Өзегінен өнеге өрілген

Елінің жанашыры, халқының мұң-мұқтажын бір кісідей білетін, қоғам қайраткері, саясаткер, ақын,  өлкетанушы Өтежан Алшымбайұлының туғанына 100 толып отыр.

Өтежан Алшымбайұлы   халықтың мұң-мұқтажын  ести білетін, мәселелеріне көмектесе білетін қарапайым, кемел адам еді. Әсіресе оралмандар елге ат басын бұрған  1970 – 80 жылдары және тәуелсіздік алғаннан кейінгі 90 жылдарда Маңғыстауға  шеттен келген оралмандарға орналасуға бір кісідей қол ұшын берген азамат.

Мен Өтежан Алшымбайұлын 1974 жылдан бері танимын. Әулетіміз 1974 жылы Хорезмнен 19 үй болып көшіп келген болатын. Ол кезде қалада көшу-қону құжаттарын реттейтін болсаң да,  балаларға әлеуметтік көмек алатын болсаң да, зейнет ақы алатын болсаң да арнайы орталыққа бару керек болатын. Ол кездер де қазіргідей халыққа қызмет көрсету орталығы жоқ еді. Ауылдан көшіп келген кісілер орысша дұрыс білмейді, не қазақшаны толық білмейді.  Сүйтіп барлық кезде де мені осы арнайы орталықтарға жібере беретін.  Арнайы орталыққа  келіп жүргенімде осы Өтежан Алшымбайұлымен таныстым. Ол кісі бір басшылық қызметінде еді. Маған қай рудан боласың, атамекенге келуіңмен, қандай қызметте жүрсің  деп жақын тартып, ағалық танытып, дүниеден өткенше ағалы-бауырдай араластық. Менің әкем 1929 жылғы болатын болса, Өтежан аға әкемнен 7/8 жасқа үлкендігі бар еді. Өтежан ағамыздың балаларымен де  бірге жұмыс жасап, жақын аралас-құралас болдық.

Әр кездескенімізде қазақтың би, шешендері, ақын-жыршылары жайында айтып, жас ұрпаққа Маңғыстаудан шыққан белгілі тұлғаларды насихаттауды ойлайтын. Білімге деген құштарлығы, талпынысы өте күшті болды.

Ол кісінің бір қасиеті  Маңғыстау ауданында атқару комитетінде қызмет істеген кездерінде Маңғыстауға Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Роза Бағланова, Ғарифулла Құрманғалиев келгенінде оларға осы өңіріміздің ойы мен қырын түгел аралатып, таныстырды. Шәмші Қалдаяқовтың, Төлеген Айбергеновтың Маңғыстауға арнаған әндері, жырлары бар. Сол дүниелердің барлығы Өтежан ағаның арқасында туған дүиелер деп білемін.

Жаңаөзеннің қалыптасуына, өркендеп өсуіне  көп еңбек сіңірді. «Жалын» кинотеатры, өнер ордалары салынғанда басы қасында жүріп, ықпал еткен бірден-бір кісі. Өзі де өнерге жақын, домбырамен Маңғыстаудың әдемі күйлерін орындайтын, сегіз қырлы, бір сырлы еді. Өмірінің соңғы жылдарында жазған кітабында, ел азаматтары мен азаматшаларына арнап жазған өлеңдері де бар.

Өтежан ағаның 100 жылдығына орай ардагерлер үйіде жиын өткіздік. Одан кейін әулетінің ұсынысымен ардагерлер арасында бильярдтан турнир өтті.  Қалалық әкімдіктің қолдауымен қалада екі үлкен билборд орнатылды. Мұның барлығы Өтежан Алшымбайұлының еліне жасаған еңбегінің көрінісі  деп есептеймін. 1 ғасырлық өмірі бар, өнегелі адамды Жаңаөзеннің әрбір тұрғыны білуі керек. Алдағы уақытта қала деңгейінде  шаралар өткізілгелі отыр. Жақсы деңгейде өтеді деп сенемін.

«Еліне қызмет еткен қор болмайды» деп, бар ғұмырын еліне,жеріне қызмет етуге арнаған Өтежан Алшымбайұлы елі ешқашан ұмытпайды.

 

Майлыбай ӨТЕБАЕВ

Мұнай саласының ардагері,

техника ғылымдарының

докторы.

“Жаңаөзен” газеті, N 37, 16.09.2022.