Асқар Алтынбекұлы ҚҰЛЫБАЕВ,
мемлекет жəне қоғам қайраткері,
Н.Ə.Марабаев атындағы «Мұнайшы» ҚҚ
Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы
Нұрекең – Нұрлыхан Бекбосыновпен таныстығымыз ертеректен болғанмен тізе қосып бірге 1989 жылдан, Жаңаөзен оқиғасы кезінен жұмыстас болдық. Мен ол уақытта Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысымын. Ал Нұрекең облыстағы ең ірі деген – «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің бас директоры. Өмірбаяндық дерегі арқылы белгілі осы жердің азаматы. Іскер, жігерлі, беделді жігіт. Партия қызметіне де жетік. Сонысын біліп, бағалап ұнататынмын.
Жаңаөзендегі оқиға кенет бұрқ ете қалды. Əрине, басталу себептері тереңде жатқаны ақиқат. Кеңес кезінде етек алған ұлттық мəселелерді елеусіз қалдырып, бəрі жақсы, доспыз, бауырмыз деген жайдақ ұран жапсарында жүре берудің салдары ғой. Ал жағдай өзгерген. Кеңес халқы бұрын жайдақ үгітке мəн бермейтін, кеше күлкі қылатын, бүгін ашуландыратын болған. Оны енді өзіміз де көріп, тығырыққа таянғандай сияқты жүргенбіз. Қателікті бүкіл жүйе кеш ұқты. Бір мысал айтайын: Патша үкіметі кезінде 1850 жылдары Небольсин тілмəш, тарихшы əрі зерттеуші қазақ халқының көп руларын жазып, тұрмыс-салты, мінез-құлқы, ерекшеліктері туралы кеңінен тоқталыпты. Əрине, құпия жазу ғой. Үкімет осындай мағлұматтарды пайдаланып, сол арқылы отарлау саясатын өте еппен жүргізген. Россия державасы негізінде құрылған Кеңес Одағы бірнеше ұлттардың басын құраған мемлекет қой. Əр ұлт, халық неге жеке-жеке зерттелмеді? Лениннің орыс шовинизмінен сақтану туралы өсиетін неге ұмыт қалдырдық? Қысқасы коммунистік партия ұлт саясатын үзілді-кесілді ескермеді. Сөйтіп, Алматыдағы, Жаңаөзендегі, Əзірбайжандағы, тағы басқа да оқиғаларға жол беріп алдық. Жаңаөзен оқиғасының саяси астары осыларда жатқан сияқты.
Əйтпесе, қазақ халқында өз ұлтына артықшылық беру атымен жат. Қазақ ұлтшылдығы дегеніміз өз ұлтын сүю, жақсы көру, яғни ұлтжандылық. «Ұрыс бар жерде тұрыс жоқ», -демекші Жаңаөзенге келдік. Бəріміздің басымыз осында тоғысты. Қала халқы екіге бөлінген. Қазақтар көшенің бір жағында, келесі бетінде кавказдықтар. Енді болмаса шап беріп ұстасып қырылыса кеткелі тұр. Шет жерлерде адам өлімі де болып қалды. Нұрекең қатты абыржулы, бірақ қорыққан жоқ, басу сөздерін айтып жатыр. Қалада коменданттық сағат енгізілді. Кезекті бір жоспарлы шара екі жақтың үлкендерін, қарттарын бетпе-бет отырып əңгімелесуге шақыру болды. Бəрі келді. Екі жақ залда екі жарылып отыр. Кешегі əріптестер, бірге жұмыс жасағандар деу мүмкін емес. Тіпті тілдеспейді, бір-біріне қарамайды. Ақыры екі жақтың да айтқандары – енді бұл қалада бірге тұру еш мүмкін емес. Таулықтар кавказына қайтады.
Ал, Мəскеу болса қайта-қайта сұрап жатыр. Қазақстан Ішкі істер министрі генерал Князев та осында. Ол төтенше өкілдікке ие. Жағдайдан толық хабардар. Ақыры Мəскеуге жағдайды еш бір бүкпесіз жеткіздік. Нұрекең дəл сол уақытта Жоғарғы Кеңес депутаты еді. Осы жерде оның елжандылығы көрінді. Мəскеуден Кавказдықтарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етуді өтінді. Ол өтініш орындалды. Кавказдықтар осы азаматтыққа қатты риза болды. Сол уақытта Одақта бұл ең күрделі мəселе еді. Кавказдағы, Краснодардағы мұнайлы мекендерге орналастырылып мәселе шешілді.
Маңғыстау” газеті, 18. 03. 2021 ж.