ТҰЛҒА
(Т.Жұмағұловтың 80 жылдығына орай)

Төкен Танаұлы.
Бұл бекзат есімді Маңғыстау ғана емес, берісі Атырау, арысы бүкіл Қазақстан біледі десем, артық айтқандық болмас. Оған себеп — cөзі мен ісі шымыр, текті тұқымнан тараған

 ағаның табандылығы мен тазалығы, жаңалыққа жаны құштарлығы.
Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған халқымыздың қалаулы ұлдарының бірі Төкен Танаұлы өмірдің талай тар соқпағынан сүрінбей өтіп, адал еңбегі мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында халқына қадірлі бола білді. Осы орайда мен сыйлас інісі ретінде ағамыздың бойындағы тума қасиеті мен өнегелі өмір жолы туралы азды-көпті білгеніммен бөліскім келеді.
Әдетте адам жасын жылмен анықтау шартты өлшем деп ұғамыз. Бұл уақыттың дүниедегі қыбырлаған жанды нәрсенің барлығына жүргізетін өктемдігін көрсеткенімен, адам баласының жүріп өткен жолын толық аша алмайды деп ойлаймын. Бәлкім, жүз жыл немесе соған жете-қабыл өмір сүру мүмкін болар. Бірақ сол ғұмырда нені көріп, қандай іске араластыңыз, ұрпағыңызға қандай із қалдырдыңыз деген сұрақтарға жауап қана сол сүрген өмірдің мәнін айқындай алады. Осы орайда мен Төкеңді сөз жоқ, бақытты адам деп есептеймін. Өйткені Алла тағала оған қоғамда орын алып жатқан ірі оқиғаларға араласып, тәуелсіздік алған тұста халықты аяққа тұрғызған азаматтар санатында болуды бұйыртыпты.
Алайда абырой мен бақ еңбексіз тұл. Ізденіссіз еш биікке шыға алмайсың. Бұл ақиқат. Біздің білуімізше, Төкең еңбекке ерте араласқан азамат. Әкеден ерте қалып, еркін өскен баланың тентектігін тектілікке балап, шешесі «алмас кездік» санаған екен. Анасының көрегендігі ғой, кейін расымен де еті тірі бозбала тұрмыстың қиыншылығына қарамастан, аяқтан шалынған көлденең тосқауылды бұзып-жарып шыға білді.
Болмайтын жерге буынсыз пышақ ұрмайтын, тілі өткір, табиғат берген таза мінезді ағамызға өтірік айтып, жағымпаздану, көлгірсу жат. Төкеңнің ешкімнен жасқанбайтын, шенді беделділеріңізден ықпайтын мінезі, қашанда адалдықтың ақ туын жоғары ұстауы, оның азаматтық тұлғасын айқындай түседі. Азаматты талай тар жол, тайғақ кешуде аман алып шыққан, ана сүтімен, тәрбиесімен сіңген қасиеттері еді бұл.
Мен білетін Төкен Танаұлы өмірінің көп бөлігін туған елінің көркеюіне жұмсады. Еліміздің өндіргіш күшін дамытуға белсене араласып, оның ішінде автокөлік, жол құрылысы сияқты іргелі салаларда абыройлы қызмет атқара білді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, алпысты алқымдаған шағында жеке кәсіпкерліктің аулына бет бұрды. Тынымсыз еңбек етті.Төккен тердің жемісі болар, жетістікке жетіп, жеке компаниясы Германия, Қытай, Түркия сияқты көптеген алпауыт елдермен терезесі тең әріптестік орнатты.
Қазақстанның іскер азаматтарының қатарынан ойып тұрып орын алатын Төкеңнің Елбасы жарлығымен алған «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендері, Маңғыстау, Атырау облыстарының құрметті азаматы атануы және басқа көптеген марапаттары көп нәрседен хабар береді. Махамбетше айтсақ, аз ұйықтап, көп жортқан Төкен Танаұлы бизнестің әр түрлі саласын оң жамбасына салып, асықша иіріп кетті. Бүгінде Төкеңнің өзі құрған «ТНС» компаниясында он мыңға жуық адам қызмет етеді. Бір сөзбен түйіндесем, Төкен Жұмағұлов Қазақстанның жеке кәсіпкерлік саласында нағыз «феномен» деп айтуға болатын, соған лайықты тұлға.
Оған келтірер дәлелім де көп. Төкен Танаұлы Маңғыстау мен Атыраудың ірі кәсіпорындарында басшылық жасады. Басшылыққа келген мекемесін жайнатып, республика деңгейінде дамуына үлкен ықпал етті. Ұқыпты қолға түскен дүние жаңаша жарқырайтыны шындық. Әсіресе, мені таң қалдыратыны, ол үлкен ұжымға басшылыққа, Гурьев автобазасының директорлығына ұсынылғанда бар-жоғы 25 жаста екен. Қылшылдаған жас жігіттің энтузиазмы, жастығы ма екен үлкен белестерді бағындыртқан?! Десек те, оның директорлыққа дейінгі жүріп өткен еңбек жолы да тақтайдай тегіс емес. Таршылықтың қамыты Төкеңді ерте есейтті. Ауыр қапшық көтеріп, вагоннан көмір түсірді, киномеханик мамандығын меңгерді, жүргізуші болып такси де айдады, сөйтіп қара жұмыстан басын алып қашпады.
Оқу оқи жүріп, маңдайдан төгілген ащы тердің, үздіксіз ізденісінің нәтижесі еді бұл. Дегенмен жас азаматтың іскерлігінің арқасында, ол басқарған автобаза алты ай ішінде республика бойынша екінші орынға бір-ақ шығады. Қызметінің бағасы әділ бағаланған соң қанаттана түсіп, 1967 жылы Мәскеуде өткен бірінші Одақтық студенттер слетіне Гурьев облысы атынан жалғыз өзі қатысады. Міне, оның дәл осы кезден бастап жас жігіттің іскерлігі туралы әпсана жан-жағына жайыла бастайды.
Күндіз-түні шапқылап, уақытпен санаспай риясыз қызмет атқаруының нәтижесінде ол басқарған мекемелер қай жағынан болса да үнемі алға шығып отыратын. Ал сол мекемелердің қабылдап алған жылдардағы жағдайын толық баяндау бір мақалаға сыя қоймас.
Осылайша жастық шағында меңгерген ісі мен әрекеті оның қабілет-қарымымен ұштасып, қайраткерлігінің арқасында ағамыз кейін қоғамдық ортада үлкен абыройға ие болды. Ол бизнестің қыр-сырын меңгеріп, жерлестеріне мыңдаған жұмыс орнын тауып беріп, туған жері мен Маңғыстау облысында салған әлеуметтік сала объектілерімен (балабақша, т.б) кәсіпкерлікте жүрген әріптестеріне әлеуметтік жауапкершіліктің қандай болатынын көрсетті.
Төкен Танаұлымен бір мекемеде қызмет етіп, өте жақын аралас-құраластығымыз болмаса да, ол кісінің сыйлас, көзтаныс інісімін деген ойдың өзі мені марқайтады. Сыртымнан тілеулес болып, әріптес болған жерде маған ағалық ақыл айтуы дархан көңілін танытты. Көршілес жатқан екі аймақ, Маңғыстау мен Атыраудың ғана емес, елдің жоғын түгендеп, қазақ балаларының өзгелерден кем емес екенін көрсетіп, жастарды қамшылап жүретін азаматымен таныстығымыз кеңестік кезеңде бастау алған еді. Маңғыстауда мұнай кенорындары ашылып, инфрақұрылым қызу салынып жатқан уақыт болатын. Мен Жаңаөзен қалалық партия комитетінің өндіріс, құрылыс салаларын басқаратын екінші хатшысы қызметінде жүрген кезім.Сексенінші жылдардың басы. Төкең басқаратын ұжым Жаңаөзен мен Кендірлі аймағы арасын қосатын асфальт жолды салушы мекемені автотранспортпен қамтамасыз еткен. Ал маған қала басшылығынан осы жұмысқа куратор болу тапсырылды. Сонда ағамыздың маған келіп, қамқорлық білдіргенін әлі күнге ризашылықпен еске алып отырамын. «Зейнолла, сен жас хатшысың. Жол құрылысын салушылар әккі болады. Құрылыс созылып кетпес үшін тексеруді белгімен жүргіз. Бірде тас қалдырып кетсең, келесіде шөппен белгіле. Тексерген кезде сол белгіден әрі адымдап өлше» деген ақылы есімде жатталып қалыпты.
Әсілінде Төкеңнің Маңғыстауға деген ықыласы бөлек. Өйткені өзінің кіндік қаны тамбаса да, Маңғыстау ата-бабасының өлкесі, ата күлдігі. Әрі іскерлік қабілетін Маңғыстау жұртының әлеуметтік өмірін жақсартуға бағыттап үлкен еңбек сіңіргенін ешкім ұмыта қоймас. Солардың бәрін тізбелемей-ақ, өзім жете білетін кей тұстарына тоқтала кетсем деймін.
Ағамыздың Маңғыстауға келіп, жұмыс бастаған уақыты 1971 жылдан басталады. Ғұмырнамалық кітабында бұл туралы өзі былай баяндайды: «Маңғыстау автотресінің бастығы Жиенбаев Самат деген азамат біздің таксопаркке келіп, менімен танысып, жұмысымды ұнатып, Маңғыстауға шақырды. Бұл кезде Гурьев облысында екі автотрест болатын. Біреуі — Гурьевте, екіншісі — Ақтауда». Барған бетте Форт-Шевченко АТП-сына бас инженер болып жұмысқа тұрады. Азғантай мезгілден кейін Гурьевке қайтып кетеді.
Орда бұзар отыз жасында Маңғыстауға қайта оралып, бұл жолы Ералиев автобазасының тізгінін қолға алады. Мұнда 600-дей автокөлік, түрлі ұлттан 1500-дей жұмысшысы бар еді қарамағында. Темірдей тәртіп пен техникалық прогресті басымдыққа қойған Төкеңнің бұл жерде де абыройы артады. Техникалық прогресс дегенде ойға оралатын мына жағдайды айтып өткім келеді. Автобаза тарихында жұмыс барысын бақылау мақсатында тұңғыш рет өндірістік теледидар қойылады. Бүгінгінің тілімен айтсақ, видео бақылау. Бұл видео бақылау еңбек өнімділігін арттырып, база жұмысын одан әрі жандандыра түседі. Техникалық жағын түгендеген соң, ағамыздың заман ыңғайын тез түсінуінің арқасында инженерлік-техникалық тұрғыдан талантты азаматтарды айналасына топтастыруға көшеді. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының арқасында жүк айналымы жөнінен автобаза республика бойынша бірінші орынға шығады, ал өндірісті механикаландыру бойынша екінші орынға шығады. Отыз жастағы жігіттің республикалық деңгейге қысқа уақытта көтерілуі көп нәрсені айқындатып-ақ тұр.
Бойындағы табиғи таланты мен мықты ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттерімен, жергілікті партия өкілдерін сөзсіз мойындатқан Төкен Танаұлы Маңғыстау автотресінің басшылығына ұсынылады. Дәл осы ұжымда аға табан аудармастан 14 жыл қызмет етті. Меніңше, Маңғыстаудағы еңбек жолының апогейі, нағыз қызған шағы осы жылдар десем, қателесе қоймаспын. Өйткені дәл осы жылдары облысымыз үшін үлкен құрылыс саналған, Ақтаудан Бозашыға дейінгі жолға асфальт салу ісіне, мұнай- газ кешендерін жеделдетіп іске қосуға тікелей атсалысты. Ойлап қараңыз, Ақтау — Қаламқас арасында салынған жолды бүгінгінің 20, 30 тонналық жүк көліктерімен емес, Маңғыстау автотресіндегі 8-10 тонналық Камаз, самосвалдар арқылы салып, тіпті уақытынан бұрын тапсыруға ат салысады. Аға әлі күнге дейін осы істі қалай жоғары дәрежеде атқарып шыққанына өзі де таң қалады екен. Неткен жанкештілік десеңізші.
Төкен Танаұлының өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынының тағы бір көзкөрген мысалын еске түсірейін. Мен ол кезде Маңғыстау облыстық партия комитетінің өндіріс саласын басқаратын хатшысы болатынмын. Біздің облыс жыл сайын егін орағы басталғанда, солтүстік аймақтарға орталықтың тапсыруымен көмекке 300-400 көлік жіберуге тиіс болатын. Автокөліктерді қажетті құрал-жабдықтарымен платформаларға тиеп, тиісті аймақтарға жеткізу, жүргізушілерді сақадай сайлап алу, барған жерде оларға қажетті жағдай жасау, алға қойған тапсырманы уақытылы межеге орындау үшін ұжым арасында темірдей тәртіп орнатылуы — осының бәрі үлкен ұйымдастырушылықты талап етері сөзсіз. Төкеңнің тікелей басқаруымен, оның ұжымы сол заманның тілімен айтсақ, үкіметтің тапсырмасын абыроймен орындап оралатын.
Маңғыстауға деген ыстық ықыласын айтқанда, ағамыздың Отпан таудың басында тұрғызылған «Отпантау тарихи-мәдени кешенініне» қосқан үлесін айта кеткім келеді. Бұл — Төкеңнің ұрпақ ретінде ата-баба рухына еткен тағзымы, үлкен үлесі, мақтанышқа лайықты сіңірген еңбегі. 2004 жылы Маңғыстаудың зиялы азаматтарының ұсынысымен, ел ақсақалдарыңың қолдауымен «Адай ата» қоры құрылған болатын. Маңғыстаудың игі жақсылары бастап, ел ішіндегі зиялы азаматтары қолдап жатқан үлкен іс еді ол. Осы кезде «маңғыстаулық бауырлардың ел рухы үшін жасалып жатқан жұмысына атыраулық ағайындарды біріктіріп, көмегімізді берсек деген ой» Төкеңе тыныштық бермейді. Нәтижесінде осы елдік іске, Отпан тау басына салынатын кесенені салуға көмектесуге бел буады. Бұл іс атаның ұрпағы ретінде Төкеңе де үлкен мақтаныш болды деп ойлаймын.
Ағамыз қазақтың маңдайына біткен, ұлт мақтанышы саналатын талай ақын-жазушы ұл-қыздарымен сыйлас, дәмдес болды. Олардың қатарында Ә.Кекілбаев, М.Жолдасбеков, Ф.Оңғарсынова, И.Жақанов, О.Әбдікаримов, Р.Шырдабаев, А.Селбаев секілді есімі елге белгілі аға-апаларымыз бар. Бұл достықтан Төкеңнің де қалам тербеуден, ұшқыр ой мен қиялдан, керек десеңіз оны терең түсінуден қара жаяу, құралақан еместігін байқаймыз. Қалай десек те, Төкеңнің өзі жазып шыққан ғұмырнамалық кітабында Маңғыстау туралы түсірген ойларына көз жүгіртсек, осы ойымыз қуаттала түседі. «Маңғыстаудың «мың жолы» арғы-бергі замандарды қосып алғанда миллион қазақтың сүрлеуі. Ол миллиондардың иен дәулеті – төрт түлік малының шиыры, ата жауға әруақтап шапқандағы аттарының ізі». Мұндай терең мағыналы, ұйқасты сөзді айту ағамыздың өзі сол жолдарда, Маңғыстаудың маң даласында шыңдалып шыққанының нәтижесі болар, мүмкін?!
Ағамыздың ошағының ұйтқысы болып отырған жан-жары, аяулы Дина жеңгеміздің орны ерек. Қазақта «алғаның жақсы болса, бұл дүниенің шырағы» деген сөз бар. Расында да, жар мәселесінде ағамызға Тәңірдің пейілі дұрыс болған-ау! Бір-бірін дәл тауып қосылған жандар. Жеңгемізді көргенде, қазақтың ауыз әдебиетіндегі эпос-жырларда кездесетін өзі көркем, ақылды жан серігі бола білген қазақтың қыздары көз алдыма келеді. Ошағының басын жұмақ етіп, Төкең қайда болса, сол жерден табылды. Төріне келген қонағына, ағайын-тумаға құрметін өзгеше көрсетті. Сөйтіп, Төкең жеткен биікті бірге бағындырды. Ағылшынның атақты саясаткері Уинстон Черчилль бірде жары Клементинамен келе жатып, оның жас кезіндегі ғашығымен кездесіп қалады. Сонда Черчилль әзілдеп, егер осы кісіге күйеуге шыққаныңда жұмысшының әйелі болар едің деген екен. Сонда Клементина: «Мен оған тұрмысқа шыққанда ол Англияның Премьер-Министрі болар еді», — деп табан астында тапқыр жауап қайтарыпты. Ағамыз бен Дина жеңгеміздің жұбын көргенде «үлкен жетістікке жеткен еркектің артында ақылды әйел тұрады» деген тәмсілдің шын екеніне көзім жетті. Алдыңнан көлденең өтпейтін, инабатты да білімді ұрпағы бар осынау көркем сипатты отбасының мерейі әрқашан үстем болары анық.
Бүгінде 80 жасқа толып отырған ағамыздың ағайынға бауырмал, мәрт, жомарт, жағдайы төмен жандарға қамқоршы екенінен көпшілік хабардар. Бұл туралы заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «Туған Қазақстанның намысы ол үшін бәрінен де биік. Ел басынан бастап, ұлт намысы мен мүддесінің, жолында жан салып жүрген ешбір адамның есесін жықпау – Төкеннің бұлжымас ұстанымы. Талай жас өнерпаз бен кәсіпкер оған қарыздар. Талай жасы үлкен мен мұқтаждық көргендер оның азаматтығы мен кісілігіне дән риза. Атымтай жомарт Төкеннің бас сұққан ауруханасы мен мектебі, мұражайлары мен мәдениет үйлері бәсіресіз қалған емес».
Ақ пейіл жанның ниетіне қарай Жаратушы иеміз несібесін де мол етіпті. Төкең болса сол несібені қыран құс секілді шашып жеді.
Үлкен еңбек пен тынымсыз ізденістен болар, ол басқарған ұжымдардың ешқайсы Төкеңе деген сенімдеріне ешқашан селкеу түсірмеген. Төкен Танаұлын тәуелсіз Қазақстанның ең таңдаулы іскер азаматтары қатарына қосқан да — халық сенімі.
Ол үшін ең басты марапат та осы — халқының ыстық ықыласы.
Елге риясыз еңбек еткен осындай атпал азаматқа, әулетіне, әрдайым амандық тілеймін!

Зейнолла АЛШЫМБАЕВ,
«Мұнайгаз кешені ардагерлері»
Республикалық қоғамдық бірлестігінің
Бас директоры.
Нұр-Сұлтан қаласы