Ембі- Қазақ мұнайының флагманы

Биылғы жыл Қазақ елі экономикасының локомотиві болып саналатын мұнай-газ өнеркәсібі үшін ерекше жыл болып есептелінеді, себебі осы саланың ең алғаш бастауында байырғы кәсіпорын, Қазақ мұнайының қара шаңырағы «Ембімұнайгаз» Акционерлік Қоғамы тұрғаны жалпы мұнайшыларға, оның ішінде Атырау жұртшылығына, мұнай-газ өнеркәсібі саласына тікелей қатынасы бар көпшілікке белгілі.

          Қазақ мұнайының қара шаңырағы мұнайлы Ембі биылғы жылы мерейлі мереке 100 жылдығын атап өтіп жатыр, бұл мереке жалпы Республика мұнайшылары үшін ортақ мереке деп есептеймін, себебі Қазақ мұнайының тарихы Ембіден бастау алатынын жоғарыда атап өттік.  Сонау, 1899 жылы киелі де, қасиетті Жылыой жерінен 7 қарашада номері 7 ұңғыдан 40 метр тереңдіктен тәулігіне 20 тонна мұнай алынса, ол 1911 жылы Доссор,  1915 жылы Мақат мұнай кен орындары арқылы өз жалғасын тауып, Қазақ жерінде алғаш рет мұнай өндіруші компания құрылуына себепкер болды.

          «Ембімұнайгаз» — алғашқы тауар өндіруші, отандық кәсіпорын, қазақ мұнайының флагманы. Жалпы Ембі деген сөздің тарихына тоқтала кеткен артық болмас деп ойлаймын, оны зерделесек, ол Ем бойы деген сөзден шыққанын білеміз, қазіргі Қазақ елінің батыс өңірінде біздің ата-бабамыз мекен еткенге дейін, түбі бір түркі жұртының бізбен туыстас өкілі ноғайлар мекендегені және ол Ноғай ордасы болып хандық құрғандығы бізге тарих деректері бойынша жетіп отыр.

          Ноғайлар Қырғыздардың жырды ыр дейтіні сияқты, Мұғалджар тауынан бастау алып Каспий теңізіне құятын Жем өзенін Ем өзені деп атаған, яғни Жем бойын олар Ем бойы деп атап, содан Ембі деген сөз шыққаны ертеректе Республикалық басылымда жазылғаны нақты дәлел болып есептелінеді. Бұны әрине кейінгі ұрпақ үшін білген артық болмайды.

          Мұнай қазақтың маңдайына біткен Алланың берген сыйы, бүгінде ол Қазақ Елі экономикасының локомотиві болып саналады, шынында да солай екені анық. Қазақ Елі мұнайды көтерді, мұнай Қазақ Елін көтерді. Еліміздің басты және негізгі байлығының бірі мұнай-газ өнеркәсібін дамыту арқылы, экономиканың басқа саласын диверсификациялау, яғни әртараптандыру процесі біздің елде бүгінде жүріп жатыр.

          Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақ Елі жылына 26 млн тонна мұнай өндірсе, қазір жылдық мұнай өндіру көлемі 85-90 млн  тоннаға жетіп отыр, болашақта 100 миллиондық белесте алыс емес. Тәуелсіздік алған 30 жылда елімізге 300 млрд доллар инвестиция құйылса, соның 80 пайызы, яғни 240 млрд доллары мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына жұмсалды, ол бүгін де оң нәтижесін беріп отыр.

          Қандай нәрсе болса да, қандай іс болса да бастауы болатыны анық, олай десек Қазақ мұнай-газ өнеркәсібінің бастауында Ембі тұрғаны шындық және оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Ембі десек, ол тек қана Атырау өңіріндегі мұнай кеніштері емес, Ақтөбе облысындағы 1959 жылы пайдалануға берілген Кеңқияқ мұнай кен орны, Ембі десек, бұрынғы Атырау, қазіргі Маңғыстау облысындағы 1961 жылы пайдалануға берілген Жетібай, 1964 жылы мұнай өндіріле бастаған Өзен мұнай кен орындарын айта кеткен орынды деп есептеймін.

Ембі десек, дүние жүзіндегі 10 алып мұнай кеніштерінің қатарына кіретін Теңіз мұнай кен орны және оның ашылуы. Себебі, Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ мұнай кен орны болсын, Маңғыстаудағы Жетібай мен Өзен кен орындары болсын, қазіргі 1993 жылы құрылған Қазақ-Американ бірлескен кәсіпорны «Теңізшевройл» пайдаланып отырған Теңіз мұнай кен орны болсын, бәрінің бастауында геофизикадан бастап, барлау-бұрғылау, жайғастыру, іске қосуда  Ембілік мұнайшылар тұрғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Ембі десек, сонау 1945 жылы іргетасы қаланған Атырау мұнай өңдеу зауытын айта кеткен орынды, себебі ол Ембі мұнайын өңдеу үшін салынып кезінде іске қосылған.

Ембі десек, Ембі мұнайын тасымалдау үшін кезінде мұнай құбырлары басқармасы болып құрылып, бүгін де «Трансойл» сияқты өндірістік компания болып жұмыс жасап отырған және оның бүгінде үлкен кәсіпорын болып қалыптасқаны ойға оралады, себебі ол бастапқыда бастауын Ембіден алғаны белгілі.

Қорыта айтқанда Ембі Қазақ Елінің мұнай өңдеу және мұнай тасымалы салаларының іргетасы қаланып, әрі қарай дамуына да бірден бір себепкер болды.

          «Ембімұнайгаз» қала құрушы (градообразующее предприятие) мекеме ретінде көптеген мұнайшылар поселкесінің салынуына, олардың әлеуметтік инфрақұрылымдарының дамуына тікелей септігін тигізді, ол дегеніміз мектептер, балабақшалар, ауруханалар, тұрғын үйлер т.б.  әлеуметтік нысандар.

Қазақ мұнайының қара шаңырағы Ембі арқылы Атырау қаласы бүгінде мұнайлы Астана атанып отыр.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы түсінген Ембіліктер бүгінгі таңда Атырау облысының халқына, оның проблемалық  мәселелерін шешуде әсіресе жетім және ауру балаларға көмектесуде, көпбалалы аналарға және жағдайы төмен отбасыларға тұрғын үй алып беруге жұмыстанып, бірқатар игі істер атқарып келеді.

          Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ 5 мыңдай жұмысшы және қызметкерлері бар үлкен ұжым, сонымен қатар бірнеше ондаған мердігерлік мекемелерге жұмыс беруші. «Ембімұнайгаз» мекемесі өзінің 100 жылдық тарихында 190 млн тоннадай мұнай өндіріп, ел экономикасының талай тарихи жылдарында, әсірісе Ұлы Отан соғысы жылдары Кеңес Одағының шығыс өңіріндегі мұнай кәсіпшіліктері жау қолына өткен кезде жеңіс сағатын жақындатуда шешуші роль атқарды, жалпы бір ғасырлық еңбек жолында ел дамуына өлшеусіз ерекше үлес қосты. «Іс тетігін кадр шешеді демекші» — бәріде адами ресурс арқылы жүзеге асатыны белілі, олай десек Ембі өз тарихында елімізге танымал талай майталман жумысшыларды, инженер-техник қызметкерлерді, басшыларды, мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды, олар адал еңбектеріне орай мемлекетіміздің жоғарғы марапаттарына ие болып, үлкен абырой иелері атанды, бұны кейінгі ұрпақ мақтан тұтып, өздеріне үлгі санайтыны сөзсіз.

          Ғасырлық тарихы бар Ембіліктер бүгінгі күні мұнай өндіріп отырған кен алаңдарында жаңа техника мен технологияларды тиімді пайдалануда. Әсіресе, мемлекетіміздің цифрлы Қазақстан бағдарламасына сәйкес мұнай кен орындарын интеллектуалды мұнай кен орындарына айналдыру, яғни мұнай кен орнынан қалай жұмыс жасап тұрғаны туралы күнделікті толық ақпарат алу технологиясын енгізу, қою мұнайлы мұнай қабаттарының мұнай бергіштігін арттыру бағытында полимерлі ерітінді айдау, бір өзі жеті-сегіз вертикалды ұңғыманың өнімін беретін горизонтальды ұңғы қазып, жоғары өнім алу, ұңғылардың жөндеу аралық мерзімін 365 күнге дейін жеткізу және тағы басқа іске асып жатқан игі шаралар сөз жоқ бүгінгі Ембінің замана көшінен қалмай келе жатқан техника және технология жетістігі деп толық айтуға болады.

          Әрине, жылдар өте келе ескі кеніштердің өнімі азая бастайтындығы табиғи процесс. Осыған байланысты Ембіліктер жаңа перспективалы алаңдарға шығуды да жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, Қаратон-Сарықамыс блогында Қарасор алаңының мұнай қабаттары өнім беру қабілетін көрсете бастады.

Кезінде «жабылу қара қазан» атанған, ұзақ жылдар Ресей әскери сынақ алаңы болып келген Тайсойған блогы геофизикалық барлау нәтижесінде өзінің мұнай қоры жағынан болашақта перспективасы бар екенін көрсетіп отыр, алдағы уақытта барлау-бұрғылау жұмыстары сәтті жүргізіліп, жаңа алаңнан жаңа мұнай кен орны іске қосылатын күн де алыс емес деп есептеймін.

          Ембіліктер Тәуелсіздік жылдары Ақінген — 1992 жылы, Қисымбай – 1993 жылы, Аққұдық – 1995 жылы, Орталық Шығыс Прорваның Батыс алаңы – 1996 жылы, Уаз-2006 жылдары мұнай кен орындарын іске қосып, бұл кенорындарынан едәуір көлемде мұнай өндіріліп, нәтижесінде «Ембімұнайгаз» бойынша жылдық мұнай өндіру көлемін төмендетпеуге және арттыруға қол жеткізсе, ендігі кезекте мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев айтқандай, мемлекет жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық барлау жұмыстарына көбірек көңіл бөлу керек деген тапсырмасын басшылыққа алып, бүгінгі ардагерлер біздің еңбек эстафетамызды жалғастырып отырған қазіргі мұнайшылар жаңа мұнай кен алаңдарын ашып, Жаңа Қазастанның экономикасының одан әрі өсіп-өркендеуіне қомақты үлестерін қосады деген сенімдеміз!

          Ғасырлық еңбек жолында талай-талай биіктерді бағындырған Ембіліктерді мерейлі мереке – 100 жылдық мерейтоймен құттықтап, болашақта толайым табыстар тілейміз!

 

          М.Ш.Ізбасов – Ұлттық Құрылтай мүшесі, Атырау облыстық Қоғамдық Кеңес төрағасы, «Ембімұнайгаз» АҚ – Директорлар Кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры, Республикалық «Мұнай-газ кешені ардагерлерінің» қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалы директоры.

          «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.