ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ САҚТАЛАДЫ

Алла бұйыртқан саналы ғұмырын елінің көркеюіне, халық тұрмысының жақсаруына арнаған айтулы тұлға, мұнай өнеркәсібінің ірі ұйымдастырушысы Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың дүниеден озғанына да , міне, жыл жақындап қалыпты. Қаралы қабарды естіген соң, Елбасы, Президентіміз Н. Назарбаев марқұмның отбасына жолдаған көңіл айту хатында «…Мемлекетіміздің басқару және экономика саласының ірі қайраткері бола білген Нұрлан Балғымбаев, бүкіл бойындағы білімі мен тәжірибесін елінің дамуына, көркеюіне арнады. Еңбек жолын мұнай саласының қарапайым жұмысшысынан бастап, біліктілігін ұдайы жетілдіре отырып  және жоғары ұйымдастырғыш қабілетінің арқасында ҚР Премьер-Министрі қызметіне көтеріліп, оны үлкен жауапкершілікпен   атқарды. Халқымыз оның елге жасаған еңбегін, есімін ешуақытта ұмытпайды» деген болатын.

 Қойнауы құт-қазына, тарихы шежіре Атырау өлкесі — өз аймағынан талай дархан талант иелерін, өнер, әдебиет, ғылым, мәдениет саласының айтулы тұлғаларын туғызып қана қойған жоқ, сонымен бірге ел бірлігін, ел қамын ойлаған мемлекет және қоғам қайраткерлерін де шығарды. Солардың бірі, бірі ғана емес бірегейі өмірден ерте, мезгілсіз өткен Нұрлан Балғымбаев екені сөзсіз.

Біз, бір кезеңде, яғни 70-ші жылдардың басында, мұнайшы-инженер мамандығын алғаннан кейін, Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктерінде еңбек жолымызды бастаппыз. Ол Жетібайда, мен Өзен кәсіпшілігінде. Мұнай кәсіпшілігінің ең төменгі жұмысшы оператор қызметін Маңғыстауда бастаған Нұрлан Өтепұлы,  барлық сатылардан өтіп —  «Жайықмұнайгаз» басқармасы мен «Ақтөбемұнайгаз» бірлестігінің бас инженері дәрежесіне көтерілді. Ол кезде «Бас инженер» қызметі кез келген адамға ұсынылмайтынын мұнай саласының мамандары жақсы біледі. Көп ұзамай қабілетті, жас өндіріс басшысы Мәскеудегі мұнай министрлігінің көзіне ілінді. 1986-1992-ші жылдары КСРО Мұнай Министрлігінің «Главнефтегазпереработка» бас басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Басқа ұлт өкілдерінің ол Министрлікке тамтұмдап шақырылатынын білуші едік, бірақ қазақ азаматтарынан орталық министрлікке басшылық қызметке шақырылған Н. Балғымбаев еді. Сөз орайы келгенде айта кеткеніміз артық болмас, дәл сол кезеңде мен де Мәскеуге шақырылып, КПСС Орталық Комитетінің, Қиыр Шығыс және Сібір Секторына жауапты қызметке келген кезім еді. Жалпы, біздің өмір жолымызда,  осындай, елден жырақта кездесу сәттері кейінде болды.  Енді соған тоқталайын.   

         1990 –шы жылдың тамыз айында Маңғыстау облысы қайта құрылып, мен облыстық партия комитетінің өндіріс, экономика салаларына басшылық ететін екінші хатшысы қызметіне сайланып. елге оралдым. Одан кейін, көп ұзамай Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы құрылым облыс әкімшілігі болып қайта қурылып, мені облыс басшысының орынбасары қызметіне тағайындады. Өңір экономикасын жаңа нарық талаптарына қарай бейімдеу, оны түсініп, жүргізе білетін білікті мамандар тәрбиелеу т .с.с. үрдістер алдыңғы қатарға шықты. Біз әр сала мамандарынан бірнеше топ құрып, нарық экономикасының қыр-сырымен танысуға, арнаулы экономикалық аймақтар ұйымдастыру жолдарын үйреніп, тәжірибе жинақтауға Қытайдың оңтүстігіндегі «Гуанчжоу», Біріккен Араб Эмиратындағы «Жебел Әли» еркін экономкалық аймақтарына, Италияның Милан қаласына қысқа курстарға жібере бастадық. Оған қаржы табу да оңай болған жоқ. Дегенмен, өндірісі дамыған өлке ғой, білікті кадрлерді дайындау қажеттілігінің өзектілігін ескеріп, бюджеттен тыс қор құру мүмкіндігін жасай алдық.

Жоғарыдағы жәйларға кеңінен тоқталған себебім, осы тұста Мәскеуде, Мұнай Министрлігінде қызмет жасап жүрген Нұрлан Өтепұлы да елдегі мұнай-газ, химия, қайта өңдеу саласындағы басшылық қызметтегі азаматтардың жаңа талапқа сай біліктілігін көтеру жолдарын ойластырып жүргені жөнінде бізге де қабар келді. Н. Балғымбаевтың ұсынысымен АҚШ-тың Бостон қаласындағы Массачусетс университеті ТМД елдерінің мұнай-газ саласының басшы қызметкерлерін екі жылдық арнайы бағдарламамен (оның соңғы жылы америка компаниясында тәжірибеден өту) қабылдауға келісімін беріпті.

Сөйтіп, біздер 1992 –ші жылдың күзінде Мәскеуден ұшып шығып Солтүстік Ирландияның Шеннон аэропортына қонып, одан әрі Атлант мұхитының үстінен өтіп Канаданың Гандер әуежайына аялдап, біздің ұшағымыз, одан әрі Нью-Иорктің Кеннеди әуежайына келіп қонды. Күтіп тұрған көлікпен Бостонға келіп жеттік.   Н. Балғымбаевтың өзі бас болып ұйымдастырып келген бұл топта, М. Ахметжанов, Н. Шманов, З. Жуқатаев, Р. Исаев, А. Қабдолов, М. Салихов, Н. Иманбаев және т.б. мұнай-газ саласының танымал азаматтары отбасы мүшелерімен бірге болды. Тәуелсіздік алған кезеңдегі Қазақстан азаматтарының АҚШ-қа сапарлап, ағылшын тілін меңгеру, нарық экономикасы, менеджменті, финанс жүйесі, информатика технологиясы және т.б. салалардан арнаулы бағдарламамен білім алу үрдісінің бұл алғашқы бастамасы еді, және оны ұйымдастырушы Н.Балғымбаев болатын. Кейін бұл үрдіс жалғасын тауып, басқа да көптеген азаматтардың осы бағдарламамен оқығанын білеміз. Әрине, күнделікті оқудан бөлек, отбасыларымызбен бірге туған кундерімізді, өзіміздің ұлттық мерекелерімізді атап өту, жаңа-жыл кешін өткізу т.с.с. қуанышты кездесулерде де бірге болып жүрдік. Осындай мерекелерді есте қаларлықтай өткізуге, әсіресе балаларымыз үшін қызғылықты болуына Нұрлан ерекше көңіл болатын, олар үшін әртүрлі ойындарды ұйымдастыратын…

Ағылшын тілін үйрену және әр саладан теориялық курстарды тыңдаған алғашқы жыл аяқталғаннан соң, келісім шартқа сәйкес, біздерді тікелей тәжірибе алуға Американың мұнай компанияларына орналастырды. Нұрлан Өтепұлы Калифорнияға, трансұлттық «Chevron» корпорациясына, мен Техас штатының Хъюстон қаласында орналасқан «Anglo-Datch Petroleum International» компаниясына қызметке келдім.

Сол кезде Қазақстанда шетелдік компанияларды қызықтырған үлкен кен орындары болды, солардың бірі «Chevron» корпорациясы Қазақстанмен біріккен компания құрып, игеруге кірісіп жатқан Атырау облысындағы Теңіз кеніші болатын. Әрине, бұл жобаның сәтті басталуына Президентіміз Н.Назарбаевтың батыл шешімдерінің әсері ерекше болғанын атап айтқан жөн. Мен Хъюстон мұнай компанияларының әртүрлі басқосуларында, олардың осы Теңіз жобасы іске асып жүріп кетсе ғана Қазақстанға кең көлемді инвестиция тартуға, батыл баруға мүмкіндік бар екеніне көз жеткіземіз деген әңгімелерін көп естідім. 1990-шы жылы 6-шы сәуірде «Chevron» корпорациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы келісімге үлкен мән бере отырып, Президент Н. Ә. Назарбаевтың келісім-шартқа өзі қол қоюы, елге келетін инвесторлардың сенімін арттырып, кейін жалғаса келетін шетелдік инвенстиция тасқынына жол ашу үшін жасалған  іс-қимыл еді…

Осы ретте мұнай саласының ірі маманы ретінде Нұрлан Өтепұлына «ғасыр жобасы» атанған Теңіз кен орнының проблемалары бұрыннан жақсы таныс екенін айта кеткен жөн.  Ол КСРО Мұнай Министрлігінің, «Главнефтегазпереработка» бас басқармасында қызмет жасап жүрген кезінде осы кен орнына Министрлік тарапынан кураторлық қызметті жүргізген болатын. Н.Балғымбаевтың «Chevron» корпорациясындағы тәжірибеден өту мерзімі аяқталған  бойдан, 1994-ші жылы ҚР –ның Мұнай Министрі болып тағайындалуы, осы кен орнын игеруге кірісіп жатқан «ТеңізШевройл» Біріккен Кәсіпорнының серпінді қызмет жасап кетуіне септігі болғаны анық. Атышулы компания еліміздегі қызметін сеніммен, ырғақты бастап кетпегенде, елімізге инвестиция келу мәселесі саябырсуы әбден мүмкін еді. Бұл шетел инвестициясын елге сеніммен тартуға даңғыл жол ашқан жоба болды. Нәтижесі де көп күттірген жоқ,  одан өзге де жобалар біртіндеп жүзеге аса бастады. Бүгінгі таңда мұнай өнеркәсібі экономикамыздың локомативі болып табылатыны айқын. Құдайға шүкір, 85 млн. тонна мұнай өндіретін деңгейге жеттік. Қашаған кен орны толық іске кіріскенде, мұнай көлемі одан да жоғары болады деп күтілуде.

Н. Балғымбаев Министр болып тұрған кезде, қолға алынған, ерекше айтып өтер жәйттің бірі, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен дайындалған «Мұнай туралы» заң болатын. Шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізу барысында инвестициялық компаниялар ең алдымен тартылған  қаражат Қазақстан үшін қандай пайда беретінін, ал еліміздің инвесторларға қаншалықты кепілдік бере алатынын ұғынды. Міне осы орайда қабылданған алғашқы шешімдер аса маңызды болды. Отандық экономиканың тамырына қан жүгірткен орасан зор жобалар елімізге миллиардтаған доллар инвестиция тартуға мүмкіндік берсе, екіншіден, Қазақстан осы салада өз мамандарын дайындауға да жағдай туды.

Қазақстан мен Америка мұнайшылар қауымдастығын нығайту мақсатында Министр Н.Балғымбаевтың 1995-ші жылы Калифорния штатының Сан-Диего халықаралық конференциясын да осы мақсатта кең көлемде өткізгенін білемін. Мен, ол кезде, өзім қызмет істейтін «Anglo-Datch Petroleum International» компаниясының вице-президенті қызметінде болатынмын. Осы конференцияға келген компания қызметкерлерімен бірге Қазақстан мұнай өнеркәсібінің әр саласындағы басшыларымен кездесулер өткізгеніміз, екіжақты пайдалы пікір алысқанымыз есімде.

Әрине, бұл шағын мақалада Нұрлан Өтепұлының сан-қырлы қызметін түгел қамтып жазу мүмкін емес. Сол кезеңде атқарылған үлкен жұмыстарды бөліп айтар болсақ, экономикамыз үшін стратегиялық маңызы бар мұнай мен газды магистральдық тасымалдау жолдарының экспорттық жүйесінің өмірге келуі маңызды болды. Атап айтқанда, Каспий құбыр желісі консорциуымы (КТК). Одан кейін басқа тараптарды қамтитын мұнай-газ құбырлары іске қосылғаны белгілі. Олар Қазақстанға экспорттық бағыттағы құбыр тәуелсіздігін беріп отыр. Міне осылардың барлығы да, кезінде, шетелдік инвесторларды қобалжытқан мәселелер еді. Мысалы, 1991-ші жылы Қазақстан экспортқа 13 млн. тонна мұнай шығарса, бұл сан бүгінде 75 млн. тоннаны көрсетіп отыр. Осындай өсімге қол жеткізу жолында Нұрлан Өтепұлы Мұнай Министрі, 1997-1999-шы жылдары ҚР Премъер-Министрі, одан кейін «Қазақойл» ҰК-ның Президенті қызметтерін атқарған жылдары аянбай еңбек еткенін ел біледі.

Жоғарыда еске салып өткендей, Н. Балғымбаев 1997-1999 жылдары тәуелсіз Қазақстан үкіметін басқарған үшінші Премъер-Министр болды. Ол үкімет басқарған жылдар ел экономикасының күрделі, қиын кезеңі болғанын білеміз. Шығыс Азия елдерінен басталған, көрші Ресей мемлекетінде жалғасқан қаржы кризисі төл валютамыз — теңгені долларға шаққанде екі есеге құнсыздырғанын, көптеген кәсіпорындар тұралап қалғанын, жалақы, зейнетақы, әртүрлі үкімет міндетіндегі төлемақылар халыққа бірнеше айлар бойы, уақтылы төленбеуі, олардың орнына бартермен келген тауарлармен есептесу және т.с.с. қиындықтар болды. Мысалы, 1998-ші жылы қазынаға үкімет 5,5 млрд. теңге жинай алса, тек қана зейнеткерлерге қажет төлем көлемі  10,0 млрд. теңге болатын.   Үкімет бюджетін құрайтын түсімнің 40 пайызын құрайтын мұнай бағасы 10 долларға дейін құлдырады. Бұған, бұл үкіметке дейінгі С.Терещенко үкіметінің кезеңінен қалған, қайтарылуға тиіс кредит көлемін қоссақ, Нұрлан Өтепұлы басқарған үкіметтің күрмеуі қиын осы проблемаларды шешу жолындағы жанқиярлық еңбегін айтуға тиіспіз.

Н.Балғымбаев нағыз «кризистік менеджер» үлгісін көрсетті. Теңгені еркін айналымға жіберуге шешім қабылдады. Оның 1 долларға шаққандағы құны 88 теңгеден 150 теңгеге көтерілді. Осы арқылы шетке шығарылатын экспорттық шикізат өндіруші кәсіпорындарының экономикалық жағдайын жақсартуға, жұмысыздыққа жол бермеуге тырысты. Кейбір мемлекеттік активтерді, мысалы, соттық байланыс операторларға GCM жиілік толқындарын, сонымен бірге «ТұранӘлем» банкін сатуға шығарды. «Қазақстанкаспийшельф» консорциумындағы Қазақстанның үлесін тиімді жолмен шетел инвесторларына өткізіп, мол қаржы түсіре білді. Кейін бұл қабылданған шаралардың ел экономикасы үшін тиімді болғанын білеміз. Бұл айтылғандарға сол кезеңде еліміздің астанасы Алматыдан қазіргі Астана қаласына көшіру істері де қатар атқарылғанын еске алсақ.  Н. Балғымбаев үкіметті басқарған жылдары, жүрекке салмақ салар,  қандай ұланғайыр істер атқарылғанын сезуге болады…

Қандай жоғары лауазымды қызметтерде жүрсе де, Нұрлан Өтепұлы мұнайшылар қауымымен тығыз байланыста болды, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуде сергектік көрсететін. Жаңаөзенде салынған мектеп, қонақ үй ғимараты, Каспий теңізі жағасындағы мұнайшылар үшін бой көтерген «Кендірлі» демалыс үйі, Р. Өтесінов атындағы спорт кешені, «Мұнайшы» мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуі және т.б. нысандар соның ойға түсіп отырған бір бөлігі ғана. Басқа аймақтарда да мұндай мысалдар аз емес қой. Осы ретте Нұрлан Балғымбаевтың ардагер – мұнайшы, аға ұрпақ өкілдері мен ел ақсақалдарына ілтипаты ерекше болатын. Қызметінің қауырт болғанына қарамастан олармен кездесуге уақыт табатын. Біз, өз әулетімізде, Нұрлан Өтепұлының Жаңаөзенге келген сайын, елінің абызы атанған, осы қаланың ардагерлер кеңесін 30 жыл басқарған, Өтежан ағасына сәлемдесуге келетінін, мұнайшы қарттардың жай-күйі төңірегінде пікір алысып тұратынын білетінбіз. Әкеміздің 90 жылдық мерей тойына да Астанадан арнайы келіп құттықтап кетіп еді. 2013 жылы әкеміз дүниеден озғанда қаралы аста Нұрлан Өтепұлының көңіл айтып сөйлеген сөзі таспаға жазылып қалған екен, содан үзінді келтіре кетейін: «…Бұл әулетпен жақын таныс-біліс болғаныма , міне  20 шақты жыл болды. Жаңаөзенге барып жүргенімде «ақсақалдардың ақсақалы» Өтекеңе барып, сәлемдесіп тұратынмын,  жылы қарсы алатын,  шәй ішіп, қала тұрғындарының тұрмыс жағдайы туралы әңгімелесетінбіз. Көп адамдармен қызметтес болған  Өтекең, менің әкемнің де осы қаланың салынуына көп еңбек еткенін еске алып: « Біз сенің әкеңмен, тағы бес- алты адамдар, Өзеннің  Өзен болуына, қаланың қала болуына бір адамдай  ат салысқанбыз. «Ат аунаған жерде түк қалады» дегендей әке жолын жалғастырып келесің, қызметіңе ризамыз — деп айтқаны есімде»…

Үкімет басшысы қызметінен кеткеннен кейін де Нұрлан Өтепұлы өмірінің соңына дейін өзінің сүйікті ата кәсібі мұнай саласының бірқатар құрылымдарына басшылық етті, еліне, халқына қалтқысыз еңбек етті. Тәуелсіз Қазақстанның мұнай өнеркәсібін дамытудағы қажырлы еңбегі еліміздің жоғары наградасы «Барыс» орденімен, басқа да марапаттармен атап өтілді. Жақында өткен Маңғыстау мұнайының алғашқы ашылуының 55 жылдығы мерекесінде, Нұрлан Балғымбаевтың еңбек жолын мұнайшы-оператор болып бастаған Жетібай кен орнында оған арнап ескерткіш тақта орнатылды. Жеке ғұмырдың тарихы, елдің тарихына ұласуының бұл да бір мысалы. Қазақстан мұнай өнеркәсібін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан, ұрпаққа үлгі етіп ұсынар С. Өтебаев, Ж. Досмұхамбетов, Х.Өзбекқалиев, Р.Өтесінов, Б.Сағынғалиев, Н.Марабаев, Н.Бекбосынов және т. б. ардагер мұнайшы, аға ұрпақ өкілдері қатарынан Н. Ө. Балғымбаевта өз орнын алды. Халқына аянбай еңбек еткен азаматтың есімі ел есінде мәңгі сақталады.

ЗЕЙНОЛЛА АЛШЫМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің 3-ші және 4-ші шақырылымдарының депутаты, Маңғыстау облысының құрметті азаматы

 «Маңғыстау» газеті, 1.09.2016 ж.