Маңғыстаудың майлы қияны, кең даласы, адайдың дес бермеген күйшілері, жыраулары, орындаушыларының бейнесін елестеткен кезде алдымен олардың есімін жаңғыртқан адамның бейнесі келері анық. Маңғыстаудың арғы-бергі тарихында аты қалған, ұрпақтан-ұрпаққа жыраулық мектептің мол мұрасы Мұрын жырау, Сүгір, Айтуған Тайұлы, Арал, Әлмұрат Құлшарұлы, Елбай, Атанғұл, Шамғұл, Мұрат Өскенбайұлы және т.б. талантты насихаттаушылары арқылы жаңғырғаны шындық. Солардың ізін басқан, өз насихаттауымен ғасырлар бойы Маңғыстау өлкесінде дамыған дала дүлдүлдерінің ән-жыры өне бойыңды шымырлатып, қаныңды қайнатып, аласапыран күйге түсіретін бабалар өнеріне құрметімізді арттырып, тамсана түсірген осы Күріш Құбашұлы ағамыз болатын. Сұрағаныңды күтпей, алқалы жиында тынысы ашылған жүйріктей таңды-таңға ұратын маңғыстаулық ақпа-төкпе әнші-жыршылар мектебінің көрнекті өкілі, солардың мұрасын насихаттаушы, лайықты ізбасары, өнердің өз баласы, сол теңдессіз дауыстың иесі Күріш Тасболатовтың өнегелі өмірі көз алдымызда өтті.
Салмасам Айна-а-амкөзге, аха-ау, ән болмайды-ау,
Кимесем екі-ау шапан , аха-аау, Айы-нам-м-м-көз сән болмайды-ау.
Ойнасаң өзің теңдес-ау, ахаау жаспен ойнаң-ау,
Ол дағы-ау, алғаныңнан Айнамкөз, кем болмайды-ай-ау.
Күріш Тасболатовтың өзі талай орындаған «Айнамкөзі». Естіген сайын құлақ құрышыңды қандыратын, домбыра құлағында шебер ойнай отырып, отырған жерін думанға айналдырып жіберетін Күрекеңнің бейнесі санамда жаңғырып тұрады десем, өтірік емес. Көзі тірі, дені сау болса алқалаған әлеумет ортасында ән сұрағанның меселін қайтармай, бәлсінбестен домбырасын қағып-қағып жіберіп, Мұхиттың «Ақ иісіне», өзі ұстазым деп есептеген Ғарифолла Құрманғалиевтің «Нұржамалына» салар еді. «Зәурешпен» ұйытатын. Өзіне ғана тән диапазонды, кең дауысты тілейтін әндер оның орындауында бір тегіс, бүрсіз айтылып, байсалдылықпен салынар еді.
Ән өнері тарихында суреткерлік болмысымен танылған сирек таланттардың бірі Мұхит Мералыұлының арнау өлеңдерінен кейін, өзінің әдеттегі шабысына түсіп, адайдың жеті қайқысы болып сайрайтын. Енді бірде Досат болып «Босмойынға» салады.
Тағы бірде домбыраны екпіндете соғып, адайдың ақпа-төкпе мектебінен бір жырды бастап жатады. Қазіргідей бір ән салса шаршап қалатын әншілер емес, таза жанды дауыспен айтқан сайын ұзақ қашықта бауырын жазып, шаба түсетін сәйгүлік сынды еді ағамыз! Жылкелдінің «Құнан нарын» айтып отырып, ағаның домбыра қағысымен бірге толқып, қалың ойдың жетегінде кеткеніңді сезбейсің. Тоқтаусыз өтіп бара жатқан дүниеге наз айтасың.. Әншінің кең даусы болса:
Бір әнді сатып алдым құнан нарға,
Берейін керек десең құмарларға.
Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды,
Жас келіп қартайған соң амал бар ма-ай, деп бебеулетеді..
Иә, киелі Маңғыстау жұртының есімі алашқа жайылған перзенттерінің бірі, әрі бірегейі ‒ Күріш Тасболатов. Көзі тірісінде халқының ыстық ықыласына бөленген аяулы азамат көзі тірі болғанда биыл сексен жасқа шығар еді.
Күріш ағамыздың туған жері Таушық болғанымен, ата күлдігі Жыңғылдыбұлақ еді. Әнші-жыршылардың нағыз мекені, сөз ұстаған талай дүлдүл әншілер өмірге келіп, туған жерінің төсін ән мен жырға бөлеткен жер. Күріш ағамыздың әкесі Құбаш пен анасы Ұлмаш өнерлі болған екен. Шаңырағында маңғыстаулық талай жақсы мен жайсаң бой жаза жатып, таңды-таңға ұрып, шапқан аттай желдірген талай «мен деген» әнші-жыршылар Құбекең мен анамыздың ақ дастарханынан дәм татыпты. Осындай ән бесігінде тербеліп өскен Күріш, басқа мамандықты алса да, өмір арнасы музыкамен өрілді. Ал жан серігі домбырасы мен Маңғыстаудың мақамы ағамыздың талай жердің топырағын басуға себеп болды.
К.Тасболатовтың ата қонысы деп айтатын Маңғыстаудың Жыңғылдыбұлағы 18-19 ғасырда үлкен өнер ордасы болған өлке. Күріш ағамыз жырға қанып өскен, Маңғыстаудың ән-жыр, сөз маржанын терген Айтуған ата жыры мен айтулы Есір Айшуақұлы күйлерінің сазына бесікте тербелсе, кейін Арал, Әлмұрат Құлшарұлы, Елбай, Атанғұл, Сәттіғұл, Шамғұл, Мұрат Өскенбайұлы сияқты марғасқа күйші -жырауларды көзі көрді. Оның сол дәулескер күйші-әншілердің жолын қуып, насихаттаушыларының ортасынан ойып тұрып орын алуына осы жағдайлардың барлығының игі әсері болғаны анық. Әрідегі дала даналары, таудан аққандай тасқын жырды ауыздықтаған жыраулар: Абыл, Нұрым, Ақтан, Сүгір, Қашаған мен Түмендердің өнерін жеткізушілерді де сүйсіне тыңдаған кезі сансыз. Ата- ананың ерекше қонақжайлығынан болар, шаңыраққа елге танымал өнер иелері кіріп-шығып жататын. Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің алғашқы онкүндігінен кейін қазақ музыка, ән, өнер саласында ерекше уақыт басталды. Маңғыстау өнер мектебі де Кеңес кезеңі тұсында оң назарда болып, оның дамуы барынша қолдау көрді. Елбай, Тұрарбек Қойшыбайұлы, Алым Жаңбыршыұлы, Қалшабек Мырзагелдіұлы, Исладин Шамғұлұлы, Құлбатыр, Ізбасар Шыртанов, Мыңбай Жолдасбаев, Орын Құлсариев, Сержан Шәкіратов секілді өнерлі азаматтардың қатарында Маңғыстау өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан Өтежан Алшымбайұлы әкеміз де бар екенін ерекше айтып өткім келеді. Маңғыстауда халық театрын ұйымдастырушылардың бірі, ұзақ жылдар Маңғыстау аудандық партия комитетінің идеология хатшысы болған, Қазақстанның мәдениет қайраткері атанған әкеміздің өңір өнерін өркендетуге қосқан үлесі зор. Осындай құнарлы жерде өскен Күріштей абзал азаматтың өнерден құралақан болуы мүмкін емес еді.
Маңғыстаулық ән-жыр мектебінің үздік насихатшысы, оны дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті өкіл, «Адайдың жеті қайқысы» мұрасын үздік орындаушысы Күріш Тасболатов 1941 жылы Таушық ауылында дүниеге келеді. Күріш ағамыздың атасы Тасболаттың балалары Мұрат, Ақтөре, Ретбай, Шора, Шауқыбай, Қуатбай, Құбаш көмейлеріне бұлбұл ұялаған, шеттерінен өнер дарыған, әнші-жыршы болыпты. Күріш ағаның өз әкесі Құбаш пен анасы Ұлмаш та өнерлі кісілер болғанын айтып өттік. Әкесі өз заманында Шамғұл, Сәттіғұл, Сәду, Көшен, Әлқуат, Жанжігіт, Дүйсенбай, Шәдіман, Шәкірат,Ұзақбай, Назарбек сияқты күйші, жыршылармен замандас болып, бірге жүрген екен. Осындай өнерлі ортада өскен жас Күріш те жастайынан Досат, Мұхит, Хамит, Қыздарбай, Қазыхан, Әділ әндерін үйренеді.
Осы жерде Айтуған жырау Тайұлының:
Өнер сүйген кісіге
Сусын берген мен едім.
Бойымдағы барымды
Артымдағы ініге
Үйретейін деп едім, деп жырлаған, баталы шумағын еске алсақ, бабамыздың жыршылық қасиеті кейінгі өскінге де дарығанына көз жеткізер едік. Айтуған жырау 18 ғасырдың аяқ кезінде туып, 97 жасқа келіп қайтыс болған деп әкеміз Өтежан айтып отырушы еді. Түбегіміздің шежіреші абызы Алшын Меңдалыұлының «Адай шежіресінде» «Даңның Тай деген баласынан Айтуған атты жырау туған» деген деректі жолдар бар. Ізбасар Шыртанов ағамыз да Айтуған жырау жөнінде жасынан «Қырымның қырық батырын», «Отыз түрлі ноғайлық» жырларын жаттап, халыққа таратқанын жазады.. Айтуған бабамыздың әкесі Тай Даңұлы да Маңғыстау түбегіне белгілі сыбызғышы болған. Халық аузында қалған әңгімелерге сүйенсек, Тай атамыз елін жаудан қорғаған батыр кісі екен. Адам ұрпағымен мың жасайды. Олардың өнерін кейінгілерге табыстаған өнерлі қауымның ішінде, Күріш ағамыздың артындағы ізбасарлары да аз емес.
Бүгінде Күріш Құбашұлының ізін басқан, өнерді өзек еткен, ата-баба дәстүрін ілгері жалғастырып жүргендер қатарында елге белгілі Роза Айдарбаева, Рухия Батыршиева, Жеткізген Сейітов, Бердіғали Сыранов, Амандық Көмеков, Айгүл Қосанова, Елдос Еміл, Ақмарал Ерімбетова, Ақылбек Тасқараев, Ізмұрат Молбаев және т.б. айтып өтуге болады. Отбасында Күріш аға ғана емес, бауырлары да ән- жырдан кенде емес. Ағасы Бопыш, інісі Ерлеш та халық әндерін асқан шеберлікпен орындайтын нағыз өнерпаз азаматтар еді.
Аға көзден кеткенімен, көңілімізден ешқашан кеткен емес. Күріш дүниеден озды дегенде Маңғыстау дәстүрлі ән тарихы көшін аға буынмен жалғастырып тұрған үлкен бір дәуір төңкеріліп түскендей болғаны рас. Өйткені, білімі мен білігі мол азаматтың Маңғыстау фольклорын дамытудағы, насихаттаудағы орны ұшан теңіз еді. Біздің осындай ірі тұлғалы адаммен замандас, дәм-тұздас болуымыздың өзі бақыт. «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек бізді атадан үшеу (Ізбасар Шыртанов, Сержан Шәкірат және Күріш Тасболатов) деп айтатын еді», — деп сыйлас досы, елімізге танымал күйші Сержан Шакратов ағамыз жоқтау шығарды. Сол жоқтаудың ішінде мынадай сөздер бар:
Әннің әмби пірісің,
Қайқылардың бірісің,
Өнерде тіпті ірісің
Еліңнің ерен Ерісің!
Әбіш достың әзілі
Сен бір сайқы «перісің».
Өлді дейді-ау осы жұрт,
Сен мәңгілік тірісің!
Алтын қорда жазылған
Маңғыстаудың үнісің..
Қалай дөп тауып айтылған сөздер десеңізші..Маңғыстаудың жыр-термешілерге деген сый-құрметі ерекше. Содан болар, олар жүрген жерге немесе үйіне іздеп бару үйреншікті жағдай. Күрішті арнайылап іздеп барғандар жиі кездесетін. Сәбит Әбішұлының «Құлыш би» деген кітабында сондай бір жағдай сипатталады, ол Күрішпен алғаш қалай кездескені туралы жазады. Ол кезде Күріш ағамыз отбасымен Жетібайдағы Мұнайлы ауылында тұратын. Өнеріне тәнті болғаны сонша, Мұнайлыға әдейілеп барып Күріш ағаның үйіне арнайылап түседі. Дастархан басында ағамыз Сәбит Әбішұлынан бұйымтай сұрайды. Сәбит ағамыз: «Уақытымыз босқа кетпесін, қонағыңның бүйірі бос кетпесін. Домбыра о баста ата баба сыйлаған еншілерің ғой, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал сенен ән жыр, тыңдауға құлақ бізден», — депті. «Сыпайы сырын, пұшық мұрнын жасырмас» дегендей, сіздің шаңырағыңызға танысуға әдейілеп келдік. Сыртыңыздан жақсы қанықпын», деген екен. Қонағының сөз астарын түсінген аға әдеттегі сабырлы даусымен, ырғалып-жырғалмай өзінің керемет даусымен әп дегеннен Мұхиттың Айнамкөзіне салады. Күріш аға қонағының құрметіне олар қайтып кеткенше тынбастан ән шырқайды. Міне, шаңырағына әдейілеп келетін жандарды магнитше тартқан Күріш салған әннің, дауыстың құдіреті еді бұл!
Күріш Тасболатов өнермен егіз туса да, басқа салада қызмет етті. Күріш Құбашұлы 1958-1960 жылдары Ақтөбе сауда техникумында білім алып, кейін Ленинградтағы (Қазіргі Санкт-Петербург) Жоғарғы сауда мектебін 1968 жылы бітіріп шығады. Ал 1974 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын аяқтады. Кейін Жетібай мұнайгаз кәсіпшілігінде ұзақ жылдар бойы мұнайшыларды жабдықтау саласын басқарды. Сол себепті ағамызды Маңғыстаудың мұнай саласының ардагері деп толық айта аламыз. Зейнеткерлікке шыққанға дейін білім алған мамандығымен халқына қызмет етті. Қызметінде биікке көтерілсе де домбырасын, жыршылығын тастамады. Күріш ағамыздың репертуарында Абай, Естай, Біржан, Досат, Хамит, Қыздарбай, Мұхит, Әділ, Қойбас, Тастемір, Шолтаман, Жылкелді сияқты қырыққа тарта халық сазгерлерінің әні бар екен. Күрекең жатқа соққан сол жырларды аға буынның аманатына балап, саф күйінде ізбасарларына табыстап кетті. Таза, сұлу, асқақ дауыспен шырқайтын әншінің репертуарында қазақтың ән-жырларынан басқа орыс, украин тілінің әндері де бар.
Күрекең туралы қазақтың біртуар ғалымы, маңғыстаулық Қабиболла Сыдиықов ағамыздың айтқаны бар: «Күріш халық әндерін домбыраға қосып орындаудың қас шебері. Таза нақыш, сұлу да асқақ дауыспен шырқайды». Расымен де, ағамыз айтса айтқандай. Күрекеңнің дауысы әрқашан құлағымызда ғой. Туа біткен дарынның кім-кімді де, оның ішінде ғалымды да, басқаны да мойындатары хақ.
Жоғарыда бір сөзімізде ағамыздың әннің арқасында талай жерге ізі түсті деген едік. Соның дәлелі болсын, 1977 жылы Павлодарда өткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдық мерейтойына Күріш Құбашұлы арнайылап барады. Қасында қазақтың аймаңдай жазушысы, классигі Әбіш ағамен бірге маңғыстаулықтар Біржан сал атымен тігілген қазақ үйге түсіп, өнерін ортаға салады. Ал 1991 жылы Украинада өткен Тарас Шевченконың мерейтойына Маңғыстау облысының атынан делегация құрамында сапарлап барады. Сол жолы Күріш ағамыз украин әнін үйреніп, «Ти ж мене підманула», орыстың «Вдоль по улице метелица метет» романсын, әндерін Тарастың еліне орындап береді. Сөйтіп, олардың да сый-құрметіне бөленеді. Киевте, Черкасскіде өткен кездесулерде Сергей Есениннің «Не жалею, не зову, не плачу» романсын, сыған халқының «Очи черные» әні, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» шырқап, қазақ пен украин ұлттарының арасындағы достық жібін бекіте түседі. Бұл ағамыздың жауапкершілік деңгейінің биік екенін аңғартып, кейінгілерге ұлтты сыйлаудың жоғары үлгісін көрсетеді. Осы әндерді ағамызбен болған көптеген кездесулер мен отырыстарда өз аузынан талай тыңдаған едік. Шаңырағымызға қонақ болып түскен кездерде үйдегі келініне, «Саражан, сенің сұрайтыныңды білемін ғой» деп, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын айтып беретін. Жалпы осы арияны ағамыз жүрген жерінде жеңгелеріне, қарындастарына арнап жиі шырқайтын. Кәсіби музыкалық білімі болмаса да тыңдаушылар табиғатын тап басып, оларға ұнайтын әнді ұсына білетін талғампаздығы табиғатынан берілген-ау, сірә! Бұл көзі ашық, көкірегі ояу жандарға Күріш Құбашұлының өнер иесі ретінде үнемі ізденіс үстінде жүретінінен хабар беретін. Соның нәтижесі шығар, 1967 жылы «Октябрьдің 50 жылдығына» орай Алматыда халық таланттарының мерекелік фестивалінің 1 дәрежелі лауреаты дипломын иеленеді. 1969 жылы да қайтадан лауреат атанып, 1973 жылы Республикалық көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері, 1985 жылы Халық таланттарының республикалық телевизиялық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанады.
Бабаларымыздың артында қалған сөздері қаншалықты құнды, шынайы болса, оны жамағатқа насихаттаушылар олардан да өте туған, жырды шебер орындауда алдына жан салмас майталман, күміс көмей әншілер, сабырлы да салмақты ақын-жыраулар, бармағы бұрала күй тартқан күйшілер де соншалықты құрметті еді. Күріштің халық арасында жинаған абыройы да, елінің ыстық ықыласы оның өнеріне деген сүйіспеншілігінен туындаған еді. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас.
Адайда атағы алысқа жеткен жеті қайқысы, замандас болған небір өнер иелері, жырдың қас жүйріктері, қанаттаса жүрген күйші-жыршылар «тандемі» көпшілікке танымал. Олар барған жерін думан етіп, бір-бірімен жарыса, іліп әкетіп қана қоймай, халық өнерін мың құбылта, өздеріне тән мақамдарымен байытты. Бірінің шығармаларын бірі арқылы сайын далаға таратты. Байланыс жоқ кезде мұның барлығы құймақұлақтардың, өнер иелерінің міндеті еді бұл. Олар жай орындап қойған жоқ, қазақ фольклорының маржандарын ұрпағына насихаттап, шашауын шығармай табыстап кетті.
Білетініміздей, әр аймақтың өзіне тән ән-жыр мектебінің айырмашылығы көп. Домбыра қағысы, екпіні, шегін пайдалану ерекшеліктері, мақамы, нақышы, ырғағы өнерде жүргендерге ғана емес, өнер сүйер қауым үшін де анық. Біздің Маңғыстау мектебіне, Күріш Құбашұлына тау өзеніндей тасқын жыршылық, даңқын алты қырдан асырған әншілік пен күйшілік тән. Күрекеңнің орындауындағы Аралбай Оңғарбекұлының термесін алайық:
Ал жиналған жақсылар,
Сөз сұрасаң біздей қартыңнан,
Базарлы жерге келгенде,
Басымды бұлдап тартынбан.
Мен — бір аққан дария
Кемерін соғып шалқыған.
Күріш аға осы терменің авторы Аралбайдай дарияның өзі болатын.
Нотаға түспесе де мұрты бұзылмай бүгінге жеткен қазақтың саф өнері, фольклорын кеңес тұсында таспаға басып алу жұмыстары қарқынды жүрді. Әрі жергілікті билік тарапынан өнерге деген қолдаудың оң көзқараста болған жылдары көп жұмыстар атқарылды. Соның бірі Мұрат Өскінбайұлының Түркіменстаннан қазақтың зиялы қауым ордасы атанған Алматыға алдырылуы да соның нәтижесі еді. Күріш Құбашұлы да Алматыға шақырылды деп естідік, алайда жол түспеген екен. Бәлкім, жусан иісі бұрқыраған елдің топырағы, сайын даласы, алқалаған әлеуметі жібермеген шығар деп те ойлаймыз. Қалай болғанда да ол ел алдындағы, бабалар алдындағы миссиясын толық орындап кете барды.
Адайдың бес жүйрігі саналған Абыл, Нұрым, Қашаған, Аралбай мен Ақтанның исі қазаққа, қарақалпақ, өзбек еліне ортақ таныс өнер жауһарлары алты алашқа Күріш жыршының орындауында таралды. Жұптарын жазбай жиналған жерде халықты таңдай қақтырған адайдың жеті қайқысының шығармалары да ағаның репертуарынан ойып тұрып орын алды. Қаумалаған әлеумет алдында ол бірде:
Мен – Адайдың Ақтаны,
Шежіре-шешен тақтағы.
Алқалы топта аршыңды
Тұлпары едім баптағы.
Мен – Адайдың Ақтаны,
Сөйлесем, сөзім тақталы.
Бөгесе, бөгет бермейтін
Қаратаудың ақпары, деп Ақтанды жырлатса, енді бірде Нұрым Шыршығұлы болып :
Мен қашанғы жүйрігің,
Топ ішінде толғаған
Шыным(м)енде шырқасам
Бабам да Қадыр ай қолдаған
Осылайша сөйлесем
Сөз қала ма ұртымнан,
Айтулы жүйрік мен едім
Салдырмай қамшы ұмтылған, деп қас жүйрікке айналады.
Маңғыстаудың жыр саңлақтарын біз Күріш Тасболатов, Ізбасар Шыртанов ағаларымыздың орындауында тыңдап өстік, олардың жырын кең тынысты даусымен жақсы көрдік. Ағаларымыздың өнері арқылы бабалар аманатына құлақ астық. Ауыл-елді, қатар-құрбыны, досты қадірледік. Жақсы мен жаманды ажыраттық. Мағыналы мәнді арнаулар мен дастан, жырлардың мәнін ұқтық. Мен дегенім жалғыз емес, тұтас буын, замандастарым мен Күріш Құбашұлының ізбасарлары еді.
Халық ауыз әдебиеті мен көне жыраулар мұрасы Күріш Құбашұлының орындаушылық өнерін шыңға шығарған қайнар көз. Бұл даусыз. Осы орайда біз оның зеректігіне, құймақұлақтығына қызығатын едік. Шіркін, дәурен, ағамыз домбыраны бебеулетіп, жатқа соққан Адайдың жеті қайқысының туындыларын, қала берді Ғарифолланың, Мұхиттың шығармаларын, орыс, украин романстарын қай уақытта, қалай жаттап үлгерді екен?! Оны нақышына келтіріп, келесі ұрпақ өкіліне аманаттау қандай жауапкершілікті талап ететіні, білетін адамның өзіне ғана аян.
Әркімнің асылдың тұяғындай ардақтап, рухы алдында бас иіп өтетін абзал азаматы болады. Мен үшін Күріш Құбашұлының өзі де сөзі де бөлек жаралған азамат еді. Қазақтың, әсіресе, батыс жыр мектебіне сіңірген еңбегі, қоғам қайраткері, азамат ретіндегі өмір жолы маңғыстаулықтардың, қала берді қазақ халқының мақтанышы дер едім. Сондықтан болар, Күрекең атақ пен марапатқа кенде болмады. 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына ұсынылып, Елбасымыз өзі марапаттаған еді. 2013 жылы «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атанды. 70 жылдық мерейтойына орай мемлекеттік «Құрмет» орденіне ие болды. Бұлардан бөлек туған өлкеміздің Күріштің өнері мен қайраткерлігін ескере отырып, ұсынған марапаттары да бір төбе. Ізінен ерген өнерпаздардың басы қосылып, екі рет республикалық «Жеті қайқы» атты сайыс өткізілді. Бұл Күрішке көзі тірісінде елі көрсеткен құрметі еді.
Адайдың жырларынан бөлек өзі қадір тұтатын Ғарифолла Құрманғалиевтің «Ақ кербез», «Бозжорғасын», «16 қызды» сүйіп шырқайтын. Кең қазақы дауыспен құйқылжыта салған ән тыңдаған жанды да ғашық етпей қоймайтын.
Атың сенің сүйген жар көңілге шат,
Қуанамын көзіме көрінген шақ, ей, сүйген жар
Қатар-құрбы ішінде орның бөлек
Сөзің тәтті бір жансың күлкің жұмсақ, сүйген жар…бұл өзі ұнататын, талай шырқата салған Ғарифолланың «Сүйген жарының» шумақтары ғой. Қайран дауыс!
Ұлттық өнерді насихаттауда тумысы бөлек, тұлғасы дара азамат талай көмулі қазынаның көзін ашып, ұрпағына аманаттап кетті.
Зейнолла Алшымбаев,
«Мұнайгаз кешені ардагерлері»
Республикалық қоғамдық бірлестігінің
Бас директоры.
Нұр-Cұлтан қаласы.
“Ана тілі” газеті, N 4(1576), 28 қаңтар-3 ақпан 2021 жыл.