Құралбек Келжанов, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы

Нұрекең бізге үлкен мектеп болды

1986 жылы маусым айында басшылық мені Өзен қалалық партия комитетінің ІІ хатшылығына тағайындады. Нұрекеңнің қол астында істеген еңбек жолым маған үлкен сабақ, керек болса мектеп болды. Экономика мәселесіне жауап бердім. Құрылыс, сауда, өндіріс секілді салаларды бақылап, үлкен тәжірибе алдым.

Аптаның бірінші күні өтетін аппарат жиынын Нұрекең жаңа тұрғызылып жатқан нысан, немесе өндіріс басында өткізетін. Ол кезде бүкіл басшылық жұмылып, қаланың жылу жүйесін қатты қадағалауда ұстайтынбыз. Бірде Нұрекең маған «Құралбек, өндіріс ешқайда қашпас, сен бүгіннен бастап 1-шағынауданның жылу мәселесін бақылауда ұстайтын боласың» деп менің қарауыма 60 үйді бекітіп қойды. Әр пәтерді нөмірлеп белгілеп, кесте жасап алдық.  Қолымыздағы кесте қағазға қарап, қай пәтерде жылу жоқ, су жоқ – бәрін біліп отыратынбыз.

«Кендірліде» пионерлер лагері салынып жатқан тұста, сол нысанның құрылысына жауапты болдым. Өзеннің 40 градус ыстығында, қаладан 60 шақырым қашықта жүріп жатқан нысанның басына күн сайын түстен кейін барып, қадағалап тұрдым.

Нұрекеңнің жұмыс тәсілі – нақты жауапкершіліктен тұратын. Тәртіп, жеке қадағалау арқылы жұмыс барысын үнемі бақылауда ұстап отыратын. Кешке қарай орынбасарларын көлігіне отырғызып алып, қаланы аралап, кем-кетікті көзбен көрсетіп, сынап, соны жоюға өзі бағыт беріп отыратын. Оның жұмысты назарда ұстау, тиянақтылық, тапсырманы жеке-жеке сұрау тәсілі біздің бойымызда біржолата қалып қойды. Нұрекеңнің тағы бір азаматтық қасиеті – қарамағындағы азаматтарды қажет кезінде қорғай білетін.

Нұрекеңнің бастамасымен Өзенде талай әлеуметтік нысандар салынды. Ол бірінші орынға адамның өмірін, тұрмыстық жағдайын қоятын. Күн көрісі мен отбасылық жағдайына көңіл бөлетін. Мұнай, құрылыс мәселесімен қатар мұнайшылардың өздері мен балаларына қатысты әлеуметтік мәселелерді үнемі шешіп отырды. Ол кезде Ақтауда жалғыз субұрқақ болды, ал Өзенде 4-5 жерде субұрқақ атқылап тұратын. Кешқұрым ыстықтан шаршаған мұнайшылар сол маңға отбасымен жиылып, салқын судың лебімен саялап демалатын.

Қазақстанда бірінші балалар қалашығы да солай пайда болды. Нұрекең іргетасын қалап, өз қолымен ашып берген көптеген нысандар әлі халыққа қызмет етіп тұр.

 

Маңғыстау” газеті, 18. 03. 2021 ж.