ИНТЕРВЬЮ:
Зейнулла АЛШЫМБАЕВ
Қоғам қайраткері, «Мұнай-газ кешені ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас директоры, Маңғыстау облысының құрметті азаматы
ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН АҚТАУҒА ТАЛПЫНДЫМ
Толайым жұрттың арасында аталы сөзді ұғып, адымын оздырған, тізелескен дауды екі ауыз сөзімен тоқтатып, қайырымды қарекетімен ханға да қараға да жаққан қайраткерлеріміз аз емес. Олардың, әрбір тәмам елге бергісіз қасиетін, тұщымды ісі мен тұтымды сөзін естіген сайын төбеміз көкке екі елі жетпей қалады. Хақ Тағала да ұстыны бөлек ұлтымыздың осы бір даладай дархан пейілін, болашаққа бейім болмысын, дидарынан сырғытпай, әрдайым назарында ұстап тұрған секілді көрінеді. Жалғанды тітірентіп жалт ететін жасын ғұмыр мен күнәсі көп кінәсі жоқ тарих-баба қандай өткелінің тұсында да аз болғанымен бар екеніне, санатта жүргенімен нар екеніне, ақшам сайын алғыс айтқызатындай ер-азаматтардан құралақан қалдырмапты. Бітімі кесек, ақылы ерек, халқымыздың маңдайына біткен атпал азаматтарының санатынан Зейнулла Алшымбаевтың тұлғасы андағайлап көрінеді…
«Бөтен жердің гүлінен, туған жердің тікені артық» дейтін халықпыз. Әрбір адам үшін туып-өскен жерінен қастерлі жер жоқ-ау сірә. Сыр сұхбатымызды тұғыры биік туған жерден бастасақ…
Кіндік қаным тамған жер – Маңғыстау ауданының Жармыш деген елді мекені. Бірақ менің көптеген құжаттарымда туған жерім Таушық болып жазылған. Олай болатын себебі сол жерде балалық шағым өтті. Мен үшін дүниедегі әсем де сұлу, ауасы таза, барғанда жан-дүниеммен қуанатын жер, ол – Таушық. Іргелі әулетіміздің ұл- қыздары, барлығымыздың да балалық, жастық шағымыз осында өтті. Сол жердегі Шахта орта мектебінде оқыдық. Мектеп қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатыстым. Жақсы көріп оқыған пәндерім физика, астрономия, қоғам тану пәндері еді. Нақты пәндерден бөлек спортқа деген құштарлығым өте зор болды. Әсіресе волейбол, футбол спортын сүйіп ойнадым, бокспен де айналыстым. Мектепте комсомолдың бюро мүшесі, аға пионер жетекшісі қызметтерін атқардым. Шахта орта мектебін өте жақсы көрсеткішпен аяқтап шықтым. Осы орайда Әбіш Кекілбаев айтқан мына бір сөз еске түседі. «Жұрт Кембридж, Оксфордты бітірдік деп мақтанса, біз Шахта орта мектебін бітірдік деп мақтанымыз» деп айтып еді заңғар жазушы. Осындай алтын ұя мектепті оқып бітіргеніме мен де мақтанамын.
20 ғасырдың ортасында түбекке мұнай барлаушыларының табаны тигені белгілі. Қара алтын өндірісі қарқын ала бастады. Осы тұста мектеп түлектерінде мамандық таңдауда бір ғана бағыт болған сияқты…
Иә, бәріміздің арманымыз – инженер болу болды. Алдымызда мұнайды игеру керек деген меже тұрды. Маңғыстауда қарқынды қызметтер жүргізіліп, геологиялық экспедициялар келіп жатты. Осы кезеңде арманымызды арқалай жүріп еңбекке араласып кеттік. Бастапқы кезде Ақтау қаласындағы ТЭЦ-те электр жөндеушісі болдым. Келесі жылы Алатаудың бөктеріндегі Алматыға барудың сәті түсті. Көп ұзамай Халық шаруашылығы институтының экономиканы жоспарлау факультетіне қабылдандым. 1970 жылы өнеркәсіпті жоспарлау мамандығын алып, мұнайшылар қалашығы Жаңаөзенге табан тіредім. Өндірісі енді өркен жайып келе жатқан өңірде жұмыс істеу оңай болған жоқ. Білек сыбана іске кірісіп, күрделі жөндеу жұмыстары саласында еңбек ету бұйырды. Цехтан басталған жұмысымды ғылыми зерттеу кәсіпшілік цехында инженер- экономист болып жалғастырдым. Сол шақта кәсіпшіліктерге барып мұнай ұңғыларын зерттейтінбіз. Скважиналарға приборлар жіберіп, соларды тексерумен, анализбен айналыстық. Бір жылдан соң мені басқарманың экономиканы жоспарлау бөліміне аға инженер қылып шақырды. Одан кейін өндірістің сол кездегі басшылары Сағидолла Нұржанов, Махадин Гусеинов деген ағаларымыз басқарманың күрделі құрылыс бөлімі құрамында жоба-смета бюросын құрамыз, соған бастық боласың деді. Бір жерде тоқтап қалуға болмайды, жауапты жұмысқа лезде білек сыбана кірісіп кеттік. Еңбек жолымның бастауы, міне, «Өзен мұнай-газ басқармасында» істеген, осы үш жыл болды. Осы кәсіпшілікте еңбек ете жүріп, Қазақ политехникалық институтын инженер-мұнайшы мамандығы бойынша тәмамдап шықтым.
Кейін қала басшылары Сізді қалалық жастар ұйымына қызметке шақырғанын білеміз. Қоғамдық-саяси жұмысыңыз осы кездері басталған болар…
1973 жылы Маңғыстау облысы құрылды. Аяғын апыл-тапыл басқан облыстың алдында қат-қабат шаруалар тізіліп тұрды. Сол кездегі тәртіп солай болды ма, жастармен жұмыс өндіріспен бірге өрілуі қажеттігін басшылар айтып жүретін. Олар оны ұйымдастыруға бізді тартты. Әсіресе өндірістегі бригадалар, жастар бригадаларын ұйымдастыру жұмыстары, Қазақ газ өңдеу зауыты салынып жатқан кез, соның құрылысына сенбіліктер өткізу, өндірістегі қызметтерге жастар бригадаларын құру сынды істер кезек күттірмейтін. Сондай шаруалар өте көп болды. Осы аралықта Жаңаөзен қалалық комсомол комитетінің екінші, соңынан бірінші хатшысы болып сайландым. Міндетті меже мен берілген тапсырмаларды ойдағыдай атқаруға тырыстық. Кейіннен мені Маңғыстау облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлады. Жұмысшы және ауыл жастары мәселелерімен, Өзен, Жетібай кен орындарына, Қазақ газ өңдеу, Ақтаудағы пластикалық массалар зауыттарының құрылыстарына және Бозашы жартыаралындағы мұнай кәсіпшіліктерін игеру сияқты облыстың маңызды халық шаруашылығы жұмыстарына жастарды тарту істерімен сол уақытта тікелей айналыстық. Осы тұста өндіріске ауысуды ойлап жүр едім, алайда ары қарай еңбек жолым партия қызметіне қарай ойысып кетті. Облыстық партия комитетін Cаламат Мұқашов ағамыз басқарып тұрған кезде мені шақырып, ойымды сұраған. Аз уақыттан кейін маған Жаңаөзен қалалық партия комитетінің өнеркәсіп және құрылыс жөніндегі екінші хатшысы қызметі ұсынылды. Сол бір елең-алаң мезгілде қалада көптеген әлеуметтік мәселе, жылу-су сияқты үлкен проблемалар ұшырасып жататын. Қаланы абаттандыру мәселелері сол кезде шешілді. Құрылысы тоқтап қалған нысандарды іске қосу, осы күні қарқынды жұмыс істеп тұрған Мұнайшылар сарайы, пионерлер сарайы, аурухана кешені, мұнай өндірісін көтеру, өнімін арттыру, солардың барлығы сәтті жүзеге асырылған жұмыстар болды.
Азды көпті еңбегіңіз еленген де болар, араға уақыт салып Мұнайлы ауданының бірінші хатшылығына бекідіңіз…
Бұл – бұрынғыдан да ауқымды жұмыс болғаны анық. Біз жұмысқа араласқан шақта Бозашыға жол салынып жатты. Қазіргі Қаламқас, Қаражанбас мұнай кен орындарына қарай созылып жатқан 300 шақырым тас жол. Қаражанбастағы ұшақ қонатын алаңға АН-24 самолеттері қатынайтын. Жұмысшы күшінің жетіспеуіне байланысты Краснодардан, Ставропольдан және т.б. қалалардан адамдар тасылып келіп жататын. Жұмысшыларға арнап вахталық поселкесін салу, тұрмыс қажеттіліктерін сол жерде шешу- аталған қызметтердің барлығы осында жүрді. Өзімізге тиесілі қызмет уақытында Бозашы мұнайшыларының емін-еркін қатынап, вахталық поселкеде тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету үшін аянып қалған жоқпыз. Сол кезде әр аптаның 4-ші күнін «Бозашы күні» деп атайтынбыз. Таңғы сағат 5-6-ларда тұрып, көліктерімізбен сол жаққа барып, сағат 10-да жол бойы Қаражанбаста, бүкіл объектілердің бәрін аралап, өткен аптада берілген тапсырмалардың орындалысын тексеріп, Қаламқасқа келіп планерка ұйымдастыратынбыз. Ол уақытта Мұнайлы ауданының орталығы Маңғышлақ станциясы болды. Станция абаттандыру, эстетика жөнінен едәуір өзгеріске ұшырады. Су мәселесі шешіліп, көшелер асфальтталды. Әлеуметтік жағынан мектеп, балабақша, тұрғын үйлер және т. б. кешендер салынды. Қаламқас кен орнын игеру туралы алға қойған Үкімет тапсырмасы 1985 жылдың аяғына 5,2 млн тонна мұнай өндіруге қол жеткізу болса, ол 400 мың тоннаға артық орындалды. Осыдан соң тағы басқа қызмет есіктері ашыла түсті. Маңғыстау облыстық партия комитетінің өнеркәсіп, құрылыс және көлік мәселелері жөніндегі хатшысы болып қызмет атқардым.
1987 жылы Мәскеуге СОКП Орталық Комитетінің аппаратына қызметке шақырылдыңыз. Ол жақтың қандай артықшылықтарын байқадыңыз?
1987 жылы қыс айында мені Москваға СОКП Орталық комитетіне қызметке ұсынды. Бұл мен үшін тосын ұсыныс болғаны рас.Барлығымызды әрбір аймақтарға, жауапты ұйымдастырушы, куратор қылып бөлген кезде мені Қиыр шығыс Сібір секторына бөлді. Жүрегім су ете түсті. Сонау ыстық Маңғыстаудан мынау Сібірге бару дегеніңіз… Дегенмен оған еш уақытта өкінбеймін, маған үлкен мектеп болды. Күнбе күн Кремльдің алтын жұлдызды қақпасына кіріп, үш жыл қызмет еттім. Алып Ресей Федерациясының Омбы және Байкал сырты — Чита облыстарындағы саяси, экономикалық реформалардың іске асырылуынажауапты болдым. Осы аймақтарға Орталық Комитеттің екінші хатшысы Егор Лигачевпен және т.б. Кеңес Одағының жоғары лауазымды басшыларымен бірнеше рет сапарлас болғаным да бар. Әйгілі 19-шы партия конференциясын, КСРО халықтарының 1, 2, 3-ші, РСФСР халықтарының 1-ші съездерін дайындап, өткізуге қатыстым. СОКП-ның 28-ші съезіне Қазақстаннан делегат болып сайланып, қоғамды демократияландыру бағытындағы съезд қарарына қолдау көрсеттім. Мәскеуде жүргенде маған сол жақта қалып, лауазымдық қызметтер атқаруға ұсыныстар түсті. Бірақ сол кезде Кеңестер одағының ұзаққа бармай күйрейтіні маған сезіліп тұрды. 1990 жылы Маңғыстау облысы қайта құрылды. Сол кезде Қазақстан Орталық комитетінің саяси бюросы атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Маңғыстау Облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына баруға ұсыныс жасады. Маңғыстау облыстық партия комитетінің экономиканы реформалау, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту, мұнай өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселелеріне басшылық жасайтын екінші хатшысы болып сайландым. Маңғыстау облысындағы еркін экономикалык аймақ кұруға ықпал ету жөніндегі Қордың Президенті болдым. Кейін Кеңес одағы тарағаннан кейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметінде басшы кадрларды демократиялық жолмен сайлау, шаруашылықты қайта құру- реформалау жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік туды.
Сол кездері елде нарық экономикасын игеру қажеттігі туғанда Елбасы Н.Назарбаев жас басшыларды оқыту, шетелдік тәжірибені меңгерту арқылы іске асыруды ұсынғанын білеміз. Елге инвестиция тарту, мемлекет экономикасына серпін беру дегендей… Жаңа идеяны алғашқылардың қатарында іске асырғандардың арасында өзіңіз де болдыңыз ғой…
АҚШ-тың Бостон қаласында, Массачусетс университетінде бір жылдай оқыдық. Сосын біздерді әртүрлі компанияларға өндірістік тәжірибеден өтуге жіберді. Мен Хьюстон қаласындағы Англо-Датч Петролеум Интернэшнел компаниясына бардым. Біздің алдымызға қойылған ең басты мәселе тіл үйрену, сосын елге инвестиция тартуға қызмет жасау болды. Жеті жыл шамасында компанияның инвестиция жөніндегі департамент директоры болдым. 2000 жылы компанияның вице-президенті қызметіне көтерілдім. Сонда сол жерде жұмыс жасап жүрген жалғыз қазақ едім. Шетелдік мамандармен бipгe Қазақстан мен ТМД мемлекеттеріндегі мұнай кен орындарын игерудің жобалық құжаттарын жасақтауға араласқаным бар. Кеніштерді игеруге инвестиция тарту жөніндегі Тайванның, Израильдің, Ресейдің, Румынияның, Англияның, Алжирдің, Грекияның, сондай-ақ «Қазмұнайгаз», ОПИК, Халлибуртон, Петром, Шелл, Бейкер Хъюз, Лукойл, Шугурланд, ДЕПЕКИ т. б. компаниялармен келіссөз жүргізу процесстеріне және АҚШ-тын Луизиана штатындағы Ронек кен орнының маркетингілеу жұмыстарына тікелей қатыстым. Сонымен біp мезгілде Жаңаөзен қаласында құрылған «Теңге» біріккен кәсіпорнының Директорлар Кеңесінің мүшесі болып еңбек еттім. Бұл Қазақстандағы алғашқы құрылған американ-қазақстан біріккен кәсіпорны болатын. Яғни, менің еңбек жолым туған өлкем Маңғыстаудан еш ажыраған емес.
Шетелде жағдайыңыз жақсы, асығыңыз алшысынан түсіп тұрса да туған жерге келуді жөн санадыңыз. Халық қолдап Маңғыстау жұртшылығы зор сенім артты. 2004 жылы Мәжіліс депутаты болып сайландыңыз. Халық қалаулысы болған кезеңдерді еске түсіріп көрсек…
Қара орман халық сенім артқан соң үдеден шығуға тырыстық деп ойлаймын. Депутат ретінде көтерген мәселелердің бірі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы, яғни ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, қала, ауылдарға мектеп салу, жол және әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек көрсету болды. Өліара кезеңде көп азаматтарға Астана, Алматыға қатынау қыйын болатын. Сондықтан да Маңғыстау-Астана пойызының тұрақты жүріп тұруын азаматтық парыз ретінде қозғауға тура келді. Сондай-ақШ.Есенов атындағы университеттің жаңа ғимаратының салынуына күш салдық. Маңғыстау аймағының және еліміздің өзекті мәселелері төңірегінде үкіметке, оның құрылымдары басшыларына өз атымнан 79, әріптестеріммен бірлесіп 100-ден астам депутаттық сауал мен ұсыныс жолданды. Оларды таратып айту көп уақыт алады. 2014 жылы «Фолиант» баспасынан менің Парламенттегі қызметімді толық қамтитын «Аманат арқалаған жылдар» атты екі томдық естелік кітабым шықты, сонда жазылған.
Бүгінде «Мұнайгаз кешені ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігін басқарып отырсыз. Ұйымның алдағы жоспарларымен бөліссеңіз…
Тоғыз мыңнан астам мұнай-газ кешенінде қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлік жасқа жеткен ардагерлер бар. Осыны ескеріп, еліміздің белгілі уш қаласы мен алты мұнайлы аймақтарында бірлестіктің филиалдарын құрдық. Негізгі қызмет бағытымыз сала ардагерлерінің орасан зор кәсіби тәжірибесін жастарға жеткізу, оларды қоғамдық өмірге белсенді араластыру, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға ат салысу және т. б. сан-салалы шараларды қамтиды. Мұнайгаз мамандықтарын дайындайтын 12 жоғарғы оқу орындарының қоғамдық кеңестеріне елімізге танымал мұнайшы ардагерлерді ұсындық. Сондай-ақ, мұнайгаз өндірісіне, қоршаған ортаны қорғауға тікелей қатысы бар Министірліктер мен Ұлттық компаниялардың қоғамдық және ғылыми-техникалық кеңестеріне де өз саласының білгір мамандары болған сала ардагерлерін тартумен айналысып жатырмыз. Мұнайшы ардагерлердің «Қазақстан мұнайының 120 жылдық» мерейтойына қатысуына барлық жағдайды жасағанымызды, оған Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың арнайы келіп қатынасқанын да айта кеткеніміз жөн.
Еліміздің жоғары оқу орындарында, атақты ардагер мұнайшылармен студенттердің кездесулерін жүйелі түрде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Мұнайшы мамандығының ең төменгі баспалдағынан еңбек жолын бастап, ірі өндіріс орындарын басқарған, қазір де қоғам көзінде жүрген О.Ақшолақов, Р.Шырдабаев, М.Батырбаев, М. Құрбанбаев, Е.Огай, Қ.Кабылдин, М.Ахметжанов, И.Бирманов, Т.Хасанов және т.б. белгілі азаматтарды атауға болады. Одан бөлек келер жылдың 8 наурызына арнап мерекелік жоспар түзіп қойдық. Еліміздегі ірі мұнай компанияларында жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер бар. Осы салаға өлшеусіз еңбек сіңірген ардагерлер де жетерлік. Дүниеден өтіп кеткен ардегер мұнайшылардың зайыбтарын да осы шараға қатыстыру жоспары жүзеге асырылады. Бұл шара аға буын мен жастар арасындағы сабақтастықты арттырып, өзара байланыстарын дамыта түседі деп ойлаймыз. Тағы бір айта кетерлік мәселе, біздің көптеген жастар шетелде қызмет істеп жатыр. Солардың тізімін жасап, байланыс орнату мақсатын алға қойып отырмыз. Сондай, білімді де тәжірибелі, ойы озық жастарды еліміздегі мұнай өндірісіне қызметтерге ұсынбақ ойымыз бар. Себебі алпауыт елдерде жетіліп, шарболаттай шыңдалған жастар елге келіп еселі еңбек етсе нұр үстіне нұр емес пе?! Осы сынды бірнеше іргелі жоспарлар ойда тұр. Сәтін салса бұл тілек, жоспарлар орындалып қалар деген ниеттеміз.
Тәрбие мен ұлттық дәстүрді берік ұстанған әулетенсіз. Отбасыңыз жөнінде аз-кем айтып берсеңіз…
Өмірлік жарым Сара Сәрсенқызымен балаларымыздың білім алуы мен тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасауға ұмтылдық. Ұлымыз Дәуірбек пен қызымыз Жұпархан АҚШ-тың мұнай өндірісі дамыған Техас штатындағы Хъюстон универсиетінде білім алып, елге оралып Қашаған кен орнын игеріп жатқан компанияларда қызмет етіп жатыр. Ұлымыздан, тәңір көпсінбесің, бірнеше немере сүйіп, қызымыз Жұпарханнан жиен көріп, солардың тілеуін тілеп, қызығын қызықтап отырмыз.
Журнал «СҰЛТАН», Қаңтар, 2020 ж. Тілші Олжас Қасым.