Тарихы тұнып тұрған шежіре, қасиетті Маңғыстау аймағынан елі үшін шапқылап, халқының қамын жеген талай ірі тұлғалар дүниеге келіп, өмірден озған. Солардың бірі – өңірге жақсы танымал, көп жылдар бойы түбектің әлеуметтік-мәдени, экономикалық дамуына үлкен үлес қосып, басшы қызметтер атқарған, өмірі өнегелі ағамыз Өтежан Алшымбайұлының туғанына биыл 100 жыл толғалы отыр.
Туған жерімен тағдырлас, оның қилы кезеңдерінің куәсі болған ардагер ағаларымыз, ел Тәуелсіздігіне өзіндік үлес қосқан қадірменді ақсақалдарымыздың бірі-Өтежан Алшымбаев. Өтежан ағаның өмір жолын Маңғыстау өңірінің өсіп-өркендеу жолынан бөліп алуға болмайды. Киелі түбектің басынан өткен қиындықтар мен тарихи кезеңдер абзал ағамыздың өмірі және қызметімен берік сабақтасып жатыр. Ата-бабаның кіндік қаны тамған Маңғыстау ауданының Жыңғылды жерінде дүниеге келіп, аудан экономикасын өркендетіп, әлеуметтік жағдайды көтеруге баға жетпес үлес қосты. Ұзақ жылдар бойына Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы болып жауапты жұмыстар атқарды. Қандай орында қызмет етсе де, Өтежан Алшымбайұлы ел мен халықтың тұрмыс-тіршілігін жан-жақты білетін, адам тағдырындағы қиын да қуанышты сәттерді өз жүрегінен өткізе білген данагөй, парасатты азамат болды. Осы қасиетінен жұмыстас жолдастары мен тәрбиелеп өсірген жас мамандар үлгі-өнеге алды. Үлкенге іні, кішіге аға бола білген ардагер атаның алдынан өтіп, тәрбиесін көрген азаматтардың үлкен бір тобы өсіп-жетілді. Қазірде олар , облыс пен ауданды айтпағанда, республикамыздың көптеген өңірлерінде жауапты қызметтер атқарып, Өтежан ағадан алған өнегесін жалғастырып, халқына қалтқысыз қызмет етіп, ел тәуелсіздігіне өз үлесін қосып жүр.
Көрнекті қоғам қайраткері- Өтежан Алшымбайұлының Жаңаөзен
қаласындағы жасампаздық қызметі ұрпаққа үлгі-өнеге. Мұнда Өтежан аға Кеңес төрағасының бірінші орынбасары болып тапжылмай он екі жыл жұмыс жасаған. Мұнайлы қаланың экономикасы мен әлеуметтік ахуалын қалыптастыруда Өтежан Алшымбайұлының өшпес өзіндік қолтаңбасы бар. Білім беру, денсаулық кешендері мен мәдениет ошақтарының алғаш бой көтеруі-ағаның тікелей басшылығымен жүзеге асқан. Аталған орындардың материалдық базасын нығайту және оған мамандар даярлау оңай болған жоқ. Бәрін көп жылғы тәжірибенің тағылымымен, ақылмен шешуге тура келді. Солай істеді де!
Бәрінен бұрын Өтежан ағаның көп еңбек сіңірген саласы қала ардагерлеріне жағдай жасау еді. Осы мақсатта сол кездегі қала басшысы Н.Бекбосыновтың алдына мәселе қойып, республика көлемінде бірінші рет Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің үйін салып берді. Оны көріп, тәжірибесінен үйренуге еліміздің аудан-қалаларынан өкілдер үзбей келіп жатты. Міне, ширек ғасырдан бері өз қолымен құрған Ардагерлер кеңесіне төрағалық етті. Тәжірибелі төрағаның тікелей ықпалымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері сол кезде түгелдей пәтермен қамтамасыз етіліп, барлығының үйіне телефон орнатылды.
Жеті ұжымда қала ардагерлерінің бастауыш ұйымдары жұмыс жасады. Осындай өнегелі еңбегі үшін Ө.Алшымбаевқа «Жаңаөзен» қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Екі-үш жылда сол ардагерлер алаңынан жаңа Ардагерлер үйі бой көтерді. Мұнда да Ө.Алшымбайұлының зор ықпалының болғандығын айта кеткен орынды. Артық бақ пен дәулетті керек етпейтін, бойындағы білім мен парасатты байлықтың ең үлкені деп білетін ардагер ағамыз ел ақсақалы атанып, халқының қошемет-құрметіне бөлене білді.
Жұбайы Ақзер Ағиқызы екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Олар өмірден өз орындарын тауып, заманына сай үлгілі отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешуде. Қазір олардың бәрі де ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған үлгілі ата-аналар. Барлығы тиісінше білім алып, өмірдің қилы салаларында еңбек етуде. Осы ұрпақтарынан 21 немере, 15 (бүгінде шөбере саны 34) шөбере сүйген бақытты баба болды.
Өтежан аға өз балаларына деген ризалығын былай білдіретін: «Ұл-қыздарыма ризамын, өмір бойы айтқан ақылым мен берген тәрбиемді оң құлақтарымен тыңдапты, желге ұшырмапты. Олардың бірде біреуі менің атыма бір ауыз жөнсіз сөз келтірген жоқ, бәрі оқып, жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауып, ел қатарлы еңбек етіп жатыр. Олардың ішінде өзінің талабымен, талантымен бүкіл елімізге танылып, халық қалаулысы болып жүргені де бар».
Ақзер апа отбасы бақытының ұйытқысы, ағайынға ардақты, туысқа бауыр, Өтежан ағаға нағыз серік бола білген асыл адам еді. Үкімет Өтежан ағаны қай қиырға жұмсаса да, Ақзер апа қабағын шытпастан, ағаның етегінен ұстап, балаларын жетектеп, соңынан ере білді. Жаңа жерлердің бәрінде жайлы үй, жаюлы төсек болған жоқ. Елдегі қиын жағдай басқару кадрларының басында да болды. Жаңа келген жерлерінде айлап, кейде жылдап дұрыс пәтерге қолдары да жетпейтін еді. Сондайдың біріне де Ақзер апа әйел болып қабақ шытпайтын. Тіпті үйдегі шүпірлеген жас балалары болса да, бастықтың жұбайымын деп шалқаймай , балабақша меңгерушісі, дүкенші, банкте кассир, ЖЖБ-де (ОРС-та) бухгалтер, экономист, тағы сол сияқты бұйырған қызметтің кез келгенін атқарып жүрді. Еңбек еткен, жүрген-тұрған жерлерінде халыққа сыйлы, қадірлі бола білгендігінің арқасында оны Таушық поселкелік кеңесіне екі рет, Жармышта бір рет депутат етіп сайлады. Ақзер апа «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» және «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 және 60 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған.
Ақзер апа Өтежан ағаның жан серігі, ақылшысы, қамқоршысы бола білген асыл аналардың бірі еді.
Балаларының барлығы да жоғары білім иесі. Білім- дүниенің ең үлкен қазынасы. Адам өмірінің соңына дейін білім алады, ал тіпті оның өзі аз болады. Батыл бірді жықса, білімді мыңды жығады. Білім адам бойына біткен ең мықты қару.
Тұңғышы Талғат Өтежанұлы 1971 жылы ҚазПТИ-ді бітіріп, инженер-энергетик мамандығын алған. Үлкен қызы Қамаргүл Талғатқызы КИМЭП-ті бітіргеннен кейін АҚШ-та оқып, білімін шыңдап, «Прайс Уотерхауз» компаниясында, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясында бас аудитор болып үлкен тәжірибе жинақтап, бүгінде «PTC Holding» ЖШС-нің қаржы-экономика бөлімін басқарады. Ұлы Әлібек Қ.Сәтпаев атындағы ҚазПТИ-дің мұнай факультетін аяқтап, бүгінде «МаңғыстауМұнайГаз» бірлестігінің Қаламқас кенорынында мұнайшы болып еңбек етеді.
Екінші ұлы — Зейнолла Өтежанұлы Алматы Халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Кейін ҚазПТИ-де оқып, мұнай инженері мамандығын алды. Қызмет жолын Өзен мұнай кәсіпшілігінде инженер болып бастаған Зейнолла Өтежанұлы Жаңаөзен қаласында, Мұнайлы ауданында, Маңғыстау облысы басшылығындажемісті еңбек етті. Зейнолла Өтежанұлы қазақтар арасынан Мәскеудегі КОКП Орталық Комитетінде (Сібір, Қиыр Шығыс секторы) абыроймен жауапты қызмет атқарған бес қазақтың бірі болды. Алғашқылардың бірі болып АҚШ-тың Массачусетс университетінде білімін жетілдіріп, Техас штатында Хьюстон қаласындағы мұнай компаниясының вице-президенті қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, білікті де белсенді мемлекет және қоғам қайраткері. Мұны әрқашан Өтежан аға әке ретінде мақтанышпен айтатын. Зейнолла ағаның ұлы Дәуірбек, қызы Жұпархан екеуі де Хьюстон университетін бітірген, «Қашаған» кенорынын игеру саласындағы мұнай кәсіпорындарында қызмет етеді. Дәуірбектен Ажар, Бекжан атты сүйкімді немерелері бар.
Дәуірбек Зейноллаұлы Өтежанов 1991 жылы Мәскеу қаласындағы N1102 орта мектебін үздік бітірген. 1991-1993 жылдары Мәскеу радиотехника, электроника және автоматика институтының Кибернетика факультетінде оқып, одан әрі білімін АҚШ-да жалғастырды. 1994-1999 жылдары Техас штатындағы «Хьюстон » университетін бітіріп, 2003 жылға дейін америкалық «Тitle Data», Tex Systems» компанияларында қызмет етіп елге оралды. Қазір «Солтүстік Каспий Қашаған оперейтинг» компаниясында (НКОК Н.В.) қызмет етеді. Алты баланың әкесі. Қызы Ажар — 11 сынып оқушысы, сурет салумен әуестенеді. Ұлы Бекжан спортпен және домбырада ойнайды, қала өнерпаздарының және спорт жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр.
Жұпархан Зейноллақызы Өтежанова 1995 жылы Хьюстон қаласындағы Мемориал жоғары (High) мектебін бітірді. 1995-2000 жылдары Хьюстон университетін бітіріп, «ПетроАльянс Сервисес Лимитед» компаниясында (2000-2004 жж.) қызмет жасап елге оралды. Қазір «Қазмұнайгаз Қашаған Б.В. Компаниясының Астана филиалында «Бизнес жоспарлау және финанс департаментінде» жетекші маман-қаржыгер қызметін атқарады. Қызы Мариям 2- ші сыныпта оқиды. Биыл Астана қаласында өткен (7-жастағы оқушылар арасындағы) фортепиано музыкалық жарысына қатысып, жүлдегер атанды.
Хиуаз есімді қызы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, ұзақ жылдар орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. Ұстаздық еңбегі еленіп, «Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Өтежан ағаның шығармашылығы, өнерге деген құштарлығы балаларының ішінде Хиуазға берілгендей. Хиуаз зейнеткерлікке шыққанша және одан кейін де алты жылдай «Қазмұнайгаз өнімдері» АҚ Ақтаудағы құрылымының кадр бөліміне жетекшілік етті. Хиуаздың жолдасы Жанай облыстық аурухананың хирургия бөлімін басқарып, зейнеткерлікке шықты. Олардың қызы Күнтай КИМЭП-ті экономист мамандығы бойынша бітіріп, «Schlumberger» мұнай компаниясында табысты еңбек етуде. Осы компанияның Россиядағы Тюмень кенорынында, Хьюстондағы орталық офисінде, Оңтүстік Американың Колумбия мемлекетінде жұмыс жасап, бүгінде Дубайдағы(БАЭ) офисінде бөлім бастығы. Тұрмыста, үш ұл тәрбиелеп отыр. Ұлдары Алмат ҚазПТИ-дің мұнай факультетін бітіріп, «KPI» компаниясының Қарабатандағы(Атырау облысы) газохимикалық комплексінде мұнайшы-инженер. Жанұялы, үш баланың әкесі.
Еркін – Алматы Халық шаруашылығы институтын бітірген қаржыгер, «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз» компанияларының вице-президенті болып қызмет істеп, бүгінде зейнеткер. АҚШ-та білімін жетілдірген мұнай саласының білікті маманы. Еркіннің (жұбайы Жазира) де балалары Шара дизайн мамандығы бойынша, Данияр қаржыгер мамандығы бойынша АҚШ-тың Бостон университетін бітірсе, Алмас Лондон экономикалық университетін бітірді. Шара мен Данияр жеке кәсіппен айналысады, ал Алмас «Самұрық-Қазына» АҚ-нда міндеттемелер бойынша жауапкершілік тәуекелі бар мердігер мекемелермен қызмет жасау департаментінің маманы. Үшеуіде жанұялы: Шара үш балалы, Алматыда, Данияр төрт балалы АҚШ Нью-Йоркта, Алмас екі балалы Нұрсұлтанда тұрады.
Өнербек Алматыдағы ҚазПТИ-дің автоматты-басқару жүйесі факультетін 1978 жылы бітірген. Жаңаөзен қаласындағы «МұнайЭкология» ЖШС-нің директоры. Өрімдей жеті баланың әкесі. Үлкендері Әлия С.Асфендиаров атындағы Алматы медициналық университетін бітіріп, бүгінде Жаңаөзен қаласындағы стоматологиялық емхананың бас дәрігері, жанұялы төрт баласы бар. Одан кейінгі Әйгерім ҚазПТИ-ді экономист мамандығы бойынша аяқтап, Алматыда «ГазПромНефть» компаниясында есепші қызметін атқарып, бүгінде «ЭлитСтрой» құрылыс компаниясында экономист, жанұялы бір қызы бар. Дина ҚБТУ-ді энергетика және мұнай-газ факультетін аяқтап, қазір ҚазПТИ-де ғылым департаментінде бөлім басшысы, жанұялы. Тереза ҚБТУ-дің қаржы-экономикалық факультетін аяқтап, бүгінде Алматы қаласында «Ұлттық мемлекеттік ғылыми техникалық сараптама орталығында» бас маман. Бәйдібек ҚБТУ-дің энергетика және мұнай-газ факультетін аяқтап, Жаңаөзен қаласында «Бұрғылау» мекемесінде инженер. Рауза ҚБТУ-де бағдарламалық инженерия(SE) мамандығы бойынша магистр дәрежесінде білім алуда. Райымбек – ҚазПТИ-де математикалық компьютерлік үлгілеу (математическое компьютерное моделирование) мамандығы бойынша төртінші курс студенті.
Нүркен Алматыдағы ҚазПТИ-дің машина жасау факультетін бітірген. «Қазмұнайтеңіз» АҚ-на қарасты компанияда информациялық технологиялар жөніндегі бас маман. Оның қыздары Алтынай Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітіргеннен кейін Эдинбург университетінде сол мамандық бойынша магистр дәрежесін қорғап, қазір «Каспий Меруерті Оперейтинг компани» мекемесінде қызмет істейді, жанұялы екі қызы бар. Іңкәр «Болашақ» бағдарламасымен Лондон университетін бітіріп, Нұрсұлтандағы «Қазмұнайтеңіз» компаниясында еңбек етіп, Жапонияның Киото университетінде магистр дәрежесін қорғады, жанұялы.
Хамра ата-анасының сүт кенжесі. Алматы С.Асфендиаров атындағы медициналық институтын бітірді. Жаңаөзен, Ақтау қалаларында дәрігер-терапевт болып қызмет істеді, Лондон қаласында дәрігерлік практикада болған. Жолдасы Оңғар халықаралық шетел компаниясында менеджерлік қызметте. Үлкендері Саттар – Лондон университетінде қаржыгер-экономист мамандығын бітіріп, Ұлыбританияда «Petrofac LTD» компаниясында жоба инженері қызметін атқарып, бүгінде Алматы қаласында «Jusan Invest» АҚ-да қаржы талдаушысы болып жасайды, жанұялы бір баласы бар. Айбек – «City University» университетін математика, қаржы және экономика мамандығы бойынша бітіріп, Лондон қаласында «Janus Henderson» компаниясында қаржы талдаушысы , жанұялы.
Жапырағын жайған бәйтеректей Өтежан ағаның ұрпақтары әкесінің, атасының өнегелі ғұмырынан үлгі алып, замандастарына, достарына ауыз толтырып мақтанышпен айтады.
Өтежан Алшымбайұлы – өнегелі отбасының тірегі, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты әке болды. Балалары әке жолын қуып, елге танымал азамат болып өсті. Олардың қай-қайсысы да қадірменді ағамыздың абыройын асқақтатып, Өтежан ағаның ұлдары деген атақты биік ұстап, егеменді қазақ еліне қалтқысыз қызмет етіп келеді.
«Құрмет Белгісі» ордені, жиырмаға тарта медальдармен марапатталуы, «Жаңаөзен қаласының және Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы» атануы және Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» атақтары Өтежан ағаның еліне сіңірген еңбегін ұрпаққа паш етер лайықты тартулары.
1983 жылы дербес зейнеткерлікке шыққанға дейін Шевченко, Маңғыстау аудандары мен Ембі және Өзен, Жетібай мұнайшыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қажырлы еңбек етті. Күллі ғұмырын адам тәрбиесі жолында сарп етті.
Ақзер апа мен Өтежан аға қандай қызмет атқарып жүрсе де бала тәрбиесіне өте қатты мән берген. Балаларының жоғары білім алуларына жағдай жасап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өз алдарына үй етіп, ата-аналық парыздарын орындады. Шаңырақтың құт-берекесі, балалары мен Өтежан ағаның бабын тапқан Ақзер ана жылылық пен үйлесімділіктің ұйытқысы болды.
Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»-деген дана сөз бар. Балапан қыран болып ұшуы үшін оны самғататын ата-анасы да қыран болуы керек деп отбасылық тәрбиеге ерекше тоқталған. Әке – отбасының тірегі, асыраушысы, қамқоршысы. Ана – отбасының ұйытқысы, жылуы, шуағы. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-мүддесімен байланыста болуы керек.
Өтежан ағаның мақсаты– қайда жүріп қызмет істесе де таза, адал еңбек ету, шындықты барынша қолдау, қолынан келген көмегін мұқтаж жандарға беру болды. Осы ұстанымын балаларына да айтудан жалыққан емес.
Әр адамның өмірі –сол адамның тіршілік сапарынаң тарихы. Ол –Өтежан ағаның қазақ зиялыларының кейбір көрнекті өкілдерімен жақын танысып, байланыста болғаны.
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова Өтежан Алшымбайұлының әрбір сөзінің тұнған тәрбие екенін былай айтады: «Өтежан аға, Сіз тұла бойыңыз тұнған тәрбие, сөйлеген сөзіңіз де, қарапайым болмысыңыз бен өзіңіз де адамның жанына мейірім сәулесін құясыз. Сіздей ағамыздың аман-сау ортамызда жүргені қандай бақыт! Жеңгеміз екеуіңіз өсірген балалар қандай–әрқайсысы ұрпаққа тірек болып жүрген азамат. Әрбір әке мен бала сіздердей болса, қазақта бір жұмақ орнар еді-ау деп ойлаймын» десе, қазақтың көрнекті ақын-жазушысы Әбу Сәрсенбаев: «Мен қатты ұнатқан адамдарымды үнемі көз қарашығында сақтаймын. Ал ,Сіз аз күн ішінде мені сонша сүйсіндірдіңіз. Өтежан айналайын, мен Сіздің тартқан күйлеріңізді сағындым. Ақзер келінімді тамаша перзенттер тәрбиелегені үшін алғыстаймын. Сол перзенттердің қызығын көруге жазғай» десе, Өтежан ағаның баласы Зейноллаға арнаған «Әкеден балаға өсиеті»хатында: «Басшылық қызметке келген әрбір адам үшін пайдалы кеңес, әкенің балаға ұсынған моральдық-іскерлік кодексі секілді тартымды дүние. Өмірлік тәжірибеден туған сабақ, көпті көргеннен қорытынды шығарған өсиет. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы еске салып отыратын осы бір дүние әрбір мемлекеттік қызметкердің үстелінде жатуға лайық!»
Өтежан аға өзінің балаларының, немерелерінің , шөберелерінің туған күніне арнап бата-тілекті, ризашылықты өлеңмен өрбітіп отырған.
«Болу керек алғы шепте» деген немересі Жұпарханға арнаған өлеңінде:
«Құтты болсын туған күнің,
Жұпарханым, балапаным!
Денің сау боп, ер жете бер,
Қуанышы боп ата-анаңның.
Орындалсын алға қойған
Биік арман, бар талабың.
Оңға басқан істеріңді
Көріп мен де марқайаямын…»
Әрбір немерелерінің туған күні, қуанышты сәттерін қалт жібермей өлең арнай отырып, тәрбиеге баулып отырғынын көреміз.
«Ата-анаңның үмітін ақта, балам!» деген Дәуірбекке арнаған өлеңінде:
Толды бүгін Дәуір он сегізге,
Қуаныш ұялайды көңілімізде.
Сапарың сәтті болсын білім қуған,
Аман жүр, не айтайық, бұдан өзге?
Сезіп жүрген шығарсың мұны, балам,
Түбірінен өзгерді мына заман.
Жақсы оқы, кем болмассың түзу жүріп,
Бір істі нық меңгерген болсаң маман.
Не үшін жүр екі жақта әке,анаң…
Ойлансаң түсінікті ғой о да саған.
Жұпарханың тілектес бауырың ғой,
Қамқорлыққа алып жүр, келсе шамаң.
Ата-анаңның үмітін ақта , балам,
Ел дәстүрін жүректе сақта, балам,
Қасымда мамаң отыр сәлем жолдап:
«Жаныңа жар болсын,-деп,-Хақ тағалам!»
Әрбір балалары мен немере, шөберелеріне арнаған өлеңдерінде бір-бірін бауырмалдыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке, бір-біріне қамқор болуға, ата-ананың үмітін ақтауға үндеп отырған.
Жақсы бала ақтайды ғой үмітін,
Арманы сол әке менен ананың.
Өтежан аға балалары мен немере, шөберелерінің өмірдегі арман-мақсаттарына, асыл мұраттарына жету жолында бақыт құсының самғап ұшуына, қанаттарының талмауына бағыт-бағдар беріп отырған, ӘУЛЕТТІҢ ШАМШЫРАҒЫ, МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕГІ болған. Өтежан аға тек өзінің ұл-қыздарын, немерелерін емес, елді тәрбиелеп жүрген өнегелі абзал азамат болды.
Өтежан Алшымбайұлы сөз қасиеті мен қадірін жете түсініп, балаларына шынайы жүректен ақ батасын беруден ешқашан жалықпаған. Халқымыз «Батамен ел көгерер…» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан үлкеннің батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген.
Осы бір құтты, қайырлы мекен – Маңғыстау жұрты аттарын құрметпен атап, әрқашан да ардақ тұтатын талай-талай атпал азаматтарды қалыптастырып , қияға ұшырды. Ел жадынан еш нәрсе де елеусіз қалмайды. Халық үшін қалтқысыз қызмет етіп, халқымен бірге қайғырып, бірге қуанған, қиындығында жан бақпаған, қуанышында ән бастаған өресі биік, өрен ұл –қыздарын мақтаныш тұтады. Өтежан аға сондай ел мәртебесін көтеріп, мақтанына айналған тұлғалардың бірі.
… Жапырағын жайған бәйтерек,
Тереңге тартқан тамырын,-деген өлең шуамақтары Өтежан ағаның ұрпақтарына арналғандай. Бүгінде тереңге жайған бәйтерекке айналып келеді.
Пернегүл ҚАРЖАУБАЕВА.
Облыстық архив қызметкері,
Ақтау қаласы.