Қуаныш Жиенбай

Таңғажайып тағдыр

Рахаң, Рахмет аға, Рахмет Өтесінов! Сан мәрте қайталанса да таңғажайып тағдыр иесінің кесек бейнесі одан сайын зорайып, күллі өмірбаяны көз алдыңызға дөңгеленіп келе қалады. Былайша қарағанда Рахаңның елден жасырар сыры жоқ, бәрі-баршасы жұрттың жадында. Және бір ғажабы, көпшіліктің осынша ілтипатына бөленген Азамат тым қарапайым, тым елгезек. Өзінің айтуынша, әлдекімдер араға біраз уақыт салып хабарласпай, не телефон соқпай қалса да қабағын кірбің шалып, сәл ренжіп қалады-мыс. Рахаңа түктің қажеті жоқ. Тіршілігіне керекті дүниесі түгел. Тек ардақты ағамен емен-жарқын сырласып, хал-ахуал сұрасып тұрсаңыз болғаны. Әлде… бәлкім біздікі де пенделік шығар. Көпшілік мені неге ұмытып кетті дей ме екен? Ұмыту! Жо-жоқ, о не дегеніңіз! Арпалысқа толы отыз бес жыл өмірін арба, кәдімгі қол арба үстінде өткізіп келе жатқан асыл ағаны ұмыту, немесе Рахмет Өтесінов секілді қайсарлықтың символына айналған үлкен жүректі Қазақтың ұмытылуы мүмкін бе?! Біздің кейде әлдебір құбылыстың арғы астарын зерделемей жатып, ұшқарылау пікірге ұрынып қалатын туыстарымыз да жоқ емес. Кейін бармақ тістеп, аңдамай айтылған сөзді қайтарып ала алмай өкініп жататын сәттеріміз де жетерлік. Тұлға! Осы ұғым, осы халықтық баға өз әдрісін тауып жүр ме? Ойланатын жағдай. Рахаң «қазақ мұнайының королі», «қазақтың Николай Островскийі», «Алексей Маресьеві» деген тәрізді аса сирек айтылатын теңеулерді өзіміздің арамызда жүріп-ақ естіген. Міне, имандай шыны, соған бола «құдайын ұмытып» кеткен емес. Бәрін, баршасын салқынқандылықпен қабылдай біледі. Сәл «көпшік қойылған» лебіздің де арғы астарын жақсы түсінеді.

Иә, Рахмет аға жайлы жақсы ниетіміздің қиюын қалай келістіріп, қағаз бетіне қайтіп кестелесек екен деп «мазасызданғалы» қай заман. Бәрі жазылған, бәрі айтылған. Көзі тірісінде-ақ Рахаң туралы бүкілодақтық деңгейде «Сынақ» атты деректі фильм де түсірілген. Және бұл туынды кезінде анау-мынауға ұстата салынбайтын Бүкілодақтық Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты атанған, Лейпциктегі әлемдік кинофестивальде жүлделі орынға да ие болған. Жә, оны қойшы, біздің кейіпкеріміз — Рахаң жайлы әлемге әйгілі өнер иерінің бір-бір ауыз лебіздеріне құлақ қояйықшы, кәнекей! К.Симонов: «Осы адамның тағдырынан адам баласының қаншалықты құнды екендігін сеземіз. Оның жан сұлулығы мем асқақ рухын көреміз». О.Сүлейменов: «Жетпіс жылдық мүшелтойыңыз құтты болсын. Мұнайшы және жазушы кәсібінде әріптес аға ретінде қатты сыйлаймын. Сіз үшін Италияда бокал көтеремін». Р.Рождественский: «Шынында да адамның қасірет-қайғыны жеңе отырып күресті тоқтатпайтыны тамаша емес пе!». Ә.Кекілбаев: «Анадан аса талантты, кемел ақылды, қажымас жігерлі жаратылған Сіз өмірбақи іс басындасыз, еңбек сапындасыз». Ө.Бәйгелді: «Текті тұлпар қашанда жүйріктігінен зардап шегеді. Тағдырдың жазатайым салған соққысы Сіздің өндіріске алаңдаған еңбекқор жаныңызды, Сіздің бүкіл рухыңызды жасыта алған жоқ»…

Бәли, міне, осының бәрі бір адам жайында, Рахмет Өтесінов жайында. Ал, Рахаң туралы осылардан асырып бір нәрсе айту мүмкін бе?

«Нұр-Астана» газетінде «Көшелі кісімен кездесу» атты айдар барын, соған Сізді лайықты көріп отырған ұйғарым бар деген секілді «кіріспелерді» үстемелей бастап ем, Рахаң телефондағы әңгімені қысқа қайырды: «Ертең сағат он жарымда күтемін».

Ертеңінде оны-мұны алу үшін есік алдындағы дүкенге шыққан Сақыш апай бізді анадайдан танып кері бұрылды: «Ағаларың үйде. Сендермен әңгімелесуге дайын отыр. Сірә, сыртқы есіктің кілтін аша алмас, кездескендерің қандай жақсы болды».

Рахмет аға баяғыдай жігерлі, баяғыдай емен-жарқын. Отыз бес жылым арбада таңылумен өтті-ау деп өкініп отырған жоқ. Әлемде болып жатқан жаңалықтарды бізден де гөрі тереңірек білетін секілді ме, қалай. Оған таласа алмайсың. Күн сайын жиырмадан астам газет-журналдарды қарап шығады екен. Және айтар әңгімесін дәлме-дәл деректермен тұздықтап отыруды да әдетке айналдырған. Сонымен жұптап келген дәстүрлі сұрағымыз айдалада қалды. Үш сағаттық сырласудан түйген ойлардың кейбірін қағазға түртіп отырдым.

* * *

Өмір деген эстафета — бір ұрпақтың аманатын келесі ұрпаққа табыс ету. Біреу балаларына байлық қалдырады, біреу өшпес даңқын, абырой-атағын қалдырады. «Жаман балаға жақсы әкенің аты — қырық жыл азық» деп тегін айтылмаған. Менің әкемде байлық болмаған. Кеңес заманында да еңбегін сатып күн көрген «қара шаруа». Оның бағына Доссорда мұнай өндірісі ашылып, талай қиын-қыстау кезеңінде мұнайдың өлшеулі нанымен отбасын асырап келген. Кейін мен оқу бітірген соң ғана шаруамыз «көңірсіп», жуан ортаға іліктік. «Сонда сен әкеңнен эстафетаға не алып қалдың?» деген заңды сұрақ туарын біліп отырмын. «Ары таза адам» деген am алып қалдым. Соны кішірейтпей, кірлетпей балаларыма тапсырған сияқтымын. Қазір өзім де қарақшыға жақындап қалғаннан кейін, жан-жағымды бажайлап қарап алып, есеп беріп отырмын. Әкем өлерінің алдында тұнжырап ұзақ ойланып отыратын. Бір күні мені шақырып алып, мынадай әңгіме айтты. Әңгіме емес-ау аманат.

— О, бір заманда, Кеңес келместен бұрын Қызылқоғаның базарына апарып сиыр саттым. Алушы (Жүніс деген кісі. Қай ауылдан, қай рудан екенін сұрамаппын) ақшасын қайта-қайта санады да менің қолыма беріп жатып: «Есепті дос айрылмас деген, санап ал» деді. Мен: «Сен санадың ғой, санай бергенде ақша көбейіп кетер ме?!» деп қалтама салдым. Үйге келіп қарасам әлгі кісінің бір сомы артық кетіпті. Ол кезде бір қой үш сом тұрады. Апарып бере қоятын жақын жерде емес. Біздің ауыл Қызылқоғадан 20 шақырымдай жерде. Әрі ол кісі базарда тұр дейсің бе? Қазақтың үйреншікті жайбасарлығына басып, әй кейін бере жатармын да деп жүре бердім. Кейін де сәті түспеді. Содан бері елу жылдай уақыт өткен екен. Сұрастыра келіп Жүністің соғыстан қайтпағанын білдім. Одан қандай ұрпақ қалғанын білмеймін. Сен соны дұрыстап іздеп, тауып алып, әлгі ақшаны табыс ет. Әйтпесе әкең о дүниеге борыш арқалап өтер.

«Тағы қандай борышың бар» дедім мен шалды сөйлеткім келіп. «Құдайға шүкір содан басқа біреудің ақысын жеген, біреуге қиянат жасаған, не өтірік айтып, алдаған жерім жоқ сияқты» деп жауап берді әкем.

Бұл әңгімеден кейін әкемнен қалған «адам» деген аттың тазалығына ерекше мән беретін болдым. Борышын мешітке беріп құтылдық.

* * *

«Қасқырдың бөлтірігін қанша асырасаң да, орманға қарауын қоймайды» дегендей, сол мұнайшылардың балаларынан «кім боласың?» деп сұрай қалсаңыз, «мұнайшы боламыннан» басқа жауап ала алмас едіңіз. Өйткені көзін ашқаннан көргені — мұнай мұнаралары, еліктеп өскені — мұнай мамандары, күнделікті күнкөрісі мұнайға байланысты, сондықтан табынары да, арманы да — мұнай. Сонда кейбіреулердің ауыздарының суы құрып, соңына түсіп жүрген әдебиет қайда қалды дейсіз ғой. Әдебиет — өнер. «Өнерді үйрен де жирен» деген бар. Оны кәсіп қылу үшін талант керек. Егер талант болмаса қанша қыстасаң да алмас кездік қаптың түбін тесіп шығады. Мысалы, біздің ішімізден Зейнолла шықты. Әуелде ол мұнайшы болам деп, бізбен бірге Тау-кен институтына түскен. Бірақ тума талант онысына көнбеді. Жетелеп апарып Мұхтар Әуезовтің қолына тапсырды. Ұлы ұстаз балғын шәкірттің ішінде бұғып жатқан, өзі де білмейтін талант нышанын дөп басып таныды. Таныды да бұлтартпай қарауына алды. Онысының дұрыс екенін өмір көрсетті. Зейнолла ұстаз үмітін ақтады да. Оған Мұхаңның 100 жылдығында арнайы жарық көріп, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Менің Әуезовым» деген түбегейлі еңбегі кепіл. Ал біздер өзімізді әдебиет сүюші әуесқоймыз деп қана білдік. Сондықтан жаман жазушы болғанша, жақсы мұнайшы болғанды жөн көрдік

***

Несін айтасың, партияның қолынан келмейтіні жоқ еді ғой. Жақсы жүрген жерімнен суырып алды да, «өндіріс маманы бізге де керек» деп Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайлады да жіберді. Сөйтіп, 1959 жылдың күзінен бастап партия өміріне бойладым да кеттім. Байқасам, барлық қызықтың тұрған жері осы екен. Хрущевтің аласапыранының қақ ортасына man болдым. Елді жаппай жүгері егуге көшіргенде, тарыдан басқа егін егіп көрмеген Жем бойының қазақтарына зорлап жүріп жүгері ектірдік.

Қазақстанды бөлшектеп өлкелер ашқанда, Батыс өлкелік партия комитетінің өндіріс бөліміне басшылық етуге тура келді. Партия комитеттерін өндірістік, ауыл шаруашылық деп екіге бөлгенде Ақтөбе облысындағы өндіріс, транспорт мекемелерін біріктіріп, орталығын Қандағаш етin, «Аймақтық-өндірістік партия комитеті» құрылғанда соған хатшылыққа ауыстым. Ақыры Маңғыстаудан мұнай көздері ашылып, соны игеруге жолдама алып тындым…

Иә, Рахаңның Маңғыстауды игеруге қатыстым деуінде де үлкен мән бар. Жұртқа ұқсамайтын өзіндік өмірбаяны бар. Рахаңның әкесі Өтесін ақсақал да тумысынан мұнайшы еді. Жай ғана мұнайшы емес, өндірісті өрге сүйреген мұнайшы болды. Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Қазақ мұнайының бір ғасырлық тарихында Өтесін ақсақалдың да өз орны бар. Рахаңа: «сен де әке жолын қуып мұнайшы боласың» деді ме, демеді ме кім білсін. Әйтеуір Рахаңның бар зейіні «қара майға» ауды да тұрды. Бүгінгі күні осы дәстүр Өтесіновтер әулетінде жалғасын тапты. Рахаңның ұлдары — Әбдірхан, Кәдірхан, қыздары — Қазила, Қализа, күйеу балалары — Серік пен Танабай да кәнігі маман мұнайшылар. Балалық шақтары соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген Рахаңдар қабырғаларының қатаймай жатқанына қарамай, еңбекке араласты. Олар еркеліктің не екенін түсіне алмады. Атыраудың үш бірдей бозбаласы, бүгіндері дүйім елдің мақтанышына айналған өрімдей үш азаматы соғыс аяқталған жылы оқысақ, білім алсақ деген мақсатпен Алматыға аттанады. Бөлекбай Сағынғалиев, Зейнолла Қабдолов және Рахаң үшеуінің Атыраудан Алматыға дейін тартқан азаптары да таусылмайтын әңгіме. Ысылған, азды-көпті өмір көрген Рахаңдар бірден институтқа қабылданады. Содан бір күні Доссордағы атақты мұнайшылардың іс-тәжірибелеріне машық боп өскен Рахаңа Тау-кен институтының білім дәрежесі тарлық етеді де, досы Б.Сағынғалиев екеуі Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтына тартып кетеді. Рахаң оқу бітіріп туған өлкесі — Атырауға оралады. Мәскеу институтын бітірген Рахаңа қолқа салушылар да жетіп артылатын. Ал Рахаңды жаңадан ашылып жатқан Маңғыстау мұнайы зарыға күткен-ді. Алдымен цех бастығы, инженер, бас инженер, мұнай кәсіпшілігінің бас директоры секілді өмірлік баспалдақтардан сүрінбей өткен Рахаң 60-жылдардың басында партия қызметіне араласады. Жылы орын, жақсы жағдай, оңтайлы тіршілік бәрі-бәрі оны соншалық қызықтыра қоймайды. Іздегенге — сұраған, сол тұста Маңғыстау даңқы дүрілдеп көкке көтерілмесі бар ма. Өтесінов алғаш ашылған Өзен мұнай кәсіпшілігін басқаруға аттанады.

* * *

Рахаң ол әңгімені былайша өрбітер еді:

— Көз тоқтатар бірде-бір тал дарағы жоқ, күркесі жоқ, ұшқанда қара көрінбейтін меңіреу медиенде іс бастау оңай ма. Болашақ Өзен қаласының қазығын өз қолыммен қақтым. Алдымен жұмысшылар тұратын жер кепелер, барақтар тұрғызылды. Қызыл вагон менің әрі кеңсем, әрі ұйықтайтын бөлмем еді. Міне, осылай қыруар қиындықпен бетпе-бет келдік. Өзенге мұнайшылар ағылып келе бастады, сондықтан мәдени орындар салуды жеделдетуге тура келді. Бір жылдан соң мектеп үйін пайдалануға бердік. Құдай қосқан қосағым — Сақыш Қабдырахманқызы мұғалім еді. Ол Өзен қаласындағы бірінші мектептің бірінші директоры болды. Сөйтіп, Өзен қаласының өндіріс қадасын мен қақсам, Сақыш тұңғыш мектептің қадасын қақты. Ол он бес жыл бойы Жаңа Өзен қалалық оқу бөлімін басқарды. Көпжылдық ұстаздық еңбегі зая кетпеді — «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім» атағы берілді. Бүгінде кейбір әндерде «Алматым — менің жас шағым» деп шырқалып жүр ғой. Осы орайда менің де «Жаңа Өзен — менің жас шағым» десем ешбір әбестігі жоқ шығар.

Тағдыр, иә тағдыр. Жаңадан ашылған іргелі кәсіпшіліктің бар ауыртпалығын өз мойнымен көтерген Рахмет Өтесінұлы 1969 жылы қазан айының 28 жұлдызында мұнай министрлігінің шақыруы бойынша Ақтау қаласына асығыс бара жатып,орта жолда автомобиль апатына ұшырайды. Өзеннен, Ақтаудан, Атыраудан, Бакуден білікті дәрігерлер суыт келіп алғашқы көмектерін көрсетеді. Рахаңды ұшақ арқылы Алматыға жеткізеді. Бір өкініштісі, дәрігерлер қанша жасырып, дәмелендіргенмен Рахаң бір нәрсені анық сезеді. Бел омыртқа сынып, жұлын жаншылған, аяқтардан жан кеткен. Міне, осы күннен Рахаңның таңғажайып тағдыры басталады. Маңғыстауда жүргенде шұғыл қолға алған кандидаттық диссертациясын аурухана төсегінде жатып аяқтайды. Емтихан комиссиясын да ауруханаға шақыртады. Бірнешелеген ғылыми мақалалар жазады. Парафинді мұнайды тасымалдау және мұнай өндірісіне газды пайдалану — Рахаңның ғылыми еңбегінің өзегі де осы еді. Қарт мұнайшы арбаға таңылып жатса да шығармашылықпен айналысты, оншақты кітап шығарып үлгірді. Біз бұл жолы мұнайшы алған марапаттарды санамалап жатқымыз келмеді.

* * *

Рахаңның әңгімесінен:

Қазір Ресейде мұнайдың пайдасын көріп отырған негізінен шетелдіктер мен жергілікті олигархтар. Олар артық ақшасын қайда жіберерін білмей жүздеген миллион долларға Англияның футбол командасын сатып алып жатыр. Ақша мұнайдікі, мұнай — халықтікі. Осы ақиқатты ресейліктер толық түсіне бастаған секілді. Ресейде өткен Парламент сайлауының қорытындысы осындай ойға жетелегендей. Ресей ғалымдары бұл мәселені үнемі жоғары деңгейде көтеріп келеді. Нобель сыйлығының лауреаты академик Жорес Алферов бұл жөніндегі өз пікірін әлдеқашан айтқан. Мен неге мысалды Ресейден алып отырмын? Өйткені олардың академиктері қолға нақты деректер ұстатып отыр. Ал біздің академиктер билік не айтса соған «ләппай тақсыр» деп бас шұлғумен отыр. Ал біздің депутаттардың да көпшілігінің жағдайы осындай.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні — өз жерімізде шығып жатқан ен байлыққа өзіміз ие болайық. Сонда өсіп келе жатқан жастарымызға жұмыс болады. Және моральдық тұрғыдан шетелдіктердің құлдығынан құтқарып, жат жұрттықтардың қолына қарап жәутеңдетпей, егемен елдің еркін азаматы болып өсуіне жол ашамыз. Ал маған «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кәсіпорындарды біріктіріп, етек-жеңдерін жинап, өткенге салауат айтып, ендігі шаруамызға өзіміз ие болайық дегендей мұнай барлау, мұнай көздерін ашу жұмыстары өз қолдарына алған тіршіліктері ұнайды…

Рахмет ағаның таңғажайып тағдырын бір мақаланың ішіне қайтып сыйғызарсың. Оның үстіне ер күтудің, жар күтудің қазақта рабайда бір кездесетін керемет үлгісін көрсетіп, Рахаңды отыз бес жылдан бері алақанға салып келе жатқан Сақыш апайдың ерлігіне не айтарсыз! Еш нәрсе айта алмайсыз! Тамсанасыз да қоясыз.

«Нұр-Астана»,

8 шілде 2004 ж. Астана.

 

* * *

 

Жұмабай Құлиев

Тағдыр тауқыметін талқандаған тұлға

 

Еліміздің қарт мұнайшысы, жазушы

һәм ақын Рахмет Өтесінұлы хақында

…Мен жігітпін, айқасқа сынға асықпын,

Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.

Жанар таудай жойқынмын жұлқынғанда,

Шарықтасам қыран боп шыңға шықтым…

Жұбан Молдағалиев

Мына жалғанда адам рухының қайсарлығына тең келер ештеңе жоқ шығар! Алла тағаланың кемел туындысы адам жаны керемет құбылыстардың қамбасы сияқты. Бірақ жаратқан ием, махаббат, сұлулық, ерлік атаулыны кез-келген пендесіне шүпілдетіп төге салмағаны және ақиқат. Онда да көл дария көкеміз осы қасиетті сезімдерді өмір үшін күресе білетін, қабырғасын сөксе де «қыңқ» етпейтін сырбаз құлдарына шым-шымдап дарытатын тәрізді. Біз бүгін сөз етейін деп отырған қаһарманымыз — Рахмет Өтесінұлы де осындай тұлғалардың санатынан еді. Ол осыдан аттай 74 жыл бұрын, төңкеріс пен ашаршылық жылдарының арасында аласапыран уақытта қар борандатқан қаңтарда Қарабауда 1927 жылы дүниеге келген болатын. Осы жылдары дүниеге келген толқынның ел қамы, халық тағдырына қатысты тындырғандары алабөтен. Бұл ұрпақ тарихи жауапкершілікті терең сезіне жүріп, еңбектің құмырсқа бейнеті мен ғылым, өнердің барлық саласында жан-тәнімен құлаш сермеді. Кешегі Кеңес Одағы кезіндегі қыруар материалдық игіліктер осы майталмандардың қолдарымен жасалды.

«Атағы бар, даңқы бар өңірге аян,

Ойлануда бүгінде небір ноян.

Өзгертуге болады өзіңді де,

Өзгертуге келмейді өмірбаян», —

деп марқұм Жарасқан Әбдірашев жырлағандай, шынында да туған жердің бетінде жүрек кардиограммасы сияқты айқыш-ұйқыш жолдарың сайрап жатқанда, сені бесіктен шыққаннан бері білетін замандас, тұстастарың тұрғанда өмірбаяныңды өзгертуге бола ма? Қазір кейбіреулер өздерінің өмірбаяндарын, тіршілік соқпақтарын тақтайдай түзу қылып, су бетінде сырғанаған масадай, анкеталарын әрлеп көрсету сәнге айналып барады. Бірақ өмірі маңдайы тершіп көрмеген, қолтығы сөгіліп еңбек етпеген, өз кәсібінің рахаты мен мехнатына мелдектей шомылмаған адамның әлгіндей қолдан жасалған өмірбаяны бейне бір өлген тұлыпты сабан толтырып тұрғызғандай әсер етеді. Бұл бір жағынан көзін еңбекпен тырнап ашқан, еліміздің мұнай саласын ұшпаққа шығарамын деп арпалысып жүргенде өзінің ең бағалы байлығы денсаулығын да құрбан етіп, 32 жыл арбашаға таңылып қалған еңбек майданының қара нары, қаһарман замандасымыз — Рахмет Өтесінұлы сияқты азаматтардың жүрегіне ауыр тиеді.

Рахаңның өмірбаянын Қазақстанның мұнай тарихынан, оның асқаралы асуларынан бөліп қарау әсте мүмкін емес, қарт мұнайшының бүткіл саналы өмірі киіз үйдің бау-шуындай осы саланың буырқанған тіршілігіне мидай араласып кеткен.

Иә, осы нұрлы жол, соны соқпақ әуелде қалай басталып еді, енді соған келейік.

Рахметтің әкесі Өтесін де өндірілгеніне бір ғасыр болған қазақ мұнайының құрдасы, қарт мұнайшы еді. Әке кәсібін енді ұлы жалғастырмақ болды. Соғыстың ауыр жылдарында қабырғасы қатпаған жасөспірім Рахмет мектепте оқи жүріп, мұнай кәсіпшіліктерінде еңбек етті. Сұрапыл соғыс аяқталған соң, 1945 жылы бүгінде Атыраудан көтеріліп ұшқан ақиық азаматтар — Б.Сағынғалиев, З.Қабдолов және Рахмет үшеуі Алматыға оқуға келіп, Тау-кен институтына қабылданады. Бала кезінен басты мақсаты — мұнай саласының қыр-сырын үйрену болған, Өтесінұлы Тау-кен институты тарлық етіп, құрдасы Сағынғалиевпен қол ұстасып, Мәскеудің Губкин атындағы Мұнай институтына тартып кетеді. Ал бұлармен Атыраудан бірге шыққан З.Қабдолов мүлде басқа салаға — әдебиет жазирасына бет алады. Әркімге әртүрлі зерде, икем берген шебер тағдырдың қиыстыруын қарасаңшы! Көз алдыңнан зырқырап өткен жүк пойызының вагондарындай жылдар шіркін жөңкіліп жатты. Ақыры әке аманатына қылау түсірмеген Рахмет Мәскеуден мұнай саласының ұңғыл-шұңғылын терең зерделеген кәсіби маман болып оралды. Рахметтің студенттік жылдарын оның рухани досы, сырласы, көрнекті мемлекет қайраткері, бүгінде дербес зейнеткер Саламат Мұқашев былай деп есе алады:

— Менің Рахметпен ілкі кездескеніме жарты ғасырдан астам уақыт болыпты. Содан бері қарым-қатынасымыз үзілген емес, бір аймақта тіршілік етіп, жұбымызды жазбай жүрдік. Қуаныш-шаттыққа да, қайғы-қасіретімізге де бірге ортақтасқан, тілектес, сырлас жандармыз. Алдымен 1949 жылы Доссор мұнай кәсіпшілігінде комсомол комитетінің ұйымдастырушысы ретінде қабылданып, әңгімелескенім есіме түседі. Ол кезде Рахмет Мұнай институтының студенті болатын, каникулға шыққан кезі еді. Адамды алалауды білмейтін, ақжарқын Рахмет маған бірден: «Бос мезгілім болғандықтан ұжымның қоғамдық өміріне араласқым келеді. Жастар арасында атқаратын істер аз болмас, мені толық пайдалануыңа болады», — деді. Уәдесіне берік екен, сол аз мерзімнің ішінде Рахмет біздерге біраз пайдасын тигізді. Жас жұмысшылар алдында мұнайдың табиғатты, жер астында қалай түзілетіні туралы, мемлекетіміздің сыртқы және ішкі саясаты жайында, Мәскеу тұрғындарының күнделікті жағдайы жөнінен дәріс оқыды, әңгімелер өткізді, жұмысшылар жатақханасына барып ойын-сауық ұйымдастырды. Орта білімді мұнайшыларды оқуға шақырды, бірнеше жастарды өзі орталыққа ертіп кетті.

Қандай ғажап құбылыс! Кешегі Атыраудай табиғаты қатал самиян далада, кәсіби мамандар тапшы кезінде, бір толқынды бір толқын осылай жетектеп, ұлы ағысқа іліктіріп отырған екен-ау! Қытымыр, өлкенің қазына, қамбасы осылай игерілген екен-ау!

Ризалық сезімнен жүрегіңнің басына рисалат нұры тамшылайды. Біреуді біреу қосарына алып, бағыт-бағдар беріп, білім жазирасына икемдеу сияқты өміршең үрдістің бүгінде үзіліп қалғаны өкінішті.

Осы орайда, қазір мұнай саласының бел ортасында жүргендердің бір парасы Рахмет Өтесінұлының шеберханасынан дәріс алғандар, оған қарыздар десек асылық болмас.

Иә, тағы да өмірбаян сарабына түсейік. Мұнай институтын бітіріп келгеннен кейін, Рахмет Өтесінұлы алдымен цех бастығы, инженер, бас инженер, мұнай кәсіпшілігінің директоры сияқты қызметтерге өз білігі арқасында сатылап өрлей берді. 1959 жылы оны Жылой аудандық (Атырау облысы) аупарткомының бірінші хатшылығына сайлады. Содан бірте-бірте обкомға, өлкелік партия комитетіне жоғарылай берді. Былай қарағанда екінің бірі риза боларлық жағдай ғой: жұмсақ орындық, атшаптырым кабинет, қызмет көлігі…

Бірақ осы қызметтердің барлығында да Рахмет бір бүйірі бос қалғандай, аңызақ жел аңқыған еңбек баласын өгейлеп, шикі мұнайдың жер астынан ышқына атылғандығы айналаға тарайтын ғажап иісін сағынумен жүрді. Әсіресе, бұрғы кен қабатына дөп түсіп, мұнай бұрқағы көкке самғағандағы еңбек адамының, соны іске асырған жандардың қуанышын ешнәрсемен шендестіруге болмас! Бейне бір шөлден қаталап тұрған қыруар елге табан астында су тауып бергендей шаттанасың…

Иә мұндай бақытты сәттерді тек еңбек рахатын бастан кешіргендер ғана біледі.

Ақыры лауазымды қызметтерін тәрк етіп, Рахмет Өтесінұлы ботасын сағынған Аруанадай, өзі жан-тәнімен сүйген мұнай саласынан бір-ақ шықты. Алғаш ашылған Өзен мұнай кәсіпшілігін басқаруға аттанды.

Сол бір жастық жігерге толы қимас күндерін Рахаң бүгінде былайша толғайды: «Көз тоқтатар бірде-бір тал дарағы жоқ, күркесі жоқ, ұшқанда қара көрінбейтін меңіреу медиенде іс бастау оңай ма. Болашақ Өзен қаласының қазығын өз қолыммен қақтым. Алдымен жұмысшылар тұратын жер кепелер, барақтар тұрғызылды. Қызыл вагон менің әрі кеңсем, әрі ұйықтайтын бөлмем еді. Міне, осылай қыруар қиындықпен бетпе-бет келдік. Өзенге мұнайшылар ағылып келе бастады, сондықтан мәдени орындар салуды жеделдетуге тура келді. Бір жылдан соң мектеп үйін пайдалануға бердік. Құдай қосқан қосағым — Сақыш Қабдырахманқызы мұғалім еді. Ол Өзен қаласындағы бірінші мектептің бірінші директоры болды. Сөйтіп, Өзен қаласының өндіріс қадасын мен қақсам, Сақыш тұңғыш мектептің қадасын қақты. Ол он бес жыл бойы Жаңа Өзен қалалық оқу бөлімін басқарды. Көпжылдық ұстаздық еңбегі зая кетпеді — «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім» атағы берілді. Бүгінде кейбір әндерде «Алматым — менің жас шағым» деп шырқалып жүр ғой. Осы орайда менің де «Жаңа Өзен — менің жас шағым» десем ешбір әбестігі жоқ шығар…».

Шынында да тақырға тұрғызылған тұңғыш қаланың өзі — кіндік әкесі, жұбайы — кіндік шешесі атану аз бақыт па? Сол кездегі адам айтса нанғысыз қиыншылықтарды жеңіп, алуан-алуан істерді қысқа мерзімде бітіріп, түбекті түлету жолында жойдасыз еңбек сіңірген қаһармандарға қазіргі азаматтар, болашақ ұрпақтар борышты екені әмбеге аян.

Алыпты алғаш игергендердің алдыңғы санында Рахмет Өтесіновтің тұруы — осы жанқиярлық еңбектің өтеуі болар ма?

Затында пайғамбар, періштелердің соқпағы кедір-бұдырсыз, жыра-жықпылсыз болғанымен, адам баласының тіршілік жолдары тақтайдай тегіс әрі түзу емес. Өмір де бір жүрдек керуен. Ол өтe тез жүреді, алды-артыңды бағдарлап, өткен-кеткеніңе есеп беріп, келесі нысанаңды белгілегеніңше әлгі керуеннің қыр асып кеткенін бір-ақ байқайсың. Осы ұлан-ғайыр сапардың әр жер, әр қалтарысында жазатайым майып болып немесе күні бітіп, несібесі таусылғандар қала береді. Бірақ кімнің қашан, қай жерде қалары — бір құдайдан басқаға құпия.

Арқасына атан көтере алмайтын ел жүгін арқалап, аттай шауып жүрген Рахмет Өтесінұлы 1969 жылы қазан айының 28 жұлдызында мұнай министрлігінің шақыруы бойынша маңызды мәжіліске қатынасу үшін Ақтау қаласына бара жатқанда орта жолда «Волга» автокөлігі аударылып, апатқа ұшырайды. Жолшыбай кездескен жолаушылар қираған машинадан оны асқан ептілікпен әзер шығарып алады. Жедел түрде таяу маңдағы емханаға апарады. Өзеннен, Ақтаудан, Атыраудан, Бакуден дәрігерлер келіп жедел көмек көрсетеді. Бесінші күні АН-24 ұшағымен Алматыға жеткізіледі.

Сөйтіп ажалмен арпалысқан екі айда жаншылған кеуде, сынған төрт қабырға шорланып бітіп, жаны жай тапқандай болды. Бірақ, өкінішке орай, жарақаттардың ең ауыры қаһарынан қайтпайды, қауіпті қалпын өзгертпейді. Бел омыртқа сынып, жұлын жаншылған, аяқтардың жаны кеткен. Оны дәрігерлер жасырады, дәмелендіреді. Әйтсе де, табиғатынан сезімтал Рахмет енді екі аяқтың мал болмайтынын түсінеді, аз күнде өмірін басқа бағытқа бұрған оқыс әрекетке қарсы іштей дауа іздеп арпалысады. Күні кеше ат үстінде жүрген арқыраған азаматқа қас пен көздің арасында арбашаға таңылып қалу оңай ма? Міне, осы күннен бастап Рахмет Өтесінұлының екінші тынысы ашылған сияқты. Жалғанда дарынды адамға дауа бар ма?

Ол енді Маңғыстауда жүргенде бастаған кандидаттық диссертациясын ауруханада аяқтамақ болады. Өзі қиналып жатса да, ауруханаға кандидаттық минимумнан емтихан алатын комиссия шақыртады. Орталық журналдарға ғылыми мақалалар жазады. Парафинді мұнайды жинау, тасымалдау және мұнай өнімін өсіруге газды пайдалану жөнінде кітапшалар жазып шығарады.

Төсекке таңылып жатқан адамның осыншама еңбектер тудырғанына алғашында күмәнданушылар да болды. Өз көздерімен көргеннен кейін таңданыстарын жасыра алмады.

Рахаңның үлгілі өмірі, жемісті еңбегі, ерен ерлігі жөнінде, адамгершілік қасиеттері туралы газеттерде, журналдарда, кітаптарда әлденеше рет жазылған. Теледидарда көрсетіліп, радиодан айтылып жүр, ел аузында аңыздар да аз емес. Олардың барлығын Оу бұл жерде қайталап жатуды артық көрдік.

Тек қана аттары әлемге, елімізге әйгілі өнер иелерінің Рахмет Өтесінұлы туралы жылы лебіздерін айтпай кету күнә шығар.

К.Симонов: «Осы адамның тағдырынан, табандылығынан адам баласының қаншалықты құнды екендігін сеземіз. Олардың жан сұлулығы мен асқақ рухын көреміз».

О.Сүлейменов: «Жетпіс жылдық мүшел тойыңыз құтты болсын! Мұнайшы және жазушы кәсібінде әріптес аға ретінде қатты құшамын! Келесі мүшел тойыңызға қалай да қатысуға асығатын болармын! Ал әзірге Сіз үшін Италияда бокал көтеремін» (Рим, қаңтар, 1997 жыл).

Р.Рождественский: «Шынында да, адамның қасірет-қайғыны жеңе отырып, күресті тоқтатпайтыны тамаша емес пе!».

Ә.Кекілбаев: «Табиғаттың айрықша ықыласына ие боп, анадан аса талантты, кемел ақылды, қажымас жігерлі жаратылған сіз өмірбақи іс басындасыз, еңбек сапындасыз».

Ө.Бәйгелді: «Текті тұлпар қашанда жүйріктілігінен зардап шегеді. Тағдырдың жазатайым салған соққысы Сіздің өндіріске алаңдаған еңбекқор жаныңызды, Сіздің биік рухыңызды жасыта алған жоқ»… Міне, осылай өнер тарландарының лебіздері жалғаса береді.

Қарт мұнайшы, жазушы әрі ақын Рахмет Өтесінұлы 32 жылдан бері арбашаға таңылумен ғұмыр кешіп келеді. Бұл дегеніңіз қайталанбас өмірдің 11680 күні мен түні, 280320 сағаты ғой… Қарымды қаламгер осы жылдар ішінде «Ақиқатқа айналған арман» (1974 ж.), «Айтылмаған ән» (роман, 1978 ж.), «Алыптың ашылуы» (хикая, 1982 ж.), «Алыстағы алау» (хикая, 1983 ж.), «Кең Жылой» (1989 ж.), «Маңғыстаудың мың жолы» (1987 ж.), «Мұнарлы күндер» (1997 ж.), «Су түбінде жатқан тас» (өлеңдер жинағы, 2001 ж.) сияқты онға тарта кітаптар сыйлады. Жанымен арпалысып жатып осындай дүниелер туғызу бір адамға аз, көп пе оны өзіңіз бағамдай беріңіз. Кейде санаңда мынандай сұғанақ сауалдар тұрып алады: Егер Рақаң жазатайым осындай бейнетке ұрынбаса осынша кітап жарыққа шығар ма еді, шықпас па еді? Қалай дегенмен де тап басып айту қиын.

Рахмет Өтесінұлының әр жылдарда шыққан кітаптарына кезінде баспасөзде лайықты бағасы берілген.

Біздің назарымызды аударғаны биыл «Өлке» баспасынан жарыққа шыққан «Су түбінде жатқан тас» өлеңдер жинағы. Бұл жинақтың беташарында ақын былай деп тебіренеді:

Ойлағаным адалдық пен келісім,

Орыс, қазақ бәрі бауыр мен үшін.

Құмырысқадай жем жинаған ініне,

Тыным таппай еңбек еттім ел үшін.

Тірі жанға сәттерім жоқ еш жерде,

Обал жасап, зәбір берген бекерге.

Арым таза, аулақ жүрдім күнәдан,

Қиналмаймын бұл фәниден өтерде.

Тек қана пейілі ашудастай ақ, адал сүт емген адам ғана осылай айтар болар.

Кең Жылыой, келмеді деп өкпелеме,

Дені сау перзенттерің көп келе ме?

Тағдыр мені аяқтан кісендеді

Айналып соғар едім көктемеде.

Не жетсін еске алатын дос барына,

Солармен әр жерде бас қосқаныңа.

Бұл жырым дұғам болсын шәкірттерге,

Сәлемім тірі жүрген достарыма.

Өзінің табанының ізі қалған кең Жылойды арқалы ақын көкірек көзімен шарлап, оған алыстан сәлем жолдайды.

Әкесінің сүйегі жатқан, өзінің жастық шағы өткен Жаңа өзен туралы ақын былайша ой кестелейді.

Байқасаңыз, гәптің бәрі мұнайда,

Содан шығар ығай менен сығай да.

Біз Өзенмен біте қайнап, бірге өстік,

Айыра алмас адам түгіл, Құдай да.

Бәлкім тартса топырағы жырақтың,

Дүние жалған өте шығар бір-ақ күн.

«Жаңаөзендік Өтесінов» деген боп,

Тәнім жатар бір шетінде қыраттың.

Рахмет Өтесінұлын Атырау, Маңғыстау елі 1997 жылы, 70 жасқа толған торқалы тойында арнайы шақырып, көз көрген замандастарымен қауыштырып, ардагер аға осы сапардан хан-базардан оралғандай ерекше әсерленіп қайтты.

Арман еді көрсем деген бір келіп,

Көтеріп aп алып келді бір желік.

Қимасыңмен қандай қиын қоштасу,

«Қош бол» деуге тілім де тұр күрмеліп.

             Елей ме деп еңбегімнің зейнетін,

Елім үшін тырбанамын кейде тым.

Еске аларсың бар еді деп бір бейбақ,

Белден кешкен бұл дүниенің бейнетін.

Ақын туған жер ілтипатына орай қарымта ретінде осы бір махаббатқа, сағынышқа толы жолдарды қағазға түсіріпті. Рақаң «Су түбінде жатқан тас» өлеңдер жинағын өзін өбектеп күткен қосағы, балаларының анасы Сақыш Қабдырахманқызына арнапты.

Бұл да бір ежелгі қиссадағы Сақыпжамал сияқты әйел-ананың эталонындай болған аяулы жан. Міне 32 жыл арбашаға таңылып, ондаған кітаптарды дүниеге әкелген қаһарман замандасымыз Рахмет Өтесінұлы биыл 74 жасқа толды. «Палуанға оң мен солы бірдей» дегендей, ол кезінде еңбек, бейнет, қиындық десе, әсіресе, мұнай десе жанып түсетін жалаңтөстердің бірі еді.

Біз бүгінде мұнай деп ұлардай шулап жатырмыз. Ал осы «қара алтынның» жүз жылдық тарихының тасасында қаншама зілмауыр еңбек, қаншама тағдырлар, қаншама бейнеткеш жандар тұрғанын ойладық па?

Американы он жыл басқарып, осы алып елді инфляцияның ұйығынан қара нардай бір өзі сүйреп алып шыққан әйгілі Рузвельттен біреулер: «Сізді құдай не үшін жазалады» деп сұраса керек. Сонда екі аяғы жоқ қайсар Президент «Құдай күнәһарларды жазалайды, ал маған бұл бейнетті сынау үшін жіберген», — деп әлгінің жағын қарыстырған екен.

Рузвельт осы сөзін дүниенің бір шетіндегі өзімен тағдырлас Рахмет Өтесінұлына да арнап айтқандай. Ардагер ағаның тағылымы мол хикаяттары, ақиық жырлары қым-қуыт тіршіліктің балшырын сәттерімен қоса дәмі удай бейнеті де бар екенін ұмытшақ адамдар санасына қайта-қайта салып, мезгіл қоңырауын қағып тұрғандай.

«Қазақстан мұнайы», желтоқсан,

2001 ж.