Әке өмірінен тағылым

Құрметті конференцияға қатынасушылар! Алыстан-жақыннан жиналған ағайын!

Сөз басында, саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын көтеруге, мәдени-рухани өмірін өркендетуге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған, Атырау-Маңғыстау өңірлеріне танымал қоғам қайраткері, елінің абызы дәрежесіне көтеріліп өмірден өткен, әкеміз Өтежан Алшымбайұлының туғанына 100 жыл толуын кең көлемде атап өткізіп жатқан, қала әкімшілігіне, анығырақ айтсақ қала әкімі Айбек Қосуақұлына, оның командасына (жеке аттарын атап айтпай-ақ қояйын), қала ардагерлері қауымына, жиынға қатысып отырған баршаңызға әулетіміздің атынан рахмет айтып, алғысымызды білдіремін! Әкеміз, өз сөзімен айтсақ- «дүниенің дүрмегіне ілесіп, бір ғасырға жуық өмір белестерінен өткенде, бір қуаныштысы мағыналы да мазмұнды өмір кештім» деп жазған екен. Шындығында да, ол халқының келісін бірге түйген, отқа бірге күйген, қырманын бірге қаққан, намысқа бірге шапқан, өз ортасының рухани көшбасшысы болатын.  Өзінің бабалы сөзімен, өнегелі өмірімен, төңірегіндегілерге мейірбандылығымен, ерекше кішіпейілділігімен, өзінен өнген ұрпақтарына ғана емес бүкіл Маңғыстау елінің құрметіне бөленген жан еді.

Әкем «Осы елдің көрген қорқынышы мен үрейі, азабы мен мехнаты, күдігі мен үміті, жеңіліс пен жеңісі, қуанышы  мен мерейі менің көз алдымда өтті, ал мен соның тірі куәгері болып, сол қайнаған өмірдің бел ортасында жүрдім. Бойымдағы бар білімімді, ақыл-ойымды, күш-қайратымды туған еліме, соның болашағына сарқып бердім, аянған жерім жоқ. Бұл тұрғыдан алып қарағанда ел-халқымның алдында қысылатын, қызаратын жәйім жоқ сияқты» деп жазғаны бар. Еңбек жолын сонау 1939 жылдың мамыр айында Форттағы балалар үйінде аға пионер вожатыйлық қызметтен бастаған мезгілден  есептегенде қызмет өтілі 70 жылдан асыпты. Бұл аз мезгіл емес. Он алты жасынан ел қызметінде жүрген әкеміз нелер көріп, нелерді сезінбеді дейсіз! Оның үстіне, көргендерінің бәрі жиын мен той емес қой.

Тоқсанға иек артқан айтулы ағасын құттықтаған сәтте Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері. Әбіш Кекілбаев былай деп айтқаны есімізде: «..Оның басынан ащы да өтті, тұщы да өтті. Ащысына апшып, тұщысына масайрамады. Халықпен бірге көрді. Халықпен бірге жүрді. Туған жеріне ту байлап, ел көргенді шүкірлік етті. Өз өмірінің нәрі де, әрі де халыққа қалтқысыз қызмет қылу деп білді. Жан баласына жамандық ойламаған жайсаң жанын небір тауқыметті тұстардан жүдетсе де, жүнжітпей жадыраңқы қалыпта алып өтті». Осы залда, құдайға шүкір, әкемізбен талай кездескен, үзеңгілес қызметтес болған азаматтар қатысып отыр, олар да осы тұжырыммен келісетіні сөзсіз.

«Өмірбаяннан бір үзік сыр» деген өлеңінде – «Айтқым кеп өмір кейпін өзім көрген, Артық емес тарихын, тегін білген. Деген оймен жазамыз жастар үшін, Болашаққа апарар сенімменен» — деп айтқанындай, зерделі жастар  өзінен бұрынғы өмір сүрген ата, аға ұрпақтың ғұмыр жолын біліп,  жақсы жағынан үлгі алуы керек екендігі сөзсіз ғой. Сондықтан, мына өтіп жатқан шараның да, елінің қайраткер азаматының есімі көше атына беріліп, оның қасындағы №9 мектепте ол кісінің өмір–өнегесінен үлгі алатын тәлім–тәрбие кабинетінің ашылуы өте құптарлық. Тіршіліктің таразысын басатын осындай иманды істер көбейе берсін, ағайын!

Менің алдымда сөйлеген азаматтар атап өткендей, ардақты әкеміздің өмір жолы Маңғыстау тарихымен үндес. Маңғыстау ауданын өлкеміздің қара шаңырағы дейтін болсақ, сол ауданда 20 жылдан астам,  экономикасы мен  әлеуметтік кемелденуіне жалынды сөзімен де, үлгілі ісімен де үлес қосқан азаматтардың бірі. 1971-1982 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласының атқару комитетінде басшылық қызметте, ал 1983 жылдан бастап үзіліссіз отыз жылға жуық Жаңаөзен қалалық «Соғыс және еңбек ардагерлері» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы және облыс әкімі жанындағы ардагерлер Кеңесінің мүшесі болды.

 Оның бүкіл саналы қызметі қайда да елдің оқу-ағартуымен, мәдениетімен, адам тәрбиесімен берік сабақтасып жатты. Замандастары ол кісінің ақынжандығын ертеден білген.  Оның ақын екендігін мұрағатта сақталған  сарғайған  газет беттерінен де көреміз. Қазір ол табылып та жатыр. Ең алғашқы «Мен бақытты баламын» деген балаң өлеңі  1936 жылы  аудандық «Колхоз жолы» газетінде жарияланыпты. Сол кезде 14 жаста екен.

 Өлкенің шығармашылықпен айналысатын жас өркендерімен қатар, ұлтымыздың жайсаң тұлғаларымен риясыз араласып, хат арқылы хабарласып, сырласып, достық қатынаста болғанын айта  кетуге тиіспіз. Сәттіғұл Жанғабылов, Алшын Меңдалиев, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов Әбу Сәрсенбаев, Салық Зиманов, Ғұбайдолла Айдаров, Естөре Оразақов, Маршал Әбдіхалықов, Қабиболла Сыдиқов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Рахмет Өтесінов және  т.б. еліміздің жақсы–жайсаңдарымен жақын, сыйластық қатынаста болды. Өмір бойы сөз зергерлерінен, таңдайынан жарылған шешендерден үкілі сөз терді, күйші –шежірешілердің көзін көріп, ақдария толғауларын тыңдады.

Өнерлеріне сүйсінді. Талайларына демеу болып, ел-жұртқа танылуына жәрдемдесті. Бір ғана мысал, Мұрат Өскенбаевтың елге келуіне жағдай жасап, Жаңаөзеннен пәтер бергізіп, туған өлкенің қарыштап өсіп келе жатқан  мәдени өміріне араласуына жағдай жасағанын айтсақ та жеткілікті..

 Оның қаламынан туған Қашаған, Мұрын, Сәттіғұл, Түмен, Мұрат, Төлесін Әлиев, Жалау Мыңбайұлы, Ғарифолла Құрманғалиев, Шамығұл, кешегі өткен Есбол Өмірбаев, Төлеген Қағазов,  Ибаш Жанболатқызы, Нәсібқали Марабаев, Нұрлыхан Бекебосынов,  Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов  және т. б. туралы естелік–мақалалары оқыған жанды бейжай қалдырмай, ұлылықтың үлгісін паш етіп, шығармашылық адамының шабыт қайнарынан сыр тартады.

 «Қазақтың тарихы хаттарда емес, қарттарда қалған» деп Ілияс Омаров айтқандай, әкеміздің әйгілі өнер иелері мен жыраулардың не үшін айнымас серігі болғанын, оның осы естеліктерінен оқып, енді ұққандаймыз.

Өмір жолында, көргендері мен көңілге түйгендерін  сұраған жандарға білгенін айтуды азаматтық борышы деп білген. Соның өзімен өңірдің тарихын терең білгісі келгендерге қолғабыс жасап отырған.  Билік аппаратында істегенде бойына сіңген бір қасиеті: блокноты мен қаламын қолынан тастамаған. Өзінің көзі көрген, түбінде бір керегі болады-ау дегендердің кейбіреуін қағазға түсіріп жүретін. Ал кейбір көңілін қозғап, жүрегін тербеген жәйларды, жоғарыда айтқандай, өлең етіп өрнектейтін де әдеті болған. Әрине, ол шумақтар арқылы, өз сөзімен айтсақ «замандастарыма құрметім мен сыйлас сезімімді жеткізуге тырыстым» деп жазады. Өзінде сақталған өлең-–арнаулардың біршамасы, оның тағылым мен тәлімге тұнып тұрған «Есейдім бірге еліммен» және «Тағдырға тағзым» атты көлемді кітаптарына енгізілген. Бұл кітаптар облыстың барлық кітапханаларына таратылған болатын. 

Біз бүгін әкемізбен бірге анамызды да еске алуға тиіспіз. Анамыз, Ақзер Ағиқызы отбасы бақытының ұйтқысы болған, ағайынға ардақты, туысқа бауыр, әкемізге нағыз серік бола білген асыл адам еді. Үкімет әкемізді қай қиырға жұмсаса да, ол қабағын шытпастан, оның  етегінен ұстап, балаларын жетектеп соңынан ере білді. Жаңа жерлердің бәрінде жәйлі үй, жаюлы төсек болған жоқ. Елдегі қиын жағдай басқару кадрларының басында да болды. Сондайдың біріне ол қабақ шытпаған. Тіпті, үйде шүпірлеген жас балалары болса да, «бастықтың жұбайымын» деп шалқаймай, бұйырған қызметтің кез келгенін атқарып жүре берген. Еңбек еткен, жүрген-тұрған жерлерінде халыққа сыйлы, қадірлі бола білгендігінің арқасында оны Таушық поселкелік кеңесіне екі рет, Жармышта бір рет депутат етіп сайлаған.. Ол «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» және «В.И.Ленинннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері», «ҰОС-ындағы Жеңіске 50 және 60 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Бүгін, дүниеден озғанына 16 жыл өткен ұрпағының сүйікті анасы, немере – шөберелерінің әжесін де еске алып: рухың желеп-жебеп жүргей, жаның жәннатта болғай деп тіземізді бүгіп дұға еткеніміз ләзім.

Мағыналы да мазмұнды өмір кешкен, әкемізден, «Ұрпақтарыңызға да  өнегелі ғұмырыңыздан, көрген–түйгендеріңізді, егерде төрт ауыз сөзбен түйіп, естеріне ала жүретіндей етіп қалдырар болсаңыз, қандай пікір-кеңес берген болар едіңіз?» деп сұрағанбыз. Әкеміз төмендегі тілегі мен ойын өзінің «Есейдім бірге еліммен» атты кітабында жазып қалдырыпты. Оқып берейін, құлақ түріңіздер.

Біріншісі — өміріңді бағдарлай біл. Алтын уақытты босқа өткізіп алма. Ол үшін жасыңнан білім мен ғылымнан нәр іздеу керек. Ұлы ақынымыз Абай «Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім», — деп текке айтқан жоқ. Адамның жақсы өмірге, мол игілікке жетудегі бірден-бір жолы – білім мен ғылымда. Мен де жеткен биігіме білім баспалдақтары арқылы көтерілдім.  Балаларым да, еңбекке араласып жатқан немерелерім де ғылым мен білімнің нәрімен сусындағанының арқасында көздеген мақсаттарына қол жеткізіп келеді. Сондықтан қай жаста болсаң да, білімге ұмтылу, біліміңді жетілдіру – ақылды адамның ісі.

Екіншісі – жар таңдауда (бұл ұғымға қыз балалардың өмірлік қосақтарын табуы да кіреді) өте жауапты болыңдар. Жақсы жар –  ұрпағыңның анасы. Мен еліме қызмет еткенде сүйеніш болып, кемемді өрге сүйрескен жансерігім сол аналарың. Әулетіміздің төрі сол кісімен ажарлы, сол кісімен базарлы еді. Мен бүгінде жақсы балалардың ортасында шалқайып отырсам, ертеңгі ұрпағым еліме қызмет етіп жатыр деп марқайып жүрсем, сол – аналарың  Ақзердің маған адал жар, сендерге абзал ана, сүйікті әже болғанының арқасы. Аналарыңыздың алдындағы парызыңыз оның сендерге берген тәрбиесі мен өсиетіне сай халқымызға, елімізге адал қызмет істеп, отбасыларыңыздың бақытын баянды ету.

Үшіншісі —  жасыңнан жолдас таңдай біл. Жақсы жолдас өмір бойғы тірегің, абыройың. Жігітті жолдасына қарап таныған қазақ. Досың  бала күнде серігің болады, қызметте тірегің болады, отбасыңа қамқорың болады, қасыңа айбарың, төңірегіңе мақтанышың болады. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді»  деген осыдан шыққан.

Төртіншісі – қандай жағдайда да сабырлы болу. «Нәресте жалған дүниенің есігін ашқаннан шынайы өмірге қадамы басталады» деген бар. Сол жолда адам баласы не көрмейді. Алла, әсіресе, сүйген құлын сынайды. Сол сынақтарда төзімді болу керек. Сынағына төзгендерге бақ пен дәулет те береді. Басыңа бақ қонса да, қиындық туса да өзіңді сабырға жеңдір, әділетті бол.

Бар күш-жігері мен саналы ғұмырын халқына, еліне қызмет етуге  арнаған,  Өтежан Алшымбайұлын, артындағы қабырғалы елі, туғанына 100 жыл толуына орай еске алып жатса, өмірден өткен елінің елеулі азаматтарын ескеру  есті елдің белгісі демеске бола ма?! Қала жұртшылығының,  осы бір сый-құрметіне оның әруағы да  разы болып жатқан болар. Асыл адамның өнегелі ісі, қалдырған тәлім-тағылымы, халқының жадынан, ұрпағының жүрегінен ешқашан өшпейді!

Ойымызды қортындылай келіп, әкеміздің артындағы қабырғалы еліне, ұрпағына арнап жазған бір шумақ тілегімен сөзімді аяқтайын:

            Жасағаннан жалбарынып сұрарым,

            Сөнбесе екен менің жаққан шырағым.

            Еліме боп бақытты өмір баянды,

            Гүлдей берсін туған өлкем, тұрағым!

Баршаңызға Алланың нұры жаусын! Тағыда үлкен ризашылығымызды білдіреміз! Әрдайым қолға алған істеріңіз берекелі болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Осындай жақсылықта жүздесіп тұруға Алла нәсіп етсін!

Зейнолла Алшымбаев- мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы

(Қосымша анықтама: ЖОО нын бітіргеннен кейін еңбек жолын «Өзенмұнайгаз» басқармасында инженерлік қызметтер атқарған. 1973-1977 ж.ж. Жаңаөзен қалалық жастар ұйымының жетекшісі, 1980-1982 ж.ж. Жаңаөзен қалалық партия комитетінң өндіріс, құрылыс, транспорт мәселелері бойынша екінші хатшысы, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы).