның басында облыстық Мәдениет, архив істері және құжаттама басқармасының басшысы П.Сармурзинаға сөз берілді.
С.Назарбек, Ө.Озғанбаев, С.Бердаулетов, П.Қаржаубаева, А.Еділхан, Д.Сейбағытов О.Әбілов сынды өлкемізге танымал алдыңғы буын өкілдері қатысып, естен кетпес естеліктер, мағыналы мәліметтер айтып көрерменді рухани байытып тастады. Сонымен қатар, абыз ағамыздың ұлы Зейнолла Алшымбаев бастаған ұрпақтары да түгелдей келіп, әке әруағына құрмет көрсетті.
Маңғыстау облыстық Филармониясының ұстаздары, өңіріміздің өнерін өрге сүйреп жүрген өнерпаздар М.Сафаров, Т.Асқанбаев, Ә.Адайлар салған ән де жиналған қауымды бір серпілтті. Алдыңғы буын ағалардың артынан ерген жас өспірімдер де – Маңғыстау облыстық Өнер колледжінің студенті Айдын Нұрланұлы жырдан шашу шашса, мектеп оқушылары Өтежан ақсақалдың өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Өтежан Алшымбаев – 91 жыл ғұмырында тағдырдың тартуын да, тауқыметін де көрген, әкеден ерте көз жазып жетімдікті де, кейін жапырағы жайылып жетілгендікті де бір басынан өткерген қазыналы қарт болып аттанды дүниеден.
«Он алты жасынан ел қызметінде жүрген елгезек адам нелер көріп, нелерді сезінбеді дейсіз! Оның үстіне, көргендерінің бәрі жиын мен той емес. Сексеннің сеңгірінен өтіп, тоқсанға иек артқан айтулы ағаның басынан ащы да өтті, тұщы да өтті. Ащысына апшып, тұщысына масайрамады. Халықпен бірге көрді. Халықпен бірге жүрді. Туған жеріне ту байлап, ел көргенді шүкірлік етті. Өз өмірінің нәрі де, әрі де халыққа қалтқысыз қызмет қылу деп білді – деген Әбіш Кекілбаевтың сөзімен аяқтадық жиынымызды.

  

Автор: З. Айтуарова- Маңғыстау облыстық кітапханасының директоры