Көрнекті қоғам қайраткері- Өтежан Алшымбайұлының туғанына 100 жыл

Ғибратты ғұмыр

         Кеңес үкіметі кезінде қазақ елінің еңсесін тіктеп, өсіп, өркен жаюына өздерінің зор үлестерін қосып, есімдері тарих парақтарына алтын әріппен жазылып қалған айтулы азаматтар баршылық. Ел үшін еңбек еткен азаматтардың бітім-болмыстары мен өнегелі өмірдеректерін ұрпақтарға ұлағат ету-бізге парыз.  Артында өнегелі із қалдырған осындай азаматтардың бірі, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Өтежан Алшымбайұлы болатын.

          Тарихты халық жасағанымен, тарихи даму заңдылықтарына сәйкес ауқымды мақсаттарды заманның біртуар азаматтары, нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі. Бар саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын, мәдени-рухани өмірін өркендетуге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған, Маңғыстау өңірінің тарихында ерекше орны бар, өмірі өнегелі жарқын тұлғалардың бірі, Өтежан Алшымбайұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

                   Жастайынан ел басқару ісіне араласып, сан алуан лауазымның биігінен біраз қалықтаған адам. Алайда бір қызметтен екінші қызметке ауысқанда артынан  ғайбат ертпеген сұңғыла басшы. Кеудесіне қыдыр ұялаған аяулы жан өмір бойы адамгершілік компасын қолынан тастамай өткен.

          Азаматтық жолды өзіне мирас еткен Өтежан ағаны жұрт аупартком хатшылығынан гөрі халқының  алдындағы перзенттік борышын жоғары ұстағанын сезінді.

Ол халқының келісін бірге түйген, отқа бірге күйген, қырманын бірге қаққан, намысқа бірге шапқан рухани көшбасшы болатын.  Өзінің бабалы сөзімен, өнегелі өмірімен, төңірегіндегілерге мейірбандылығымен, ерекше кішіпейілділігімен, өзінен өнген ұрпақтарына ғана емес бүкіл Маңғыстау елінің құрметіне бөленген жан еді. Тұла бойы тұнған шежіре, қазына қарт, өңіріміздің  абыз ақсақалы, Өтежан Алшымбайұлының өмір жолы өскелең ұрпақ үшін үлгі болар сәттері көп. Киелі түбектің басынан өткен қиындықтар мен тарихи кезеңдер абзал ағамыздың өмірі және қызметімен  берік сабақтасып жатыр.

Өтежан Алшымбайұлы 1922 жылы Жыңғылды —  Ұланақ  ауылында  туған. Бесіктен белі шықпай-ақ әкеден айырылып, жетім бала атанды.1932-1939 жылдар аралығында  Форт Шевченкодағы   балалар үйінде тәрбиеленіп, сондағы Киров орта мектебінде оқып, білім алады. Жаратылысынан санасы сәулелі бала әп дегеннен озаттар қатарына қосылып, білімге деген құштарлығымен де, ұстаздарымен, басқалармен күнделікті қарым-қатынастағы мінезінің жұғымдылығымен, іс-әрекетінің тындырымдылығымен де ауызға ілініп, «Адам болатын бала» атанады.

Өтежан аға өз еңбек жолын, 1939 жылы, алғашында өзі оқыған балалар үйінің тәрбиешілігінен бастайды. Дәл сол жылдың күзінде  Маңғыстау ауданы дербес әкімшілік ретінде Шевченко ауданынан бөлініп шыққан.  1939 жылы жаңа аудан орталығы Таушықтағы жеті жылдық мектеп орта мектепке айналды. Жалындап тұрған жас жігіт осы жаңа ұйымдасқан мектептің аға вожатыйы болып 1942 жылға дейін жұмыс жасайды.  Бұл жылдар ел басына күн туған қаһарлы жылдар еді.   1942 жылдың наурыз айында Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1942-1945 жылдары №2245 жұмысшы батальонының құрамында Орта Азия Бас құрылыс басқармасының Түркістан-Сібір темір жолы магистралының Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі құрылыс объектілерінде алғашқыда қатардағы жұмысшы, кейін Ташкенттегі  алты айлық техника мектебін бітіргеннен соң құрылыс мастері қызметін атқарады. 

1945 жылы соғыс аяқталып, елге келісімен қызу еңбекке араласады.  Маңғыстау аудандық атқару комитеті жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындалады. 1947 жылы екі жылдық партия мектебіне саяси-ұйымдастырушылық білім деңгейін ұштауға оқуға жібереді. 1949 жылы бұл оқуды озық дипломмен бітіріп шығады. Кейінірек, Мәскеудегі жоғары партия мектебін де үздік аяқтайды. Сөйтіп қиыншылық жылдарда өмірді көріп, көңіліне тоқыған көп жағдайларға енді саяси тұрғыдан баға беріп, қорытынды жасай алатындай деңгейге жетіп, елге еселенген жігермен оралады. Алғашқы қызметті тағы да  Форт-Шевченкодан бастайды. Одан Маңғыстау, Мақат, Жаңаөзен болып жалғасады.

1949-1951 жылдары Шевченко аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1951- 1958  жылдары  Маңғыстау  аупарткомының үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі,  1958- 1968  жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы және екінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1968- 1971  жылдары Гурьев облысы, Мақат ауаткомы төрағасының бірінші орынбасары, 1971-1983  жылдары Жаңаөзен қалалық ауаткомы төрағасының бірінші орынбасары болды.

Осы жылдар ішінде Өтежан аға қаншама адамдармен қызметтес болды, қаншама тағдырлармен бетпе-бет келді, қаншама қиыншылықтарды еңсерді, қаншама қиын –сәттерде бірден-бір дұрыс шешімді таба білді. Өмір бойы халықпен біте қайнасып, қайнаған өмірдің ортасында жүріп дағдыланған Өтежан Алшымбайұлы  іні-қарындастарына, балаларына қиындығы мен қызығы, ащысы мен тұщысы, азабы мен рахаты аралас өміріндегі көзі көріп, көңіліне түйген ақыл-кеңесін айтып отырды.

1983 жылдан бастап үзіліссіз отыз жылға жуық Жаңаөзен қалалық «Соғыс және еңбек ардагерлері» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы және облыс әкімі жанындағы ардагерлер Кеңесінің мүшесі болды.  Өтежан Алшымбайұлының Отан алдындағы қажырлы еңбегі «Құрмет Белгісі» орденімен, «1941-1945 Ұлы Отан соғысы  жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» және бірқатар мерейтойлық медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. ХШЖК-нің  күміс медалының иегері. Жаңаөзен қаласының, Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы» және Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» атақтары  берілген.

Маңғыстаудың белгілі азаматтарының елге сіңірген еңбегін сөз еткенде Өтежан ағаны айтпай кету мүмкін емес. Қайраткер ағаның өмір жолы Маңғыстау тарихымен үндес. Туған жерге тамырын терең жіберген, осы өңірдің жақсысын да, қиын кезеңін де басынан өткерді. Маңғыстау ауданын өлкеміздің қара шаңырағы дейтін болсақ, сол ауданның  экономикалық және әлеуметтік кемелденуіне жалынды сөзімен де, үлгілі ісімен де үлес қосқан абзал азаматтарымыздың бірі. Өтежан ағаның бүтін саналы қызметі қайда да елдің оқу-ағартуымен, мәдениетімен берік сабақтасып жатты. Ақынжанды ағамыздан бұл саланы бөліп алып қарау үлкен қиянат болар еді. Өтежан Алшымбайұлының арқалы ақын екендігін мұрағатта сақталған  сарғайған  газет беттерінен көреміз. Өлкенің шығармашылықпен айналысатын жас өркендерінің  қалыптасуына Өтежан аға шығармашылығының елеулі ықпалы болғандығын айта кетуге тиіспіз. Маңғыстау мәдениетінің жаңа белеске көтерілуі, әлеуметтік мәселелердің  шешім табуы, солардың ішінде аудандық халық театрының өмірге келіп, қалыптасуы, шығармашылық ұжымдар қанатының қатайып, бұғанасының бекуі, өлкеміздегі жас халық таланттарының жауыннан кейінгі бәйшешектей қаулап бой көтеруі–бәрі-бәрінде кезінде партия, кеңес орындарында осы саланы басқарған Өтежан ағаның үлесі зор.

  Бұрын бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып келген өлкеміздің әр шалғайында   ауыл шаруашылығымен қанаттас мұнай, газ кешендері мен химия орталықтарының бой көтеруі Өтежан ағаны қатты қызықтырды.  Сол оң өзгерістерді өз қолымен жасау үшін байырғы Маңғыстаудың басшы азаматтары арасында алғашқылардың бірі болып өндірістегі игіліктерді өз қолымен жасауға қолдап кіріскен адам. Өтежан аға сонау 60-шы жылдардың аяғы мен 70-жылдары Мақат аудандық, Жаңаөзен қалалық Кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып істеп, мұнайлы өлке өміріндегі көп игіліктердің бастаушысы болғанын айтсақ та жеткілікті.                                                                                                                                                            

          Сол жылдары Жаңаөзен қаласында бой көтерген мектептер мен балабақшалар, емдеу-сауықтыру орындары мен қоғамдық тамақтандыру, сауда кешендері, перзентхана, кәсіптік-техникалық училище, орталық кітапхана үйі, тұрмыс қажетін өтейтін комбинат және т.б. да әлеуметтік нысандарды іске қосуда Өтежан Алшымбайұлы үлкен еңбек сіңірді. Оның тікелей пәрменімен 1985 жылы, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай «Ардагерлер үйі» берілді, кейін жаңа ғимараты салынды. Кең байтақ Қазақстандағы соғыс және еңбек ардагерлерінің үйі, осылай, алғаш рет Жаңаөзен қаласында ашылған болатын. Қалалық мешітпен соғыс құрбандарына арнайы салынған обелиск арасындағы кеңістікте «Ардагерлер алаңы» ашылды. Облыста тұңғыш рет соғыс және еңбек ардагерлерінің хоры ұйымдасты. Соғыс ардагерлерінің хорын ұйымдастырып, қарияларды сахнаға шығарып, өнерін дүйім жұртқа паш етті. Осы өнер ұжымы қалалық, облыстық және аймақтық байқауларда бас жүлдеге ие болып жүрді. Хордың ұйымдаструшысы болған Өтежан аға өнерімен де танылып, жеке орындауында Есірдің күйлерін орындады. Күйшілік шеберлігіне көрермен қауым тәнті болды.

Өтежан Алшымбайұлының басқаруындағы қала ардагерлер қауымдастығының түрлі мәдени-көпшілік жұмыстарындағы белсенділік ролі, қала ардагерлерінің күнделікті тұрмысына жағдай жасаудағы көп қырлы жұмыстары-аймақтағы әріптестеріне әдістемелік орталық болды.

Жайсаң азамат қандай қызмет атқармасын, өзінің қарапайым қасиетінен айнымай, айналасындағыларға шуағын шашып, елдің әлеуметтік ахуалын, экономикасын дамытуға аянбай еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, оның еселі еңбегінің іздері Атырау мен Маңғыстаудың ойы мен қырында, қаласы мен даласында құс жолындай сайрап жатыр. Өлкеміздің ел басқарған біраз азаматтары Ө.Алшымбайұлын болашағымызға бағдаршамдай жолымызды нұсқаған ұстазымыз деп есептейді.

Ардақты ағаның есімін ел есінде  қалдыру мақсатында өзі, ұзақ жылдар басшылық және қоғамдық қызметте болған Жаңаөзен қаласының «Рахат» аулының көшелерінің біріне оның есімі берілген.

Ө.Алшымбайұлы бабалары  Айтуған жырау, Тай қобызшы, Есір сазгер дәстүрімен өнерді, әдебиетті өзіне өмірлік жансерік еткен адам. Қоғамдық өмірге белсене араласып, заман талабына өз үнін қосып, өлке тарихына, тағылымды тұлғаларға арналған көптеген мақалалар мен естеліктер жазды. Ол өлке тарихына қызығатын кез-келген жанды бей-жай қалдырмайтын, тағылым мен тәлімге тұнып тұрған «Есейдім бірге еліммен» және «Тағдырға тағзым» атты көлемді кітаптардың авторы.

Тәуелсіз еліміздің, киелі жеріміздің көркін келтірген, зерделі де  зерек, сүйегі асыл абыз ақсақал-аға  өз еңбектерінде бақытты ұрпақтарына ұлағатты сөздері мен ақ батасын арнаған.

 Қайраткер аға Маңғыстау өңіріндегі ұзақ жылдық басшылық қызметтерінде жүріп қазақтың талай жайсаңдарымен, қадірлі азаматтармен, тарихи тұлғалармен жақын сырлас, жолдас болған. Халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловпен 1945 жылдан таныс, тығыз байланыста болыпты. 1966 жылы Сәтекеңнің 90 жылдығы Таушықта аталып өтіліп, Өтежан Алшымбайұлы осы салтанатта халық ақынының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасап, ақынның мерейін көтеріп, өзінің інілік парызын өтейді.

Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы Сәбит Мұқановпен де таныс , сыйластықта болғанын Өтежан аға мақтаныш тұтқан. Сәбеңнің 1963 жылғы Маңғыстау сапарында бастан-аяқ қасында болып, інілік ілтипатын көрсетеді.

Өтежан Алшымбайұлы ел ішіндегі елеулі оқиғалар мен өзі өмірде көзімен көріп, көңіліне тоқыған жайлар, өмірлері өнеге болған жайсаңдар туралы қалам тербеп отырған. Ондағы ойы – кейінгі толқын інілер мен қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жақсылар мен жарасымды істерді ғибрат қылу.

Өтежан аға қазақтың көрнекті ақыны Әбу Сәрсенбаев, жерлесіміз, , медицина ғылымының докторы Естөре Оразақов, атақты түрколог ғалым Ғұбайдолла Айдаров, белгілі зерттеуші, филолог Қабиболла Сыдиқовпен достық, сыйластық қарым-қатынаста болғанын, олардың шығармашылық өнегелі еңбегін, ғылымға, мәдениетіміздің өркендеуіне қосқан үлестерін насихаттап, жеткіншек ұрпаққа үлгі тұтқанын қанағат сезіммен еске алып, сол тұлғалар туралы жазған естеліктері де баршылық.

Ол түбектен шыққан ақын-жыраулар,  өнер саңлақтары  Мұрын, Түмен, Сәттіғұл, Шамығұл, Мұрат, Алымдардың көзін көріп, ақдария толғауларын тындап, оларды елге таратуда көп еңбек сіңірді. Маңғыстау домбыра дәстүрі мектебінің көрнекті өкілі Мұрат Өскенбаевтың елге оралуына жағдай жасап, Жаңаөзен қаласынан пәтер бергізіп, халықтық мұраны одан әрі тарату, жас ұрпаққа музыкалық- эстетикалық тәрбие беру ісіне кеңінен қатысуына мүмкіндік жасады. Еліміздің басқа да белгілі қаламгер ақын-жазушылары, өнер иелері, ғалымдары С.Зиманов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Ғ. Құрманғалиев,  Р.Өтесіновтермен риясыз араласты. Өлкемізден шыққан дарын иелері Н.Жұбаев, Б.Жұмалиев, М.Атымов, Ә.Тұяқовтармен тығыз байланыста болды.

Өтежан Алшымбайұлы туралы Қазақстанның Еңбек Ері, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов : «Өтежан замандасым – абыройы ауыл-аймақтан, өз жұртынан асып, исі Алаш құрметтейтін қадірлі, сыйлы көп азаматтың бірі ғана емес, бірегейлерінің санатына жеткен елдің есебіндегі санаулылар қатарындағы  адам. Халық дегенде қаршадайынан арқа еті арша боп жан аямай еңбек еткен азамат» екенін айтса,  классик жазушы Әбіш Кекілбаев: «Өтежан ағаны біз асықпай көре берудің, аптықпай төзе білудің, батар күнмен бірге үміт отын оятудың өшпес өнегесі деп білеміз. Қашан көрсек те бұрқ-сарқ қайнағанмен бірге сарқылып қалмай, асып-тасып төгілгенмен бірге таусылып қалмай, өз-өзінен өне беретін бұлақтай қайнай бересіз, қайнай бересіз» десе, халық ақыны Сәттіғұл:

« Болып тұрсың бүгінде,

   Қараңғының шамындай.

   Алланың берген бағындай

   Атағың көпке танылды-ай,

   Жүйрігімсің жүлделі,

   Жүрген жоқсың шабылмай,

   Көпшілік басы құралса,

   Ортасында сыбанып,

   Айтасың сөзді жаңылмай»,   -деп Өтежан ағаның сөзге шешендігін жоғары бағалаған,  жазушы -драматург Сайын Назарбек: «…Ол тек қана әкім емес еді, ол –халқының ақылшысы да, ел өнерінің қамқоршысы да бола білген тұлға. Шешен де ойлы сөйлейтін Өтежан аға алдымен ақын болатын! Ол тек ақын емес, өнер зерттеушісі, сарапшы да болар асылы …», -деп өнерлі, жан-жақты екенін бағаласа, ақын апамыз Фариза Оңғарсынова: « Оның өсірген перзенттерінің жақсылықтары үшін, әрбір әке Өтежан ағадай болса, біздің қазақта бір жұмақ өмір орнар еді деп ойлаймын» деп білімді  де салиқалы ұрпақ тәрбиелегендігін өте жоғары  бағалаған.

Абыз ағаның өмірдегі ең үлкен байлығы – оның ұрпақтары.  Жұбайы Ақзер Ағиқызы екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір олардың бәрі де ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған үлгілі ата-аналар. Әке жолын қуып, елге танымал азамат  атанғандары да бар.   Зейнолла Өтежанұлы Парламент мәжілісінің екі шақырылымының депутаты болып, аймақтың қордаланып қалған біраз  мәселелерін шешуге атсалысты. Олардың қай қайсысы да қадірменді ағамыздың  абыройын асқақтатып, Өтежан ағаның ұл-қыздары деген атақты биік ұстап, егемен қазақ еліне қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Зор адамгершілік пен азаматтық асыл мұраттардың татаусыз лаулаған шамшырағындай, биіктен маздап өткен ардақты ағаның нұр дидарын біздің санамыздан ешкім де, ештеңе де өшіре алмайды. Өтежан аға халқының жадында, ұрпақтарының көкірегінде мәңгі өмір сүреді.

         

Пернегүл ҚАРЖАУБАЕВА,

Қазақстан Журналистер одағының

мүшесі, облыстық архивтің

қызметкері,

Ақтау қаласы.