Туған ағамдай болған жан еді...

Дана халқымыз «Қыран құс жемін шашып жейді, құзғын жемін бауырына басып жейді» деп бекер айтпаса керек. Осы нақыл сөзде айтылғандай марқұм Ғиззат ағам нағыз қыран құстың төресі, тектінің тұяғы, асылдың сынығы еді. Болмысында төрелерге тән бекзаттық қасиет бар болатын. Айналасына, тек ағайын-туыс бауырларына емес, бір қауым елге шуағын шашып, пайдасын тигізіп жүретін еді. Елден алғаны тек алғыс еді, жүрген жерін, отырған ортасын жарқыратып жіберетін тамаша қасиеті бар болатын. Халық осындай асыл қасиеттері үшін де сүйетін еді …

«Бір жақсы таққа отырса, қырық жігіт атқа отырады»дегендей, мен де Ғиззат ағам таққа отырғанда атқа отырған көп жігіттің бірі едім. Мынау фәни өмірде ортамызда жарқылдап жүргенінде Ғизекең 72 жасқа толар еді ғой деп ойлап, ағамды құрметпен еске алып өзімнің бірге жұмыстас болып жүрген кездегі естеліктерімнен үзінді беруді жөн көрдім.

  Мен ол кезде жас бұрғылау шебері едім. Қарақұдық-20, әлде Ащытайпақ-2 деген скважиналардың бірінде ең алғаш рет Ғиззат ағамды көріп едім.Біздің бұрғылау қондырғысының басына цементировка жасайтын техникалар жиналды. Мен ол кезде тәуліктің көп уақытын қондырғы басында жұмысшылармен бірге өткізетін едім, соларға көмектесемін, жұмысты қадағалаймын, бір жағынан солардан үйренемін де, тыным таппайтын кезім. Бұрғылау қондырғысының басшысы Бозбаев Ғалымжан. Цементировка жасайтын арнайы техникалар КЭ «МНГР» мекемесінің бір бөлімшесі саналатын КОиКС(көпшілік ол конторды «тампонаж конторы» дейді) конторынан келген, оларды бастап келген сол мекеменің директоры екен. Мен әзірге техникаларды бастап келген директорды көре қойған жоқпын, қондырғы басындағы жұмыстарды ұйымдастырып шапқылап жүрмін. Техникаларды кімнің бастап келгенінен де хабарым жоқ, барлық ойым мына бір қауырт та, маңызды шаруаны оңынан оралтып абыроймен атқарып шығу болып жанталасып жүрмін. Жоспарланған жұмыс басталайын деп жатыр. Барлық жүргізушілер мен машинистерін бір оңашалау жерге жинап алып оларды бастап келген басшысы ілездеме жасады, нақтылап тапсырмаларын берді. Сонда ғана көрдім, оларды бастап келген басшысы әдеміше келген жас жігіт екен. Менен сәл ересектеу, қондырғы басшысы Бозбаев Ғалымжанмен  шамалас сияқты. Күн ерте көктем болатын, өте суық кез екені есімде. Қасымда жүрген біреуден: «Мынау кім?» деп сұрадым. «КОиКС-тің директоры Ғиззат Балмұқанбетов» деп асығыс жауап берді. Бұрғышыларға тиісті шаруаларды ыңғайлап, ендігі кезектегі шаруаның реті техникаларға қалғасын мен алыстан бажайлап манағы жас директорға назар аударып қарап тұрдым. Ол «мен директормын» деп қарап тұрмай, өзі де бір агрегаттың үстіне шығып алып, қалған агрегаттардың үстіндегі машинистердің жұмыстарын жіті қадағалап, скважинаға айдап жатырған сұйықтықтардың қандай қысыммен айдалып жатқанын манометрден қарап, қасындағы бригадирге әлдене деп сөйлеп қойып тұр. Киген киімдері геолог-барлаушылар киетін, ақ жағалы қысқа тонның сыртынан, жел өткізбейтін ұзын сары түсті плащ, аяғында геологиялық етік, басында сары түсті ондатр бөрік, қолына ақ түсті жұмысшылар киетін брезент қолғап. Алыстан қарағанда маған ол биязы мінезді, сырбаз адам сияқты болып көрінді. Бұл менің алыстан сәл ғана көз салғанда көргендерім, ұзақ қарап тұруға уақыт жоқ, қасына жақындап баруға да қысыламын. Ол кезде қондырғы басына келген басшылармен, мамандармен Ғалекең сөйлесетін де, мен көбіне қондырғы басында болуға, басшыларға жоламауға тырысатынмын. Тампонажниктердің жұмысы бір қалыппен жүріп жатқанын көргесін, Ғалекең вахтаның жігіттерін алып қондырғының басқа жағына бір шұғыл шаруаға алып кетті де, мен қасымда бір адаммен қондырғының оң жақ қапталында қалдым. Мен сұйықтық айдалып жатқан манифольдты, агрегаттарға ерітінді беріп тұрған қондырғының насосын қадағалаудамын. Қолға алған шаруамыз оңынан оралып ойдағыдай аяқталуға жақын, агрегатшылар басы артық асай-мүсейлерін жинастыруға кірісіп, сәл босаңси бастады. Жас директор бригадирімен өздеріне тиесілі шаруа жайын сөйлесіп менен сәл қашықтау жерде тұрған агрегаттың үстінде. Бір мезгілде көзім қондырғының астындағы, биікте орналасқан «стоякқа» баратын бір задвижканың флянцесінің ортасынан қатты қысыммен далаға шапшып шығып жатқан бұрғылау ерітіндісіне түсті. Бұл жақсы емес, ол жердегі прокладка, немесе кольцо«жуылып» кететіндей жағдай болса, онда біздің бағанадан бері жасаған жұмысымыздың түк пайдасы болмай қалады, еңбек еш кетеді. Қасымда тұрған бұрғышы көмекшісі жоғарыға шығатын баспа мен болттарды қатайтатын гайка бұрайтын кілт, куәл, кішкене труба … сияқты осындайда қажетті болатын асай-мүсейлерді әкелуге, вахтаның жігіттеріне хабар беруге шауып кетті. Мен сол бойда қондырғының айқыш-ұйқыш тұрған темірлері арқылы ерітінді шашып жатқан задвижкаға қарай маймылша өрмелей жөнелдім. Жас жігітпін ғой, діттеген жеріме тез жеттім. Бірақ жеткенше де біраз қиындық болды. Ұстайтын, аяғым басатын темірлердің барлығына скважинадан шыққан мұнай аралас ерітінді шашылған, жылмаңдап, тайғанақтап ұстатпайды да, табан тіретпейді де. Әупірімдеп жетуін жеттім-ау, бірақ мен жеткенше задвижкадан атқылап жатқан ыссы ерітінді күшейіп кетті, бет қаратпайды. Қысымы да бірталай. Менің үсті-басым, бет-ауызым сұйық балшық ерітіндімен әбден былғанды, көзім де дұрыс көрмей тұр. Жалма-жан тездетіп үстіме киген күртемді шешіп алып атқылап жатқан задвижкаға жаптым, бетімді бір сипап жіберіп төменге қарасам шауып кеткен жігіт те баспаны орнатып, қажетті құралдарды алып маған қарай өрмелеп келе жатыр екен. Екеулеп тездетіп кілтті салып жіберіп босап кеткен гайкаларды қатайта бастадық. Абырой болғанда, прокладка да, кольцо да «жуылып» үлгермепті, тек болттардың гайкалары сәл-пәл босаған екен де, қатты қысымға шыдамай ерітіндіні «жіберіп» бастаған екен. Уақытында үлгеріппіз. Бұл задвижканың тұрған жері биікте, әрі өте ыңғайсыз жерде еді. Аяқтарыңды тіреп күш ала алмайсың, куәлмен құлаштап ұруға да келмейтін тар жер, төбемізден ерітінді тамшылап желкемізге кіріп, үстімізді бүлдіруде. Әупірімдеп жүріп вахтаның қалған жігіттері шауып жеткенше біз де жұмысымызды бірыңғайлы қылып едік. Бәрі де сәтті болды. Әрине, бұл қазір айтуға ғана оңай … Бұрғылау бригадасының тарапынан болған осындай келеңсіздікке қарап, тым жақсы басталған жұмыстарын аяқтай алмай қаламыз ба деп қауіптенген тампонажшылар да сәлден соң жұмыстарын аяғына жеткізді. Баспамен төмен түсіп, қасымдағы жігіттен темекі алып тұтата бергенімде қасыма жас директор келді. «Сен осы қондырғының бұрғылау шеберісің бе, аты-жөнің кім?»,-деді. Қолымды қайта-қайта шалбарыма сүрткілеп, тазалап барып оның маған ұсынған тап-таза қолын алып өзіммен таныстырдым. «Мен Балмұқанбетовпын, атым Ғиззат»,-деді де, «Ауыл қайда, оқуды қашан, қайдан бітірдің?»,-деді. Сол кезде қасымызға жеткен Ғалекең мені таныстырды да, маған «Сушилькаға барып жуынып ал»,-деп команда берді. Ғалекеңнің командасын орындауға бұрыла бергенімде Ғизекең: «Бисенбай, енді үстіңе киетін күртең бар ма?»,-деп қамқоршылық танытты. Мен: «Рахмет, мен ертең отгулға шығамын, ауылға ұшамын, үйде киім бар ғой»,- дедім.

 Міне, осылайша мен Ғиззат ағаммен алғаш танысқанмын. Оның бұл кездесуіміз, танысуымыз есінде қалды ма, жоқ па, білмедім. Ал менің есімде қалғаны- осындай бір сәттік кездесудің өзінде де ол кісі маған қамқорлық көрсетіп, ауыстырып киетін күртемнің бар-жоғын сұрап тұрғаны. Қасындағы әр адамға қамқорлық жасау ол кісінің қанында бар қасиет болып тұр ғой!!! Ана сүтімен, әке қанымен, текті тәрбиемен бойына дарыған осынау тамаша қасиет Ғиззат ағамызды өмірінің соңына дейін, тіпті мына фәни өмірден өтіп кетсе де, елдің алғысына бөлеп келді, келеді, келе де береді деп ойлаймын. Ел үшін еңіреп туған ер еді ғой, шіркін Ғизекең!!!

 Ғиззат Өтешұлы Балмұқанбетов1948 жылы 22 қарашада Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау елді мекенінде дүниеге келген. Қарабау, кейін Миялы селоларында оқып орта мектепті 1966 жылы аяқтаған. 1966-1971 жылдары Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін бітірген. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясында еңбек жолын бастап, сол экспедицияның басшысына дейін көтерілген. 1988 жылы баламалы түрде өткен сайлау барысында осы экспедицияның басшысы болып сайланды. Кейін басқару жүйесінің өзгеруіне байланысты «Маңғыстаугеология» өндірістік бірлестігіне бас директор, «Жарқын» мемлекеттік холдинг компаниясы, «Маңғыстаугеология» ААҚ президенті, ал 2000 жылғы қаңтардан бастап үйлестіруші-директор және директорлар кеңесінің төрағасы болды. Сонымен бірге «Маңғыстаугеология» АҚ-ның негізгі құнды акцияларының иесі, құрылтайшысы «Ақсай Біріккен Кәсіпорнының» да басқарма төрағасы болды. Ең соңғы демі біткенше адал еңбек еткен, халқына жақсылық жасауға ұмтылған АЗАМАТ болды. «Арман, Қаратұрын» кенорындарының алғашқы ашушысы» құрметті дипломының иегері, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл» төс белгісі сияқты наградалары бар. Негізгі награда ол қарапайым халықтың Ғизекеңе деген ақ тілеуі ғой, халықтың ондай ақ тілеуіне бөленген Ғизекеңдей жан сирек шығар.

Ғизекең бұл жалған фәни дүниеден ерте өтпей ортамызда жүргенде оның бар күш-жігерін салып, жойылып кетуден аман алып қалған, шалдардың тастап кеткен аманаты, ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ – «Маңғыстаугеология» АҚ бүгінгі таңда жұмыс жасап, біраз адамға жұмыс беріп елге пайдасын тигізіп тұрар еді-ау деген ойымды да жасыра алмаймын. Қандайма қиын тығырықтардан жол табатын алғыр басшы, өндірістің білікті ұйымдастырушысы, жанына білікті мамандарды ұйыстыра білетін көшбасшы еді біздің Ғизекең. Маңдайымызға сыймай кетті ғой.

Ол маған шын мәнінде туған ағамдай болған жан еді …

Қазақтың қара өлеңінде айтылатындай:

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң баурайында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды.

«Мен жақсымын» деп айтпайтын, ақ пейілін, мейірімін ісімен көрсететін, қасында жүріп жолдас, көңіл жақын дос болған інісі ретінде сыйласқан Ғизекең менің есімде осылай сақталды. Таулардың алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты, жылдар жылжып өткен сайын ағамыздың бейнесі біздің жадымызда жаңғырып, жаңа қырларынан көрініп асқақтай берері сөзсіз.

 

КЭ «МНГР» ардагері, «Құрмет» орденінің иегері  

Бисенғалиев Бисенбай