ЖАЛҒАСҚАН ЖОЛ

«Уа, Құрманғазы баба! «Көбік шашқан» күйіңнің қалай туғанын енді ғана түсіндім. Каспийдің долы толқынынан сол күйіңнің өршіл сарынын естігендей болдым, сенің өр тұлғаң теңіз төрінен көзіме шалынды. Сен тірісің! Сенің күйшілік құдіретіңе күш берген, шабытыңды шалқытқан кәрі Каспий тұрғанда саған өлмек жоқ. Сен мәңгіліксің!».

Каспийдің жағасында, теңізден ескен самал желге кеудесін тосып, қоңырқай көздерін сонау алыс беткейге, теңіз өріне тігіп тұрған сұңғақ бойлы, бидай өңді жігітке келген ойлар осы болды. Бұдан тұп-тура бір ғасыр бұрын осы жағаға келіп, Атыраудың тасығанын өз көзімен көріп, теңіздің дүлей күшінен шошынған Құрманғазы қасына ерген Қашаған жырауға:

— Жырла, жырла мына тасыған теңізді, бұлқынған күшті, жұлқынған толқынды! Каспийдің тасығаны — ғаламат күштің оянғаны, — деген екен.

Қашаған жыраудың «Көбік шашқан» дастаны, Құрманғазының осы аттас күйі осылай туса керек.

Мына тұрған жігіт кейін өзі де осы тебіренген Каспийді, мүлгіген Маңғыстауды, құйыны үйірілген Үстіртті жырға қосып, бұл өңірдің қайта құлпырған ғажап өмірін ән ғып айтатынын өзі де сезген жоқ еді.

Рахмет Өтесінов еді бұл. Ол Ембі өзенінің көкорай шалғын жағасында, ата кәсібі мұнайшылық болған Жайлыбай қарттың жыртық лашығында дүниеге келді.

Үстірт елінде ботасы өлген інгенге жоқтау айтатын тамаша дәстүр бар. Сондайда бар дүниеден күдерін үзіп, не шөп жемей, не су ішпей, өлімге мойын ұсынып жатқан аруана зарлы сарынды естігенде көздерінен жас парлап, жатқан орнынан тұрып кетеді екен. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп, тіршілік қамына қайтадан кіріседі екен. Анда-санда ботасын жоқтап боздаған кезде, бар дала інгенге қосылып зар айтқандай болады екен. Бұл ән жоқтау болғанымен, өмірді жырлаған құдіретті ән-тін.

Рахмет, міне, осындай елде өсті. Оның бойына шын азаматқа тән қасиетті, елгезектік, мейірбандық мінезді сол әндер дарытты. Еліне, жеріне деген іңкәрлік, мөлдір махаббат бар еді онда. Белгісіз бір сағыныш құшағына сүңгіген жігіттің лүпілдеген жүрегінің тынымсыз дірілі бар еді онда. Алыстағы адырдан әрең талып жеткендей болған сарыны сазды, әуені назды сол бір әндер оның жүрегін атша тулатты, арманын әлдеқайда асқақтатып әкетті. Сондықтан болар, ол өзінің тұңғыш кітабын «Айтылмаған ән» деп атады.

Бірақ мұның бәрі кейін болады, Рахмет кітабын кейін жазады. Сондықтан біз әуелі, сонау елуінші жылдары Рахметтің Москвадағы академик Губкин атындағы мұнай институтына түскен шағына тоқталайық. Рахмет көзінен екі ел тысқары қылмаған әкесі, осы Ембі-Доссордың байырғы мұнайшысы Жайлыбай қарт сол күні оңаша шығарып алып, әкелі-балалы екеуі отырып ашық сырласқан еді.

¾ Ұлым, Рахметім, — деді сонда әкесі. Адам баласына жалғыз-ақ өмір берілетіні секілді, оның тек бір ғана асқар таудай ұлы арманы болғаны керек. Ол арман саған қанат бітіреді, дүр сілкіндіреді, сені қияға жетелеп, таудан да асырады, мұхиттан да алып өтеді.

¾ Ұқтым! — деді Рахмет.

¾ Біз кейде тұрмыстың құлымыз. Ол нашарласа — өшкенің, ол жақсарса— өскенің. Оны өсіре білу де өнер. Жақсы жағдайды көре білу де, жаман жағдайға көне білу де үлкен қасиет. Сенің бойыңнан сол қасиетті көргім келеді, ұлым. Сенің басыңа бақыт құсы қонғанын көргім келеді, құлыным! — деді әкесі.

¾ Ұқтым! — деді Рахмет.

«Уа, адамдар, біле білсеңдер, ол құсты шырқау биікке алып ұшатын қанат бар, ол құсты көксеген жеріне жеткізетін талап бар. Ол құстың көкірегіндегі арманы аспаннан құйылатын әсем ән боп төгіледі. Ол құстың жүрегіндегі сыры айлы түні алыстағы жұлдыз боп жарқырайды. Сол әннің айтылмай жатып таусылғаны қиын, жұлдыздың мезгілі жетпей сөнгені жаман! Әсем гүлдің ажары тым ерте солса, сол қиын, көрікті елдің базары тым ерте тарқаса, сол қиын.

Заманыңның дауылы тұр алдыңда! Тағдырыңның жауыны тұр алдыңда! Өмір қойған көп сұраққа өзің іздегейсің жауапты. Өмір тосқан шиырдың өзің шешесің қиынын. Себебі, сенің алдыңда кейде сүрінетін, кейде мүдіретін, кейде тұйыққа тірейтін, кейде биікке сүйрейтін небір неғайбыл жол жатыр».

Әкесі айтқан сөз Рахметтің есінде мәңгілік қалды. «Құдай бермегенді мұнай береді» деп, жер астынан кейде жылап, кейде тулап аққан мұнайға табынған қарапайым жұмысшы семьясында өскен ол заманының дауылына да, тағдырының жауынына да дайын боп қалыптасты.

Жаратылысынан шалт қимылды, неге де болса бел шешіп, белсене кірісетін Рахмет Маңғыстауға келіп, «қаланы осы жерге саламыз» деп тұңғыш қада қағып, алғашқы күркені тұрғызғанда отыз алты жаста еді. Оның қасында он шақты бұрғышы, бір прораб, жалғыз аспазшы бар-тын. Ауыз шаяр суы, ит жатар көлеңкесі жоқ, баябан шөлге ұқсас, борпылдақ құмды осынау жалпақ даланы осы келген бір топ адам оятты. Даланы дүбірлеткен олардың үндерінен қарсақ қашып, қанды тырнақ көкжал қасқырлар да үркіп кетті. Көз мүдірер бұдыры жоқ құла дүз, жапалақ ұшпас жапан далаға қала орнады. Бұл жерді ежелден мекендеген некен-саяқ қазақтар өздерінің түпкі армандарын сырттарына шығарып, мына шөлді өңірді «Өзен» деп атапты. Мұнай қорының молдығы жөнінен даңқы бүкіл елге мәшһүр болған осы қала «Жаңа Өзен» деп аталды.

«Жаңа Өзен» осы. Баяғы заманда аспанында жұлдыздар ғана мұңая мүлгіген бұл қалада самаладай жарқырап электр жарығы жанды, асфальт көшелер салынды, биік әсем үйлер тұрғызылды, жауын-шашынды жылдары ғана жусаны көгеретін, тұщы суы да жоқ cap далада жасыл желекті бақ жайқалды. Бұл қалаға еліміздің түкпір-түкпірінен ауыр жұмысты мехнат емес, рақат деп білген жастар ағылды. Жаңа Өзен — жастар қаласына айналды, құрыш білек еңбек дүбірі осында асқақтады, махаббат әні осында айтылды.

Жаңа қала Жаңа Өзенде тұңғыш ұйымдастырылған мұнай кәсіпшілігінің тұңғыш бастығы Рахмет Өтесінов болды. Бұл мұнай парафин секілді аралас қою заты бар оны жер үстіне шығару ауыр еңбекті ғана емес, алғыр инженерлік ойды, дүлей табиғатпен тайталаса білетін тапқырлықты талап етті. Мұнай өндірісінің жуан ортасында жүрген Рахметке бар іске басшы, мықты ұйымдастырушы ғана емес, мұнайды көл-көсір етудің тиімді тәсілін іздеуші жаңашыл инженер болуға тура келді. Творчестволық ізденістің азапты да, рақатты жолына ол осылайша инженерлік еңбек арқылы түсті. Өндірістік творчество мен қаламгерлік творчество әрдайым қатар оянатынын, бұл екеуі үнемі сапарлас екенін, — бұл ежелден белгілі қағида болғанымен Рахмет оны өз өмірі, өз тәжірибесі, өзі кешкен мехнаты, түн өрінде мазалаған ауыр ойлар, сарыла атқызған таңдары, түңілдірген қасіреті, ал кейде қанаттандырған қуанышы арқылы сезінді.

Сонымен, Маңғыстау түбегіндегі жаңадан ашылған алып мұнай кәсіпшілігінің тұңғыш басшысы инженер Рахмет Өтесінов облыс орталығы — Шевченко қаласында өткізілетін Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференцияға «Волга» машинасымен заулатып келе жатты. Конференцияға Татарстан, Азербайжан, Башқұртстан, РСФСР-дан, Москва, Ленинградтан мұнай өндірісімен шұғылданатын ғалымдар келеді, шетелдерден де қонақтар қатысады. Міне, осы конференцияда өзі ашқан жаңа тәсілі жайлы ғылыми баяндама жасамақ ол. Бұл баяндамасын ғалымдар құптаса, Рахметтің болашағы айқын аңғарылып, абыройы аспанға көтерілмек. Ең бастысы өзі таза, әрі арзан мұнай алудың, сөйтіп ел байлығын молайтудың тиімді де өнімді көзі ашылмақ.

Арман осындайда асқақтамағанда, қайда асқақтайды? Тәтті қиял осындайда астыңа мінген «Волгадан» да қатты зауламағанда, қашан заулайды? Алдында биік меже, үлкен еңбек, ал ең негізгісі, өз өміріндегі басты арманы орындалғалы тұрғанда, жігіт жүрегі неге атша туламасын? Неге өрге шапшымасын? Қуанышы неге лапылдамасын?

Бірақ… Бірақ… Әттең, осы «бірақ» деген сөз!

Рахмет күтпеген қайғыға кездейсоқ жолықты. Асфальт жолмен атқан оқтай зулап келе жатқан машина кенет оқыс бұрылды да, жол шетіне қарай қисайып, екі-үш рет аунап түсті. Сол-ақ екен, Рахметке аспан аударылып түскендей, жер-көк төңкеріліп кеткендей болды. Әлгінде ғана қиял құшағында келе жатқан жігіт, еліне де, жеріне де берері мол есіл ер, кірпігі әрең қимылдап, арындаған ажалмен ақтық күшін салып, арпалысып жатты. Көздері түк көрмейді, ал құлағында — бір ызың, бір сарын…

Тепсе темір үзетіндей, арқыраған асауды арқансыз-ақ ауыздықтап алатындай Рахмет осылайша бір сәтте мүгедек болып қалды. Төбесіне қара бұлт үйірілді, қасірет туманы бір күнде қаумалап алды. Кешегі сайрап жатқан  даңғыл жолы тұйыққа тірелгендей болған ол, не дегенмен теңіз ұлы емес пе, тұңғиықтан малтып шығудың жолын іздеді, үміттене іздеді… Қалай, қалай табады оны? Табыла ма ол?…

«Дүниеде қарадан ақ басым, жаманнан жақсы көп» дегендей, Рахмет дағдарған сол күндері оған жоқтау емес, жанына демеу болар сөз айтып, адамдар келді. Оның кеудесінде сөнуге айналған үміт сәулесін «Правда» газетінің сол кездегі тілшісі Ыбыраев Бөгенбай қайта тұтатты. Өзгенің қайғысын өз қайғысындай көрген оның «Тағдырмен тайталас» деген очеркін оқыған, жапан далада жалғыз қалса да, тағдыр талқысына тайсалмастан жалғыз шапқан есіл ердің өмірімен сол очерк арқылы танысқан режиссер Марина Голдовская мен журналист Ғадылбек Шалахметов ол туралы «Сынақ» деген телефильм түсірді. Бұл фильм тоғышарлыққа қарсы күрестің жалауын көтерді, әділет ұранын аспандата айтты. Өмір дабылын қаққан бұл фильм бүкіл Одақты аралап, одан соң Лейпцигтегі дүниежүзілік көрмеде көрсетіліп, оның алтын медалін алды, фильмнің авторларына Ленин комсомолының Бүкілодақтық сыйлығы берілді. Ал, ең бастысы, Рахметке төнген қара бұлт ыдырап, тұман серпілді, күн қайта шықты.

Miнe, осы тұста Рахметке оның бала кезінен досы, мектептес құрбысы, жазушы-ғалым Зейнолла Қабдолов келіп:

¾ Уа, таубұзар! — деді, ескі досты емірене құшақтап. — «Алтын кездік қап түбінде жатпас» деген. Қанатың қайырылмапты, қайта қатайыпты ол. Өмірдің ащы-тұщысын сенен көп татқан, жақсы-жаманын сенен көп көрген ешкім жоқ. Отыра қал да, жаз соларды. Шығарма шындықтан туады десек, шындық — өмірден туады. Жаз өмірді!

Тағдыр өзіне қатал келіп, тым ерте ғаріп болған Рахмет: «қоғамның не қажетіне жараймын, не кәдеге асамын?» — деп жүргенде Зейнолланың бұл сөзі оның кеудесіне тағы бір үміт дәнін екті, алыста тұрған арманына қайта жетеледі. Сөйтіп…

Иә, сөйтіп, мұнай жолындағы күрестің бел ортасында жүріп сан ғасырлар мүлгіп жатқан Маңғыстау түбегінен мұнайдың шын мәніндегі түпсіз кенін ашып, құмды бораны күндіз-түні ұйтқыған құла дүзде қала ашқан адамның тағдыры бір күнде бағытын өзгертіп, қолына бұрғы орнына қалам алғызды, өз көрген-білгендерін, өмірден түйгендерін, небір қиын кездері қасынан табылған замандастарының бастан кешкендерін қағазға түсіртті. Николай Островский жазушылықтың азапты жолына азамат соғысының алапат даласынан келсе, инженер Рахмет Өтесінов ұлы дәуірдің ғаламат дүбірі сілкінткен еңбек майданынан келді. Екі аяқтан айрылған Алексей Мересьевті ұлы Отанына деген шексіз махаббат, жауларға деген шетсіз өшпенділік қолына қайта қару алдырса, басына Мересьевтің тағдыры туған инженер Рахмет Өтесіновті бойындағы бар өнерді, мүмкін, ақтық байлығын «еліме беріп кетейін» деген ой жазушылық үстелге отырғызды, оған өз өміріндегі ең әсем, ең ғажап әнді айтқызды. Ол өзінің алғашқы кітабын «Айтылмаған ән» деп атады.

Рахмет Өтесіновтің мұнайшылар туралы: «Айтылмаған ән», «Алыптың ашылуы», «Алыстағы алаулар» трилогиясы, міне, сондай еңбек. Осыдан біраз бұрын жарық көрген бұл трилогия, Қазақстандағы мұнай өндірісінің тууы, дамуын баяндаған бұл шығарма, қазақ мұнайшыларының азапты да ардақты еңбегін Жыр еткен бұл кітап, әттең не керек, орыс тіліне әлі аударылған жоқ. Рахмет салған ән орыс тілі арқылы Одақ оқырмандарына әлі жеткен жоқ. Бұл игілікті іс те өз Ыбыраевын, өз Шалахметовын күтіп тұр.

Сонымен…

Осындай мазмұнды шығарма, шығарма емес-ау әсем ән туғызған инженер Рахмет Өтесіновтің өзі де жырға айналды. Еңбектегі ерен ерлігін мүгедек болса да әрі қарай жалғап, Николай Островскийдің әдебиеттегі, Алексей Мересьевтің майдандағы деңгейіне көтерілген Өтесінов жайында заманымыздың үлкен ақыны Роберт Рождественский былай деп жырлады:

 

Бәрі де махаббаттан басталады!

Ел айтты: «жай сөз еді баста бәрі»

Мен болсам өз сөзімді қайталаймын:

Бәрі де махаббаттан басталады.

Жұмыс пен жарық сәуле санадағы,

Гүл көзі, сәбилік көз баладағы —

Бәрі де махаббаттан басталады!

Бәрі де махаббаттан!

Білем соны,

Бәрі де, — былай қойсаң басқаларын —

Жек көру — махаббат қой ұлы, еңселі!

Бәрі де махаббаттан басталады:

Шарабың, арманың мен қорқынышың

Қасірет, сағыныш пен ерлік ісің —

Көктем боп сыбырлайды: «Жаса, мәңгі!»

 

Біздің бәріміз қыршын кеткен аяусыз жазушымыз Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романындағы көмір инженері Рахметтің үлгісіне еліктеп өстік. Ал, адам жанының инженеріне айналған мұнай инженері Рахмет Өтесіновтің бұл ғажап ерлігіне, ерен еңбегіне, өршіл өнеріне, ең бастысы оның күштілігіне қалай тәнті болмассың, қалай бас имейсің?!

 

Оразбек БОДЫҚОВ

 «Қазақ әдебиеті»,

14 қараша, 1986 ж.