ПАРАСАТ ПАЙЫМЫ ЕРЕКШЕ АЗАМАТ

Маңғыстаудың абыз ақсақалдарының бірі, түбектен шыққан тұңғыш партия-кеңес қызметкері, қоғам қайраткері, тыл және еңбек ардагері, Маңғыстау ауданы және Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы Өтежан Алшымбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған конференцияға қош келдіңіздер!
Туған жерімен тағдырлас, оның қилы кезеңдерінің куәсі болған Өтежан Алшымбайұлы қара қанат болғаннан бастап-ақ еңбекке араласып, елдің көркеюіне үлес қоса ширығып, ел басқару ісіне ден қойып, қызмет бағытында сан алуан лауазымды абыройлы атқарып, туған өлкенің тарихы мен танымын зерттеп, ерекшелігін зерделей алған азамат! Саналы, ғибратты ғұмырын ел ісіне арнаған Өтежан аға қоғам дамуына атсалысты, туған жердің көркеюіне, қоғамдық-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты. Аудан, қала көлемінде партия, кеңес органдарында 45 жылдай жауапты басшылық қызметтер атқарды. Өтежан Алшымбайұлының еңбек еткен уақыты –соғыстан кейінгі қалпына келтіру жылдарындағы ұйымдастыру жұмыстары, Маңғыстау мұнайын игерудің басталуы мен қарқынды даму кезеңдері еді.
Еңбек жолында Ұлы отан соғысы аяқталған соң, елге келіп, Маңғыстау көмір тресінде жұмыс жасап, кейін аудандық атқару комитеті жоспарлау комиссиясы төрағасы қызметіне ауысқан Өтекең 1946 жылы Кеңес одағы коммунистік партиясы қатарына қабылданып, 1947 жылы Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебіне оқуға жіберіледі. Бұл мектепті 1949 жылы үздік дипломмен бітіріп шығып, Шевченко аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Маңғыстау аудандық партия комитетінде үгіт-насихат, партия ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Атырау облысы Мақат аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1973-1983 жылдары Өзен аудандық, кейін қалалық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті.
Мұнай кен орындары ашылғанға дейін маңғыстаулықтар негізінен мал және балық шаруашылығымен айналысты. Осы кездерде облыс тұрғындарына идеологиялық түсінік жұмыстарын жүргізу, жаңа мамандықты игеруге шақыру, қоғам дамуы, аймақ экономикасы мен әлеуметтік саласының ілгері басуына үлес қосты. Шаруашылықтардың ірілендірілуі, елді мекендерде білім, мәдениет және денсаулық сақтау ошақтарының ашылуы, өндіріс саласындағы тың өзгерістер – Өтежан ағаның сан-салалы қызметінің бағыттары. Мал өсіру, оның тұқымын асылдандыру, одан түсетін өнімдерді тиісті өңдеу орындарына жеткізу шаруашылығында білікті басшы болды. Мұнайлы өлкеде де өнімді арттыру, қоғамдық мүлікті қорғау, өндірісте ысырапқа жол бермей, сапалы жеткізу қызметтерін ұйымдастыра білді.
Жаңаөзен қалалық ардагерлер ұйымының қызметі 1984 жылдың ақпан айынан басталса, Өтежан Алшынбаев та сол жылдан бастап өмірінің соңына дейін, яғни 2013 жылға дейін осы ұйымның төрағалық қызметін абыроймен атқарды. Ол осы жылдар ішінде намысты –табысқа, тектілікті-ептілікке жалғап, азаматтық арына кір келтірмеді. 90 жасында да қоғамдық еңбектен қол үзбей, ел ертеңі- жастарымызға аға ұрпақтың өнегесі мен аманатын жеткізе білді. Өнер саласының да дамуына бей-жай қарамай Жаңаөзен қаласы ардагерлерінің хорын жасақтап, қала, облыс сахнасында өнер көрсетті. Жаңаөзен қаласында Ардагерлер үйінің бой көтеруіне мұрындық болды. Бұның бәрі — Өтежан Алшымбайұлының адами келбетімен жақсы менен жайсаңды бағалай алатын тағылым, шексіз білімімен тек Маңғыстау өлкесінің тарихы мен аңызын ғана емес, барлық тақырыпта еркін көсіле алатын, өзі жүрген ортасында көргенді пікір айтып, артынан ерген іні-қарындастарына үлгі болар ғибрат иесі екендігін көрсетеді.
Жаратылысына қоса игерген білімі мен тағылымы, алған тәлімі мен тәрбиесі оның адами болмысынан көрінеді. Кісінің сөзін бөлмей, көп тыңдап, сөз алса, тереңнен толғап, байыпты пікірін айтып парасат пайымы ерекше екенін көрсетіп жатады. Адам баласы ақылды да кемел адамнан сұрайды. Пенде біткен әр істе де көшелі сөз айтар кісіге жүгінеді. Ең бастысы қоғам байлығы мен ұлттық қазына осындай озық туған, ерекше жаратылған жандардың еңбегімен, саналы өмірімен толығып, қалыптасады. Міне, осы тұрғыда, алдыңғы қатарда аталатын ел ағаларының бірі – Өтежан Алшымбайұы екеніне күмән жоқ. Әйтпесе, артынан ерген інісі Өтежанға халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылұлы:
-Ойласам, озат туған қатарынан,
Өтежан, нарқың қымбат, алтын-дағы.
Тұлпарсың топтан озып тозаңы ұшқан-
Осы күн Маңғыстаудың халқындағы…-деген жыр жолдарын арнар ма еді?!
Өтежан аға өз сөзінде: «Осы елдің көрген қорқынышы мен үрейі, азабы мен мехнаты, күдігі мен үміті, жеңіліс пен жеңісі, қуанышы мен мерейі менің көз алдымда өтті. Мен сол қайнаған өмірдің бел ортасында жүрдім. Бойымдағы бар білімімді, ақыл-ойымды, күш-қайратымды туған еліме, соның болашағына сарқып бердім, аянған жерім жоқ.» -дейді.
Асыл азаматтың осы бір ауыз сөзі өзінің азаматтық жолымен, өмір сүру дағдысымен, адами келбетімен, бекзат болмысымен, ізгілік қадір-қасиетімен қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан биік парасат иесі екенін айғақтайды.
Өтежан ағаның өмір жолына назар салып қарасақ, ол тәлім-тәрбие бағытындағы көп еңбек етіп, тер төккен екен. Қандай деңгейде, қай лауазымда еңбек етсе де Өтежан Алшымбайұлы мансап қумайтын, өмір ағымына сай қарапайым азамат екендігін көрсетті. Қандай жұмыс саласы болса да, ол халықтың ризашылығын алды, қолынан келгенше адамға жақсылық жасауға талпынды.
Өтежан Алшымбайұлы туралы ел ағалары мен айтулы азаматтардың сүбелі ойлары мен орнықты пікірлері көп, әсіресе, жерлесіміз халық жазушысы, “Қазақстанның Еңбек Ері” Әбіш Кекілбаевтың : «Өтежан ағаны біз асықпай көре берудің, аптықпай төзе білудің, батар күнмен бірге үміт отын оятудың өшпес өнегесі деп білеміз.
Талмаураған талайдың иығына сүйеніш, қолтығынан демесін бола білдіңіз. Ойда ойрандалып, қырда қуғындалып, қан майданда қақырап жусап қалған жетім-жесір еліңіздің жоқ кезінде бірге мұңайып, бар кезінде бірге қуандыңыз. Талайдың құлағында жылы “айналайыныңыз” бен маңдайында ыстық алақаныңыздың табы тұр..» деуінің өзі азаматтың адами келбетіне берілген үлкен баға, зор құрмет!
Өмірден алған өнегесінің түп төркінін бабалар жүрген жолдан іздеп, өз бойындағы ұждан тазалығын ұл –қызына дарытқан тәлімгер бейнесі — Өтежан ағаның өмірінің арқауы.
«Ұждан — рухани-адамгершілік тәрбиенің негізі. Адамның тұлға боп қалыптасуына ата-анасы, айналасы, замандасы қылған ісі тәлім береді. Шынайы адам өзіне ғұмырлық даналық жинаған адам. «Не ексең,соны орасың» деген де өмір тәжірибесінің жемісі. Әр адамның ұжданы таза болса, ол адамгершіліктің биік шыңына жете алады»-, деген Шәкәрім тағылымы абыз ағаның да азаматтығының биіктігін, шыққан межесінің жоғарылығын айғақтайды. Өзіне ғұмырлық даналық жинай білген шынайы адам деп тануға тұрарлық азамат.
Халық қадірлісі Өтежан Алшымбайұлының артында қалған жұрты 100 жасқа шығар белесінде еске алып жатса, «өткендерін ескерген, естіліктің белгісі» демеске бола ма? Алды жарық, иманы серік болғай!
Артында қалған ұрпағы – бір қауым ел! Ата аманаты- туған елге қалтқысыз қызмет қылуға ұмтылған немере-жиендері, шөбере –шөпшегі, әке тағылымына нұқсан келтірмеген ұл-қыздары, ұрпағымен мың жасасын !
А.ҚОСУАҚОВ- ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ