Еңбегі ерен, өмірі өнеге ұстаз

«Мұнай-газ кешені ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі (әрі қарай «МГКА РҚБ») көп жылдар бойы Жаңа Өзен қалалық оқу бөлімін, қаладағы бірнеше мектепті басқарған, мұнай өндірісіне кадрлар дайындауға зор үлес қосқан, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Сақыш Қарабалинаны 90 жылдық мерей тойымен құттықтап, МГКА РҚБ» Бас директоры Зейнулла Алшымбаев  ардагерлер атынан құттықтау адресін табыс етті. Құттықтауға «ҚазМұнайГаз» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі,Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин, Жаңа Өзен қалалық білім бөлімінің бастығы Ысқақ Қашқынбайұлы, мектеп директоры Айзада Абуова қатысты.

Карабалина Сақыш Қабдрахманқызы 1931 жылдың 17 қаңтарында Атырау облысының Қарабау ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын үздік бітірген.

Апайдың табиғи болмысы, білімге деген құштарлығы мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігі оны ұстаз деген ардақты атқа лайық етті.

Дана Абай: «Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» — деп асқан көрегендікпен айтқан екен. Күні бүгін тоғыз белестен асып , жүзге аяқбасқан Батыс өлкесінің аяулы перзенті, өңіріміздегі білім беру ісіне жарты ғасыр өмірін арнаған Сақыш Қабдрахманқызы өмір соқпағына зер салсақ, елі мен халқына адал қызмет еткен ұлағатты ұстаздың өнегелі жолын танимыз.

1953 жылдан бері жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруді өмірлік ұстанымына айналдырып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, үнемі іздену, күресу, алға басу, еңбек сүйгіштік, қарапайымдылық, жолдастарына, ағайынға қамқорлық, адалдық сияқты адами қасиеттерді бойына сіңіріп, бірнеше абыройлы қызметтерді атқарды:мектеп директоры, қалалық білім бөлімінің меңгерушісі.

Көп жылғы ұстаздық қызметіндегі, қоғамдық жұмыстарындағы табыстары үшін «ҚР еңбек сіңірген мұғалімі», «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 2001,2011 жылдары ҚР-ның 10,20 жылдықтарына арналған төсбелгі және Елбасының «Алғыс хатымен», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен»,бірнеше медальдармен марапатталған,Жаңа Өзен қаласының құрметті Азаматы.

Болашақтың құзіретті тұлғасын тәрбиелеуде асыл ұстаздан тәлім алған шәкірттері жетерлік. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт — бағдар берудің нәтижесінде, олар қ а з а қ т ы ң келешегі үшін қызмет етіп, ел іргесін бекемдей түсіп, өмірлік мақсаттарын басты байлығымыз-Ел тәуелсіздігінің мәңгілік болуына арнап, өз үлестерін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарының мұнай-газ өндірістерінің тұрақты дамуына қосуда.

Жарты ғасырдан артық отасқан өмірлік серігі, аты аңызға айналған, әйгілі мұнайшы Рахмет Өтесінұлы қызмет бабында жол апатына ұшырап, бел омыртқасын ауыр жаралағанда Сақыш Қабдрахманқызы оны 42 жыл бойына емдеп, күтіп, оған өмірге үлкен үміт, махаббат сыйлады.

Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұрады» дегендей 4 баланы дүниеге әкелген, 10 немереге тағлымды тәрбие берген Сақыш Қабдрахманқызы-Асыл Ана, ардақты Әже. Ұлдары Абдрхан, Кадырхан,қыздары Хазила, Хализа, немерелері Есет,Ерден, Ануар,Әділет,Алуа әке-атасының ісін жалғастырып, мұнай-газ саласының инженері мамандықтарын игеріп, еліміздің түкпір – түкпірінде жемісті еңбек атқарып жүр. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейінде Сақыш Қабдрахманқызы қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ, Маңғыстау облыстық іскер әйелдер ассоциациясын басқарып, көптеген іс-шараларды жүзеге асырды.

Сақыш Қабдрахманқызын 90 жылдық мерей тойымен құттыктаймыз, зор денсаулық, қажымас қайрат, өмірдің барлық жақсылығын, өмірінде тек қуанышты күндері көп болуын, отбасының бақытты-берекелі, мол табысты болуын тілейміз.

Бектұр Аяғанов, ардагер мұнайшы,

Нұр-Сұлтан қаласы