Өткен аптада “Мұнайгаз кешені ардагерлері ” РҚБ орталық аппаратында Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстық филиалдары директорлары А.Көшербаев , Б.Мақуов пен кездесу өтті. Кездесуді “МГКА” РҚБ Бас директоры А.Тегісбаев жүргізді. Оған орталық аппарат қызметкерлері З.Алшымбаев, Х.Кусаев, А.Аққұлов және қоғам белсендісі А.Сүйесінов қатысты. Филиал директорлары өз аймақтарындағы ардагерлер қауымы арасындағы өткен шаралар мен жасалып жатқан жұмыстары туралы, алдағы жоспарлары туралы ойларымен бөлісті. Бірлестік құрылған 2019 жылдың екінші жартысынан бастап, мұнайшы ардагерлерді қоғамдық қызметтерге тарту, олардың студент жастармен кездесулерге қатысып, өздерінің бай, өмірлік тәжірибесімен бөлісу мүмкіндігі жүйелі ұйымдастырылатыны айтылды. Сонымен бірге, кәсіби мерекелер мен ардагерлердің мерейжас мейрамдары тұсында, еңбек жолдарын көрсететін жергілікті баспасөзде мақалалар жарияланып, ведомстволық марапаттарға ұсынылу практикасы оң пікір туғызуда екеніне ризашылықтарын жеткізді. Мысалы, өткен жылдың аяғында өткен еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, жүзден астам мұнайшы ардагерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылған болатын. Бірлестіктің Бас директоры Анатолы Орынғалиұлы өз сөзінде алдағы қыркүйек айының басында атап өтілетін “Эмбамұнайгаз” АҚ — ның құрылғанына 100 жыл толу мерекесіне, сол кәсіпорында әр кезеңде қызмет жасаған, бүгінде ардагерлер қатарындағы мұнайшыларды кеңінен қатыстыруға, және олардың өз еңбек жолдары туралы естеліктерімен бөлісудің, мүмкіндігінше баспасөз ақпарат құралдарында, өз бірлестігіміздің сайтында жариялаудың маңыздылығына тоқталды. “МГКА” РҚБ Кеңесінің төрағасы , Қазақстанның Еңбек Ері Ұ.Қарабалиннің қатысуымен — Орталық аппарат қызметкерлерінің “ КазМұнайГаз” Акционерлік қоғамы, ҚР Энергетика министрлігі, КазЭнерджи құрылымдарымен бірге жасалып жатқан басқа да бірлескен шаралардан қабарлама жасады. Филиал басшыларына жарты жылдық қортындысына сәйкес, бұрын белгіленген жұмыс жоспарларының орындалысы туралы уақтылы ақпарат жіберуді де еске салды. Кездесу іскерлік жағдайда өтті.
“МГКА” РҚБ Орталық аппараты