Зерде

АЙМАҚ  ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ  АБЫЗЫ

 

       Маңғыстау топырағы не бір батырлар мен отауызды орақ тілді  шешендердің, елден ерек туған ақылғой абыздар мен ел бірлігін ойлаған билердің,  арқалы ақындардың, басқа да толып жатқан абзал азаматтардың — мекені. Олар осынау  елдің ел болып қалыптасуына, біртуар тұлғалары мен зиялы қауымының тәрбиесіне негіз қалады. Және өнеге алар  рухани ұстазы болды. Бұл тұрғыда қазіргі ұрпақ осы өңірден Өтежан Алшымбаев пен Дүйсенбі Әріповтың есімін алдымен атайды.

      Өтежан Алшымбаев Маңғыстау ауданы, Ұланақ ауылының тумасы. Аймақтың өзге ақсақалдарына қарағанда өмірден көрген, түйгені көп. Оның үстіне киелі мекеннің басынан қандай кезең өтсе де, оның барлығы  Ө. Алшымбаев тағдырымен берік ұштасып жатты. Соның ішінде адамзатқа көп қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс та оның тағдырын айналып өткен жоқ. Соның  тақсыретін  халқымен бірге тартып, бірге қайғырып, бірге күресті. Қолына қару алып, дұшпанмен бетпе бет келмесе де, тылда еңбек етіп,  жауынгерлеріміздің фашистік жендеттерді өз ұясында талқандап, жеңіске жетуіне бір кісідей атсалысты. Соғыстың алғашқы кезеңінен бастап, Алматы маңындағы, кейіннен Қырғыз еліндегі жұмысшы батальонына алынып, майдандағы жауынгерлерге қажетті жабдықтарды жеткізетін теміржол саласында еңбек етіп, жанын аяған жоқ. Өзімен бірге теміржолдың қара жұмысына жегілген жандардың жігерін жанып, осы атқарып жатқан істердің барлығы Жеңіс үшін, халқымыздың ертеңгі жақсы өмірі үшін жасалып жатқандығын жұмыстастарының санасына үнемі құйып, жеңіскке жұмылдырып отырды. Сол үшін майдан мен жергілікті басшылардан бірнеше алғыс пен марапатқа ие болды.

       Шындығын айтқанда Ұлы Жеңіс бізге, біздің халқымызға оңайлықпен келген жоқ. Оған әр адам өз мүмкіндігіне қарай, өз қал-қадірінше үлес қосты. Біз әңгімелеп отырған Өтежен аға да солардың бірі еді. Отан оған қалай бұйырса, солай істеді. Бұдан соғыс пен тыл ардагерінің бәсі артпаса, кемімеді. Қайта соғыс жылдарының адам төзгісіз ауырпалығын басынан кешкен аналарымыз бен аталарымыздың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

        Сонымен елге көп күттірген Жеңіс те келді.  Көппен бірге Өтежан аға да туған топырағына қайтып оралып, бейбіт еңбекке арласты. Қай жерде қиындық болса, сол жерге жіберілді. Бұл орайда оның қайда, қандай орындарда жұмыс жасағаны маңызды емес, маңыздысы өзіне тапсырылған міндетті адал атқарып, халқының құрметіне бөлене білуінде. Өтежан аға солардың бірі, әрі бірегейі. Неге айтып отырмын мұны? Ол кісі соғыс аяқталған кезден бастап, қырық жылға тарта партия, кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарды. Өзінің жеке басының абырой,  атағын ойлаған жоқ, елінің, халқының алдындағы перзенттік парызын абыроймен атқара білді. Өтекең үшін ең маңыздысы осы болатын. Олай болса, ағамыздың көштің алдынғы сапында  жүруі өмірдің заңдылығы.

     Өтежан Алшымбаев табиғатында зиялы жан. Бұл оған жаратқан иемнің берген сыйы десе де болады. Жастайынан қолына қалам ұстап, өлең жазды. Маңғыстауын мақтан етіп, абзал адамдарын жырға қосты. Сол кезеңнің тыныс тіршлігін  дөп басқан өлеңдері сол жылдары аудандық басылымда үзбей жарияланып отырды. Және тақырыптары да сан-алуан болатын. Ең бастысы әдебиетке үйір, әдебиетті пір тұтқан өңір жастарына оның осы жазғандары   үлгі өнеге бола білді.

        «Алтын кездік қап түбінде жатпас» дегендей, кейіннен биліктің жауапты орындарында жұмыс жасағанда сол жастарға қамқорлық жасап, қолдау білдіріп отырды. Осылайша, Өтекеңнің қолдауымен өңірдің жаңа тұрпаттағы зиялы қауымы қалыптасты. Оның жазған әртүрлі тақырыптағы  мақала-естеліктері, ағалық ақыл-тілектері жоғарыда айтқан қолына қалам ұстағандардың көбіне бағыт сілтеп, бағын ашты.

        Біз Ө. Алшымбаев жайлы жазғанда ол кісінің осындай қырларын алдымен ауызға алып, әңгімеміздің  әлқиссасын оның көпшілікке көп мәлім емес осы қырынан бастауымыздың себебі де жоқ емес. Бұл тіршілікте еш нәрсе де жоқтан пайда болмайды, бары жоғалмайды. Біз әңгімелеп отырған тұлға бойында бұл қасиеттер ата-баба құндылықтарынан  дарығанын ескере кеткен жөн.. Жастайынан тағдырдың әртүрлі тәлкегімен әрқалай күй кешсе де, тектінің аты текті. Және ондай жандар қайда да, қандай жағдайда да тұқымға тартқан тектілік қасиеттерін жоғалтпасы анық. Ал, тектілік адам өміріндегі ешқашан жоғалмайтын игіліктер мен кісілік қасиеттердің негізі. Өтежан ағаның түп тамыры сондай болған деседі, білетіндер.

      Әңгіме арасында біз «қолына билік тиген соң» деген сөзді босына айтқанымыз жоқ.  Ол кісі өзі туып, өскен Маңғыстау ауданында жауапты басшылық  жұмыстарда болды. Оны жіктеп айтып жатудың керегі болмас, өйткені өлке жұртшылығы барлығынан хабардар. Солардың ішінде Жаңаөзен қаласында соңғы жылдары атқарған жұмыстарына соқпай кетуге және болмайды. Өйткені, мұнайлы қала өңірде өз орны бар, сонымен бірге қиындығы мен күрделігі бір басына жетіп артылатын қала. Осында Өтекең өмірінің соңғы жылдарына дейін қалалық атқару комитеті басшыларының бірі болды. Осы жұмысқа келерде  қалада жағдай біршама күрделі болатын. Көптеген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер шешім таппаған, соның ішінде білім мен денсаулық саласында «ақсаған» тұстар баршылық еді. Тәжрибелі басшы айқай шуға берілмей, барлығын рет-ретімен шешті. Қалаға қанаттас орналасқан Теңге, Қызылсай  ауылдарының проблемаларын шешуде Өтекең атқарған істер өз алдына бір төбе. Оны көнекөз қариялар мен сол кезде шапағаты тиген жастар жақсы біледі. Соның арқасы болар, екі ауыл да сәні мен көркі келіскен, тұрғындарының тұрмысы мен мәдени көпшілік жағдайы шешімін тапқан аймақтағы алдынғы қатарлы ауылдардың бірі, бүгінде.

         Көп жылдар қалалық ардагерлер ұйымын басқарды. Бұл жылдарды жасампаздыққа толы өмірінің ең бір шуақты кезеңдері  десе де болады. Республикада алғаш рет «Ардагерлер үйін» тұрғызып, кең байтақ республикаға үлгі көрсетті. Соғыс ардагерлерінің хорын ұйымдастырып, алпысты артқа тастап, жетпісті желкелеген карияларды сахынаға шығарып, өнерін дүйім жұртқа паш етті. Және осы өнер ұжымы қалалық, облыстық және аймақтық байқауларда бас жүлдеге ие болып жүрді.  Осындай іздемпаздық пен жаңашылдық Ө. Алшымбаев өмірі мен болмысына тән еді, оған халқы мен жерлестері тәнті еді… Өмірінің өткелді белестерін бейнелейтін «Есейдім бірге еліммен» және «Тағдырға тағзым» атты көлемді кітаптарын жазды. Осылайша, әдемі қартайып, тоқсаннан асқан шағында дүниеден озды. Өзі өмірден кетсе де, артында өмірінің жалғасындай болып білікті шәкірттері, өнегелі ұл-қыздары қалды. Құдай қосқан қосағы Ақзер апамызбен екеуі бес ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді, елге сыйлы, халқына қадірі бар азаматтар. Соның ішінде екінші ұлы Зейнолланы бөле айтпаса болмайды.

        Әке жолын қуған Зейнолла жастайынан Өтекеңе тартып, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей қызметті  мұнайшы болып бастап, комсомол-партия органдарында жалғастырды. Қатардағы жәй мемлекеттік  қызметкер болған жоқ, бойында құдай берген іскерлік пен кісілік, адамгершілік қасиеттері қатар табылған іскер басшы, қайырымды қайраткер болып қалыптасты. Зейнолланың жасаған қызметтерінің барлығын жіпке тізіп айтып жатудың керегі жоқ, оны халқы біледі, елі құрметтейді. Жауапты партия қызметінде жүргенде, сол кездегі СОКП Орталық Комитетінің назарына ілігіп, Орталық Комитеттің Қиыр Шығыс, Сібір аймағы бойынша секторының инспекторы болып жасады. Бұл сол жылдары Қазақстанда сирек, соның ішінде, өңір партия ұйымдарында бұрын болмаған жай еді. Қызметімен мойындату деген осы!

       Зейнолла әкесі секілді елге келген оң өзгерістер мен тәуелсіздікті қолдай, құптай қарсы алғандардың бірі. Нарықтық жағдайда келешекте еліне қалай қызмет ету керек, жаңа қоғамның жай -жапсарын толық білу, үйрену мақсатында АҚШ -тың Массачусетс университетінде білім алып, Техас штатының мұнай компанияларында бірнеше жыл жұмыс жасап елге инвестиция тартты. Елге келген соң шет елден алған тәжрибесі мен білімін елінің тәуелсіздігін ары қарай дамытуға жұмсады. ҚР Парламенті Мәжілісінің екі дүркін депутаты болды. Өңіріміздегі әлеуметтік саланың өркендеуіне, мұнай өндірісінің дамуына, оларда жұмыс жасайтын білікті мамандардың өсіп, қалыптасуына, баға жетпес үлес қосты. Білікті қоғам қайраткері атанды. Қазір де сол белсенді қалпында.

       Өтежан аға жайлы баяндап, сүйікті перзенттерінің бірі Зейнолла туралы айтуымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. Жаратқан ием адамға өмір бергенде оның мақсатын айқындап, маңдайына жазатын қасиеттерінің бірі өнегелі ұрпақ өсіру, халқына мінсіз қызмет ету екен. Оның екеуі де Өтежен ағада бар. Адам ұрпағымен мәңгілік деген,  осы!                    

   Мәңгілік дегеннен шығады, арысы Маңғыстауға, берісі мұнайлы қалаға еңбегі сіңген Ө. Алшымбаевты кейінгі ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру мақсатында қаладағы өз бастамасымен тұрғызған «Ардагерлер үйіне» неге оның атын беріп, бір оқу орнын Өтежан Алшымбаев атымен атамасқа. Ұрпақ есінде қалдырудың басқа да мүмкіндіктері мен жолдары көп, соны жерлестері мен қалалық билік ескерсе деген тілек бар. Аймақ зиялыларының абызы атанған Ө. Алшымбаев оған қай жағынан да лайық.

     Міне, Жеңіс мерекесі келді. Халқымыздың бірлігі мен төзімділігін, қаhармандығын  бейнелейтін бәсі жоғары бұл мереке еліміздің ортақ қуанышы. Және осы бір қуанышты сәтте ардагерлерімізді ұмытпай еске алып, құрмет көрсету баршаға ортақ парыз.

                                                        

Закария ИСАҒҰЛОВ,

                                       ардагер журналист