Көшбасшы тағылымы

 

   Еліміз кәрі тарихтың қандай қаһарынан да, талай тар жол, тайғақ кешулерден де өтіп келеді. Жұмылып жұдырық, ашылып алақан болуының арқасында ата-бабаларымыздың арманы болған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Еуразияның орта тұсы -Ұлы Даланы жайлаған жалпақ жұрт оз мемлекетінің шекарасын ресми анықтап,  БҰҰ- ның құрамынан өз орнын алды. Бұл, мыңдаған жылдық тарихы бар халқымыздың басында бұрын соңды болмаған ұлы оқиға екені сөзсіз. Аюдай айбатты Ресеймен, аждаһадай айбарлы Қытаймен тең дәрежеде мемлекетаралық қарым-қатынас орнатып, қазақтың көк байрағын бүкіл дүниеге мойындату, ата-бабаларымыздан армандап келе жатқан ұлы мұратымыз емес пе еді. Іргелес елдермен, толық ресмиленген тарихи құжаттарға қол қойып, әлемнің саяси картасына тәуелсіз ел ретінде ену еншісін көру, біздің заманымызда, қазіргі ұрпаққа бұйырды. Ғасырларға жүк болар, еліміз үшін аса маңызды осындай  мәселелерді шешуде, Елбасы Н. Назарбаевтың жеке азаматтық абырой-беделінің жоғарылығы да үлкен роль атқарды.

  Елбасы атқарған, мемлекеттің дәреже деңгейін, күш қуатын танытар істер де өлшемдер де  аз емес. Еркіндік пен азаттыққа қол жеткізген Тәуелсіз елдің сондай ұлы істерінің  бірі –Еуразияның жүрегінде еліміздің байтағы Астанамыз (Қазіргі Нұрсұлтан қаласы) салынып,  Ақордамыздың тігілуі болатын Еуразияның дәл кіндігінен, кешегі еркін көсілген атамекен Астана идеясы – Елбасының жүрегінен жарып шыққан ой. Ол қазір өмір шындығына ұласып,  береке-бірлікке арқау болып, еліміздің дамуына екпін беруде. Қазақ ұлтының үлес салмағының өз астанасындағы өсу деңгейінің өзі көп жәйдан түсінік беруге тиіс.

Елбасы халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келгенін білеміз. Осы ретте «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары мен «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті кыры» және т.б. ұлттық деңгейдегі жобалардың басты мақсаты- халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға, рухани дамуына арналды. Бұл үрдіс қазір де жалғасын табуда.

  Елбасы пәрменімен  «Ұлттық, әл- ауқат қоры» құрылдыі. Бұл тұрғыда Ұлттық қорда жинақталған қаражат есебінен жұмыс орындары ашылып, дағдарысқа қарсы іс-шаралар нәтижесінде, оның ішінде «Жол картасы» бағдарламасы арқылы көптеген жобалар іске асырылып,  мыңдаған азаматтарымыз жұмыспен қамтылды.

  Соңғы 5-10 жылдықта өткен Форум, саммиттердің , оның ішінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанның тарихында жаңа дәуірдің басталғанын әйгілеп берді. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімізге  байланысты  жаңа даму сатысына көтерілгенімізді, соған сәйкес мемлекет саясаты да жаңа деңгейде жұмыс істеуі қажеттігіне назар аударды.

  Мен Елбасымызды 1980 жылдардың басынан бері білемін. Ол кезде Жаңаөзен қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүргенмін. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы болатын. Содан бері Елбасымызбен көптеген жиындарда кездесіп жүрдім, қабылдауында да болдым.. 1984 жылы, Мұнайлы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезімде біз Бозашыдағы Қаламқас, Қаражанбас кеніштерінде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келген (ол кезде Н.Ә.Назарбаев  — Министрлер кабинетінің төрағасы) Одақтық дәрежедегі жеті министрді қабылдадық. Делегация құрамында КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы К.Байбаков та болды-. Кездесуден есімде қалғаны, Нұрсұлтан Әбішұлы осы Бозашыны игеруге ел азаматтары, әсіресе жергілікті ел азаматтары, тұрғындар қалай араласады, жастардан қалай мықты мамандар жасап шығаруға болады, міне, осы мәселелерге қатты маңыз бере отырып, қадағалаған болатын. Өйткені, бастапқыда Бозашыға жұмысшы мамандар Краснодардан, Ресейдің басқа да аймақтарынан ұшақпен әкелінді. Осы жағдайды көрген Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы маған өз жастарымызды іске тартуға, олардан жұмысшы маман даярлау қажеттігін баса айтқаны әлі есімде. Елбасының осы тапсырмасының маңызы күні бүгінге дейін өзекті. Білікті қазақстандық мамандар дайындау жолындағы  «Болашақ» бағдарламасынан бастап жыл сайын көтеріліп жатқан интеллектуальды мектептер орталығы мен заманға сай университеттердің ашылуы осының дәлелі. Бұл ел болашағын әуел бастан ойлайтын азаматтың ісі екендігіне қандай  дау бар?!

  Тағдырдың жазуымен бұйырған Мәскеудегі СОКП ОК аппаратындағы қызмет мен үшін үлкен бір мектеп болды. Орталық Комитеттегі Сібір мен Қиыр Шығыс секторының жауапты ұйымдастырушысы қызметін атқара жүріп, сыншыл ортаның сынына шыдап, қазақ атына кір келтірмеуге тырысып-ақ бақтым. Бұл кез Қазақстанда Г. Колбин бірінші хатшы боп тұрған шақ. Өзге республикалардың бірінші басшылары Мәскеудегі жерлестерімен тонның ішкі бауындай болуға тырысатын. Ал Г. Колбиннен ондай ниеттестік байқамадық. Бұл жағдайды орыс жолдастарым да сырттай аңғарып жүреді екен. Бір күні солар құпиялап қана Колбиннің күні біткенін айтып қойды. Ол хабарды өзім де естігенмін. Бірақ ішіме бүгіп жүрген едім.

– Орнына кім болады екен? – дедім ақырын сыр тарту мақсатымен.

– Нұрсұлтан Әбішұлы! Басқа кім болмақ енді?! – деді олар.

  Орталық Комитеттегі жастар жағы сол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты құрметтеп, қадірлейтін. Колбинді кездейсоқ біреу деп бағалайтындықтарын жасырмай айтып та қалатын. Көп ұзамай жаңалық расқа шықты. Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлын Бас Хатшы М.Горбачевтан шыға берген сәтте оны күтіп тұрған тілектес жігіттердің арасынан табылып, Елбасымыздың ел тұтқасына ие болған алғашқы сағаттарының куәсі болдым…

   Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан басшылығына келісімен алдында таратылған Маңғыстау облысы қайта құрылды. Елбасының шақыртуымен мен облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, жаңа қызметке кірістім. Облыстың қайта ашылуы, — өлкеміздің қарқынды дамуына, ел еңсесінің көтерілуіне, үлкен серпіліс әкелген тарихи оқиғалар қатарынан орын алары сөзсіз.

  СОКП тарап, абыр-сабыр басылған соң, Елбасы ұынысымен сол кездегі республикадағы жас мамандар тобымен  АҚШ-тағы Массачусетс штатына оқуға аттандым. Бостон қаласындағы Массачусетс университетінде дәріс алдым. Бұл жылдар жаңа нарықтық салаға бейімделген қазақстандық кадрларды дайындаудың алғашқы қарлығаштары секілді болатын. Осы жылдарымды елге қызмет етуге қажетті білім мен білік жинақтаған жарқын кезеңім ретінде көремін. Осы орайда тағы бір жақсы естелікті айтудың реті келіп тұр.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісімен бірге Хъюстонда АҚШ-тың 41-ші президенті үлкен Джордж Буштың қабылдауында болдық. Ол кез, баласы, кіші Джордж Буш президенттік сайлауға түсіп жатқан кезең болатын. Уақытының тығыздығына қарамастан Джордж Буш бізді қабылдап, Елбасымыз бен елдегі мемлекеттік саясат туралы салиқалы әңгімелер айтқан еді. Асығып отырса да өзінің досы Н.Ә.Назарбаев туралы жылы лебіздерін айтып қана қоймай, оған қоса үлкен ілтипат білдіруі мені мақтаныш сезіміне бөледі. Алып держава саналатын АҚШ елінің беделді басшысы Қазақстан турасында жағымды ой білдіріп, құрметтеуі Н.Назарбаевтың халықаралық дәрежедегі беделі өте жоғары екендігінің, олармен достық қарым-қатынаста болғандығының бір ғана дәлелі.

  Әлем берекесі ең алдымен қауіпсіздікте, тыныштықта екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен осы байлықты адамзат баласы жеткілікті түрде бағалай бермейді. Көршілерімен сыйыспай, бір бірінің мазасын алып, оның соңы үлкен дау-дамайға соғып жүрген жағдайлар да орын алуда. Оның мысалдарын қазір көріп отырмыз. Екі ортада қарапайым халық жапа шегеді. Осы орайда ежелгі көршілеріміз, Шығысымыз бен Солтүстігімізді барынша қауіпсіздендіру мақсатында шекарамызды айқындап алуымыздың өзі неге тұрады?!

  Өткен жылдың 20 наурызындағы өз өкілеттігін тоқтатып, ел тізгінін тәжірибелі саясаткер, ұзақ жылдардан сенімді серігі болған Қ.Тоқаевқа тапсыру сәтінде, бүкіл халық болып, күш-жігерді елдегі саяси тұрақтылық пен ынтымақтастықты сақтай отырып, ортақ мақсатқа біріктіруге шақырды. Демек, Қазақстан халқы Президентіміз Қ.Тоқаевтың төңірегіне берік топтасып, билік сабақтастығын жалғастырып жаңа жетістіктерге жете береді. Біз бірге болғанда ғана асқар шыңдарға шығып, биігінен көрінеміз. Біз бірге болғанда ғана кемел келешектің үкілі үмітіне айналамыз! Ендеше, бірлікте болайық! Ата-бабаларымыз бірлік болмай, тірлік болмас деп бекер айтпаған шығар, сірә!

 

З.Алшымбаев- «Мұнайгаз кешені ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас директоры,

 Маңғыстау облысының құрметті азаматы

«Маңғыстау» газеті, 1.12.2020 ж.