Маңғыстаудың ардақты ағасы

Бүгінгі күні 100 жылдығы аталып өткелі отырған Ұлы Отан соғысының тыл ардагері, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы — Өтежан Алшынбайұлы ағамыз жайлы ел азаматтарының айтары баршылық. Өтежан ағамыздың балалық, жастық шағы қиын кездерде өткеніне қарамастан, өзінің бар ғұмырын еліне арнаған жанның бірі. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары , тылда жұмыс жасаған, маңдай терін төккендердің бірі. Соғыстан кейінгі жылдары білім алып, еліне қызмет  етті. Еңбек жолын Маңғыстау аудандық партия комитеті кейін Атырау облысында жалғастырған. Мерей тойы тойланғалы отырған Жаңаөзен қаласында 1970 жылдардың басынан 1985 жылдарға дейін қалалық кеңестің атқару комитеті төрағасының  бірінші  орынбасары болып қызмет атқарды. Мұнай өндірісінің ашылуына байланысты бой көтерген жас қалаға жаңа әлеуметтік нысандар салып, жаңа кадрмен қамтамасыз ету үлкен, ауқымды шаруалар толассыз орындалып жатты. Бұл жұмыстар білімділік пен қатар шебер тәжірибені қажет етеді.  Өтежан ағамыз өте сабырлы, байсалды, әділ басшы ретінде елінің елеулі азаматы болды. Қаланың қалыптасуына , экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше орден, медалдармен марапатталды. Өтежан аға  құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де   өмірінің соңына дейін Жаңаөзен қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі , Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқарды. Қаладағы ардагерлер үйінің ашылуы , ондағы қаламыздың ардагер ағаларға  арналған шаралардың  өтуіне өзі тікелей басшылық жасап отырды.   

Жанұсында ұл- қыздарына жақсы тәрбие мен білім беріп, өнегелі көп балалы отбасы атанған, әрине бала тәрбиесіне жары Ақзер апамызды айтпай кетуге болмайды. Өтежан ағаның  өнегелі өмір жолынан нәр алған ұлы – халық қалаулысы, елдің сыйлы азаматы Зейнолла Алшынбаев  ағамызды мақтанышпен айта кеткенді жөн санадым.

 Ардагер аға  өзінің өмір жолын «Тағдырға тағзым», «Есейдім бірге еліммен» еңбектерінде кеңіне баяндаған болатын. Артындағы келер ұрпаққа айта қалатын өмір жолы өнегеге толы Өтежан ағамыз елдің мәңгі есінде қалары сөзсіз.

 

 

Боранбаева Қатира Қарасайқызы    

Ақтау қаласы Педагогикалық шеберлік   орталығы директоры